Бейсенбі, 30 Сәуір 2020 14:38

Жерлес ақын Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 85 жыл

Елімізде әлемдік эпидемияға байланысты карантин жарияланған сәттен бастап, республика көлеміндегі білім, мәдениет, ақпарат салалары бірден онлайн режимге бет бұрды. Әрине, әр сала өз базасында жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді.

Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданының да мәдениет майталмандары оқыс оқиғадан абдырап қалмай, өз жұмыстарын орнықты атқаруда. Әлеуметтік желілердің көмегімен онлайн концерт ұйымдастырып, тұнжыраған халықтың еңсесін тіктеуге ел азаматтары болып атсалысып жатқан өнер ордаларының ішінде ауданымыздағы мәдениет үйлері мен клубтарының атқарып жатқан еңбектерін елемей кету мүмкін емес. Соның бірі – кеше ғана өткен ауданымыздың мақтанышы, жерлесіміз лирик ақын – Тұманбай Молдағалиевтің 85 жылдығына арналған «Көктем шақырады» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан жас жеткіншектер арасында ұйымдастырылған онлайн байқау. Аталмыш байқауды ұйымдастырған Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері әуелгі баста байқауды округтік аймақта өткіземіз деп ойлаған. Бірақ «байқау ауқымды өтсін» деген ниетпен аудиториясын кеңейтіп, аудандық байқауға айналды.

Байқаудың шарттары инстаграм парақшада жарияланған сәттен ауданның түкпір-түкпірінен өтінештер қарша борады. Яғни, әр үміткер ақынның кез келген поэзиясын мәнерлеп жатқа оқып, оны бейнетаспаға түсіріп жіберуі керек болатын-ды. Байқауға ынта танытқан 30-дан астам өтінішті мәдениет үйінің қызметкерлері іріктеп, үздік деп тапқан үміткерлерді дипломдармен мараттады. Қазылар алқасының шешімімен 3-орынды ауданымыздың 3 оқушысы – Аружан Бақтияр, Назерке Азизова, Әмина Талқанбаева бөліске салса, 2-орынды – Әсем Туканова мен Артықгүл Янгибаева еншіледі. 1-орын иегері –  ЕркежанЖұмағалым. Ал бас жүлдені аядай ғана ауылдың дарынды қызы, Талдыбұлақ орта мектебінің 5 сынып оқушысы Мақпал Тұрған қанжығасына байлады. Ал көрермен көзайымы болып, әлеуметтік желіде ең көп лүпіл жинаған Шоманова Аяжан мен Шоманова Тоғжан арнайы жүлдемен марапатталды.

Жас өрендердің қазақ әдебиетінің жыр-жауһарларымен сусындап, елінің патриоты болып қалыптасуына ықпал етуді мақсат тұтқан Қаракемер мәдениет үйінің ұжымы осы қарқынын арттырмаса, бәсеңдетпесі анық.

         Ұлан ҚАЛИ, Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің

         музыкалық жетекшісі

Read 139 times

Media

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет