Жұма, 05 Маусым 2020 09:28

Көк қаламның иесі

Сөздің киесі бар, киесінің иесі бар. Иесі – ақындар болса керек. Ақын деген – қоғамның қыңыр-қисық тұстарын түзетуші, жыртығын жамаушы жанашыр жан. Жұмекен Нәжімеденовтың сөзінше айтсақ: «көп тікеннің ішіндегі қайың, көп қуаныш ішіндегі уайым» арқалаған тұлға. Ақындар қай қоғамға да керек. Қазақ қоғамы үшін оны тіпті айтып жатудың өзі артық. Өйткені ақыны жоқ халық – рухы сөнген халық.

Сөз ауданымыздың құрметті азаматы, халықаралық жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Шаяхмет Құсайынов туралы болмақ. Бүгінде аудан тұрғындары шығармашылығымен етене таныс Шаяхмет ақын маусым айының жетісінде 70 жасқа толмақ.  Өз өлеңінде:

Мен 7 маусымда дүниеге келіппін,

Алпысымда талай жерді көріппін.

Қоғам үшін күресіппін, алысып,

Жас жігіттей жаяулаппын, желіппін.

Жеті рет жерден таяқ жедім мен,

Жетімде де жетімдікті көрдім мен.

Үлкендердің ұстап тілген қайысын,

Жеті өрім қамшы етіп өрдім мен.

Ол 1950 жылы дүниеге келген.  Ақынның айтуынша өз кіндігінен бала болмағандықтан Шаяхмет ақынды Құсайын атты туысы асырап алып, Талас ауданы Аққұм ауылына алып кеткен. Туыс-тардан алыс, өз ұлындай өсірген Құсайын ата молда болған екен. Ат құлағында ойнап, Талас өзенінің тереңінде балықтай жүзген бала Шаяхмет қазақша күрестен де түйе палуан атанған. Сондай-ақ, бала жасынан жазуға құмартқан. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлын іздене жүріп оқып, жігерлі жас жазушылыққа бет бұрған.  «Жолбарыс жүрек», «Із кесу», «Қалам және ғалам», «Ерекше тапсырма» және т.б өлеңдер кітабы мен  прозаға еркін қалам тербеген оқырманға етене таныс шығармалардың авторы.

Негізінде, Шаяхмет Құсайынұлы 1951 жылы туылған. Өз туылған жылын өзгерту себебі, ата-анасынан айырылған ақын 1966 жылы Алматы қаласына келген. № 142-ші училищеге оқуға тапсырған ақын сөзсіз қабылданып, онда көркемөнерпаздар арасында өткізілетін түрлі байқауларда бақ сынап жүлделі орындарды иеленген. Соның алғашқысы, 1968 жылы көркемөнерпаздар арасында өткен облыстық байқауда Шона Смаханұлының фельетондарын нақышына келтіре оқығаны үшін арнайы мақтау қағазымен марапатталған. Бұл мақтау қағаздарын ақын әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтауда. Бұл ғана емес, 1967 жылдан бері газет беттерінде жарық көрген мақалалары арнайы альбомдарда сақталса, қолжазбалар жазылған қойын дәптерлері қол созым жерде тұр. Сондай-ақ, мақала тақырыбын көк қаламның иесі деп қою себебіміз – ақын алғашқы мақалаларын жазған көк қаламын да көрсетті.

Оқуын бітірген жылы өз туған жылын   өзгерту арқылы он жеті жастағы ақын  он сегіз жасар жастармен әскерге аттанып кеткен. Әскери теңіз күштері қатарында сүңгуір қайық ішінде үш жыл қатарынан борышын өтеген ақын ұлтын сүйер ұл екендігін дәлелдеген. Бір ауыз орысша білмейтін қазақ жігіті әскерге аттанарда өзімен бірге Абайдың өлеңдер жинағы кітабын және орысша-қазақша сөздікті ала кетеді. Ресейдің Владивосток атты қаласында Абайдың өлеңдері еліне деген сағынышын басса, сөздік ортаға сіңу құралына айналды. Бара-бара сөздік арқылы орыстың тілінде сөйлей бастаған ақын ерлік те жасаған. Шекара жер бетінде ғана емес, теңізде де болатындығын айтты. Шекара шебін сүңгуір қайықта жүріп қас-қақпай күзеткен матрос Шаяхмет қасындағы орыс досымен бірге шекара шебін бұзған жапонның екі бірдей тыңшысын ұстаған. Оқиға былай болған еді. Жартасқа жасырынған тыңшылар арнайы құрал арқылы өз әскерлеріне белгі беріп жүрген. Күнделікті рейд жасайтын жасақ мүшелері Шаяхмет пен орыс досы екі тыңшының дәл осы әрекетенің үстінен түскен. Қолдарына «кортик» деп аталатын әскери пышақты алып тұра ұмтылған жапон тыңшылары Шаяхметтің саусағына жарақат салады. Бала күнінен балуан атанған Шаяхмет әлгі тыңшының сүңгісін тартып алып, оң аяғындағы сіңірлерін орып жібереді. Сіңірсіз аяқ салбырап қалады. Аққан қанға ұмтылған теңіздің түрлі жыртқыш балықтары әлгі жапон тыңшысын қолға түсірмей жеп тынады. Екінші тыңшыны тірідей қолға түсірген Шаяхмет пен досы осы ерліктері үшін 18 жас-тарында партия қатарына қабылданған екен.  Онымен қоса, Шаяхмет сүңгуір қайық командирінен кейінгі әскери дәреже «мичман» яғни бас көмекші мәртебесін иеленді. Алайда, Абайға жасалған қастандық оның бұл дәрежелерден айырылуына себепші де болған. Әлгіндей шекара шебін күзету үшін сапарға кеткен Шаяхметтің каютасына баса-көктеп кірген орыс офицері басына жастанып жүрген Абайдың кітабын көріп дереу өртеп жіберуге бұйрық береді. Бұл бұйрықты орындауға Шаяхметтен қорыққан матростарды сыбап алған офицер өз қолымен Абайдың кітабын алып лаулаған отқа тастай салған. Мұны кезекті сапардан келген Шаяхмет біліп әлгі офицерді саптың алдында жақтан салып жіберген екен. Офицер ес-түссіз құлайды. Мұны көрген өзге офицерлер дереу батырдың қолын қайырып соттатпақ болған. Тағы бір айта кететін жәйт, Шаяхмет Құсайынов осы оқиғаға дейін теңіз әскери флотының намысын  спорттың бокс және самбо түрлерінен түрлі жарыстарда абыройлы қорғаған екен. Бірде Хабаровск қаласында бокстан өткен үлкен турнирде Шаяхмет ақын қарсыласын жеңіп, артынан олар жабылып қастандық жасап, басынан таспен ұрып та кеткен екен. Өлтірмек болған олардың арам пиғылдары жүзеге аспай Шаяхмет ақын жазылып шыққан. Айта кететіні, әскери теңіз күштеріндегі сүңгуір қайыққа қабылдану үшін түрлі қиын сынақтар тапсыру қажет. Шаяхмет Талас өзенінде жүзе жүріп өзін-өзі дәл осы сынақтарға дайындағандай. Су астында үш минутқа дейін жүзе беретін өкпесінің кеңдігі сынақтардан сүріндірмей алып өткен. Сондай-ақ, алда-жалда сүңгуір қайық апатқа ұшырап жатса ажал құшқан экипаж мүшелерін іздейтін ағайын-туыс та болмауы қажет. Тұл жетімдер және асқан спортшылар іріктеліп алынатын бұл мәртебеге Шаяхмет лайық еді. Құсайын әкесінен кейін анасы дүние салып, Алматыға келу себебін жоғарыда айттық.

Сөйтіп, ашық сот жасап жаза берудің орнына Шаяхмет ақынды Уссурискіде Тайга аталатын қалың орман ортасында орналасқан әскери қылмыс жасағандарға арналған түрмеге тоғытады. Камераға кірген бетте әлдекім ақынның кеудесінен теуіп жібереді. Қазақша күрестен түйе палуан атанған ақын әлгінің аяғын ұстап жерге көтеріп бір соғады. Түрменің түсінігі бойынша ешкім жабылмауы тиіс. Тек тепкен адам өз әрекеті үшін жауап беруі керек. Әлгіні илегеннен кейін күзетшілер екеуін де карцер деп аталатын арнайы бұзықтық жасағандар үшін салынған тек тізерлеп қана отыратын тар камераның ішіне тоғытады. Іші тастай суық әрі қараңғы камерада жарты сағатқа жетпей денесінің аяздан қата бастағанын сезеді. Әлгі ақынның кеудесінен тепкен тентек орыс жігіті шыдамастан шыңғыра беріпті. Ал Шаяхмет ақын тістеніп алып үн шығармаған. Өліп қалды ма деп күдіктенген күзет қызметкері басшысын шақыртып алып қазақтың үнсіз отырғанын айтқан. Күзет басшысы қазақ халқының қайсар екендігін, Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақтармен бірге жау қайырғанын айтып босатуын талап етеді. Сөйтіп Шаяхмет ақын түрме қабырғасында да абыройлы болған. Ақынның айтуынша жолбарыс жүрек атауы дәл сол түрме қабырғасында болған оқиғадан кейін лақап ат ретінде берілген екен. Екі ай уақыт түрмеде болған Шаяхметті әлгі жапон тыңшысын ұстағаны үшін партия қатарына ұсынған контр-адмирал Ковшар деген кісі алып шыққан. Ол кезде партия мүшесінің сотталып жатуы саяси бөлім басшысы контр-адмирал Ковшарға да жақсы атақ болмаса керек, дереу істің мән-жайын анықтап тергеу амалдары жүргізілген. Соңынан, әлгі соққыға жығылған офицер мен Шаяхмет ақынды жиналысқа салған сот мүшелері офицердің өзге ұлт өкілінің ар-намысына тиіп балағаттағаны үшін және кітабын әдейі өртегені үшін сол жерде иығындағы шен-шекпендерін шешкен екен. Әділ төрелік орнап Шаяхметті Ленинград қаласында орналасқан жоғарғы теңіз әскери училищесіне түсуге көндірген. Алайда, бір кеткенде 8-9 ай теңіз астымен іс-сапарға кету кім-кімді де ойландыратыны аян. Кейіннен бас тартқан Шаяхмет әскерден жолбарыс жүрек лақап атын арқалап туған жер қайдасың деп тартып отырған. Әскери орта тек қақ-соғымен есте қалмағандығын айтты ақын. Басында сөздік арқылы ғана орыс тілін түсініп жүрген ақын бара-бара Толстой, Лермонтов, Пушкин сынды орыстың классик ақын-жазушыларының туындыларын парақтаған.

Елге келісімен 30 жыл Ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарған ақын жазушылықтың детектив жанрына қалам тартқан. Жоғарыда келтірген «Ерекше тапсырма», «Із кесу» сынды кітаптар дәл осы жылдарда жарық көрген.

Шаяхмет Құсайыновтың жазба ақыны ғана емес, айтыскер ақын екенін де біреу білсе, біреу білмес. Марқұм жары Күлпара Құсайынова да аудан, тіпті облысқа белгілі айтыскер ақындардың бірі болған. Айтыскер ақындар көңіліндегі көрікті  ойды суырып салып көмейімен айғайлап  жеткізетіні аян. Осы себепті ақын демікпе ауруымен ауырып, кейін оны жүгіріп жүріп өз күшімен емдеп те алған.

Бір өкініштісі, Күлпара Құсайынова 1991 жылы ауыр науқастан дүние салған. Төрт баланы өз күшімен аяқтандырған Шаяхмет Құсайынов тағы да ерен ерліктің үлгісін көрсеткен.

Бұл жайында ақын Шаяхмет:

«1991 жылдың шілде айы,

Әйел өлді, тасқа тиді маңдайым.

Төрт жетімектің тынып қалды жырлары,

Өртенгендей болды түгел орманым, – дейді.

«Жетісу», «Қазақстан заман» газеттерінің тілшісі және жазушылар одағында лауазымды қызметтер атқарған Шаяхмет Құсайыновтың бар-жоғы он-ақ жылдық білімі бар. Мұндай ерлік жоғарғы оқу орнын бітірген кісілердің қолынан келмей жатады. Тіпті, заттарының қайда қалғанын білмей жататын кездері де аз емес. Ал ақын Шаяхмет Құсайыновтың алғашқы шығармаларын жазған көк қаламы, 1967 жылдан одан да бұрын жазылған мақалалары, кітаптары ақын жайлы сыр ақтарған мұражай іспетті сақтаулы тұр. Бұл ақынның ыждаһатталығының айғағы болса керек. Ерік-жігерінің көрінісі болса керек.

Жетпіске келген жақсы аға

Белгісіз қашан өлерім,

Отаным, елім сенерім.

Егемендігім болса аман,

Қалғанын тағы көремін, – дейді.

Бүгінде жары Нұрғайша Құсайыновамен бірге 9 баладан 19 немере, 4 шөбере сүйген жайы бар. Сондай-ақ, өз туындылары 30-ға жуық өлеңдер, поэмалар, дастандар жинағы мен романдар мен әңгімелерді, осып түсер сыни мақалаларды қамтыған кітаптардың авторы Шаяхмет Құсайынов Ішкі істер органдарының құрметті ардагері. Алған мақтау қағаздары мен медальдарын көрсеткенде еріксіз таңқалдық. Ақынның шығармашылығына табыс тілеп, келер туылған күнімен құттықтап батыр ақынға өмір тіледік. Өйткені Шаяхмет Құсайыновтай ақындар әсіресе біздің жас қоғамға қажет-ақ.

Атады талай таңдар ақ,

Құрады халқым салтанат.

Қадірле, сыйла, елімді,

Ұрпағым саған аманат, – деп ағынан жарылады ақынның жырлары, істері ұрпаққа үлгі, аманат.

 

Әділет САРЫБАЙ

Read 285 times

Күнтiзбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет