Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 26 Ақпан 2020
Сәрсенбі, 26 Ақпан 2020 10:02

Ел бірлігін жырлаған жыр алыбы

28 ақпан – Жамбылдың туған күні

Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Сәкен Сейфуллин

 

Ел тарихында халқымыздың рухани тұғырын көтеруді мұрат еткен екі тұлға бар. Олардың бірі Абай болса, екіншісі – Жамбыл Жабаев. Екеуі де ел еңсесі биік болса деген мұратын жырына арқау етті.

«Жамбыл - менің жай атым, халық - менің шын атым» деп жырлаған Жамбыл Жабаев өз өмірі мен өнерінде адамгершілік құндылықтарды, мейірімді жырлауға арналған ақын екенін аңғаруға болады. Атақ-абыройы қазақ-қырғызға түгел тарап, шығармашылық бақытына ерте бөленген ақын. Оның туындылары әлем халықтарының 50-ге жуық тілдеріне аударылып, тек қазақ қана емес, әлем ғалымдарының зерттеу нысанына айналды.

Қазақтың Гомері атанған ақынның «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп жырлаған туындыларынан бүгінгі бейбіт тірлік пен берекелі өмірін көреміз. Жамбыл шығармаларының негізгі идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қарышты қадамдарымен, жасампаз істерімен үндесіп келеді. Дәлірек айтсақ, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыр алыбы Жамбылды қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды өкілі дей келе, Жамбылдың жырларын өзі ұсынған «Мәңгілік Ел» Жалпыұлттық патриоттық идеясымен тамырласып, мазмұндасып жатыр деген болатын.

Бүгінде көптеген елді мекендер мен даңғылдар, көшелер Жамбыл есімімен аталса, тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің өзге де көптеген мемлекеттерінде бар. Мысалы, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы байырғы Лештуков бұрылысы мен Липецк қаласындағы бұрылысқа Жамбылдың аты берілген. Ижевскіде көше бұрылысы мен көшеге қарасаң, Жамбылдың аты көзге шоқтай басылып тұрады. Волгоград, Иркутск, Кемеров, Қорған, Нижний Новгород, Новосибирь, Хабаровск қаласынан да көруге болады және Украинаның астанасы мен Ужгород қаласынан да Жамбыл атындағы көшелерді көре аласың. 2002 жылы Санкт-Петербургтегі жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы бұрылысқа 4 метрлік қола ескерткіш орнатылды. Бұл Қазақстанның Санкт-Петербург қаласының 300 жылдығына жасаған сыйы болатын.

Бүгінде, міне, аудан тұрғындары Жамбыл Жабаевтың есімі ел есінде қалсын деп бір ауыздан қолдау көрсетіп, Есік қаласында орналасқан саябақты

«Жамбыл атындағы Жастар саябағы» деп атап, атын алтын әріппен кіре беріс маңдайына жазып қалдырды. Бұл саябақ бүгінгі күнде аудан жастарының бас қосып, демалыстарын көңілді өткізетін орталық саябақ болып есептеледі.

Жамбыл руханияты – халық өмірі. Ауданымызда 209 көше тарихи тұлғалардың атымен аталған көшелер болса, оның ішінде 19 көше жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың атымен аталып отыр.

Ақын бірде өзін жүз жасаған терекке теңеп: «Менің тамырларым – туған халқым, бұтақтарым – жырларым, жапырақтарым – ұлдарым мен қыздарым. Мен бар болғаны жүз жылдық терекпін, қартайғанда тапқан жарық күнімді, халқымның бақытын, ұлдарым мен қыздарымның бақытын жырлаймын. Қазақ жерінің ұлдары мен қыздары нағыз керемет істер істейді» деп жазған болатын кезінде.

Бүгінгі таңда, ақынның арманы орындалып, қазақ халқы еңсесі биік ел болып, тәуелсіздіктің туын жыр етті.

Салтанат Беспаева,

Мәдениет және тілдерді

дамыту бөлімінің басшысы

 

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 26 Ақпан 2020 09:14

Абай өлеңдері байқауы 2-топ

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Еңбекшіқазақ» аудандық қоғамдық-саяси апталығы мен mezet.kz желілік басылымы ұйымдастырған байқауға қатысушылардың қарасы көп. Күнделікті видео жұмыстар жан-жақтан келіп түсіп жатыр. Соларды топтап сайтқа салуды жөн көрдік. Ал видеоларды жеке-жеке біздің инстаграм аккаунтымыздан көріп, дауыс бере аласыздар. 

Дауыс беру 22 наурызға дейін жалғасады. Ал қорытынды 27 наурызда белгілі болады. Қорытындыны осында mezet.kz  және инстаграм аккаунтымызда жариялаймыз.

Қатысушыларға дауыс беріп, қолдау көрсетіңіздер!

 

Published in Санаты жоқ

 

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылғы жоспарға сәйкес дәстүрлі түрде облыстық «Әл-Фарабидің рухани мұрасы» және «Абай шығармашылығындағы діннің рөлі» мақалалар байқауын өткізеді.

  1. Байқаудың негізгі мақсаттары мен міндеттері:

1.1. Ұлы ғұлама әл-Фарабидің мұраларын және біздің елдегі, сонымен бірге шетелдегі әлемдік өркениет дамуына қосқан үлесін зерделеуге қуатты серпін беретінін, жастардың ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыру;

1.2. Әл-Фараби мұрасын зерделеуде жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау;

1.3. Абай хакімнің ислам әлеміндегі көрнекті ойшылдар қатарында тұрған тұлға, қалдырған мұралары мен ілімі барша адамзатқа ортақ екенін көрсету;

1.4. Ұлы ойшылдардың өз дәуірінде ұлттық жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырғанын бүгінгі күннің өзектілігімен байланыстырып, оның ішінде теріс ұғымдардан, деструктивті діни көзқарастардан сақтандыру жолдарын көрсету;

1.5. Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде Абай еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану;

1.6. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ санасына ғұламалардың терең ойлары мен тамаша тағылымдарын сіңіру. Бабалар дүниетанымына, ұстанымына сай, қазақы сипаттағы бағытын қалыптастыру, дамыту;

1.7. Ұлт болмысы, діні, ділі, тілі, рухы бүгінгі ұрпаққа қандай көрініс беретіндігін көрсету.

  1. Байқау қатысушыларына қойылатын талаптар:

2.1. Байқауға өңірдегі облыстық, қалалық, аудандық және өңірлік газеттердің журналистері және әртүрлі сала мамандары (мектеп және жоғарғы оқу орындарының ұстаздары, аудан-қала имамдары, дінтанушылар) қатыса алады;

2.2.Байқауға қатысушылардың облыстық, аудандық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған кемінде 2 (екі) мақаласы жіберілуі керек;

2.3. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің идеялары мен қағидаттарының теориялық негіздерін жаңа заманға сай пайдалану;

2.4. Ұсынылатын материалдарда Абайдың белгілі бір өлеңі немесе бір қара сөзі басты нысана ретінде алынып, дінмен байланысын  талдау;

2.5. Байқауға жіберілетін мақалаларға қосымша журналистің аты-жөні мен тегі, мамандығы, жұмыс орны көрсетілуі керек;

2.6.Діни ахуал жайлы анонстық хабарламалар және мақалалар байқауға қатыстырылмайды;

2.7. Байқауға қатысушылар «Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ-нің әлеуметтік желідегі (youtube, instagram, facebook, вконтакте) парақшаларына тіркелуі керек.

  1. Мақалаға қойылатын талаптар:

3.1.Мақаланы бағалауда мазмұнына, идеясына, құрылымына, көркемдігіне және тақырыптың жан-жақты ашылуына мән беріледі;

3.2. Әр автордың шығармасы компьютермен Times New Roman қарпімен, 1,5 интервалымен, 14-кегльмен терілуі және мақала 3-5 беттен аспауы керек;

3.3. Мақаладағы тақырыптың толық ашылуы, жазу стилі, немесе жеткізу тілінің мәнерлілігі, материалдың жанрлық ерекшелігі, дәлдігі әрі түсініктілігі, қатысушылардың мақалаларды жазудағы деректерді пайдалану шеберлігі және сауаттылығын көрсету.

  1. Байқау кезеңдері:

4.1. Байқауға қатысушылардан материалдарды қабылдау (20 ақпаннан  – 20 қыркүйекке  дейін);

4.2. Материалдарды сараптау және жеңімпаздарды анықтау (20 қыркүйек – 1 қазан аралығы);

4.3.Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау күні  алдын ала хабарланатын болады.

  1. Қазылар алқасы:

Жеңімпаздарды қазылар алқасы сараптай отырып таңдайды.

Іріктеу кезеңінде мақаладағы стилистикалық сауаттылық, интеллектуалдық деңгей, байқау талабынан ауытқымау, эмоциялық әсер ескеріледі.

  1. Жеңімпаздарды марапаттау

Қазылар алқасы анықтаған байқау жеңімпаздары ІІ категория бойынша дипломдармен және арнайы ақшалай сертификаттармен  марапатталады.

Байқау жеңімпаздарына 780 000тг сыйақы қарастырылған:

Екі –  бірінші орын, 

Екі – екінші орын,

Екі – үшінші орын,

Алты – ынталандыру сыйақылары белгіленген.

Байқауға ұсынылған материалдар мына мекенжайға жолдануы тиіс:

Талдықорған қаласы, Абылай хан көшесі, 125 үй.

Байланыс телефоны: 8(7282) 40-13-39, e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Published in Санаты жоқ

 

Алматы облысының «Дін істер басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жанындағы «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ, Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орда мемлекетінің 750 жылдығы, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы жеңістің 75 жылдығы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы аясында «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» облыстық жыр мүшәйрасын ұйымдастырады.

  1. Мүшәйраның мақсаты:

1.1 Әбу-Насыр әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы мен ғылыми еңбектерін насихаттау, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу және әл-Фараби мұрасын жан-жақты, жоспарлы түрде іздестіру, жинастыру, зерттеу және оны ғылыми айналымға енгізу;

1.2 Алтын Орда тарихын жаңа көзқарастар тұрғысында зерттеу мен оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау;

1.3 Ұлы Абайдың жан-жақтылығын қамти отырып, ақындық шығармалары арқылы Абай мұрасын, өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа ұғындыру, қазақ тілі арқылы олардың санасында қазақстандық патриотизм сезімдерін қалыптастыру және үлгі ету;

1.4 Соғыста Отанын жан қиярлықпен қорғаған Қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, патриотизмге тәрбиелеу, Қазақстан халқының батырлық тарихына құрметпен қарау;

1.5 Жастардың рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастыру;

1.6 Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында өз еліміздің ұлы тұлғаларын насихаттау арқылы Қазақстанды әлемге таныту;

1.7 Елімізді мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың өз мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін сақтау, конфессияаралық келісімді нығайту және татулық, билік, бірлік, бейбітшілікті сақтау;

1.8 Қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген сұранысты арттыру әрі еліміздің рухани бірлігін нығайту;

1.9 Жастардың әдебиетке және отансүйгіштікке деген сүйіспеншілігін арттыру, тіл мәдениетін көтеру, халық арасынан шыққан ерекше таланттарды ынталандыру.

 

  1. Мүшәйраға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

2.1. Облыстық жыр мүшайрасына қатысушының жас мөлшері 18-29 жас аралығында болуы керек;

2.2. Ұсынылған өлеңдер міндетті түрде тақырыпты қамтуы тиіс;

2.3. Байқауға кемінде екі өлең жіберілуі керек. Екі өлең де мүшәйра өткенге дейін ешқандай баспа бетінде жарияланбаған және жинақтарға енбеген тың дүние болуы керек;

2.4. Өлеңнің көркемдігі, айтар ойдың мазмұны мен келтірілген деректердің айқын болуы міндетті;

2.5. Мүшайраға қатысушы өтінімі 2020 ж. мамыр айының 30-на дейін қабылданады  (мүшәйраның салтанатты қорытындысы,  өтетін уақыты қосымша хабарланады);

 

  1. Жеңімпаздарды марапаттау:

3.1.    Байқауға келіп түскен өлеңдер алдын ала қазылар алқасының талқылауынан өтіп, іріктеледі. Сараптаудан өткен өлеңдер ғана облыстық ақындар мүшәйрасына ұсынылады.

3.2. Сарапшылар алқасы анықтаған байқау жеңімпаздары диплом және арнайы ақшалай сертификаттармен марапатталады.

Байқау жеңімпаздарына 440 000 теңге көлемінде сыйақы қарастырылған:

бір –  бірінші орын,

бір – екінші орын,

бір – үшінші орын,

бес – ынталандыру сыйақылары белгіленген. 

 

  1. Мүшәйраға ұсынылатын материалдар мына мекенжайға жолдануы тиіс:

Алматы облысы дін істері басқармасының «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Талдықорған қаласы, Абылайхан көшесі 125.

Байланыс телефоны: 8(7282) 41-28-76, 8 747 843 10 80, Темірлан Айтбаев

e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.  / This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

  1. Қатысушылардың тіркелу формасы

Дін – ізгіліктің белгісі, тәрбиенің құралы. Дегенмен, оны жойқын қару ретінде пайдаланатын топтардың шығып жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыда шынайы дін мен басқаның аражігін ажыратып алу маңызды. Әсіресе, жастар үшін.

Published in Санаты жоқ
Сәрсенбі, 26 Ақпан 2020 08:46

Абайды оқы, ерінбе!

Жақында Абай Құнанбайұлының туылғанына 175 жыл толуына орай Қаракемер ауылындағы «Аружан» балабақшасының тәрбиеленушілері арасында «Асыл сөзді іздесең – Абайды оқы, ерінбе» атты байқау өтті.

Жас ұрпақтың бойына Абай Құнанбайұлының өлеңдері арқылы өнеге дарыту, жас күнінен бүлдіршіндерді иманға, білімге, әдеп пен әсемпаз болуға тәрбиелеу мақсатында аталған іс-шара балабақша ұжымының ұйымдастыруымен аса жоғары деңгейде өтті. Бесіктен Абайдың ғажап әлеміне бой ұсынған жастың келешекте кең ойлы, мейірімді әрі әділет жолын қуатын қайсар боларын ұқтырғандай байқау. «Ақбота» орта тобының тәрбиеленушісі үш жастағы Жанель Сейсенбай Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін әсерлі оқып бірауыздан бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға «Балауса» атты ересектер тобынан Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңін мәнерлеп оқып Жасмин Ғабитбек ие болды. «Жұлдыз» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Ақнұр Нұрғожа «Абайдың бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» өлеңі арқылы бүлдіршіндерді Абай тілімен ақыл мен парасатқа үндеп тұрғандай әсер қалдырып, үшінші орынды иеленді. Әділ қазылар алқасы Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ерқуат Оңашхан, Қаракемер ауылдық әкімдігінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Данагүл Мырзабай, «Аружан» балабақшасының меңгерушісі  Сәуле Серікқызы және балабақша психологы Бибіжамал Таванова бүлдіршіндердің өнеріне әділ төрелік жасап, артынан байқау жеңімпаздарына сыйлықтар мен мақтау қағаздарын табыс етті. Сондай-ақ, балабақша тәрбиешілері де іс-шарадан шет қалған жоқ. Олар Абайдың өлеңдерін әсерлі оқып, әндерін де шырқады. «Күз» өлеңін нақышына келтіре оқыған Айман Серікқызы, «Өлсем орным қара жер сыз болмайма?» өлеңімен көрерменге ой салған Зағипа Үркінбаева, «Әсемпаз болма әрнеге» деп Абайша сөйлеген Райхан Төлепбергенова, «Есіңде ме жас күнің?» өлеңімен көңілді күй сыйлаған Айгүл Сейтқалиева және өзге де ұстаздар байқаудың сәнін ашып, мәнін кіргізді. Олар да әділ қазылар алқасы тарапынан сыйлықтар алды, мақтау қағаздарымен марапатталды.

Әділет САРЫБАЙ

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 26 Ақпан 2020 08:45

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1926 жылы Баку қаласында Бүкілодақтық түркология съезі өтті. Оған түркі халықтарының өкілдері, КСРО Ғылым академиясының, Шығыстану ғылыми қауымдастығының, Украина академиясының, Закавказье шығыстану қауымдастығының мамандары, шетелдік делегаттар, соның ішінде Түркия және Германиядан келген ғалымдар қатысты. Съезде Әзербайжанның латын графикасына көшу тәжірибесінің негізінде Одақтың басқа республикалары мен облыстарында тұратын халықтардың әліпбиін латын жазуына көшіру ұсынылды. Ол үшін жаңа түркі әліпбиінің Бүлкіодақтық орталық комитеті құрылатын болды. Осылайша, араб жазуын қолданып келген түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіру қозғалысы басталды.

1993 жылы ел шекарасының бүтіндігін нақтылайтын «Қазақстан Республикасының мемлекеттің шекарасы туралы» Заң күшіне енді.

1999 жылы Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісімге қол қойды.

2005 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийге арналған ескерткіш тақта ашылды. Барельефті Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Азат Боярлин жасады. Барельеф Астанада «Өнер» ЖШС-де жасалды. Биіктігі - 1,5 метр, ал ені - 2,5 метр. Барельефтің мүсіндік бөлігі салмағы 500 келі қоладан, ал мәтіндік бөлігі салмағы 400 келі граниттен жасалған.

2011 жылы ҚР Ұлттық банкі «Ұлы көшбасшылар» сериясымен 100 теңгелік «Тұмар» күміс монеталары мен «Жойылып бара жатқан жануарлар» сериясымен 100 теңгелік гауһар тастары бар «Қарақал» монеталарын шығарды.

2014 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстан мен Кирибатидің тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Макурита Бааро екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.

Кирибати Республикасы – Микронезия мен Полинезияда орналасқан тынықмұхиттық мемлекет. Республика құрамына 33 шағын атолла кіреді, олардың 20-ы елсіз жерлер. Жалпы ауданы – 812, 34 км2.

2014 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдегі үздік 50 ЖОО қатарына енді. Жалпы «QS Top 50 under 50» рейтингінің тізімінде Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, АҚШ, Испания және т.б елдердің ЖОО-лары бар.

2015 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін сақтауға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға үлес қосқан ҚР және шетел азаматтарын ынталандыру мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын тойлау аясында «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалі бекітілді.

2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында VІІІ қысқы Азия орындары аяқталды. Қазақстан құрамасы 32 медальмен (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) жалпы есепте төртінші орын алды.

2018 жылы «Шығыс Қазақстанның аңыз-әңгімелері» кітабы шықты. Кітап - облыстың 15 киелі мекені туралы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып отырған аңыз-әңгімелердің антологиясы. Оның авторлары: Әлібек Қаңтарбаев, Марина Юрченко, Күлімай Сембаева.

2019 жылы Қазақстан ұйымдастырған БҰҰ-ның қарулы қақтығыстарға қатыстырылған балаларды қайта интеграциялау жөніндегі достары тобының бірінші отырысы өтті.

Қазақстан, Мальта және Франция бірлесіп басқаратын Балаларды реинтеграциялау жөніндегі БҰҰ достары тобы 2018 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-да құрылған Реинтеграция бойынша жаһандық коалицияның құрамдас бөлігі болып табылады. Коалицияның түпкі мақсаты - қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларды, оның ішінде терористік ұйымдармен жалданған бұрынғы әскер балаларды, әдеттегі өмірге қайтарудың жаңа, тиімді әдістерін әзірлеу.

Дереккөз: inform.kz

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет