Сенбі, 04 Мамыр 2024 13:22

Жақсының аты өлмейді

Әр заманның өзіне тән нар тұлғалары болады. Олардың абыройын асқақтатын дүние – ұлт мүддесі үшін атқарған ерен еңбектері мен Отанға деген кіршіксіз махаббаты. Қазақ тарихтың биік тұғырынан орын алар өр тұлғалы, қасқыр мінезді, қайсар жандардан кенде емес. Сондай аруақты ерлердің санатына біз Заманбек Нұрқаділовті еш күмәнсіз қоса аламыз. Себебі оның беделін ерім дейтін қалың елі жыл өткен сайын арттырып келеді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел көкейінде тұншығып жатқан мәселелердің оң шешімін табу жолында нақты істерге ұйытқы болуда. Оның бір көрінісі – өз заманының саясаттағы заңғар тұлғасы Заманбек Нұрқаділовке тарихи әділ баға берудегі алғашқы қадамдардың жасалуы. Қара ормандай халықтың алып азаматына деген құрметі зор болғандықтан, бұл жайт бұқараның көңіліне қуаныш ұялатқаны анық.

З.Нұрқаділов туралы ел аузында небір аңыздар мен ерлікке толы әңгімелер жүр. Оның бәрі бір кітапқа да сыймасы анық. Осы орайда қоғам қайраткері, Заманбек Қалабайұлымен қызметтес болған Кенесары Қаптағаевтың естелігімен бөліссек.

«Мен 1989-90 жылдары Халық шаруашылығы институтында деканның орынбасары болып қызмет атқарып жүрдім. Сол жылы біздің институт және Сәулет-құрылыс институты, Алматы үй-құрылыс комбинаты, Мақта-мата комбинаты сияқты бірқатар білім ошақтары мен қоғамдық орталықтардың қыз-жігіттері бірлесіп «Қазақ тілі қоғамын» құрдық. Бізге сол кезде жергілікті билік тарапынан рухани және материалдық көмек көрсетуге мұрындық болған Сапура Жүсіпова болатын. Сапура онда Алматы қалалық атқару комитетінде Заманбек Нұрқаділовтің орынбасары еді. Кейіннен білсек, Зәкең бірінші басшы ретінде мұндай ұлттық мәселемен басқалардың жынын қоздырмау үшін, Сапураға барлық міндетті жүктеп, өзі жағдайды сырттан бағып жүреді екен.Біз қазақ өз мүддесін жоқтаған сол қиын-қыстау заманның өзінде ұлттың салт-дәстүріне, болмысына біраз пайдалы жұмыс істедік. Сол кезде Сапура Таубалдықызы Қалалық атқару комитетінің Ұлтаралық қатынастар бөлімінде бір орынның бос екенін айтты. Мен бардым, Зәкеңе кіріп едім, жұмысқа бірден қабылдады. Өйткені «Қазақ тілі қоғамындағы» шаруаларымнан хабары бар екен. Сөйтіп, Зәкеңнің қарамағында қызмет істей бастадым. Зәкеңді дәлізде көргендер: «Здрастье, Заманбек Қалабаевич!» деп амандасып жатады. Ал мен «Ассалаумағалейкум, Заманбек аға!» деп амандасамын. Оған Зәкеңнің іші жылып, тоқтап тұрып қолымды алатын.Бірде қалалық кеңесте үлкен мәжіліс өтетін болды. Орны – «Саяси ағартушылар үйі». Мәжілісте тұңғыш рет бейбіт шерулерді қалай өткізу туралы мәселе көтерілді. Заң бойынша мәжіліс өтетін жерге Қазақстанның туы ілінуге тиіс еді. Алайда ту не үйдің төбесіне, не кіреберіске ілінбепті. Қалалық кеңестің төрағасы Қадір Бәйкенұлы жиынды ашып, кімнің қандай ұсынысы бар екенін сұрады. Мен қолымды көтеріп, орнымнан тұрып: «Қазақстанның туынсыз мәжіліс өткізу еліміздің заңына қайшы келеді», – дедім. Бәйкенұлы: «Сіз кімсіз, депутатсыз ба?» – деп сұрады. Мен: «Жоқ, депутат емеспін», – дедім. «Онда жиналысқа қатыспайсыз, боссыз!» – деп, залдан шығарып салды. Ол сенбі күнгі жағдай болатын.Дүйсенбі күні жұмысқа келсем, жұмыстағылардың бәрі алдымнан шығып: «Сізді Нұрқаділов күтіп отыр», – дейді, жүздері салыңқы, Зәкең бәрін «қуырыпты». Кеңсесіне кірдім. Заманбек аға бірден айқайға басты. «Ондай данышпан болсаң, қайда жүрдің, туды өзің ілсең болмай ма?!» – дейді барлық қызметшілердің көзінше. Айқайлап алып: «Боссың, енді мұнда жұмыс істе-мейсің!» – деді қолын бір сілтеп.

Салым суға кетіп, екі күннен кейін «Еңбек кітапшамды» алайын деп әкімдікке келсем, тура қарсы алдымнан Зәкеңнің өзі шыға қалды. Әдетім бойынша: «Ассалаумағалейкум, Заманбек аға!»  деп амандастым. Зәкең сәлемімді алып: «Әй, сен не істеп жүрсің?» – дейді. Мен: «Не істеуші едім, аға? Сіз жұмыстан қудыңыз, енді «Еңбек кітапшамды» алуға келдім», – дедім. Сөзімнің соңын күткен жоқ: «Бұрын қанша айлық алып жүрдің?» – деп сұрады. Мен: «120 рубль», – дедім, қысқа сұраққа қысқа жауап қайтарып. Зәкең: «Онда ертеңнен бастап 280 рубль аласың, жұмысқа кіріс», – деді кесіп сөйлеп. Мұны айтқан себебім, Зәкеңнің азаматтығының биік, қазақы менталитетінің терең екенін және ол кісімен қалай, қандай жағдайда танысқанымды еске алуым еді.

Зәкең мен істеген жұмыстарды сырттай бақылап, іштей риза болып жүріпті. Онысын жүзінен сезетінмін. Бетпе-бет кездесіп қалған кезімізде үнемі жылы жымиып аманымды алатын. Бірде Зәкеңе бір құжат апардым. Онда Алматыдағы мектептерде қазақ тілі пәнін оқытудың өте сұрқия саясаты жазылған болатын. Яғни сол жылдары қалалық мектептерде қазақ тілі пәнін тар, нашар кәбинеттерде оқытып жүріпті. Мен соны шешу туралы құжат дайындағам, Зәкең ойланбай қол қойды. Сөйтіп, біз барлық мектептердегі ең үлкен, таза, бұрын «Орыс тілі» мен «Литература» кәбинеттері болған жақсы аудиторияларда «Қазақ тілі» сабағын оқытуға жол аштық. Нұрқаділов мектеп-балабақша мәселесінде айтарлықтай тамаша қызметтер істеді. Мәселен, Қалабайұлының шешімімен 15 орыс мектебі, 30 балабақша қазақшаланды. Шешімді қабылдауға Зәкең қарапайым әдіс-амал қолданатын. Радиусы бір шақырым келетін аумақтағы мектеп, балабақшаларды күрделі жөндеуден өткіземіз деген сылтаумен жауып, 5-6 айдың ішінде қайтадан ашқан кезде, қазақшаға айналдырып жіберетін. Осы қазаққа жаны ашыған қулықты қазіргі басшылар білмейді де ғой...

Қазірге дейін қазақ мектептерінен өзге білім ошақтарында «Қазақ тілі» пәнін бөліп оқыту дәстүрі Заманбектің заманында басталған. Қалабайұлының қазақ десе, шығарда жаны бөлек еді. Мәселен, ұлттың кез келген мәселесіне байланысты шаруада ол ешқашан екі сөйлеген емес. Абайдың 150 жылдығы, одан өзге де мерейтойларда зиялыларды бір минут есік көзінде күттірген жоқ.

Заманбек Нұрқаділовтің Қазақстан тарихында алтын әріппен сақталатын бір еңбегі – Алматы көшелерінің атын қазақшаға ауыстыруы. Осы күнгі айтып жүрген қазақша көше атауларының бәрі Қалабайұлының қалауымен жасалған дүниелер. Көше атын ауыстырудың да өзіндік жыры болды. Керекті құжаттарды дайындап, Қалалық атқару комитетінің күн тәртібіне өткіздім.Бірақ жоспарға ілінбейді. Бір емес, екі, тіпті үш рет қайталанды. Өйткені Зәкеңнің Артамонова деген орынбасары болатын. Ол кезде бүкіл Алматының пәтер беруінен бастап, үлкен-үлкен шаруаларының бәрін Қалалық атқару комитеті шешетін. Бірақ Комитет төр-ағасы Заманбек болғанымен, құжат алдымен Артамоноваға түсетін. Мен дайындаған құжаттар кейіннен бір-тіндеп, Артамонованың сейфіне түсе берді. Сөйтіп, Алматының 16-17 көшесі-нің атын өзгерту туралы құжат Зәкеңе жетпеді. Құжат Нұрқаділовтің қолына тимеген соң, шешім шықпады.

Арада екі-үш ай өтті. Ақыры, шыдамай, газет редакцияларына бардым. Олар да шешім болмаған соң, жария-лауға батылдық ете алмады.Бір күні қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті, сол кездегі «Егеменді Қазақстанға» бардым.Онда «Егемендіде» қазіргі «ДАТ» газеттері жобасының бас оқырманы Ермұрат Бапи тілші болатын. Ермұратқа барлық жағдайды түсіндіріп айттым. Ол бірден жанып кетті: «Береміз!» – деді. Сонымен Зәкеңнің мөрі жоқ, қолы қойылмаған құжатын газеттің бірінші бетінде 1991 жылы 13 қараша күнгі санында жариялауға мұрындық болды.Әрине, ол кезде мұндай батылдық екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа еді. Газет шыққаннан кейін, Алматыдағы біраз негізгі көшелердің коммунистік атауы қазақшаланып, бүкіл республика шулады. Зәкең осы мақаланы көрді де: «Қазақстанның бірінші газеті осылай деген екен, ендеше, көшелердің атауы өзгеруге тиіс!», деп, мөрін басып, қолын қойып, көшелердің атауын бір күнде өзгертіп жіберді.

Міне, сөзімізге тұздық болсын деп осындай деректерді назарларыңызға ұсынған жайымыз. Заманбек Нұрқаділов кейінгіге үлгі болып, жастардың мақтан тұтар қаһарманына айналары сөзсіз. Себебі есіл ердің есімі, ерен еңбектері халықтың жадында жатталып, санасында сақталып қалары анық.

 

Дайындаған

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 377 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Еңбегің ел есінде, Мұрат Шұғыл шешімнің басшысы болған »

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет