Бейсенбі, 30 Сәуір 2020 12:45

Ән көгінде Шәмші аға

Қазақ – қашаннан өнерлі халық. Сонау заманнан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ауыз әдебиеті, шежіреге толы аңыздар, айтыс, ақындық, оның ішінде суырып салма жанрынан қазақтықтың иісі аңқиды. Ұлы даланың жеті қырына тән саф өнер осындай киелі халықтың ғана бойына дарыған десек, артық айтқандық емес. Күмбірлеген күй өнері  мен сары даланың сырлы сыңғырындай әншілік өнерінің өзі – бір төбе.

Халқымызда аты аңызға айналған небір серілер, ақын-жыраулар, күйші, сазгерлер, жүрек қылын шертер күміс көмей әншілер жетерлік. Солардың бірі де, қазақ вальсінің королі атанып кеткен – Шәмші Қалдаяқов атамыз. Көнекөз қарияларымыздан Шәмші ағамыз жайлы сұрай қалсаң, таңды-таңға ұрып әңгімелеуден бір жалықпайды. Оның өзі – Шәмші атамыздың ерекше дарын иесі болғандығының дәлеліндей. 

Бүгінде  қазақ сахнасының бел ортасынан ойып тұрып өзіндік орнын алған Шәмші ағамыздың шығармаларының бірі  –  «Сыған серенадасы». Осы туындыны сахналамаған театр қазақ сахнасына кемде-кем шығар.

Иә, «Серенада» әу баста француздардың «Серенаде» – кешкі ән, былайша айтқанда, әйелдерге арналған махаббат әні дегенді білдіреді. Ол көбінесе мандолин мен гитараның сүйемелдеуімен орындалады. 18-19 ғасырларда ол Еуропада, одан Ресейде әртүрлі аспаптардың, ансамбльдер мен оркестрде де орындалатын болған. Әйтсе де, «Серенада» сығандардың ең сүйікті аспабы гитараның сүйемелдеуінде ойналған. ХХ ғасырда солардың ұлттық музыкалық жанрына айналып кеткендей әсер қалдырды. Ендігі жерде «Серенаданы» гитарасыз елестету мүмкін емес сияқты.

Шәмшінің «Сыған серенадасы» да дәл солай. Гитара үні «Серенада» әуенінің грациясын шарықтау шегіне жеткізіп тұрғаны  – сазгерге ғана тән сезімталдық. Бүгінде осы шығарманың шығу тарихы жайында алып қашпа әңгімелер толассыз. Әркім өз пайымынша топшылайды. Бәзбіреулер Шәмші табырда жүрген сыған қызы Изольдаға сырттай ғашық болып туған десе, енді біреулер ол сығандармен өмір сүрген дейді.

Шәмші өмірінің соңғы жылдарында ауруханада көп жатқан екен. Күндердің күнінде қал-жағдайын біліп, Исраил Сапарбай барып, «Сыған серенадасы» әнінің туу тарихын сұрайды. Өткен күндерді еске алғысы келмеген Шәмші інісіне былай деп жауап қатыпты. «Ол  – ұзақ әңгіме. Мені қинамашы. Мен оқудан шығып қалғанда, төрт-бес жігіт вокзал жақта жүрдік. Алдымыздан үш-төрт сыған қызы шығып, табырға шақырды. Екі-үш күн табырда жүрдім. Осыдан басталды барлығы, айналайын» деген екен. Кейін Исраил Сапарбай біраз ақпараттарды арқау етіп, өз қиялына ерік беріп, шығарманы жазып шығады.

Отыз жылдық тарихы бар «Сыған серенадасы» осылай өмірге келген екен. Осы серенадаға жан бітіріп, сезім құшағына қиялмен жетелеген ол, әрине, театр өнері. Бүгінде қазақ театрын «Сыған серенадасысыз», ал «Сыған серенадасын» театрсыз елестету мүмкін емес.

Қорытындылай келгенде, Ұлы даланың жеті қырының бірі, жетпіс жеті өнерінің ең үлкен тармағы ол – саф  алтындай таза өнер – театр. Театр арқылы өскелең ұрпаққа ұлы жазушылар мен ақындар, жыраулар мен күйшілер, сезімге толы сазгерлерді дәріптейміз. Өнер өлмейтін – өнеге!

                                                                           Қанат Бахтинов,

Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің қызметкері

 

 

 

 

    

                                

Read 132 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет