Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020
Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 15:31

«Koktobe winter»

Жақында Көктөбе ауылдық округі әкімдігінің және Алмалы ауылы И.Шорманов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Қанат Бірімбаевтың ұйымдастыруымен Алмалы ауылының орталық алаңында жастардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтарын оятып, салауатты өмір салтына тарту мақсатында аудан мектептерінің оқушылары арасында «Koktobe winter» атты шаңғыдан жарыс өтті. Бәсекеге 7 құрама қатысып, нәтижесінде  жүлделі 1-орын И.Шорманов атындағы орта мектеп оқушыларына берілді. 2-орын Қайрат орталау мектебінің оқушыларына бұйырса, үздік үштікті Таутүрген орталау мектебінің оқушылары қорытындылады. Жеңімпаздар алғыс хаттары және медальдармен марапатталды.

 

Акмарал КЕТПЕНОВА,

Көктөбе ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы

Published in Спорт
Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 14:42

Маусымашар

Жақында аудан жастары арасында «Көңілді тапқырлар алаңы» ойынын дамыту, талантты жастарды ел ішінен екшеп халықпен қауыштыру мақсатында Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде көңілді тапқырлар алаңының маусымашар ойыны өтті.

Оған Есік қаласы және Қазақстан, Асы, Масақ, Қаракемер, Рахат, Көтөбе ауылдық округтерінен барлығы 15 құрама қатысты.  Аталмыш ойынға халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Нұртас Қайратұлы, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі, «Жас Отан» ЖҚ аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Айбек Ілебаев және ауданымыздың Көңілді тапқырлар алаңы ойындарының президенті Бақытжан Қаби төрелік етті. Тартысты да қызықты өткен  ойын тек бір ғана бөлімнен, яғни 7 минуттық фристайл «Сәлемдесумен» өткізілді. Нәтижесінде алдағы сәуір айында өтетін ойынның 1/2 кезеңіне 10 құрама жолдама алды. Төрешілер ойын соңында келесі ойынға өтпеген топтарды алғыс хаттармен марапаттап, сәттілік тіледі.

Арайлым БАҚБЕРГЕНҚЫЗЫ,

аудандық жастар ресурстық орталығының маманы

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 14:27

Достық – қазына аралы

Достық – адамдардың бір-біріне адал болып, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Әрине, дос-жарандардың мінездері әр түрлі болып келуі мүмкін. Мысалы, біреуінде қызбалық не шабандық, екіншісінде тұйықтық не жігерсіздік байқалса да, бұлар достыққа кедергі бола алмайды, қайта нағыз достық осындай кемшіліктерден арылуға көмектеседі. Сатқындық, екіжүзділік, өтірікшілік, өзімшілдік достықпен сыйыспайтын кесірлі кесел. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде де достыққа үлкен көңіл бөлінеді. Халық арасында достық туралы мақал-мәтелдер де жеткілікті. Мәселен,  «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», «Досы жақсының, өзі де жақсы» немесе «Дүниеде адамның жалғыз қалғаны – өлгені, қайғының бәрі соның басында» т.б. Достыққа қарама-қарсы ұғым – қастық пен күншілдік. Мұндай сезімге ерік алдырғандар басқаның қуаныш-қызығын, ырыс-бағын көтере алмайды, дос дегеннің не екендігін білмейді. Дұрыс дос таңдай білу – өмірлік мақсаттардың бірі. Деседе, достық ұғымы тек қана жеке адамдар арасында ғана салтанат құрмайды екен.

Саясаттанудағы достық ұғымы мемлекеттер мен халықтар, этностар мен диаспоралар арасындағы саяси, экономикалық, мәдени мүдде тұрғысынан ынтымақтастық орнату шараларын бейнелеу үшін қолданылып жүр.

Иә, Ұлы Дала төсінде еркін көшіп, ен жайлаған байрақты бабаларымыз тақымына басар жалғыз атын «ел шетіне жау тисе, ер басына күн туса» қапы қалмайық деп іргеде сақтайды екен. Соның арқасында о шетінен, бұ шетіне дейін қыран қанаты талатын байтақ өлкені өзгелерден ерекшелеп, шартты түрде сызып қойған шекарамен бөлмесе де «атажұрт», «атақоныс», «кіндік қанымыз тамған жер» деген өлшеммен кесіп-пішіп, оны сырттағы сұқ көзден қызғыштай қорыды. Десе де, жауына қатал, дұшпанына мейірімсіз бабаларымыз өздеріне достық пейіл танытқан халықтарға ештеңесін аяған жоқ. Сол бір дархан мінезі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Өзін қоршаған көршілерімен де, алыстағы өзге мемлекеттермен де, тіптен қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан диаспоралармен де татулық сақтап, достық қарым-қатынаста өмір сүруде. Әрине, мұның сыры достыққа бей-жай қарамайтын халқымыздың кең жүрегінде ғана емес, өмірлік философиясында  жатса керек.

Күндіз тіршіліктің қамымен сайын даласында қой баққан бабаларымыз түнде көкке қарап ой бақты. Көргені мен сезгенін, білгені мен түйгенін тілінің ұшына қондырып, жылдар көшімен кейінгі ұрпағына жеткізді. Соның айқын дәлелі «бірлік бар жерде, тірлік бар» деп санағандығында. Кейде «Өзіңе тілемегенді өзгеге тілеме» деген қытай данасы Конфуцийдің аталы сөзі де бізге арналып айтылғандай әсер қалдырады.

Қазақстан – бұл күндері көк байрағын шаңырағында шалқытып, керегесін кең жайып талай жұрттың баласын баурына тартқан, тыныштық пен берекенің, татулық пен мерекенің Отаны болған, өз үні, өз келбеті, өз сәулеті, ен дәулеті бар іргелі ел. Кезінде тағдырдың тауқыметін тартып даламызға болысып келген жұрттардың ешбірін сыртқа теппеді. Керісінше жарты құртын жарып жеп, бүтін нанын бөліп жеп, олардың қуанышы мен қайғысын тең бөлісті. Осылайша сан ұлттың басын Қазақстандай ғажап өлкеде заманның желі, тағдырдың тезі, тарихтың толқыны, саясаттың салқыны қосты. Бүгінде «Тілі басқа болсада тілегі бір, жүзі басқа болсада жүрегі бір» өзге диаспоралар «Біз Қазақстандықпыз!» деп мақтанышпен айтады.

Ал өзіміздің Шелек өңіріндегі қазақ халқынан кейінгі саны жағынан көп диаспора ұйғырлар болып саналады. Ұйғырлар – Орталық Азиядағы көне түркі халықтарының бірі. Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының жергілікті халқы. Сондай-ақ Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Таяу Шығыс елдерінде тұрады. XV ғасырда Жетісуға қоныс аударған ұйғырларды тараншы (дихан)деп атаған.

Ұйғырдың ата қонысы ерте кезден-ақ Шығыс Түркістан аталған. 1760 жылы бұл өлкені Цинь империясы жаулап алып, Шығыс Түркістан атауын Синьцзян (Шыңжаң) деп өзгертті. Мағынасы жаңа жер немесе жаңа шекара дегенді білдіреді. Кейіннен өлке атауы ШҰАР (Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы) деп өзгертілді. Қытайлар ұйғырды чантоу деп атаса, моңғолдар хотан деп атаған. Ал өздерінің арасында тұрған жерлеріне байланысты хотандық, қашқарлық, тұрпандық,ақсулық т.б. болып бөлінген. «Ұйғыр мемлекеті», «Ұйғыр жазуы», «Көне ұйғыр тілі» деген тарихи атаулар туралы қазіргі ұйғырдың этнографиясы арасындағы байланыс, сабақтастық туралы әрқилы пікірлер бар. Белгілісі көне ұйғыр тілі Қарахан әулеті дәуіріндегі түркі тіліне қарағанда Орхон түріктерінің тіліне жақын. Ал қазіргі жаңа ұйғыр тілі өзбек тілімен бірге түркі тілдерінің оңтүстік шығыс тобының қарлұқ бұтағын құрайды. Жетісу мен Орта Азияға қоныс аударған ұйғырлар туралы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Ресей зерттеушілерінің еңбектерінде тараншы деген атау жиі ұшырасады. Тек 1921 жылы Ташкент қаласында өткен зиялы қауымның бас қосқан мәжілісінде түркітанушы профессор  С.Е.Маловтың ұсынысымен әртүрлі атаулармен аталып жүрген халықты ұйғыр деп атау қалыптасты.

Ұйғырлардың Жетісу жеріне қоныс аударуы 1881 жылғы күзде басталып, 1884 жылға дейін жалғасты. Олардың бір бөлігі көршілес Қырғызстанға барып жайғасқан. Ұйғырларды Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру арқылы патша үкіметі екі түрлі мақсат көздегені мәлім. Біріншіден, Қытайдың Құлжа өңіріндегі экономикалық базаны осалдата түсу, екіншіден, әскери-саяси жағдай шиеленісіп кете қалған жағдайда оларды Қытайға қарсы әскери күш ретінде пайдалану. Алайда патша үкіметі бұл жөнінде жергілікті қазақ халқының пікірімен санас-пады. Бұл кезде Жетісу жері мемлекеттік меншік деп жарияланып койған болатын.Ұйғырлар белгілі бір аумақта өз алдарына жеке қоныстануды қалады. Сөйтіп қоныс аударушылар негізінен Жетісу жеріндегі Верный және Жаркент уездеріне орналастырылды. Осылайша Қазақстан аумағындағы ұйғырлардың саны бірте-бірте арта түсті. Мәселен, 1897 жылы 56 мың ұйғыр болса, , 1907 жылы ұйғырлардың 64 мыңға жеткені көрсетілген. Ал соңғы санақтар бойынша 250 мыңға дейін өскені байқалады.

Ұйғыр диаспорасының өкілі, Шелек ауылының тұрғыны А.Абдубакировтың айтуынша қазақтардың кеңдігі мен бауырмалдығының арқасында ұйғыр халқы да өсіп-өніп, жақсы тіршілік кешуде. Олар Қазақстанды өз отандары санайды. «Еліміз табиғи ресурстарға бай. Ал байлықтың ең үлкені – халықтар достығы. Біз осы достықты нығайтып, бір-бірімізді құрметтеп, еліміздің ертеңі үшін қызмет етуіміз керек. Әрине, біздің татулықта, кеңдікте, бейбітшілікте өмір сүруміз қазақ халқының дарқандығы мен бауырмалдығының арқасы. Сондықтан біз қазақ халқына қарыздармыз. Қазақтармен тегіміз де, дінімізде ортақ. Тілімізде де қатты айырмашылық жоқ. Бұл арамыздағы татулықты сақтап, өзара түсінісуімізге үлкен мүмкіндік береді», – дейді А.Абдубакиров.

Адамның жеке достығының да, тіптен ұлттар достығының да негізі бір. Өйткені екеуі де өзара құрметтен, сенімнен, адалдықтан тұрады. Ал достықты сақтау мемлекет тұрақтылығының кепілі.

Ізгілікпен ізеттің байлауында,

Мама қаздар самғайтын қойнауыңда,

Достық атты қазына аралы бар

Сонау Мақсат тауының жайлауында, – деп ақын М.Шаханов айтқандай достық пен татулықты сақтағанда ғана мақсатымыз бен армандарымыз орындалып, болашақтың үддесінен шыға алатын боламыз.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 14:21

Қара өлеңнің Хантәңірі

Жақында Қаракемер ауылдық мәдениет үйінде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай  «Қара өлеңнің Хантәңірі» атты байқау өтті.

Байқауға Қаракемер, Талдыбұлақ, Түрген ауылдық округтерінен сексенге жуық өнерпаз  жастар қатысты. Олар ақиық ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан өзара сайысқа түсті. Жатқа әрі мәнерлеп, ақын жанының қалтарыс-бұлтарыстарын ақтара келіп, өлеңі арқылы сол бұлқан-талқан қуатты халыққа жеткізе білу өнердің төресі болса керек. «Сәби болғым келеді, сәби болғым, мына өмірден хабарсыз жаңа туған» – деп, ақын өмірдің қиын-қыстау сәттерінде күйзелген болса, бұл өлеңді оқыған жас та дәл сондай күй кешуі қажет. Құры сөз бен өлең дейтін әлемнің айырмашылығы міне, сонда. Зыр еткізіп, тісі тісіне жұқпай ағызып өте шығатын жандар қара өлеңнің өлкесінен аулақ жүрсін. Мұнда:

«Ойпырмай көктем, көктем,

Дүние-оу сен осындай көкпенбек пе ең...

Қымырандай ашимын қырға шығып,

Өзегімде жылайды өткен-кеткен» – деп, шынайы күйініп, шынайы қуанатын ақ жүрек адамдар ғана керек. Әділдік жолында бәйгеге басын тігіп, тайсалмай қарсы жүретін қаһармандар керек. Байқау осыны ұқтырғандай. Мұқағалидай ғажап ақынның өлеңдері де осы құдіретті құндылықтар үшін күресу қажеттігін меңзегендей. Жастар жарыса өлең оқыды. Нәтижесінде, бас жүлде Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп оқушысы Санжар Амангелдіге берілді.  1-орынды Талдыбұлақ орта мектебінен Мақпал Тұрған, Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп оқушысы Айгерім Тәңірбергенова өзара бөлісіп алса, 2-орынды Талдыбұлақ орта мектебінің оқушылары  Инабат Шаяхмет, Наргиз Камалова,  Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп оқушысы Олжас Шамейхан бөлісті. 3-орынға Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп оқушылары - Рамазан Кәкім, Жансая Қылышова, Фатима Қаржау ие болып, әділ қазылар алқасы тарапынан бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздарын алды.

Әділет САРЫБАЙ

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 14:17

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Риясыз мейірім көрсету күні

Бұл мейрамды азаматтығына, ұлтына, діни сенімдеріне қарамастан бүкіл адамзат атап өтуге болады. Бұл күні, ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, айналадағылардың бәріне шексіз мейірімді болуға тырысу керек.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2005 жылы Парламент Сенатының халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, профессор, танымал мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы «Даналар кеңесінің» мүшесі болды. «Даналар кеңесіне» Ванкуверден Владивостокқа дейін ЕҚЫҰ қызмет ететін барлық аймақтың өкілдері кіреді.

2009 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының сыртқы барлау қызметі - «Сырбар» құрылды. Жарлықта атап өтілгендей, ҚР-ның 2007-2012 жылдары Ұлттық қауіпсіздігі стратегиясын іске асыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және Қазақстанның арнайы қызметтер құрылымын жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі құрылды. Мемлекеттік орган ретінде ол тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынып, есеп береді. Аталған Жарлыққа сәйкес сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» қызметі таратылды.

2010 жылы 9-сыныпқа арналған «Дінтану негіздері» оқулығы жарыққа шықты.

2013 жылы қазақстандық оператор Әзиз Жамбакиев «Уроки гармонии» фильмі үшін Берлин кинофестивалінің жүлдесіне ие болды. Бұл әйгілі Берлин кинофестивалінде қазақстандық киногерлердің алған алғашқы жүлдесі еді.

2016 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.

2017 жылы Бішкекте «Қырғызкино» кинотеатрында қырғыз режиссері Өмірзақ Толобеков түсірген «Әлемдік Назарбаев» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.

Премьерада болған Қырғызстанның танымал мемлекеттік қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қарапайым көрермендер қазақстандық көшбасшыны жаңа қырынан танытып, екі бауырлас xалықтың тығыз байланысын ашып көрсеткен фильм авторларына үлкен алғысын айтты.

2017 жылы Астанада 10 жастағы Аймен Нұржан ЭКСПО-2017 көрмесі қонақтары мен келушілеріне ыңғайлы болуы үшін «ЭКСПО-гид» мобильді қосымшасын әзірледі. Онда халықаралық көрмеге қатысушы елдердің павильондары геолокациямен көрсетілген. Қосымша көмегімен кез келген адам көрменің қай павильонына қалай бару қажеттігін біліп қана қоймай, мейрамханалар, такси мен автобустар, анықтама бюросы қызмет түрлерін де ала алады.

2018 жылы Түркияның Кастамону қаласында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен 2017 жылды қорытындылау жиынында түркітілдес елдердің рухани өміріне үлес қосқан бірқатар азаматтардың есімдері үздіктер қатарында аталды.

ТҮРКСОЙ ұйымының және бауырлас мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы мен бірлігін насихаттауға ерекше еңбегі сіңген Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Гагаузия, Солтүстік Кипр, Болгария, Македония, Түркия елдерінің ақын-жазушылары мен журналистеріне «Баспасөз сыйлығы» мен арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды. Марапатталғандардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығының редакторы Мәдина Әйтпенбетова мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің редакторы Жанар Мұхамедиярова да бар.

Дереккөз: inform.kz 

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет