Күндер бойынша реттелген элементтер: Жексенбі, 03 Мамыр 2020
Жексенбі, 03 Мамыр 2020 14:08

Жас мамандар неге жұмыссыз?

Жаһандану заманында әлемде күн сайын жаңа мамандықтар пайда болуда. 2030 жылға дейін 57 мамандық жойылып, оның орнына 186 жаңа мамандық пайда болады. Ал біздің елде төрт жылдық оқуын тәмамдаған жастар өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай жатыр.

Республикамызда 4 миллионнан астам жастар болса, соның 3,7% (81 мың адам) – жұмыссыздар, ал 23% өздеріне жұмыс істейтіндер қатарында. Жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны – 2 миллион 100 мың адамды құрайды. Бірақ жұмыссыздар қатары бұл көрсеткіштен әлдеқайда көбірек болуы мүмкін.

Жастардың жұмыссыз қалуының себептерінің бірі – нарық талабына сай емес мамандықтардың қаптап кетуі. Яғни ҚР өз егемендігін алғаннан соң елімізде экономисттер мен заңгерлердің тапшылығы қатты байқалып, осы мамандықтарға деген сұраныс өте жоғары болды. Бұл үрдіс 2005-2008 жылдарға дейін жалғасты. Кейіннен жастардың осы мамандыққа тым көп түсуінен елімізде осы саладағы жұмыссыздардың саны өсті. Соған орай соңғы бес жылда мемлекет осы екі мамандыққа грант санын мүлдем азайтып тастады. Бұл саясат жастарды өзге кәсіпті таңдауға итермелеу болғанымен, әлі толығымен шешімін таппады.

Ал екінші себеп – жұмыс берушінің жас түлектен тәжірибені талап етуі. Магистратураны халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген жастардың бірі –Марғұлан есімді жігіт. «Мен бакалаврды бітіргеннен соң бірден жұмысқа кіріп, өзімнің армандаған өмірімді сүремін деп ойлаған едім. Бірақ олай емес болып шықты. Мені ешбір компания не мемлекеттік мекемелер жұмысқа алмады. Себебі тәжірибем жоқ және магистратураны бітіруім шарт екен. Содан оқуымды жалғастырып, тағы екі жыл университет қабырғасында жүрдім. Енді жұмысқа тұрамын дегенімде тағы сол тәжірибесіз жұмыс жоқ екенін түсіндім» дейді жұмыссыз Марғұлан.

Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев «2050 Стратегиясында» «Әлемдік тұрақсыздықтың басты қатері – жұмыссыздықтың өсуі. Елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік те, салалық та – барлық бағдарламалар, тек әлдебір бөліктері емес, барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі тиіс» деп атап көрсетті. Осы жарлықтан соң мемлекеттен жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін жою мақсатында «Жас кәсіпкер» жобасына бюджеттен 89 миллиард теңге бөлінді. Оқығандардың кем дегенде 20% өз бизнестерін бастауы шарт. Ал Білім және ғылым министрлігінің «Жас маман» жобасы 210 мың жасты қамтиды деп күтілуде. Жастарды индустриалды және қызмет көрсету салалары бойынша 100 мамандық түрлерін, 200 модернизацияланған оқу орындарында  оқыту көзделуде. Мемлекет тарапынан жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020», «Серпін – 2050», «Дипломмен  - ауылға», «Жас маман» сынды бағдарламалар болғанымен, жұмыссыздар саны азаймауда. Сондықтан бұл өзекті мәселені басқалай шешудің жолдарын қарастыру керек. Біріншіден, бакалавр немесе колледждегі жас түлектер өз мамандығы бойынша әр демалыс сайын тәжірибе жинау мақсатында жұмыс жасаулары керек. Яғни қағаз жүзінде емес, шынайы мекемелерде жұмыс істеу арқылы шыңдалады және мол тәжірибе жинайды. Ол үшін мемлекет тарапынан жұмысқа уақытша тұру бойынша көмек қажет. Екіншіден, мемлекеттік грантта оқыған жастарды университет жұмыспен қамтуға міндеттелуі керек. Үшіншіден, гуманитарлық білім саласындағы гранттар санын азайтып, техникалық мамандықтарға тегін оқу санын көбейту керек. Атап айтқанда, инженерлерден бастап ақпараттық технологиялар саласының мамандары, нанотехнологтар, биотехнологтар, архитекторлар, құрылысшылар мен дизайнерлер және т.б. болып жалғасады. Сонымен қатар қызмет көрсету саласының қызметкерлері, 3 тілді жетік меңгерген мұғалімдер мен дәрігерлер де бар.

Эльмира Асанқызы

 

 

Published in Мақалалар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвпен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жою жөніндегі Өзбекстанның қолға алған іс-қимылдарын жоғары бағалап, бауырлас әрі тату көрші өзбек халқына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Шавкат Мирзеёв Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, аталған апат Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенге де зиян тигізгеніне өкініш білдірді. Осыған орай Өзбекстан Президенті су тасқынынан зардап шеккен аудандарды тезірек қайта қалпына келтіру мақсатында бірлескен шаралар қабылдауға ниетті екенін айтты.

Мемлекеттер басшылары қалыптасқан жағдайға орай туындаған барлық мәселені шұғыл шешу үшін екі елдің Үкіметтері деңгейіндегі үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар тараптар COVID-19 вирусына қарсы күресте екі елдің атқарып жатқан тиімді әрі жүйелі жұмыстарына көңілдері толатынын айтып, соның арқасында індеттің кең таралуына жол берілмегеніне тоқталды.

Осы ретте тараптар пандемияның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға кері әсерін болдырмау мақсатында екіжақты ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және тағы басқа салалардағы экспорт әлеуетін арттыру үшін бірлескен өндіріс орындарын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан тарапының бастамасымен болған әңгімелесу жылы және достық рәуіште өтті.

Естеріңізге сала кетейік , 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдарын су алып кетті . Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда. Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілген . Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықты сабырға шақырып, төтенше жағдайды реттеуге аймақтың толық мүмкіндігі бар екенін айтты

Бұдан бұрын ҚР Президенті Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырған еді.

Published in Санаты жоқ

Коронавирус бойынша халықты ақпараттандыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрландыру кеңсесі WhatsApp-та ресми чат-ботты іске қосты.

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрландыру кеңсесі коронавирус (COVID-19) жайлы халықты ақпараттандыру үшін WhatsApp желісінде ресми чат-ботты іске қосты.

оронавирус туралы өзекті әрі шынайы ақпарат ұсынатын қызметтің бұл түрі тегін.⠀
Денсаулық сақтау министрлігінің WhatsApp-тағы ресми арнасы арқылы ел тұрғындары аптасына 7 күн тәулігіне 24 сағат короновирус жайлы жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала алады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің WhatsApp чат-ботын қолдану үшін:

- +7 705 812 69 67 нөмірін телефоныңызға сақтаңыз немесе https://wa.me/77058126967 сілтемесіне өтіңіз

- ақпарат алу үшін WhatsApp-та аталған нөмірге кез келген мәтінмен хабарлама жіберіңіз.

Сонымен қатар ресми нөмір ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланады.

WhatsApp-тың бас операциялық директоры Мэтт Идеманың айтуынша, осы қиын күндерде адамдар жақындарымен, достарымен байланысып, қолдау көрсету үшін WhatsApp-ты әдеттегіден көбірек қолдануда.

«Біз Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне байланыстың жаңа тәсілін ұсына алғанымызға қуаныштымыз. Жаңа жүйе азаматтардың сауалдарына тез жауап беріп, жалпыға ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді ол.⠀

Ресми чат-бот WhatsApp Business API-дің ресми сервис-провайдері Infobip компаниясымен бірлесіп дайындалды. Infobip байланыс платформасын ұсынды, ал компания қызметкерлері қысқа мерзім ішінде чат-ботты әзірлеп, іске қосуға қолдау көрсетті.

«Бүгінде жауапкершілігі бар кез келген бизнес қолда бар мүмкіндік пен инновацияны COVID-19 пандемиясына қарсы қолдану туралы ойлану керек. Қолданушыларға ыңғайлы арналар арқылы ақпаратқа қолжетімділікті ұйымдастыру мекемелер үшін негізгі қажеттіліктің бірі. Ағымдағы жағдайда ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды міндетке айналып отыр», - дейді Infobip компаниясының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Искандер Қалыбеков.

Әлемнің бірқатар денсаулық сақтау министрліктері халықты коронавирус туралы ақпараттандыру үшін WhatsApp арнасын қолданады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы, Сингапур үкіметі, Израиль мен Оңтүстік Африканың Денсаулық сақтау министрліктері, Индонезияның ақпарат және коммуникациялар министрлігі соның қатарында

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет