Жексенбі, 11 Маусым 2023 15:14

Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолы

Экономиканың негізгі бағыттарының бірі – жеңіл өнеркәсіп саласының бүгінгі жағдайы ауыр. Елімізде шикізат өңделмейді, киім тігілмейді, тігілген күннің өзінде отандық өнімнің бағасын қалта көтермейді. Бұған не себеп, отандық кәсіпкерлерге жеңіл өнеркәсіппен айналысу тиімсіз бе немесе мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығы ма? Жеңіл өнеркәсіп саласы қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Жасыратыны жоқ, бүгінде ауданымызда жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорын мүлдем жоқ десек те болады. Бұл сөзімізді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали де растап отыр. Бұрындары Есік, Шелек өңірінде бірді-екілі кәсіпорын жеңіл өнеркәсіппен айналысып, тіпті, республика көлеміндегі ауқымды байқауларда ауданымыздың атын шығарып жүретін. Қазір бұл кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатқан.

Статистикалық мәліметтерге үңілсек, қазақстандықтар тұтынатын аяқ киімнің 95 пайыздан астамы шетелден әкелінеді. Яғни, отандық аяқ киімнің үлесі 4 пайыздың көлемінде. Импорттың үлкен үлесін көршілес аспан асты елі алып отыр. 60 пайыз аяқ киім Қытайдан келсе, Түркиядан 20 пайыз, қалғаны Ресейден және Өзбекстан мен Қырғызстаннан жеткізіледі.

Кеңес Одағы тұсында еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласы қарыштап дамығаны жасырын емес. Айталық, 80 жылдардың ортасында Қазақстанда 30 млн-нан астам аяқ киім шығарылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін аяқ киім өндірісі айтарлықтай құлдырай бастады. Осылайша, 2020 жылдары 1 млн-нан астам ғана отандық аяқ киім тұтынушыларға жол тартты.

Киім өндірісінің де жағдайы мәз емес. Киімдердің басым бөлігі жоғарыда аталған елдерден импортталады. Тіпті, іш киім және шұлықпен ішкі нарықты қамтамасыз етуге шамамыз келмей, көрші Қытай мен Қырғызстаннан тасымалдаймыз.

КСРО кезінде жеңіл өнеркәсіп 14 бағытты және 69 өнеркәсіптік бірлестік пен кәсіпорынды қамтыды. Ол ел бюджетінің 25 пайыздан астамын құрады және 1985 жылы бұл салада 200 мыңнан астам адам еңбек етіп, екі мыңнан астам өнім түрлерін шығарды. Одақ тұсында Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты, Қостанай мәуіті-шұға комбинаты, Семей тері-былғары комбинаты іске қосылды. Олардың барлығы отандық шикізатпен жұмыс істеп, өнімнің жүздеген түрін шығарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыс істейтін мыңдаған қыз-келіншектер жұмыссыз қалды, күнкөріс қамымен базар жағалап кетті. Шыны керек, саладағы құлдырау тәуелсіздік алған тұста басталды. 1990 жылы жеңіл өнеркәсіп ішкі жалпы өнімнің 15 пайыздан астамын құраса, бұл көрсеткіш 10 жылдан кейін 2,3 пайызға дейін төмендеген. Ал 2011 жылы 0,1 пайызға құлдыраған. Мына статистикаға назар салыңыз, 2016 жылы елімізде жұмыс істеп тұрған 79 кәсіпорынның 27 пайызы жабылған. Бір жылда еліміздің тоқыма өнеркәсібіндегі 12 кәсіпорын, киім тігу өнеркәсібіндегі 8 кәсіпорын, тері бұйымдарын шығаратын 1 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан. Салдарынан 80-ші жылдары ішкі жалпы өнімнің 15 пайызын құрайтын жеңіл өнеркәсіптің қазіргі үлесі 1 пайыздан сәл ғана асады. Жеңіл өнеркәсіпте жұмыс жасайтын адамдардың саны 13 мыңның айналасында.

Жоғарыда атағанымыздай, жеңіл өнеркәсіп экономиканың маңызды бағыты саналады. Сондықтан дамыған және дамушы елдер аталған салаға баса мән беріп, дамыту үшін арнайы бағдарламалар әзірлеген. Алысқа бармай-ақ, Қырғыз елінде соңғы уақытта жеңіл өнеркәсіп ішкі жалпы өнімнің 30 пайызын құраған. Бұл – үлкен көрсеткіш. Ал АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты дамыған елдерде жеңіл өнеркәсіптің үлесі 12-20 пайыз. Қытай, Үндістан, Түркия, Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің табысы жеңіл өнеркәсіп тауарының экспортынан түсуде. Ал біз тек өткенімізбен ғана мақтана аламыз, жеңіл өнеркәсіптің қазіргі жағдайы аянышты күйде.

Бейресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде тұтынылатын сыртқы киімнің 90 пайыздан астамы, аяқ киімнің 95 пайызы, мақта-мата бұйымдарының 60 пайызға жуығы алыс-жақын шетелден импортталады.

Есте жоқ ескі заманнан жүн түтіп, тері илеп, былғары өңдеген қазақ жерінде жеңіл өнеркәсіп саласының осыншалықты тұралауы өкінішті жағдай. Мамандардың пікірінше бұған себеп, отандық нарықтың шет елден жеткізілетін тауарларға тәуелділігі. Яғни, қазақстандықтар тұтынатын жеңіл өнеркәсіп тауарларының 90-95 пайызы шетелдік өнімдер. Отандық өндірушілер ішкі сұраныстың тек 5-10 пайызын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы. Сонымен қатар, тұтынушылар отандық өнімдерге үлкен күдікпен қарайды. Бағасы арзан болса, сапасына сенімсіздік танытады. Бағасы қымбатты қалтасы көтермейді. Оның үстіне жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған белгілі бағдарлама жоқ елімізде.

Қарапайым күнделікті тіршілікте үйде сойылған малдың терісін өткізетін жер таппай әлек боламыз. Жеңіл өнеркәсіп дамыған елдерде мал терілерін қабылдайтын, өңдейтін арнайы орындар бар. Ал біздің шикізатымыз қоқысқа тасталады. Бұрындары оңтүстікте мыңдаған гектарда жайқалып тұратын мақта алқаптарыда күн санап кеміп барады. Мақта бағасы арзан, шаруалардың еңбегін ақтамайды. Осының барлығы отандық өндірушілерді тұншықтырып, шетелдік өндірушілермен бәсекеге қабілетсіз етті.

Бүгінде әлем бойынша киім-кешек азық-түліктен кейінгі сұранысқа ие екінші орындағы тауар болып табылады. Сондықтан жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген сұраныс ешқашан толастамасы анық. Ал шатқаяқтап тұрған саланың бойына қан жүгіртіп, жан бітіру – мемлекет алдында тұрған үлкен міндет. Сондай-ақ, тұтынушылардың сұранысы да саланы дамытуға үлкен септігін тигізеді. Шетелдік арзанқол дүниелерге емес, отандық сапалы өнімдерге деген сұранысты арттыру қажет. Сонда ғана жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолы жеңілдей түспек.

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 11475 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет