Бейсенбі, 27 Тамыз 2020 20:30

Таутүрген төбесіндегі петроглифтер

Таутүрген төбесіндегі петроглифтер mezet.kz

Ұлан-ғайыр даламыздың қай өңірін қарасаңыз да, көздің жауын алар табиғаттың тамашасына сүйсінесіз. Тауы мен тасы, көлі мен шөлі, жазық дала мен ну орманы да Жаратқанның шеберлігін паш етіп тұрғандай. Ал осынау әдеміліктің сан ғасырдың куәсі болып, талай тарихты қойнына жасырып жатқанын ойласаңыз, басқаны айтпағанда, аяқтың астындағы топырақтың әр түйіршігіне зер салып, зерттегің-ақ келеді. Иә, ондай күн де туар әлі... Техника қарыштап дамып жатыр ғой. Қазір болса, менмұндалап тұрған талай жәдігердің жай-күйінен хабарсыз, тіпті білсек те, өз деңгейінде дәріптей алмай отырғанымыз жаныңа батады. 

Дәріптеуді, зерттеуді қажет ететін мұндай мұраның бірі Күйік тауында сақталған. Ауданымыздағы Таутүрген ауылының бас жағында, шығысқа қарай созылып жатқан Күйік тауының ең жоғарғы нүктесі теңіз деңгейінен 2135 метр биіктікте екен. Ал Күйіктің күнгей бетіне 1850 метр биіктікке көтерілсеңіз, тастағы таңбаларды – петроглифтерді көресіз.

 

Петроглифтер жатқан Күйік тауы

Шеңбердің жанында таутекенің суреті бар

 

Петроглифтерді суретке анық түсірудің бір жолы - көлеңкелеу

Бұл петроглифтер жайлы газеттің бас редакторы Хайролла аға Ахметжанов қыстыгүні айтып, қызықтырып қойып еді. Даланы аппақ қар басып жатқандықтан жайма-шуақ көктемді күттік. Ал көктемде жер әлемге жайылған аты жаман індеттің кесірінен карантинге қалдық. Сөйтіп жүріп, өткен жұмада жолымыз түсті. Аяқасты жиналып, Қуандық аға жол бастап, Хайролла аға үшеуіміз Күйіктегі кереметті көріп келдік.

 

Сондай-ақ сурет анық көрінуі үшін бұрыштан түсіруге де болады

Қуандық Карбузов – Таутүрген ауылындағы мектептің директоры. Бұл   петроглифтер жайлы 1980 жылдары естіген екен. «Мен ол кезде 5-6 сыныпта оқимын. Сабақтан шықсақ, мектептің жанындағы дүкеннің маңында бір топ адам тұр. Көбі – ауыл ақсақалдары және бұрын-соңды байқамаған бөтен адамдар да бар. УАЗ автокөлігімен Алматыдан келген тарихшы-ғалым, не тарихи ескерткіштердің тізімін жасап жүрген мамандар болуы керек. Кеңес уақытында тарихи мұраларға мұқият қарап, бәрін түгендеп жатушы еді ғой. Бала болған соң ол жағын нақтылап сұрамаппыз. Бірақ ауылдың бас жағын нұсқап, әлдебір жәдігердің жайын айтып, таңбалы тастар туралы сөз қозғағандары еміс-еміс есімде қалыпты. Әрі үнемі ойда жүретін. 1997-98 жылдары «Іле Алатау» ұлттық паркінде қорықшы болып жұмыс істейтін көршім Жұмағали аға  Демесіновтен таңбалы тастар туралы сұрап едім, ол кісі де бұл жайлы естігенін айтты. Содан екеуіміз ол тастарды арнайы іздеп бардық. Тақта тастардағы таңбаларды көзімізбен көрдік. Біраз ізденгеніммен, ондағы петроглифтер туралы дерек таба алмадым», – дейді Қуандық аға. Иә, біз де еліміздегі петроглифтер тақырыбын кеңінен қозғап жүрген Зейнолла Самашевтің «Петроглифы Казахстана» сынды кітабынан бастап, бірнеше энциклопедия мен тарихи еңбектерді, Алматы облысы мен Еңбекшіқазақ ауданы жайлы жазылған біраз кітап-альбомдарды қарағанымызбен Күйік тауы туралы да, ондағы петроглифтер туралы да еш мәлімет таба алмадық. Ал интернетте «Жетісу» газетінің журналисі Болат Мәжит 2015 жылы жазған «13 жасар өлкетанушы» атты шағын мақаланы бірнеше сайт көшіріп жариялаған екен. Одан басқа дерек жоқ.

 

Осыдан 6 жыл бұрын түсірілген сурет әлдеқайда анық екен, қазір көмескіленіп кеткен

 

Уақыт өз дегенін алады

Мақаладағы кейіпкер өлкетанушы бала – Досбол Рамазан – Қуандық ағаның оқушысы. 2013 жылдан бастап Қуандық аға оқушылардың тарихқа, туған өлкені тануға деген ынтасын оятып, Күйік тауының басындағы петроглифтерге ертіп апарып жүр екен. Осындай бір сапарда Досбол Рамазан қатты қызығушылық танытып, петроглифтер туралы тереңірек зерттеп-білуге ынта білдіреді. Бір жыл ізденіп, «Таутүрген тауындағы таңбалы тастар» деген тақырыппен зерттеу жұмысын жасап, 2014 жылы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығында қорғапты. Бұл жұмысты жоғары бағалап, «Есік»  мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ғылыми қызметкері, археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов пікір жазып берген екен.

 

Баланың жасағанын басқарма жасай алмай ма?

Туған өлкенің тарихына бей-жай қарамай, оны танып-білуге талпынған оқушының ізденісі үлкен құрметке ие. Ал Таутүргеннің басындағы таңбалы тастар туралы музей қызметкерлері не дейді? Бұл петроглифтер жайында музейде қандай да бір дерек бар ма екен? Осы сұрақтармен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директор орынбасары Досым Зікірияға бардық. «Алматы облысы бойынша: Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қыземшек», Асы-саға петроглифтері, Райымбек ауданындағы Ақтасты петроглифтері, Ұйғыр ауданындағы Аққора, Науакескен, Ұзынкүнгей, Болыссай, және т.б. петроглифтерді зерттедік. Ал Күйік тауындағы петроглифтер туралы естуіміз болмаса, арнайы барып зерттеу жұмыстарын жүргізген жоқпыз», – дейді Досым Зікірия. «Музейдегі әріптестеріңіз Таутүргеннің жоғары жағындағы таңбалы тастар туралы оқушының зерттеу жұмысына пікір жазған екен. Яғни одан хабардарсыздар. Ал енді оны өздеріңіздің қандай да бір тізімдеріңізге енгізіп, зерттеу жүргізуге талпынып көрмедіңіздер ме?» деген сұрағыма музей қызметкері: «Алматы облысының көлемінде археологиялық-экспедициялық зерттеу жүргізуге біздің құқымыз бар. Бірақ аудандағы тарихи, мәдени нысандарды тізімге алу, тіркеу – уәкілетті органның, яғни Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және меншік иесі, жергілікті мәдениет бөлімінің міндеті, солардың құзырындағы іс. Ал біз белгілі бір жерге зерттеу жүргізу үшін осы меншік иесінің рұқсатын аламыз», – деп жауап берді.

 

Қуандық аға оқушысының жұмысымен таныстырып отыр

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Демек, сұрау солардан. «Күйік тауындағы петроглифтер туралы қандай да бір дерек бар ма? Есепке алынды ма?» деген сұрақтарымызды енді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Ақмарал Қанапинаға қойдық. Сөйтсек, мұнда да еш мәлімет жоқ екен.

 

Қуандық аға 2015 жылы сол кездегі Түрген ауылдық округінің әкімі Бота Елеусізованың өзі Күйік тауына арнайы барып, тастағы таңбаларды көзімен көріп, картаға түсіріп алғанын, тіпті ол аймақты ерекше қорғалатын табиғи аумақ тізіміне кіргізуді жоспарлағанын да айтып еді. Алайда бұл жақсы басталған істің соңы немен аяқталғаны белгісіз болып отыр. Өйткені Түрген ауылдық округі әкімдігінде Күйік петроглифтері туралы бүгінде ешбір мәлімет жоқ екен. Әкімдікте ескерткіштермен айналысатын маманның тауып берген жалғыз дерегі – баяғы оқушы Досбол Рамазанның зерттеу жұмысы. Әрине, өте өкінішті. Тиісті органдар 13 жастағы оқушы жасаған жұмыстың бір бөлшегін де бітіре алмай отыр. «Шайнап бергенді жұта алмау» дегенді осындай жағдайда айтар, сірә. Әйтпесе, Досбол Рамазан зерттеу жұмысында барынша жан-жақты мәлімет жинауға тырысқан екен. Оқушының жұмысынан төменде үзінді келтіріп отырмыз.

 

Барды бағалай білсек...

Табиғаттың тамашасы мен тарихтың таңбасы айқын көрініс тауып, өзара үндесіп жатқан өлкенің өткен күннен шертер сыры да, болашаққа бағдар болар мол мұрасы да барын ескеруіміз керек-ақ. Жергілікті жердің бұл байлығын мақсатты қолдана алсақ, тарихты танып қана қоймай, өңірде туризм саласын дамытуға да үлкен үлес қосар едік. Иә, Күйік тауының басындағы таңбалы тастар елімізде табылған алғашқы петроглифтер емес. Үлкен аумаққа созылып жатқан жоқ, таңбалы тастың саны жағынан да алдағы орында емес шығар. Дегенмен, бұл – біздің өлкенің тарихы. Бұған бейжай қарамай, қолға алсақ, зерттеу жүргізіп көрсек, мүмкін, мол қазына да ашылар. Әрине, қазына дегенде тек алтын-күміс емес, кейбір мәліметтің де алтынға бермес құнды боларын ескерсек, ашылмай жүрген құпияның кілті болар, бәлкім. Петроглифтердің зерттеулеріне қарасақ, олар табылған жерлер түрлі діни рәсімдер, мерекелер өткізу орындары болғанын және маңайынан қандай да бір құрылыс нысандарының немесе оба-зираттардың табылып жататынын байқаймыз. Ал Күйік тауында да әлдебір тұрақтың орны сияқты тегіс алаңқайлар бар. Олар да – зерттеу нысаны бола алады. Сондай-ақ біздің білетініміз – Күйік тауының күнгей бетіндегі дүние. Ал Қуандық ағаның айтуынша, Күйіктің арғы бетінде де таңбалы тастар бар көрінеді.

 

Табиғаттың тамашасын тек көзбен көру керек

Иә, зерттеу жұмыстары уақытты, көп қаржыны талап етеді. Ал егер бұл аймақтың сырын ашып, туристік орынға айналдырса, одан да аз пайда түспейтінін тағы ойлау керек. Мұнда да ақша мәселесімен қатар, рухани байлықтың да барын ұмытпайық. Демек, келушіге де, жердің иесіне де өз пайдасы бар.

 

Петроглифтер тастың бетінен өшіп барады екен

Түрген шатқалында орналасқан демалыс орындарына, сарқырамалар мен киелі  бұлақтарға  келушілер  саны  көп. Отандастарымыз ғана емес, шетелдіктердің де жиі келетінін білеміз. Түрген өзеніндегі көпірден таңбалы тас орналасқан жерге дейінгі аумақ – шамамен, 2-2,5 шақырым. Яғни айтарлықтай алыс та емес. Тек осы қашықтыққа тасжол төсеп, Күйік тауының басындағы петроглифтерге қарай белгі орнатып, барар жолды жасаса, бітер істің біразы тындырылар еді. Сондай-ақ таудың басындағы таңбалы тастардың әрқайсысына белгі қойып, таңбалар жайлы мәлімет жазылса, бұл да бір – мәдени-тарихи ескерткішті дәріптеуге жасалар жақсы қадам. Егер осындай жұмыс жасалса, Түргенге демалуға келгендердің көпшілігі петроглифтерді бір көріп кетуге ниет білдірері сөзсіз. Сондықтан мұнда туристік аймақ ашу – өзін ақтайтын іс деп ойлаймыз. Әрине, Күйіктің бүгінгі күйіндей тым-тырыс жатпай, мейлінше дәріптеп, ел арасына туған жердің мол мұрасы жайлы хабардың барынша таралуына жағдай жасау қажет.

 

Таутүрген ауылы толық көрініп тұр

Тарихи-мәдени ескерткіштерімізді дәріптеу – бізді рухани жұтаңдықтан қорғайтын қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыз. Ендеше, Күйік петроглифтерін тезірек тіркеп, мемлекеттік қорғауға алмаса, оның да жойылудың аз-ақ алдында тұрған Арқарлы қыратындағы таңбалы тастардың күйін кешпесіне кім кепіл?!

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

  

Досбол Рамазанның зерттеу жұмысынан үзінді

Таутүрген ауылы «Іле Алатау ұлттық бағының» аумағында  орналасқан. Ауылдың батыс жағынан солтүстікке Түрген өзені ағады. Өзеннің арғы бетінде Қызылжар тауы, оңтүстікте Шыңтүрген тауы,  ал  шығысында Доғалақ, Терісбұтақ, Тақиятау және Күйік таулары  тізбектелген. Солтүстігінде  жазыққа  шығатын  жол  өзен  аңғарын  бойлаған.

Күйік тауы ауылдан бір жарым шақырым қашықтықтан басталып,  шығысқа қарай бес шақырымға созылып жатыр. Таудың ең биік нүктесі  теңіз деңгейінен 2135 метр биіктікте. Ал таңбалар таудың батысындағы  күнгей  бетіндегі 1852  метр биіктікте жатыр.

Таңбалар бейнеленген тастар диаметрі 150 метр аумақта  орналасқан. Мен  131  таңбаны санадым. Көрінбей  қалғандары да көп. Таңбалы тастарды зерттеу барысында олардың қола-темір дәуірінде  салынғанын тарихшылардың еңбектеріне сүйене отырып тұжырымдадым.  Жалпы, таңбалар – жабайы аңдардың бейнелері. Бұғы, марал, арқар,  тауешкі, еліктердің суреттері көптеп қайталанады. Сондай-ақ борсыққа немесе түлкіге ұқсайтын әлдебір аңның және иттің бейнесі кездесті. 

Оқылды 2678 рет

Медиа

mezet.kz

Соңғы жаңалықтар

Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…
Сәу 11, 2024

Аманаттықтар көмек қолын созуда

Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр. Игі бастамаға…
Сәу 04, 2024

Ұлт саулығына төнген қатер

Денсаулық – бірінші байлық. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, деннің сау болуына…
Сәу 04, 2024

Әлеуетті мекеннің өрісі кең

Ауданымыз жер көлемі мен ел көлемі бойынша алдыңғы қатарда екені белгілі. Соған сай…
Сәу 04, 2024

Сатираның сардары

«Адамгершілігі жоқ қоғамның сатиригі хайуандар туралы мысал жазады. Уот тәк!» – деп…
Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет