Дүйсенбі, 04 Мамыр 2020 14:26

Сурет өнерінің сыры немесе шеберлік дәрісі

Адамзат қоғамының даму процесіне көз жүгіртсек оған бейнелеу өнерінің тигізген әсерін жоққа шығара алмасымыз анық. Алғашқы адамдардың салған суреттері қазіргі біз үшін тым қарабайыр болса да өнер тарихы мінберінен қарағанда теңдессіз құбылыс болғаны дау тудырмаса керек. Олар өздерінің діни сенімдерін, тұрмыс-тіршілігін, салт-жоралғыларын тасқа қашап, кейінгі ұрпақтарына өшпес мұра қалдырып кеткеніне, әрине, бас иетініміз анық. Испаниядағы Альтамир, Франциядағы Ласко, Австралиядағы Кимберли үңгірлерінен табылған ежелгі суреттер адамзат мәдениетінің теңдессіз жауһарлары саналады.  Олардың қатарында елімізде орналасқан Таңбалытас та бар. Тарих ғылымы да осы бір тасқа қашалған суреттерге қарай отырып сол кездегі адамдардың тарихы мен мәдениетінің, діни сенімі мен тыныс-тіршілігінің қандай болғанын болжай алады. Демек бейнелеу өнері адам баласының мәдени параметрі ғана емес, тарихи қазынасы да бола алатыны ақиқат.

 

Тылсым өнердің тарихы

Әрине, бейнелеу өнері тек қана сурет салудан тұрмайды. Өз ішінде сурет (графика), кескіндеме (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура), дизаин, сәндік қолданбалы өнер секілді бірнеше түрге бөлінеді. Ал олардың әрқайсысы іштей бірнеше жанрларға жіктелетіні тағы бар. Осыған қарап-ақ бейнелеу өнерінің өте күрделі де сан қырлы тылсым өнер екенін түсінеміз.

Сонау тас дәуірінен бастау алған бейнелу өнері уақыт өткен сайын жаңарып, күрделеніп, дамып отырды. Ежелгі дәуір өнерінің ірі орталығы – Алдыңғы Азиядағы Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығы. Б.з.б. ІІІ-І мыңжылдықтарда мұнда шумерліктер мен аккадтықтар мәдениеті, кейінірек Бабыл, Миттани және Ассирия мемлекеттері мәдениеті өркендеді. Бұл дәуірде мүсін және кескіндеме туындыларымен көркемделген сарайлар мен ғибадатханалар маңызды рөл атқарады. Олардың жалғасы саналатын ежелгі Мысырда да б.з.б. ІV мыңжылдықтың соңы мен б.з.б. 341 жылдар аралығында бейнелеу өнері аса қарқынды дамыды. Ол дінмен, құдай дәрежесінде дәріптелген перғауындарға табыну ғұрпымен өте тығыз байланысты болатын. Қалай десек те ежелгі Мысырдың бейнелеу өнері әлемдік мәдениетке қосылған ірі үлес болып табылатыны шындық.

Б.з.б. 3000 жыл мен б.з.б. 1200 жылдары Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде, Эгей теңізінің жағалаулары мен аралдарында өркендеген Эгей мәдениеті де бейнелеу өнері тарихында үлкен маңызға ие. Оның негізгі орталықтары Крит, Киклада аралдары, Микен, Пилос және Тиринф қалалары болды. Крит-Микен мәдениетінің маңызды сәулет ескерткіші – әйгілі Кносс сарайы бейнелеу өнерінің түрлі жанрын бойына тоғыстырған туынды.

Ежелгі Грекияның бейнелеу өнері де Эгей мәдениетінің бай дәстүрлерін жалғастырды. Ол гомерлік кезең, ежелгі өнер кезеңі, классикалық немесе эллинизм кезеңдері болып бөлінеді. Ежелгі Грекия мәдениеті өзінің даму кезеңін көне грек қала-полистерінің өркендеген кезінде, құлиеленушілік демократия дәуірінде (б.з.б. V-ІV ғасырлар) басынан кешірді. Грек шеберлерінің шығармашылығы мифологиялық түсініктерге негізделеді. Олар сонымен қатар, болмыс шындығына, дүние-әлемнің үйлесімділігіне деген терең пайымдарға адамның тәни және рухани кемелденуі турасындағы идеяларымен де құнды еді.

Бұдан бөлек, ежелгі дәуірдің бейнелеу өнерінде Солтүстік Қара теңіз жағалауының мәдениетімен қоса, Урарту мемлекетінің, Үндістанның, Қытайдың, Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениеттері секілді ірі мәдениет ошақтары болды. Мәселен, ежелгі Үндістан мәдениетінің ескерткіштері ретінде Синдтағы Мохенджо-Даро мен Пенджабтағы Хараппа елді мекендерін атауға болды. Бейнелеу өнерінің даму тарихына қарап отырып бір шындыққа көзіміз жетеді. Ол шындық – бейнелеу өнерінің тарихы адамзат тарихымен егіз екендігі. Біз тарих ғылымының ежелгі дәуір тарихы, орта ғасыр тарихы, жаңа заман тарихы, қазіргі заман тарихы болып бірнеше кезеңге бөлінетінін жақсы білеміз. Ал ежелгі дәуір тарихы жазудың пайда болуынан бастап, 476 жылы Батыс Рим империясының құлауымен аяқталады. Демек тарихтың басталуы жазудың пайда болуымен байланысты. Жазудың арғы тегі осы бейнелеу өнерінен шығатынын ескерсек, бұл тылсым өнерге тағызым етпеске амалымыз жоқ.

Енді өзімізге келсек, қазақ даласында пайда болып, өзіндік құрылымымен ерекшеленген сақтардың «аң стилінің» де бейнелеу өнері тарихынан алар өз орны бар. Барлығымыз сол сақ шеберлерінің қолынан шыққан «Алтын Адаммен» әлемге мақтанып жүргеніміз де рас. Сонымен бірге, қазақ даласының әр түпкірінен кездесетін балбал тастардың да ішке бүккен құпиясы жетерлік. Қалай айтсақ та қазақ қоғамында бейнелеу өнері басқа өнер түрлерімен салыстырғанда кенже қалғаны да жасырын емес. Еуропадағыдай сонау ХІV-ХVІІ ғасырлардың өзінде ренессанс кезеңін бастан өткеріп, бейнелеу өнерін кемелділікке жеткізген құбылыс болған жоқ. Бірақ кейіндеп кіріссек те, әлемдік көштен қалып қойған жоқпыз. Әйтседе сәндік қолданбалы өнерге келгенде мақтануға хақымыз бар. Түрлі-түсті оюлармен өрнектелген киіз үйлеріміз, текемет пен сырмақтарымыз,  киім-кешектеріміз, ат әбізелдеріміз шеберлігімізді шартарапқа әйгілеп тұрғандай.

Алғаш болып сурет салумен айналысқан қазақ суретші ретінде ешқандай кәсіби білім алмаса да, шеберлігі мен біліктілігіне шек келтіруге келмейтін ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов болатын. Ал алғашқы кәсіби суретшілер Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Б.Сәрсенбаев, Қ.Қожықов секілді аға буын өкілдері. Осы кісілердің жолымен жүрген шебер суретшілер бүгінде арамызда аз емес. Солардың бірі – ҚР суретшілер одағының мүшесі, ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы, профессор, Серғазы Құсайынұлы Жаманғараев.

 

 

Шеберлікті шыңдау шарасы

Сурет салуға үйрену баланың дамуына, қиялының ұшқыр болуына, өзін қоршаған әлемді өзгеше сезінуіне жол ашатыны айдан анық. Сондықтан әлемдегі елдердің барлығының мектептеріндегі оқу бағдарламаларына бейнелеу өнері пән ретінде енгізілген. Сонымен қатар жоғары оқу орындары да ұйымдастырылып, кәсіби суретшілерді тәрбиелеуге де көп көңіл бөлінеді. Біздің елімізде де арнайы бейнелеу өнері мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары баршылық. Солардың бірі – Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті. Жоғарыда атап өткен профессор С.Жаманғараев та осы оқу орнында оқытушы ретінде еңбек етіп, шәкірт тәрбиелейді.

Нұра ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектептің директоры Ы.Салмановтың ұйымдастыруымен С.Жаманғараев бастаған ҚазҰПУ-дың суретші ұстаздары өздерінің тәжірибелерімен бөлісуге арнайы келген болатын. Олардың қатарында ҚР дизайнерлер одағының мүшелері аға оқытушы, PhD докторы Қ.Бекболатова мен өнертану магистры А.Ермахановалар бар. Ұйымдастырылған шараның басты мақсаты мектептердегі бейнелеу өнері пәнінің ұстаздарына арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, олардың біліктілігін арттыру. Сонымен бірге оқушылар арасындағы жас таланттардың өнерін тамашалау. Әрине, олардың өнерін жай ғана тамашалап кете салмайтыны түсінікті. Ең әуелі жас суретшілерге бағыт-бағдар беріп, сурет өнеріне деген қызығушылығын ояту болса, екіншіден болашағын бейнелеу өнерімен байланыстырған талапкерлерді іздеп табу. Өйткені, сурет өнері де басқа өнер түрлері секілді талантты талап етеді. Егер бойыңда сол өнерге деген талантың мен бейімің болмаса оқып үйренем деу бос әурешілік екені онсыз да белгілі нәрсе.

Ең алдымен С.Жаманғараев өзінің тәжірибесімен бөлісіп, сурет салудың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Осы орайда Қ.Бекболатова мен А.Ермаханова шеберлік сабаққа қатысушыларға сәндік қолданбалы өнер бағытында киізді өңдеп, оларды бояу және дайын бұйым жасау кезінде қалай жұмыс жасаудың жолдарын таныстырды. Ауданның әр түпкірінен келген мұғалімдер мен шәкірттер шеберлік сабағына белсене қатысып, зор қызығушылық танытты. Әсіресе А.Жексенбеков атындағы орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі А.Төлегенова шеберлік сабағынан көп нәрсе үйренгенін айтып, осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілегін білдірді.  Өзінің де жасаған жұмыстарын көрсетіп, болашақта шеберлік сабағын өткізушілермен тығыз байланыста болатынын айтты.

Келесі кезекте С.Жаманғараев шараға келген оқушылардың сол сәтте салған суреттеріне баға берді әрі олардың арнайы ұйымдастырған сурет көрмелерін тамашалады. Ұсынылған суреттерді іріктеп ішінен үздік деген жұмыстарды талдап алды. Ал осы талдап алынған жұмыстар ҚазҰПУ-да ұйымдастырылатын көрмеге қойылатын болады. Сонымен бірге, жұмыстары көрмеге қойылған әрбір оқушы арнайы сертификатпен марапатталады. Жиналған жас суретшілердің ішінде суреттері ерекше назар аудартқан Тескенсу ауылындағы Жамбыл орта мектебінің 11 «Ә» оқушысы Н.Бекқадыр болды. Оған бүгінде ұстазы ретінде А.Сейсенқұлов жетекшілік етіп келеді. Оның графика жанрында салған портреттері өте шынайы шыққандығымен сүйсіндіреді. Сол мезетте С.Жаманғараевтың портретін де салған ол нағыз суретші екендігін дәлелдегендей. Бұл туындысы да өзге туындыларындай жоғары бағаланды. Осы еңбегін шексіз құрметі ретінде С.Жаманғараевқа сыйға тартты.

Негізгі шеберлік сабақтар аяқталып, көрмедегі жұмыстар сараптан өткен соң жиналғандар өзара пікір алысып, бейнелеу өнерінің бүгінгі күйін сөз етті. Әсіресе бұрынғы «Бейнелеу өнері» мен «Технология» пәндерінің қазіргі жаңа бағдарлама бойынша «Көркем еңбек» деген бір пәнге біріктірілуі әрі одан туындайтын кемшіл тұстары туралы мәселелер көтерілді.

 

«Көркем еңбектің» кемшілігі

Екінің бірі суретші бола алмайтыны анық. Бірақ басқалардың суретпен қатысы жоқ деп тағы айта алмаймыз. Кішкентай ғана баланың әріп танымаса да сурет салуға ынталы болатынын байқаған боларсыз. Есіңізде болса балалық шағыңызда сіздің де шимайлап сурет салған кездеріңіз аз болмаған шығар. Сол себепті кез-келген бала алғаш қалыптаса бастағанда жазуға емес, суретке құмартып тұратыны таң қаларлық жағдай емес. Сондықтан алғаш қолымызға алған әліппенің суретке толы болуы да осы бір қағидаға негізделген әдістеме. Бұл туралы академик, жазушы, философ ғалым Ғарифолла Есімнің «Шимай философиясы» мақаласында жақсы айтылған. «Есі толық енбеген бала қолына қарындаш, қалам алса ақ қағаз бетін шимайлай бастайды. Бұл керемет. Алғашқы шығармашылық ізденіс. Өзін өзгеге таныту тәсілі. Сәбидің «мені» қалыптасып келеді. Қолға қалам алу, шимайлау сәбидің көңіл шуағы. Ол сол шимайды әке-шешесіне, үлкендерге көрсетеді, қоштау күтеді. Бірте-бірте шимайдан сурет шыға бастайды, ол бөлек әңгіме. Сурет әлемі сырға толы сәбидің дүниеге көзқарасы, сезім тұнығы, мөлдір бұлақ суы десек те жеткіліксіз. Оны сөзбен айтып түсіндіру мүмкін емес, сәби түсінігін түсінгің келсе, бірге отырып сурет сал», – дейді ғалым аталған мақаласында. Иә, баланың шимайынан біртіндеп сурет, ал суреттен оның санасының түпкірінде дүниеге деген көзқарасы пайда болады. Демек, сурет өнері – тәрбиенің де құралы. Сондықтан кешеге дейін мектеп бағдарламасында «Бейнелеу өнері» мен «Технология» пәндері басқа пәндермен қатар оқытылып келген еді. Бұл пәндерді оқып барлық оқушы суретші болып кеткен жоқ, әрине. Дегенмен олардың тұлға болып қалыптасуына аталған пәндердің тигізген әсерін жоққа шығара алмаймыз.

Олай болса, бастауыш мектеп пен жалпы орта мектептің жаңартылған білім беру процесінде анықталған білім беру мазмұнының кіріктіре түзілуі, оқу пәндерінің бірігуі оқушылардың жаңа сипатта қалыптасуына алып келетіні анық. «Бейнелеу өнері» пәні деген атау өткен ғасырдың соңғы жылдарында анықталып, оған дейін мектепте «Сурет» оқу пәні деген атаумен оқу үдерісінде жүріп келген еді. Оның білім беру мазмұны өткен ғасырдың басынан қазіргі кезге дейін түпкілікті өзгерістерге ұшырамай, өзінің классикалық тәжірибесін сақтап қалған болатын. Нақты айтсақ, бейнелеу өнерінің түрлері, олардың жанрлары, көркемдік құралдар мен оларды бейнелеу туралы оқытылатын.

Ал, «Технология» оқу пәні ретінде комплексті білім беру тұжырымы бойынша оқушыларды еңбекке үйретуге бағытталғандығымен ерекшеленетін. Мұнда оқу пәнінің атауы «Еңбек» деп те аталды. Осы оқу пәнінің білім беру мазмұны ағаш, метал, мата секілді бұйымдармен жұмыс жасау, тағам дайындау, электротехникалық жұмыстар, конструкциялық материалдарды өңдеу, ауылшаруашылық жұмыстары сияқты салаларды қамтитын. «Еңбек» пәні бойынша жоғары сынып оқушылары нақты еңбек түріне бағытталған кәсіби білім алуымен де тиімді еді.

Ал бүгінде «Көркем еңбек» болып біріктірілген қос пәннің бастары бір қазанға қалай сыйып тұрғанына таңданбай тұра алмайсың. Өйткені, екі пәннің бағыты сырттай ұқсас көрінгенімен, іштей бақылаған адамға айырмашылығы айқын аңғарылатыны анық. Бейнелеу өнері ең алдымен эстетикалық талғам мен нәзіктікті, байқампаздық пен шеберлікті қажет ететін сала. Сондықтан өлі бояуды қағаз бетінде қайта тірілтуге біршама дайындық керек. Осындайда Врубельдің: «Рояльда ойнайтын әрбір адам өзін музыкантпын деп ойлайтыны бар.  Ол бекер, сурет салатын әрбір адам өзін суретшімін деп ойлайтыны бар, ол да бекер», – деген сөзі ойға оралады. Сондықтан таланты  мен талабы бар жеткіншек қана суретші деген ардақты атты иеленуге талпына алады. Ал ол балалардың талантын ашуға «Бейнелеу өнері» пәнінің рөлін алмастыра алатын ештеңе жоқ. Әрине, оған осы пәнді оқытуда қалыптасқан методиканың тигізер әсері де бар. Енді екі пән біріккен соң бұрынғы методиканың орнын жаңа әдістеме алмастырары хақ. Демек бұрынғы әдістеменің эстетикалық қыры ескерусіз қалмаса да, бәсеңдейтіні талассыз.

«Технология» немесе «Еңбек» пәнінің де тасада қалуы табысты жол емес. «Еңбегің» не, «Көркем еңбегің» не бәрібір емес пе деген ойдың да қылаң беретіні рас. Бірақ еңбектің бәрі көркемдік сипатта бола бермейді. Ауыл шаруашылығы немесе электроникалық жұмыстарымен айналысқанда көркемдікке мән бере бермейтініңіз анық қой. Бұл жерде эстетикалық талғамнан гөрі теориялық білім маңызды. Ал «Көркем еңбектің» «Технологиядан» аясы да тар, ауқымы да кіші. Сондықтан әр нәрсенің өз жүлгесімен жүргені пайдалы болмақ.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

 

Read 45 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет