Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019
Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 16:56

Атына заты сай еді

Баяндыны мен  Еңбекшіқазақ Шелек аудандары қосылмай тұрып, сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қазақстан астанасы да, Жетісу өңірінің орталығы да Алматы қаласында болған кезеңнен бері білетін едім. Білгенде, таныс болып білдім демеймін. Тұрған тұрысы, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, тағы басқа әр адамның өзіне ғана тән көзге ұрып тұратын ерекшеліктері болады. Қазақстан Журналистер Одағының съезі ме екен, әлде осы шара секілді  бір жиын ба екен – мойнына фотоаппарат асынған тұлғалы да бойшаң, ашаң өңді жігіт маңғаз тұрысымен, сабырлы жүрісімен өзіне еріктен тыс назар аудартатын. Сол сексенінші жылдар соңындағы бір айтулы жиында. Ал, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аты әлемге белгілі тұлға Олжас Сүлейменов ұйымдастырып, басқарған "Невада-Семей" ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қатысып жүрген маған Еңбекшіқазақ Шелек аудандарының аумағында осы "Невада-семей" антиядролық қозғалысының Қытайдағы Лобнор атом қаруын сынау полигонына қарсы бөлімшесін ұйымдастыру тапсырылды. «Лобнор» атом қаруын сынау полигоны Қазақстан-Қытай шекарасына тым жақын еді де радиоактивті ауа ағысы – жел, жауын деген табиғат құбылыстарымен біздің жерге де жетіп, залалы тиер еді. Хош, сонымен «Әлемдегі 5 атом сынағы полигондары жабылсын!» деп бес саусақты плакатқа жазып шерулетумен қатар! «Лобнор жабылсын!» деп те әлемге жариялап жатқан кез еді. Бәкеңді аудан орталығы Шелекте кездестіруім. Осы жерде митинг өткізіп полигонға қарсы наразылығымызды әлемге айғақтау үшін, әрине фотосурет керек. Ол кезде қазіргі цифрлы фотоаппаратура жоқ. "Киев" "Зенит" тағы басқа пленкалы фото аппараттар бар. Дәл осы сәттерде фототілшілерге ісіміз түскені шындық. Шелекте әріптесіміз Әбілбек редактор. Бәкең негатив аталатын пленкасымен көмектеседі, реті келсе фотоқағаздағы суреттерімен бөліседі.

Тәуелсіздік кезеңінің 1997 жылы екі аудан қосылғанда қысқартылуға түскен редакциядан кемі үш қызметкер қабылдау міндеттелген-ді. Әріптесім Әбілбек Айтақыновпен қатар Баянды Зәкіровті қалаған едім. Шелектегі газетте о кезде Бәкең жауапты хатшы болатын. Содан бері Баянды Әубәкірұлы өмірден озғанға дейін жиырма жыл қызметтес болып, бір терінің пұшпағын илеппіз. Жауапты хатшы деген қызметті – әскердегі штаб бастығымен теңестіруге болар. Салмақты мінезімен, адамға жақын бауырмалдығымен редакция ұжымымен бір отбасының мүшесіндей бірігіп, біте қайнасып кетті Бәкең. Офис-кеңсеміз аудандық әкімдік ғимаратында болғанда Бәкең 1-шағын ауданда тұрып жатты қосағы Әлиямен. "Тығыз жұмыс бола қалып редакцияға күтпеген жерде келе қалам кейде. Ешкім жоқ болғанда Бәкең мен Әлияның тұрағы оралады ойға. Қолдары босап кетсе сол үйге барып арқа-жарқа әңгімелескенді біздің ұл-қыздар тәуір көреді. Әрине, Әлияның әйбат шәйінің үстінде. Сол мен алғашқы Алматыдағы жиында көрген келбетінен өзгермеген Бәкең отбасының ұйытқысы, алыс-жақын туыстарының ақылшысы да болғанын білемін. Алғашқы зайыбы ертерек дүние салғаннан кейін Әлиямен отбасын құрды. Өзінде де бала-шағасы бар Бәкең Әлияның да балаларына қамқор әке бола білді. Той-томалақ, мерекелерді бірін-бірі жатсынбай бірге тойлап жатқанын көргенде көңілің толып, қызыға қарайтын едік.

Баянды Зәкіровтің әкесі Әубәкір Зәкіров неміс фашистерінің атын естігенде-ақ "Ахтунг Кольпак" деп есі шыға қорқатын партизан қолбасшысы Ковпактың атшысы болған, екен сол соғыс жылдары.

Бір жолы редакциямызға "Жетісу" газетін көп жылдар басқарған Жақыпжан Нұрғожаев келіп Баянды Зәкіровты "Жетісудың" меншікті тілшілігіне аттай қалап сұрап алды. Үш-төрт жыл өткеннен кейін телефон шалып тұр Жәкең. Баяндының жоғары білімі жоқ екен ғой, –дейді облыстық газет редакторы.

– Ия, онда жоғары тәжірибе, жоғары біліктілік, жоғары жауапкершілік бар! –деймін Жақыпжанға. –  Ұнамаса қайырып бер "Еңбекшіқазаққа!".

– Жоқ, неге берейін жұмысын жақсы атқарып жүр. Бықсық сөз шығарып жүрген бір көре алмастар бар дағы, - дейді Жәкең.

Содан бері зейнеткерлікке шыққанға дейін "Жетісу" газетінің бір де бір саны Б.Зәкіровтің мақаласынсыз шықпаған десек қателеспеспіз.

Наурыз айы толы мерекелер, туған күндер, мерейтойлар. 1 наурыз – алғыс күні, 5 наурыз – қызметтесіміздің туған күні, 8 наурыз – қыз-келіншектер, аналар күні, 21, 22, 23 наурыз жаңа күн, жаңа көктем, жаңа жыл күні деп атап болып, Бәкеңнің, Баянды Зәкіров әріптесіміздің туған күнімен көмкеріп барып наурыз айын аяқтар едік кезінде.

Міне бүгін де Наурыз мерекесінің соңында 25 наурызда Баянды Зәкіров жетпіске толғанын тойлап отырар еді толғанып. Әріптестерінің ортасында, достарының, үлкен отбасының, ұл-қыздары, немере-шөберелерінің ортасында.

Әттең... Әттең өмір шындығы өзгеше. Бірақ ұрпақтары, ұжымдастары, достары, ағайын-туыстары Бәкеңді ұмытпай естеріне алып, елінің амандығын, немере-шөберелердің жарқын болашағын тілеп ізгі ниеттерін білдіруде.

Әумин.

 

Хайролла АХМЕТЖАНОВ.          

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 16:26

Бір отбасы баспаналы болды

Күйбең тіршілікте бала-шағаның қамы үшін еңбек ете жүріп барлық нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес қазіргі уақытта. Әсіресе, нарықтық заманда баспаналы болу оңайға соқпайтыны анық. Осы орайда, Мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасын қабылдап, қазақстандықтардың жаңа үй сатып алуына жеңілдік жасап берді. Алайда, Масақ ауылының тұрғыны Руслан Қарақойшиев мемлекеттік бағдарламасыз-ақ баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлады жақында. Адал еңбек еткен жұмысшысына облыстық мәслихат депутаты, «Баттал» шаруа қожалығының басшысы Қуат Сұлтанғазиев Масақ ауылынан үй сатып алып берді.

«Нұр Отан» партиясының «Наурыз челлендж» акциясы аясында үйлі болған отбасының қоныс тойына аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов арнайы барып, құттықтады. Қонақтарды ақ дастархан жайып күтіп алған отанасы Нұржан Оспанбаева депутат Қуат Елеусізұлына ризашылығын білдірді:

– Бүгінгі таңда біз секілді қарапайым жұмысшылар үшін үй сатып алу оңай емес. Осы күнге дейін ата-енемнің үйінде тұрып келдік. Екі қызым сол жерден мектепке баратын, ал кіші ұлым әкесінің жанында фермада жүретін. Жолдасымның еңбегін елеген Қуат Елеусізұлына алғысымыз шексіз. Ол кісінің арқасында бөлек отау тігіп, ұлымыз алғаш рет балабақша табалдырығын аттады. Үйіміз кең әрі жылы. Бөлмелері әр отбасы мүшесіне артығымен жетеді – дейді.

Үй иелерін құттықтаған қонақтар ақ тілектерін жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді. Қанға сіңген асыл қасиеттерді бойына жиып, өзгелерге үлгі бола білген Қуат Сұлтанғазиевке алғыстарын жеткізді.

– Менің ата-анам мал шаруашылығы-мен айналысқан. Ата жолын қуып, осыдан бес жыл бұрын «Баттал» қожалығына жұмысқа орналастым. Қазір сонда жалпы шаруашылықтың меңгерушісі болып еңбек етемін. Бүгінде басшылардың барлығы қызметкерлеріне қолдау білдіріп, баспана алып бере бермейді. Баспана былай тұрсыншы, кейбіреуінің көңілінен шығып, жұмыс орныңды сақтап қалу үшін барыңды саласың. Аллаға шүкір, бала-шағамның несібесі болар, адал да қайырымды басшыға кез болдым. 5 жылдық еңбегімді елеп, үй алып берді. Күрмеуі қиын мәселеміз шешілді, ендігі кезекте алаңсыз жұмысымды жалғастырамын – дейді қуаныш иесі.

«Баттал» шаруа қожалығында 5 жыл бойы жұмыс істейтін Русланға басшысы үй сатып алып беруге ниет білдірген. Ал баспана таңдауын Русланның еншісіне қалдырған. Осылайша ұзақ уақыт үй іздеген Руслан өзінің туып-өскен ауылы Масаққа келіп тоқтаған. Кеңес дәуірінде қосарланып салынған үй 7 бөлмелі. Жарық тартылған, ауыз су үйдің ішінде. Ауласы айтарлықтай кең, оның үстіне мектеп пен балабақшаға жақын орналасқан. Бағасы да көңілге қонымды, 4,7 млн теңге.

Руслан мен Нұржанның шаңырағынан дәм татып, құттықтаған қонақтар жұмыс барысымен танысу мақсатында «Баттал» шаруа қожалығына ат басын бұрды. 1997 жылы негізі қаланып, ірі қараны бордақылаумен айналысатын қожалықта «Қазақтың ақбас сиырын» қоса алғанда 400-ге жуық мал бар. Мұнда 12 адам адам еңбек етеді, 10 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығының басшысы Русланға ғана емес, қожалықтағы барлық жұмысшыларға өзінің жақынындай қарап, әрдайым көмек қолын созып жүреді. Ауылдағы қайырымдылық шараларына да үнемі атсалысып, жаңа жылда, жаңа оқу жылында балаларға қуаныш сыйлайды. Сондай-ақ, жақында Шелек ауылында өтетін бокстан республикалық чемпионаттың демеушісі.

Бәріміз ұл-қыз тәрбиелеп, солардың болашағы үшін еңбек етіп жүрген соң, осындағы адамдарды да түсінемін. Сондықтан, қолдан келгенше көмектесіп отырамын. Болашақта қожалықтың ауқымын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше, қайырымдылық шаралары да жүйелі жалғасын табады – дейді облыстық мәслихат депутаты Қуат Сұлтанғазиев.

 Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет