Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 07 Мамыр 2020

Алматы облысы бойынша қар көшкіні, ауыл және өзен арналарының бойында су тасқыны қаупі бар аймақтарға тексеру жүргізілді. 1-тоқсанда 13 ауданда 56 тілсіз жау алатын аумақ тексерістен өтті. Бұл туралы "Jetisy media" ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник Асқар Тойшыбеков хабарлады.

Тексеру нәтижесіне адамдар баратын және автокөлік жүретін жерлерде қар көшкіні қаупі бар ауданында Сарқан, Есік, Түрген, Қорғас өзендері бойынша 24 ақпараттық-ескерту орнатылды. Қазгидрометтен қар көшкіннің болу қаупі туралы дауылды ескерту алған кезде Ұлттық парктің бақылау - өткізу бекеттерінде Қаскелең, Есік, Түрген өзендерінің шатқалдары бойынша адамдар мен демалушылардың кіруіне уақытша шектеулер салынды»,- деді ол.

Облыста төтенше жағдайлар департаментінің бақылауындағы 223 сел қаупі және 185 көшкін қаупі тіркелген аумақ бар.

Баспасөз-мәслихаты барысында Асқар Тойшыбеков орман өрттерінің шығу себептерін айтты. Оның айтуынша, 2020 жылдың басынан бері ауа райының қолайсыздығына байланысты (жауын-шашынсыз) облыс аумағында елді мекендерден тыс жерлерде шөп жанған.

"Облыс аумағында орман және дала өрттерін жою бойынша міндеттерді жедел шешу мақсатында Департаменттің әрбір аудандық бөлімшесінде 40 жедел мобильді топ құрылды. Олардың қатарында азаматтық қорғау, полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бар.

194 бірлік техника мен әр түрлі қызметтер мен ведомстволардың жеке құрамының 1341 адамы, сондай-ақ 1278 бүріккіш құрал, 131 матор сорғысы 12 мың 975 бірлік бекіністік құралдар пайдаланылады" - деп атап өтті полковник.

Published in Санаты жоқ

Ақсу ауданында 28 мемлекеттік орган 99 мемлекеттік қызмет көрсетеді.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау шеңберінде ауданның мемлекеттік органдарымен мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратында «Open space» қағидаты бойынша сервистік әкімдік ашылды. Ауданның 6 мемлекеттік мекемесі қызмет көрсетеді. Әкімдікте жалпы 49 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Қызмет көрсету залында келушілерге қолайлы жағдай жасалған, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға да жағдай қарастырылған. «Сервистік әкімдік»кеңсесінде сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқартуға, аудандағы азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру мақсатында «Жетісу- адалдық алаңы» кеңсесі жұмыс істейді. Бұл жобалық кеңседе жергілікті атқарушы органдар мен бөлім қызметкерлерінің қызметі ұйымдастырылатын болады.

Дереккөз: http://zhetysu-media.kz 

Published in Санаты жоқ
Бейсенбі, 07 Мамыр 2020 12:17

Ескерткіштер қалпына келтірілуде

Кешегі күннің айғағы, тарихтың таңбасы - ескерткіштер. Өткен күннің белгісі болған осынау мұраны болашаққа аманаттау, бүтіндей жеткізу - біздің міндет. Осы орайда жасалып жатқан жұмыстар жоқ емес. Соның бірі Алматы облысында қолға алынған.

Облыс аумағындағы ҰОС ардагерлеріне қойылған 238 ескерткішті жөндеу және абаттандыру жұмыстары бүгінде басталып кетті. 119 ескерткішті ағымдағы және күрделі жөндеу үшін облыстық бюджеттен 150 млн. теңге бөлінді. Осы қаражатқа зақымдалған ескерткіштердің бар бөлшегі қалпына келтіріліп, түгенделмек.
Қажет болған жағдайда мамандар жаңа қаптаманы жасап, стеланы бояйды.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 35 ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Батырларды мәңгі есте сақтау үшін біз Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткіш пен монументті әрдайым қарғауымыз керек!

 

 

Published in Санаты жоқ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Ардагерлер туралы

Осы Заң ардагерлерге және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың ұйымдас­т­ы­рушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін айқындайды.

1-бап. Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы заңнамасы

  1. Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы заңнамасы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясына негіз­деледі және осы Заң мен Қазақстан Респуб­ликасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
  2. Егер Қазақстан Республикасы ратифи­кациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

Осы Заңның күші ардагерлер деп танылған немесе осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға жататын Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел­діктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

3-бап. Ардагерлер және осы Заңның кү­ші қолданылатын басқа да адамдар

  1. Осы Заңға сәйкес мыналар ардагерлер болып танылады:

1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғы­сының ардагерлеріне теңестірілген арда­герлер;

4) еңбек ардагерлері.

  1. Осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар осы Заңның 8-бабында айқындалған.

4-бап. Ұлы Отан соғысының ардагерлері

Мыналар Ұлы Отан соғысының арда­гер­леріне жатады:

1) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiм­дерде, штабтар мен мекемелерде қыз­мет өт­керген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғы­сының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi;

2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары аудандарында, майдан маңындағы темiржол учаскелерінде, қорғаныс шептерiнің, әскери-теңiз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшiлерi, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлер.

5-бап. Басқа мемлекеттердiң аума­ғын­дағы ұрыс қимылдарының ардагер­лері

Мыналар басқа мемлекеттердiң аума­ғындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері болып танылады:

1) бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес бас­қа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қи­мыл­дарына қатысқан Кеңес Армия­сының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемле­кеттiк қа­уiпсiздiк комитетiнiң әскери қызмет­шiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер минис­трлiгiнiң басшы және қатардағы құра­мы­ның адамдары (әскери мамандар мен кеңес­шiлердi қоса алғанда);

2) оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер;

3) Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;

4) бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;

5) Ауғанстандағы кеңестік әскери контин­гентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медаль­дарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;

6) Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тә­уелсіз Мемлекеттер Достастығының ше­кара­сын қорғауды күшейту жөніндегі мем­лекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Респуб­ликасының әскери қызметшілері;

7) Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызмет­шілері;

8) Таулы Қарабахтағы этносаралық қақ­тығысты реттеуге қатысқан әскери қызмет­шілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы іш­кі іс­тер және мемлекеттік қауіпсіздік орган­дары­ның басшы және қатардағы құрамының адамдары.

6-бап. Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер

Мыналар жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер деп танылады:

1) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғы­сына қатысушыларға теңестірілген адам­дар, атап айтқанда:

майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қа­лаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қыз­мет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мем­лекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;

Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауа­зым­дар атқарған не сол кезеңдерде май­дан­дағы армия бөлiмдерiнің әскери қыз­мет­шіле­ріне қалалардың қорғанысына қатыс­қаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарт­тармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жыл­дарына есептеліп жазылған, сол қала­ларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құра­мының адамдары;

Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiм­дердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдар;

Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар;

бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комис­сариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кеме­лерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас бас­қар­масының ұшу-көтерілу құрамының ар­наулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тыл­дағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы­ның бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порт­та­рында еріксіз ұсталған көлiк флоты кеме­лерi экипаждарының мүшелерi;

Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және «Ле­нинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтар;

Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәме­летке толмаған тұтқындар;

1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авария­лардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қа­тыс­қан адамдар;

2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғы­сының мүгедектеріне теңестірілген адамдар, атап айтқанда:

бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қыз­меттiң өзге де мiндеттерiн басқа кезең­дерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүге­дек болған әскери қызметшiлер;

қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салда­рынан не майданда болуына немесе ұрыс қимыл­дары жүргiзiлген мемлекеттерде қыз­­меттік мiндеттерiн орындауына байла­нысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;

басқа елдердегі майдандағы әскери кон­­­тингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қи­мылдарын жүргiзу кезеңiнде жа­ра­­лануы, контузия алуы, мертігуі не ауру­ға шалдығуы салдарынан мүгедек болған тиiстi са­наттардағы жұмысшылар мен қыз­метшiлер;

1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халық­ты қорғаушы жойғыш батальондардың, взвод­тар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдар;

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиа­циялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генети­калық байланысты олардың балалары.

7-бап. Еңбек ардагерлері

Еңбек ардагерлеріне мыналар жатады:

1) Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері;

2) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар;

3) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;

4) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы ең­бегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұ­рын­­ғы КСР Одағының ордендерiмен және медаль­дарымен наградталмаған адамдар.

8-бап. Осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар

Осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға мыналар жатады:

1) қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, атап айтқанда:

бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қыз­меттiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiн­­дет­терді) атқару кезiнде жаралануы, кон­тузия алуы немесе мертігуі салдарынан неме­се майданда болуына байланысты ауруға шал­дығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әске­ри қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, осы Заңның 4 – 6-баптарында аталған адамдардың отбасылары;

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жер­гiлiктi әуе шабуылына қарсы қорға­ныстың объектiлiк және авариялық коман­даларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ле­нинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыс­кер­лерінiң отбасылары;

бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс минис­трлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiп­сiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қай­тыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасылары;

Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары;

бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары;

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақ­саттағы объектiлердегi басқа да радиа­ция­лық апаттар мен авариялардың салдар­ларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиация­лық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солар­дың әсеріне байланысты болған азамат­тардың отбасылары;

2) Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы);

3) 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақта­рынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар;

4) 1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жыл­ғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауған­станға және ұрыс қимылдары жүр­гізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiл­ген жұ­мысшылар мен қызметшiлер;

5) бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерi.

Ескертпе. Осы баптың 1) тармақшасының мақ­сатында әлеуметтік қолдауға құқық берi­летiн отбасы мүшелерi мыналар болып табылады:

қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен, қайтыс болған) адамның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы төленетiн балалары мен басқа да асырауындағылары;

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгер­лердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрма­ған зайыбы (жұбайы).

9-бап. Ардагерлердің мәртебесiн белгілеу

Ардагерлердің мәртебесi осы Заңға сәйкес айқындалады және Ұлы Отан соғысы жыл­дарында, бұрынғы КСР Одағын қорғау бо­йынша ұрыс операциялары кезiнде, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимыл­дары кезінде майдандағы армияға, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объек­тiлердегi басқа да радиациялық апат­тар мен авариялардың салдарларын жоюға қа­тысуды, сондай-ақ ядролық сынақ­тарға тiке­­лей қатысуды растайтын анық­тама­лардың, әскери билеттердiң және өзге де құ­жат­­тардың, жаралану, мүгедектiк тура­лы анықтамалардың, сот-медициналық қоры­тындылардың негiзiнде белгіленеді.

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне осы құжаттардың негiзiнде Қазақстан Респуб­ликасы Қорғаныс министрлiгiнiң органдары Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлiгiн бередi. Қалған ардагерлерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақылар) алу­шы куәлігіне белгi қойылады.

10-бап. Ұлы Отан соғысының ардагер­лерін әлеуметтік қолдау шаралары

  1. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мы­надай әлеуметтік қолдау шаралары ұсы­нылады:

1) Қазақстан Республикасының заңна­масына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәр­демақы төлеу;

2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;

3) егер олар Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғынжайға мұқтаж деп танылса және бұрын тұрғын­жайды бiрiншi кезекте алу құқығын пайда­ланбаған болса, жергiлiктi атқарушы орган­дар­дың, ұйымдардың біржолғы бiрiншi кезекте тұрғынжаймен қамтамасыз етуi;

4) жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаске­лерiн біржолғы бiрiншi кезекте алу;

5) коммуналдық тұрғын үй қорының үйле­рiндегi өздерi тұратын тұрғынжайларды Қа­зақстан Республикасының тұрғын үй заңна­масында белгiленген тәртiппен мен­шiк­ке беру (Ұлы Отан соғысының тұрғын­жай берілген ардагері қайтыс болған жағдайда, оны өтеусіз алу құқығы оның отбасы мүше­леріне өтеді);

6) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қыз­мет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу;

7) Қазақстан Республикасының заңнама­сында айқындалатын тәртiппен бiлiктi медициналық көмек алу;

8) протездермен (тіс протездерінен басқа) және протездік-ортопедиялық бұйымдармен тегін қамтамасыз ету;

9) Ұлы Отан соғысының ардагерлері жұ­мыс iстеп жүрген кезiнде тіркелген ем­хана­­ларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы;

10) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қыз­меттердің кепілдік берілген көлемін бірін­ші кезекте алу;

11) барлық байланыс қызметiн кезектен тыс пайдалану құқығы;

12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңiлдiктi салық салу.

  1. Ұлы Отан соғысының қайтыс болған жалғызiлiктi ардагерлерін жерлеуді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері салт-жоралар рәсiмдерiн орындай отырып жүзеге асырады.
  2. Отбасы мүшелеріне не Ұлы Отан соғы­сының қайтыс болған ардагерін жер­леуді жүзеге асырған адамға Қазақстан Респуб­ликасының заңдарына сәйкес жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
  3. Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сай Қазақстан Республикасының заңнама­сына сәйкес қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады.
  4. Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаhарманы», Социалистiк Еңбек Ерi атақта­рына ие болған, үш дәрежелi Даңқ орденiмен, «Отан» орденiмен наградталған Ұлы Отан соғысына қатысушыларға әскери құрмет көр­сетіле отырып, тегiн жерлеу және қабiр­лерi­нiң басына құлпытас орнату құқығы беріледі.

11-бап. Басқа мемлекеттердiң аума­ғындағы ұрыс қимылдарының ардагер­лерін, сондай-ақ жеңiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне те­ңес­тiрiлген ардагерлерді әлеуметтік қол­дау шаралары

  1. Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ жеңiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген ардагерлерге мы­надай әлеуметтік қолдау шаралары ұсы­нылады:

1) Қазақстан Республикасының заңнама­сына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;

2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;

3) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес жергiлiктi атқарушы ор­гандардың тұрғынжаймен қамтамасыз етуі;

4) жеке тұрғын үй салу үшiн жер учас­келерiн біржолғы бiрiншi кезекте алу;

5) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қыз­мет көр­сету және ауруханаға кезектен тыс жат­қызу;

6) Қазақстан Республикасының заңнама­сында айқындалатын тәртiппен бiлiктi медициналық көмек алу;

7) ардагерлер жұмыс iстеп жүрген кезінде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы;

8) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қыз­мет­тердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;

9) білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімді кадрлар даярлауға мемле­кеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде балдары тең болған жағдайда артықшылықты құқық;

10) техникалық және кәсіптік, орта білім­нен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде қабылдау квотасы көзделеді;

11) барлық байланыс қызметiн кезектен тыс пайдалану құқығы;

12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңiлдiктi салық салу.

  1. Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының қайтыс болған жалғызiлiктi ардагерлерін және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген қайтыс болған жалғызiлiктi ардагерлерді жерлеуді тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық қызметтері салт-жоралар рәсiмдерiн орындай отырып жүзеге асырады.
  2. Отбасы мүшелеріне не басқа мемлекет­тердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының қайтыс болған ардагерін және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген ардагерді жерлеуді жүзеге асырған адамға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жерлеуге арналған біржол­ғы төлем төленеді.
  3. Осы Заңның 6-бабының 2) тармақшасында аталған ардагерлерге мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сай Қазақстан Респуб­ли­касының заңнамасына сәйкес қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады.

12-бап. Еңбек ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары

  1. Еңбек ардагерлеріне мынадай әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:

1) Қазақстан Республикасының заңнама­сына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;

2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;

3) жұмыс iстеп жүрген кезінде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы;

4) барлық байланыс қызметiн кезектен тыс пайдалану құқығы;

5) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңiлдiктi салық салу.

  1. Отбасы мүшелеріне не қайтыс болған еңбек ардагерін жерлеуді жүзеге асырған адамға Қазақстан Республикасының заңда­рына сәйкес жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.

13-бап. Осы Заңның күшi қолданылатын басқа да адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары

Осы Заңның күшi қолданылатын басқа да адамдарға мынадай әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:

1) Қазақстан Республикасының заңна­масына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдем­ақы төлеу;

2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;

3) жұмыс iстеп жүрген кезiнде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы.

14-бап. Қаза тапқан әскери қызмет­ші­лердің отбасылары үшін қосымша әлеу­меттік қолдау шаралары

  1. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақ­шасында санамаланған қаза тапқан әскери қыз­метшілердің отбасыларына мынадай қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсы­нылады:

1) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған жағдайда, жергiлiктi атқарушы органдардың тұрғынжаймен қам­тамасыз етуi;

2) амбулаториялық-емханалық көмек көр­сететін ұйымдарда артықшылықпен қыз­мет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу;

3) Қазақстан Республикасының заңнама­сында айқындалатын тәртiппен бiлiктi м­еди­циналық көмек алу;

4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қыз­мет­тердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;

5) жерленген жерге тегiн баруға және кері қайтуға (бiрақ үш адамнан аспайды), сондай-ақ әскери қызметшi қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде отбасы таңдаған тұрғылықты жерiне тегін жол жүруге құқық;

6) қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшiні тегін жерлеу өзiнiң соңғы қызмет өткерген орны бойынша жүзеге асыры­лады (бейбiт уақытта әскери (азаматтық) бо­рышын өтеу кезiнде қаза тапқан немесе жалпы аурудан қайтыс болған әскери қыз­­метшiнiң мәйiтiн отбасының қалауы бойынша басқа жерлеу (қайта жерлеу) орын­дарына тасымалдау Қазақстан Респуб­ликасы Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк коми­тетiнiң және Мемлекеттік күзет қызме­тінің шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкін).

  1. Ауғанстанда және ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде, сондай-ақ әскери мiндеттiлер жиындарына шақырылған қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызмет­шiлердiң, iшкi iстер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерлерде бiржолғы жәрдемақы төленедi.
  2. Ауғанстандағы ұрыс қимылдарында қаза тапқан не сол кезеңде жараланудың, контузия алудың, мертігудің немесе ауруға шалдығудың салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiлердiң жұбайларына не асырауында аталған әскери қызметшiлердiң балалары бар басқа адамдарға жұмыс ор­ны­нан балаларымен бiрге демалу үшiн демалыс үйлерi мен пансионаттарға жол­дамалармен, сондай-ақ аталған әскери қыз­метшiлердiң балалары үшiн балаларды сауықтыру мекемелерiне жолдамалармен артықшылықты қамтамасыз ету ұсынылады.
  3. Отбасылары осы Заң бойынша әлеумет­тік қолдау шараларына құқығы бар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алатын генералдардың, адмиралдардың және әскери қызметшiлер қатарындағы зейнет­керлердiң жұбайларына «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тиiстi жеңiлдiктерге құқығы өмір бойы сақталады.

15-бап. Әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру

Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру мемлекеттік бюджет қаражаты және Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.

16-бап. Әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуды тоқтата тұру және тоқтату

  1. Осы Заңда көзделген әлеуметтік қол­дау шараларын ұсыну осы Заңның күші қолданылатын адам сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түрiндегі қылмыстық жазасын өтеу кезеңінде тоқтатыла тұрады.
  2. Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау ша­раларын ұсыну осы Заңның күші қолда­нылатын адамдар қайтыс болған күннен бастап тоқтатылады.

17-бап. Жергілікті өкілді органдар мен ұйымдардың құқықтары

Жергілікті өкілді органдар, ұйымдардың басшылары өз құзыреттері шегінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын және емделуге жол жүру (екі жаққа), сондай-ақ ардагерлерге және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету бойынша жеңілдіктерді белгілей алады.

18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

  1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
  2. «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуiрдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., №6, 45-құжат; №14, 98-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., №7, 79-құжат; №12, 184-құжат; 1999 ж., №8, 247-құжат; №23, 925-құжат; 2004 ж., №23, 142-құжат; 2007 ж., №10, 69-құжат; №20, 152-құжат; 2011 ж., №1, 3-құжат; №16, 129-құжат; 2012 ж., №5, 41-құжат; 2014 ж., №16, 90-құжат; 2018 ж., №14, 42-құжат) күші жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.ТОҚАЕВ

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 6 мамыр

№ 322-VI ҚРЗ

Published in Санаты жоқ

Құрметті отандастар!

Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын!

Айбынды армиямыздың даңқты дәстүрі кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігінен бастау алады. Бүгінде әскеріміз Тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны ретінде жауынгерлік шеберлік пен асқақ рухтың озық үлгісін көрсетіп келеді.

Бұл мерекеде біз өз өмірін Отан қорғауға арнаған, антына адал жандарға ерекше құрмет көрсетеміз. Мемлекеттік шекарамыз бен әуе кеңістігімізді күзетіп, армия және флот бөлімшелерінде әскери борышын өтеп жатқан барлық сарбазға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Коронавирус індетімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген әскери қызметшілер, соның ішінде арнаулы жиындарға шақырылған азаматтар да алғысқа лайық. Олардың ерен еңбегі – шынайы патриотизм мен елге қызмет етудің жарқын көрінісі.

Мемлекетіміздің қорғаныс әлеуетін күшейту, әскери қызметшілердің өздерін және отбасын қолдау басты міндетіміз болып қала береді.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және елдік мүдде жолындағы абыройлы әрі мәртебелі қызметтеріңізге толайым табыс тілеймін!

Published in Санаты жоқ

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ҚазАқпарат оқырмандарына Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери атақтары, әскери шен жайлы ақпаратты ұсынады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері сапындағы қызмет ететін азаматтарға әскери мамандығына, қызмет бабына, сіңірген еңбегіне, әскери және арнайы дайындығына, әскери қызмет түріне қарай арнайы әскери атақ (шен деп те айтылады) беріледі. ҚР Қарулы Күштерінің әскери шені Қазақстан Республикасының «Жалпыға ортақ әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 1993 жылдың 19 қаңтарындағы заңына сәйкес офицерлік және сарбаздық (сержанттық) болып бөлінеді.

Сарбаз атағы өз ішінде екіге, яғни сарбаздар мен матростар және сержанттар мен старшиналар санатына бөліп қарастырылады.

Ал офицер атағы үш санатқа: кіші офицерлік, аға офицерлік және жоғары офицерлік құрамға бөлінеді.

Сонымен қатар, әскери шендердің жауынгерлік және кемелік (флот) деп бөлінетінін ұмытпаған абзал. Медициналық және заңгерлік әскери-тіркеу мамандықтарына ие офицерлердің әскери шеніне «медициналық қызметтегі» және «әділет» сөздері қоса аталады.

Ал жоғары офицерлік құрамға жататын авиация саласындағы (ұшқыш, инженерлік, инженерлік-авиациялық білімі бар) әскери шендерге «авиация» сөзі қоса айтылады.

Ал запасқа немесе отставкаға шығып кеткен азаматтардың әскери атағына «запастағы» немесе «отставкадағы» сөзі жазылады.

Әскери атақтардың реті қандай?

Сонымен әскери атақтардың ретін сарбаздық, яғни сержанттық құрамнан бастасақ. Бұл құрамның әскери бөлігіндегі рет төменнен жоғарыға санағанда мынадай: қатардағы жауынгер, ефрейтор, кіші сержант, сержант, аға сержант, үшінші сыныпты сержант, екінші сыныпты сержант, бірінші сыныпты сержант, штаб-сержант және шебер-сержант. Ал кемедегі құрамда сержанттық атақтың тәртібі мынадай: матрос, аға матрос, екінші сатылы старшина, бірінші сатылы старшина, бас старшина, үшінші сыныпты старшина, екінші сыныпты старшина, бірінші сыныпты старшина, штаб-старшина және шебер-старшина.




Әскери саладағы офицерлік құрамның реті: лейтенант, аға лейтенант, капитан, майор, подполковник, полковник, генерал-майор, генерал-лейтенант, генерал-полковник және Армия генералы.

Кеме саласындағы офицерлік құрамның реті: лейтенант, аға лейтенант, капитан-лейтенант, үшінші рангтағы капитан, екінші рангтағы капитан, бірінші рангтағы капитан, контр-адмирал, вице-адмирал, адмирал.




Жалпы сержанттан (старшиналар) құрамы әскерді басқару жүйесі мен Қарулы күштердегі командалық құрамның сан жағынан ең көп отрядына жатады.

1993 жылдың 19 қаңтарында шыққан «Жалпыға ортақ әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заңға 2002 жылдың 29 қаңтарында өзгерістер енгізіліп, әскери шендердің атауы біршама өзгеріске ұшырай бастады. 2005 жылы заң нақтылана түсіп, старшина, прапорщик, аға прапорщик, кіші лейтенант секілді шендер алынып тасталды. Алайда олардың орнына кіші сержант, үшінші сыныпты сержант, екінші сыныпты сержант және бірінші сыныпты сержант секілді әскери атақтар пайда болды.

Әскери атақтар погондар арқылы айқындалып, ажыратылады. Погондар әскери қызметкерлердің шерулік (парадтық), күнделікті, далалық және жұмыс киімдеріне тағылады.

 

Published in Санаты жоқ
Бейсенбі, 07 Мамыр 2020 11:36

Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген...

Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Ең аяғы, аң-құс та бір өңірді мекендеп, басқа аймақтарды оңайшылықпен жерсінбейді. Не нәрсені де саудалау сәнге айналған бір жылдары араб жұртынан келген қонақтар қазақ даласының қырандарын сатып әкеткені бар.Қырандардың аяғына сақина кигізіп, әлпештеп, аялап-ақ ұстайды. Бір қызығы, сол биіктік сақшылары бір күні ізім-қайым жоғалыпты. Сөйтсе, олар өздерінің бауыр басқан мекені, ата жұрты, жалғыз Отаны – қазақ даласына қайта оралған екен. Бұл олардың асып бара жатқан ақылдылығынан емес, туған өлкесіне деген жүректегі сағынышы мен махаббатынан туындаған.

Біздің де сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ.

Егер осы бір төрт әріптен құралған сөздің түпкі мағынасына үңілер болсақ, оның қаншалықты қастерлі ұғым екендігіне көз жеткіземіз. Өйткені Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол – күнделікті отбасы, ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын игілігіңе жаратып отырған кең-байтақ жерің, қазыналы қариясы мен ақ жаулықты анасы бар алтын бесігің, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастан құралған ыстық ауылың, қадірлі ата-ана, сүйікті жар, сүйкімді балаң жүрген туған елің. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекен, атамыз күйеу, анамыз келін болған жер. Міне, осы туған ел мен жерге еге болу, амандығын тілеу, ұрпақтың болашағына жауаппен қарау, ел тыныштығымен қатар рухани бірлікті сақтау – әрбір мұсылманның парызы.

Мәдинаға хижрат жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі (с.ғ.с.) Хазрауа деген жерге түйесін шөгіп, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер болмас. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке жырақтамас едім», – деген екен.

Тағы бір жолы Ұхыд тауына қарап: «Біз Ұхыдты жақсы көреміз, Ұхыд та бізді жақсы көреді» дегені тегін емес. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге, оның әрбір өзен, көл, тау, тасына деген ыстық махаббаты мен зор сүйіспеншілігін байқатады.

Сонымен қатар келесі бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз» делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз білектің күші, найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн.

«Біз – қазақ деген мал баққан елміз.

Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз.

Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген Қазыбек бабамыздың отты сөзі  – жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел.

Белгілі журналист Құдайберді Бағашар: «Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар тіпті шейіт саналады. Ал шейіттердің өлмейтіндігі, ақыретте есепсіз Жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 154-аят) делінген.

Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әрбір саналы адам қастерлі сөздің қасиетін өз ұрпағына ұқтыра білу керек. Пайғамбарымыз: «Әркім өз қарамағындағылардан жауапқа тартылады», – деген. Демек, біз ұрпақ                      бойында отаншыл сезім қалыптастыруға жауаптымыз. Өйткені туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көрмеген баланың болашақта өзіне бейтаныс сезімді жатсынуы бек мүмкін», – деген еді. Расында, туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуді, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұқтырады. Сол себепті Ислам дінінде ең жақсы садақа ілім жолындағыларға берілген садақа екендігі айтылған. «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» демекші, бұл ел болашағына жасалған қамқорлық болары сөзсіз.

Әйгілі батыс ойшылдарының бірі Эпиктеттің: «Сенің туған жерге жасаған ең үлкен жақсылығың – оның ғимараттарын биіктетуің емес, азаматтарының ақыл-ойын өсіруің. Биік ғимараттарда аласа ойлы адамдар өмір сүргенше, аласа ғимараттарда ойы биік, парасаты жоғары адамдардың тұрғаны артық» деген сөзі де осы шындықты меңзеуде. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!».

Демек, отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Пайғамбарымыз: «Адам қайтыс болса да, үш түрлі адамның әжір сауаптары амал дәптерлеріне көзі тірі кездегідей барып тұрады. Артына тәрбиесі жақсы ұрпақ қалдырған адам. Ғалым кісінің еңбектері. Ел игілігіне жарайтын аурухана, көпір, кітапхана, мешіт салдырған адам», – деп, ел үшін жұмыс істеудің екі дүниеде де сауабы үзілмейтінін сүйіншілеген. Осы себепті сауап ниетімен қоғамның түзелуіне жұмыс істеу, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру әрбір мұсылманның міндеті.

Елге қызмет етудің тағы бір жолы сол елдің тілін, дінін, салт-дәстүрін, мемлекеттік рәміздерін құрметтеу. Сондай-ақ, халық игілігіндегі мүлікті талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу де – Отан алдындағы адалдықтың белгісі. Сол себепті кез келген ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік көретін ерлер көбейгенде ғана гүлденері хақ. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет болып отырғаны баршаға аян.

Туған жердің көркейгенін қалағанәрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуык ерек. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы тиіс. Ісіне немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн. Әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарғанда ғана туған елдің көркеюіне үлес қоспақ.Пайғамбарымыз хадисінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам», – дейді.

Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Демек, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – әркімге міндет. «Темірді ыстығында соқ» демекші, бүгінгі күні ата-әжелерді келеке-мазаққа айналдыратын түрлі сахналық қойылымдардың жиі ұшырасатыны, ақ шашты қариялардың алдында ашық-шашық би билеп, ән айтуды өнер санап имену дегенді білмейтіндердің көбеюі іштей қынжылыс туғызатынын айтпасқа болмас. Бұл мұсылмандыққа жатпайтын әдет. Осы орайда бүгінгі күні жастарды ұяттылық пен ибалылыққа тәрбиелеу турасындағы насихатты күшейтудің басты орында тұрғанын ұмытпаған жөн.

Қорыта келгенде, отанды сүюмен патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет – бәрі қатарлас ұғымдар. «Отанды сүю – иманнан» деген тәмсіл де тегін айтылмаса керек. Расында, Отанды, елді қорғағанда, атақ алу үшін, абыройға кенелу үшін емес, ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын деп қорғау керек. Жер бетінде Отансыз ұлттар қаншама?! Оларды дәл біздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отырған елдер некен-саяқ. Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – мүлт кетпес парызымыз болуы керек. Сөз осңын Мұқағали ақынның мына бір жыр шумақтарымен қорытқанды жөн көрдім:

«Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген,

Не тындырдың «басымды иемменен»?

Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой

Отан үшін өлемін, күйем деген.

Өлім деген ерліктің қорегі ме?

Өлмей-ақ қой, өлімнің керегі не?...

Егер Отан сыңсыған орман болса,

Жапырақ боп жармасқын терегіне.

Самалы бол Отанның салқындаған,

Сандуғаш бол, сайратсын алтын  далаң.

Семсері бол, Отанның қынабында

Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған.

Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала,

Шуақ болып шашылмай жылына ма?

Сүй Отанды! Шыныңмен сүйіп өт те,

Гүл боп қадал ойына, қырына да.

«Жүзтолғанып, күніне мың ойласам»,

Ақ басты алып анаммен шырайласам.

Қалай оны сүйем деп айта аламын,

Бірге күліп, қуанып, мұңаймасам?!...

Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген

Іс тынбайды «жанамын, күйемменен...»

Өгей әке емес қой Отан деген,

Отанды мен Атамдай иемденем!

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Published in Мақалалар

7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай ат басын Қаракемер кенті Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміне бұрдық. Бұл – әскери мамандықтарға  немесе батырлыққа баулитын орта. Дәстүрімізде ұл бала дүниеге келсе батыр келді деп ат шаптырып, той жасайтынымыз бар. Бұл ежелден қаптаған қалың жаумен бетпе-бет, жекпе-жек алысқан жауынгер халқымыздың азаттық алу, іргелі ел болу жолындағы арман-тілегінен туындаса, әскери кәсіби мамандар, баһадүрлер керек-ақ.

Бүгінде коронвирус індеті-не байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай ел ішінде қатаң карантин режимін және тәртіпті сақтауды қажет етуде. Онсыз күн санап жұқтырғандар саны артып отырған қауіпті індеттің таралуын тоқтату мүмкін емес. Осы себепті, дәрігерлер және полиция қызметкерлерімен қатар Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы Алматы, Шелек және Есік қалалаларында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін күнделікті қызметке шығуда. Олар банк және пошта бөлімшелеріне келушілердің 1,5-2 метр ара-қашықтық және кезектің сақталуын, көше кезіп жөнсіз жүрмеуін, сондай-ақ, қылмыстық әрекеттердің болмауын қатаң қадағалауда.

Әсіресе, төтенше жағдай режиміне байланысты жұмыстары тоқтап, уақытша табыссыз қалған тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке байланысты ұсыныс беру немесе шот аштыру үшін және өзге де сұрақтармен банк және пошта бөлімшелеріне ағылғаны белгілі.  Көпшіліктің бір орында, әсіресе, жабық ғимараттар ішінде болуы індет жұқтыру қаупін екі есе арттырса, өз жеке бас мәселесінің тездетіп бітуін қалайтын тұрғындар баса-көктеп екі адамнан артық кірмеуі тиіс ғимарат ішіне үшінші немесе төртінші болып кіріп барған жайттар да анықталған. Бұл – 6654 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальонының штаб бастығы, капитан Алмас Құсайыновтың сөзі.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев запастағы әскери міндеттілерді төтенше жағдай режиміне байланысты әскер қатарына шақырту туралы жарлыққа қол қойғаны аян. Алайда, аудандық қорғаныс бөлімінің берген ақпаратына сәйкес, ауданның әскери запастағы тұрғындары әскер қатарына шақырылмаған. Себебі, карантин режимін қамтамасыз ету үшін 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы жеткілікті, – дейді.

Әскери бөлімнің офицерлері, келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер мен сарбаздар ел шебіне енген тілсіз жау – қауіпті індетпен күресу жолында. Оларға қауіпті індеттен қорғану үшін барлық қорғаныс құралдары берілген. Бүгінгі таңда Алматы, Есік және Шелек қалаларында анықталған індет ошақтарына адамдарды кіргізбеу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында кірпік қақпай күзетте тұр. Өйткені олар  – «Тәртіпке бағынған құл болмас» деген батыр Бауыржан Момышұлының ізбасарлары.

 

Әділет САРЫБАЙ

Published in Мақалалар

Живут среди нас воины -

Под небом просторным,

И только ночами порой не до сна,

Ночами врывается с сердце война

Минуло 75 лет с того дня, когда закончилась Великая Отечественная война. Что мы, сегодняшнее молодое поколение знаем о тех военных годах? А знаем мы только лишь то, что написано в учебниках.

Я хочу рассказать о прекрасном человеке, ветеране войны - Ваисов Курман Ваисовиче. Участник и инвалид Великой Отечественной Войны. Родился 3 мая 1921 года в местечке Байсаурын Таучилик Кегенского района. Родился в полной семье.

Ваисов Курман Ваисович с сентября 1935 года по май месяц 1936 года учился в начальной школе «Садыра», окончил с 1-4 класс на уйгурском языке. С сентября 1936 года по май месяц 1939 года учился в Жанашарской средней школе и окончил 5-9 класс на казахском языке. С сентября 1939 года по сентябрь 1940 учился в каз.пед.рабфаке, после закрытия его, с сентября 1940 года продолжил учебу в Тургенском педагогическом училище, окончил полный курс и получил аттестат,где было присвоено звание учитель начальных классов. В армию был призван в августе 1940 года Энбекши-Казахским В.Р.К. и по октябрь служил в Ленинском пехотным училище в Чирчике. С октября месяца по декабрь месяц 1941 года работал учителем истории и георафии в средней школе имени Молотова ст.Иссык.

В декабре 1941 года был призван и отправлен в пополнение 316 стрелковую дивизию 857-ой артполк, 3-й дивизион наводчиком под Москву. Там служил до февраля 1942 года, затем был направлен на учебу во второе Киевское училище Стразбойину Саратовской области. После его окончания было присвоено звание лейтенант. С августа 1942 года был направлен на Ленинградский фронт в 86-ю стрелковую дивизию 248 артполка командиром взвода управления.

В мае 1943 года при прорыве блокады Ленинграда был ранен,контужен и лежал в госпитале 920 в селе Морозовке и в городе Ленинграде. Вернулся в свою часть в ноябре 1943 года и был старшим офицером батареи, командиром первого огненного взвода до апреля 1944 года. Потом повысили звание, ст.лейтенант и назначили на должность зам.командира батареи,сначала Ленфронт, затем 3-й Прибалтийский фронт,потом второй Белорусский фронт 2-ая ударная армия и до мая 1946 года. 6 мая 1946 года и до увольнения был переведен на службу в 169 полк 86-го отделения зам. командиром батареи в г.Харьков. Уволен в запас 30 мая 1946 года Киевским военным округом.

Награды. За участие в обороне Ленинграда Указом президиума Верховного Совета СССР от 22 декабря 1942 года награжден медалью «За оборону Ленинграда».

4 сентября 1944 года был награжден орденом «Красной звезды» за участие, прорыв и снятие блокады Ленинграда.

22 сентября 1944 года был награжден орденом «Красной звезды» за подвиг и личное мужество,стойкость,отвагу и храбрость проявленные в борьбе с немецко-фашисткими захватчиками при отбивании большой группы контр атакующих немцев в восточной Пруссии, также был награжден орденом Отечественной войны 2-й степени 7 апреля 1945 года.

За участие в героическом штурме и взятие Кеннисберга 9 июня 1945 года награжден медалью « За взятие Кеннисберга».

9 мая 1945 года награжден медалью за взятие Берлина «За победу над Германией».

С августа по сентябрь 1946 года работал учителем истории и географии в семилетней школе села Кырбалтабай.

С 10 мая 1950 года с утверждением обкома партии стал работать штатным пропагандистом Энбекши-Казахского РК КП Казахстана до сентября 1953 года. С 1 сентября 1953 года райком партии направил на трехгодичную Республиканскую партшколу при ЦК КП Казахстана, одновременно заочно учился в КазПИ на факультете истории. Работал в аппарате Энбекши-Казахского Райкома партии на должности зам.и зав.отделом пропаганды и агитации райкома Казахстана. 10 июня 1960 года был утвержден заведующим отделом партийной жизни районной газеты «За коммунистический труд».

В августе 1960 года был назначен директором сш. «Ташкенсаз» проработал до ноября 1974 года. С ноября 1974 года по приказу Облоно был переведен директором в сш. «Овцевод» села Кырбалтабай, где проработал до 1979 года. Был переведен директором в Купластовскую школу села Балтабай, где проработал до 1985 года. В 1985 году был освобожден от должности в связи уходом на пенсию.

В 2005 году 9 августа в возрасте 84 года ушел из жизни.

Сегодня, когда прошло уже много лет с начала войны, мы все еще слышим слова о том, что война –это давно забытое. Мы должны чтить память о погибших в годы Великой Отечественной войны, уважать , оберегать, помогать тем, кто рядом. И свято чтить память ушедших, чтобы слава их подвигов не померкла в веках.

 

Аяулым Мурунбаева,

учитель русского языка и литературы 

сш имени Ыбрая Алтынсарина

 

 

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет