Күндер бойынша реттелген элементтер: Сейсенбі, 06 Тамыз 2019

Жаз шықса кейбір ауыл тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көріп, сығырайған су көзіне үңіліп отырады. Енді бірі, үйіндегі бар ыдысын арқалап, көрші елді мекеннен су тасуға мәжбүр. Айта кету керек, осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін қаржы бөлініп, бірнеше ауылдарға ауыз су жүйесі тартылуда. Десек те, бұл жақсылықтың шарапатын биыл көрмейтін ауылдар да бар. Осы күнге дейін редакцияға түскен хаттар мен тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дәурен Мәлібековке қойған болатынбыз.

– Дәурен Сайлаубайұлы, былтырдан бері ауданымызда ауыз су құбырларын жөндеуге көп көңіл бөлініп, бірнеше елді мекен тіршілік нәріне қанықты. Сол жайында қысқаша айтып өтсеңіз.

Иә, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары ескірген құбырларды жаңартып, жаңа су құбырларын орнатуға ауқымды қаржы бөлініп, бүгінгі таңда игерілуде. Былтырғы жылдан биылғы жылға ауыспалы кезең ретінде Көлді, Қазатком, Екпінді,  Ащысай, Нұрлы ауылдарының ауыз су құбырлары күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылуда. Жұмыстар осы жылдың қараша айында аяқталуы тиіс.

–Жаз мезгілі басталса, Есік қаласы мен кейбір ауылдарда су тапшылығы туындап, тұрғындар әлекке түседі. Бұл мәселенің түйіні қашан шешіледі?

– Жаз мезгілінде күннің ысуына байланысты кейбір елді мекендерде ауыз су тапшылығы байқалады. Есік қаласымен қатар, Бөлек, Аймен, Қарасай ауылдары және саяжай тұрғындарына су жетіспей жатыр. Бұл мәселені шешу мақсатында 2014 жылы Есік топтық су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Жобаға сәйкес, 4 млрд теңгеден астам қаржыға аудан орталығы және айналасындағы 8 ауылдың ауыз су мәселесі шешіледі. Оның ішінде жоғарыда аталған елді-мекендер де бар. Бүгінде қаржының бөлінбеуіне байланысты сметалық жобаның мерзімі өтіп кетті. Жаңарту үшін қайта қаржы бөлуге сұраныс жіберіп қойдық. 

– Қаладағы судың сапасы өте төмен. Сумен келген қоқыстан үйдегі фильтрлер, тіпті, құбырлар бітеліп қалады. Ай сайын ауыз судың ақысын төлеп отырған тұтынушыға «Есік Су» мекемесінің сапалы тауар беруге мүмкіндігі бар ма?

Бізге осы күнге дейін судың сапасы таза еместігі жөнінде шағым түскен емес. «Есік Су» мемлекеттік мекемесіне қарайтын құбырмен берілетін ауыз су айына екі рет хлорланады. Біздегі сапасыз ауыз су Қызылжар (Көктөбе-2) мен Тауқаратұрық ауылдарынада ғана. Жаңбыр жауса ауыз су лайланып кетеді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қызылжар ауылының ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінгі таңда мерзімі өтіп, жобаны қайта жаңарту керек. Десек те, қызыжарлықтарды сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін 292 млн теңге көлемінде қаражат керек.

–Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда тұтынушыларға жақын болып, кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желіде тіркелу керек. Қаладағы Инстаграм топтардағыарыз-шағымның көпшілігі сіздерге бағытталған. Оларға жауап бересіздер ме?

Шыны керек, өзім Инстаграм парақшасында тіркелмедім. Десек те, ауданда бізге бағытталған шағымдарға жауап қайтарып, мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз. Бүгінде бізге негізінен Бөлек пенсаяжай тұрғындары арызданып жатады. Жоғарыда айтқандай, Бөлектің мәселесін біз көтеріп, ауылды Есік топтық су жүйесіне кіргіздік.

Саяжайлықардың жайы қиын болып тұр. Себебі, саяжайлар ауылшаруашылық жері болып есептеледі. Оларға ауыл статусы берілмейінше, біз су құбырын жүргізіп, жолдарын жасап бере алмаймыз. Қателеспесем, 2007 жылдары саяжайдың жоғары жағындағы Бәйтерек шағын ауданына су құбырын тартқан болатынбыз. Саяжайлықтар өздері қаржы жинап, сол құбырдан үйлеріне дейін су тартып алған. Мектепке тартқан құбырға да жергілікті тұрғындар қосылған.

– Әлеуметтік желідегі бір хатта «Бір апта бойы үйімізде су жоқ. Себебі, орталық құбырлардың бірі тесілген. Оны реттеуге келген мамандар жөндеу жұмыстары үшін бізден ақша сұрап жатыр» – деп шағымданған. Бұл қаншалықты дұрыс?

–Біздің бөлімге немесе «Есік Су» мекемесіне осы тақырыптағы арыз түскен жоқ. Алайда, Есік қаласының төменгі жағындағы (Автопарк) көпқабатты үйлердің су құбыры «Есік Су» мекемесінің теңгерімінде емес. Демек, құбыр жарылып, су жүйесіне зақым келсе, тұрғындар өз есебінен жасауы керек. Біраз уақыт бұрын көпқабатты үйлердің бірінде құбыр зақымданып, суға жауапты мекеме жасауды тұрғындардың өздеріне қалдырған. Бірақ, біздің бөлім іске араласып, су жүйесін қалпына келтіріп берді. Нақты айтсақ, «Есік Су» мекемесіне қарасты магистральді құбырлардың барлығын жауапты мекеме өздері жасайды.

– Азаматтарымыз суды бақшаға жіберіп, егінін суарады. Зардабын басқа тұтынушылар тартады. Осы бассыздыққа тосқауыл бола ма?

Әрине, бүгінгі таңдағы ауыз су тапшылығының негізгі себептерінің бірі осы. Біздегі бар мамандармен үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Оларға судың өз мақсатымен пайдалануды тапсырып, кесірін қалалықтар көріп отырғандығын айтамыз. Алайда, Есік қаласындағы арық жүйелері жоқ болғандықтан, бірқатар азаматтар құлақ аспай, бақшасын суаруды жалғастыра береді. Аталған мәселені шешу үшін алдымен арықтарды жөнге келтіру керек.

– Рахаттықтардың бас ауруына айналған тіршілік нәрі жайлы не айтасыз?

– Қызылжар ауылы секілді Рахатқа да су жүйесін жүргізуге жобалық- сметалық құжаттары 2013 жылы жасалған. Алайда, оның да мерзімі өтіп, жобаны қайта есептеуге қаржы сұрап отырмыз. Оған қарамастан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қаражат қарастырылып, ауылдың жоғарғы жағындағы таудан су құбыры жүргізілуде.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Мақалалар
Сейсенбі, 06 Тамыз 2019 17:18

Еңбеккердің ұйқысы аз

«Еңбегі көптің өнбегі көп» деген дана қазақтың айтқаны айдай келеді. Шындығында, еңбек адамның екінші анасы: ол сені асырайды, өсіреді, өндіреді. Асын адалдан тауып отырған кәсіпкер Демесінова Балжан Ерланқызының бұл өмірлік ұстанымы. Былтырдан бері іс қылып, Түрген шатқалының бойынан демалыс аймағын аймағын ашты. «Алтын .»  деп айдар тағып, демалушылардың бар жағдайын жасауда еңбектенуде.

«Ерінбесең жеңерсің» демей ме бұрынғылар. Жалпы көлемі жарты гектар жерді айналдыра қоршап, отызға жуық әртүрлі шатырларды көріктендіре тіккен кәсіпкер тазалыққа баса көңіл бөлетінін ашып айтты. – Ең бірінші, тазалық керек. Себебі, бұл көпшілік демалатын орын. Мұнда келушілерге бар жағдай жасау менің міндетім деп білемін. Ашылғалы бүгінгі күнге дейін 1000-ға жуық демалушылар келді. Әрбірімен жеке пікір алмастым. Ойын білдім. Әрқилы пікірлерін, ұсыныстарын жеткізді. Мен қуана қабыл алдым. Өйткені, біз демалушылар үшін жұмыс істейміз ғой, – деп ағынан жарылды Балжан Ерланқызы.

Қазіргі уақытқа дейін 40 млн теңгеге жуық инвестиция салып үлгерген кәсіпкер еңбек пен білімді қос қанатым деп түсінеді. Осы себепті, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы білімін шыңдады. – Көбіне, онда білім алушылар  жеңілдетілген пайызбен несие алу мақсатында ғана оқиды емес пе? Алайда, мен ең бірінші кәсіпкерлік ілімімді толықтыруға баса көңіл бөлдім.

Себебі, бизнес – терең ізденісті талап етеді. Ал ол оқу-біліммен шыңдалмақ. Сондықтан курсты толық аяқтадым. Нәтижесінде, 6 млн теңге жеңілдетілген пайызбен несиеге де қол жеткіздім. Оны осы бастаған бизнесімді дамытуға салдым, – дейді. Бүгінде мемлекеттен алынған қаражатқа заманауи сәнді жасалған 3 қазақ үй орнатқан. Сегіз қанатты әр шаңырақтың әрбіріне 30 адамнан емін-еркін демалуына мүмкіндік жасалған. Бұдан өзге 28 шатыр демалушыларын күтуде. – Әлемдегі бірде-бір мемлекетте кәсіпкерлерге мұндай жағдай жасамайды. Бізде кәсіпке тегін оқытады, қажет қаражатыңды жеңілдетілген пайызбен қолыңа ұстатып, кәсібіңді бастауға мүмкіндік береді. Тіпті, салықтан да жеңілдіктер қарастырады. Қаражаттың қайтарымын өз ыңғайыңа қарап, күнтізбесін орнатуыңа да болады. Бұдан асқан қандай қамқорлық қажет? Тіпті, қазір жөнсіз тексерулерге де шектеу қойылған, – дейді Б.Демесінова.

Сонымен қатар мұнда келушілер форель балығын аулап, таза ауада демалуына бар жағдай жасалған. Ол үшін екі көлге 4000-нан астам бас форель балығын жіберген.  Мұның бәрі кәсіпкердің мұратқа жетуге жасалған қадамдары.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Published in Мақалалар
Сейсенбі, 06 Тамыз 2019 17:01

Тазалық – денсаулық кепілі

«Бірге – Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы басталғалы қалалар мен ауылдар жаңарып, жасарып, бір ерекше күйге енуде.

Аталған экологиялық шараға Есік қаласының және 25 ауылдық округтің тұрғындары да белсене атсалысты. Атап айтсақ, 1500-дей адам, 20 түрлі техника жұмылдырылды берекелі іске. Күл-қоқыстан тазарған ауыл-аймақ, артық заттардан арылған көшелер, арықтар, мәдени орындар – бәрі-бәрі еркін «тыныстады». Жұдырықтай жұмылған тұрғындардың күшімен барлығы 13 гектар жер тазартылып, 150 тонна қоқыс шығарылды.

Алмагүл НҰҒМАН.

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет