Сейсенбі, 19 Қараша 2019 16:56

Игілікке қызмет ету – адамдық қасиет

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Жақсылықта жарысайық!» Есік еріктілер тобының ұйымдастыруымен, «Жас Отан» жастар қанатының  қолдауымен «Әр қазақ менің жалғызым» атты қайырымдылық кеш өтті. Мақсаты – анасынан айырылған, әке қамқорлығынсыз, панасыз  қалған алты бірдей жетім балалардың үйлі болуына көмектесу.

Екі жыл бұрын анасы рак ауруынан қаза тауып, әкесінің, туыстарының қарауынсыз далада қалып қойған балалар саяжайдағы тастанды үйлерді паналап, күнелтіп жүрген. Жағдайларын айтып «Астарлы ақиқат» бағдарламасына хабарласқан балалардың өмірі қоғамды бей-жай қалдырмады. Аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесе Данияр Нүсіпжанұлы бастаған Есік еріктілер тобы балаларды киім-кешек, тамақпен қамтамасыз етіп, жалдамалы пәтерге орналастырған. Көпке үлгі игілікті істері қоғамды тәрбиелейді.

Аталған кешке Рахат №1 орта мектебінің 7 «А» сынып оқушылары да атсалысты. «Жазығым не менің, Ана?!» атты драма-мюзиклмен барған балалар барын салды. Баланың өмірге келуі ғажап дүние. Десек те, алдында не күтіп тұрғанын болжау қиын. Кей бала тағдырдың жазмышымен жетім атанса, кейбірі ата-ананың тастап кетуінен тірі жетімге айналады. Бұл – бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Өмірдің осы келеңсіз тұстары көрініс тапқан «Жазығым не менің, Ана?!» атты драма мюзиклі іс-шараның мазмұнын кеңірек ашты. Драма-мюзикл көрерменді ойландырып қана қойған жоқ, балалардың әртістік қабілетін шыңдады. Сахна мәдениетіне төселіп қалған балалар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Залдың тік тұрып көрсеткен қошеметі оқушыларды шабыттандырды. Игілікке қызмет ету – адамның ішкі тілегі. Бүтіндей бір отбасының аяғынан тік тұруына қол ұшын созу – адамдық қасиет.

 

Ботакөз  Шәрібек,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Read 802 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет