Сейсенбі, 12 Қараша 2019 10:54

Әке кәсібі – балаға нәсіп

Әке кәсібі – балаға нәсіп mezet.kz

Қазақ халқы ежелден өнерге үлкен мән берген. «Он саусағынан бал тамған шебер» деп баға беріп, ерекше құрметпен қараған. Баласын кішкентайынан еңбекке  баулып, бойындағы қасиетін дарыту үшін жастайынан шыңдаған. Әке мирасын дамыту  ұрпағы үшін асқан жауапкершілікті, өте ұқыптылықты талап етеді. Сондай жанның бірі – Ұста Дәркембай Шоқпарұлының баласы, бүгінде әкесінің кәсібін нәсіп қылып, өнерін жалғаушы, облыс бойынша алғашқы қолөнер мұражайын ашқан Дәулет Дәркембайұлымен кездесу өтті жуырда. Тағылымы мол  тәрбие сағатын Қаракемер мәдениет үйінде аталмыш мекеме қызметкерлері ұйымдастырды.

Шараға «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, Қаракемер ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жәмила Серікқызы, Қаракемер мәдениеті үйі директоры Арайлым Мамырбекова, аталған мекеме жанынан құрылған театр ұжымы, Қ.Орымбетов атындағы орта мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысты. Жиынды «Шежіре» өнер тәлім отауының жетекшісі Ерқуат Оңашхан жүргізіп отырды.  Келелі кездесуде Дәркембай ұстаның мұрагері Дәулет Шоқпаров әкесінің өмір жолы, өнер жолын әңгімелеп, оқушылар сауалдарына жауап берді. Ақши ауылындағы Д.Шоқпарұлы атындағы музейден әкелген шәкірттерінің өнер туындыларын, қолөнер бұйымдарын таныстырып, олардың жасалу жолын түсіндірді.

Өнерге қызығушы жас өрендерге арнап жуырда мектеп ашқалы жатқанын айтып, қуанышты хабарымен бөлісті. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей Дәркембай Шоқпарұлымен дәмдес болып, жақсы араласқан Еңбекшіқазақ газетінің бас редакторы Хайролла Қасымұлы да өз естеліктерімен бөлісті. 

Жиын соңында Қаракемер мәдениет үйі директоры Арайлым Мамырбекова сөз алып:

  • Өнер – құдіретті де қасиетті ұғым, кез келгеннің басына берілмейтін бақ. Соны ұғынып, аялап, халыққа ұсына білу қажырлы еңбекті, шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Ата баба өнерін жалғастыру одан да үлкен жауапкершілік. Осы уақытқа дейін қаншама шәкірт тәрбиелеп, қазақ өнерін әлемге паш етіп жүрген мақтанышымыз Дәулет ағамызға үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі шарамыздың мақсаты да осындай тұлғаларымызды үлгі ете отырып, бүлдіршіндердің бойына отансүйгіштік, еңбекқорлық, талапшылдықты дарыту, төл өнерімізді таныстыру, өңірімізден шыққан өнерпаздарымызды үлгі ету болатын. Әрбір дүниенің үлкен еңбекпен, өнермен келетінін ұғынып, құрметпен қараса екен деген тілегім бар, – деп қорытындылады.

Жансая ЫСҚАҚ

Read 908 times

Күнтiзбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет