Бейсенбі, 16 Сәуір 2020 13:26

Абай – қазақтың бойтұмары

Абайды бас ақын деп бағалаған,

Терең деп теңіздейін саралаған.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын да,

Әдебиет жұлдызы деп тағалаған.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Айта білген ақиқат салмақтысын.

Халқына бере білді өз әлемін,

Арнаған мұрат, мұра, ақындығын.

Қым-қуыт тұрмыс пенен тіршілікте,

Ел жанына әр сөзі жақын бүгін.

Тәңірінің берген тума талантымен,

Су сепкендей қарлығаш қанатымен.

Адамзатты ақылмен нәрлендіріп,

Тамсандырған сан қырлы қабатымен.

Әлемдік әдебиетте орны бөлек,

Қадірі мен қасиеті елден ерек.

Абайды қара өлеңнің тәңірі деп,

Ақындар мен шешендер ойды тербеп.

Танылған ұлттық болмыс үлгісі боп,

Қоғамның жан ашыры үрдісі боп.

Еуропа әдебиетінің жауһарымен

Сусындаған әуел баста бір кісі боп.

Орыстың зиялыларын танып,біліп,

Көкірегіне жақсысын келген түйіп.

Өз ұлтының кемшілігін қатты сынап,

Олардың қылығына жүрді күйіп.

Рухани өресіне баға беріп,

Дін танушы,философтар дара көріп.

Әлемдік деңгейдегі тұжырымына,

Назар аударды  ерекше көңіл бөліп.

Бір ғасырдан астам бұрын қазағын

Жаңғыртуға алға қойды талабын.

Жаңа өмірге бейім бол деп шақырып.

Ұлылықпен берді жаңа сабағын.

Адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайрат,

Жылы жүректі жадында жүрсін байлап.

Үш ұғымға бірлікте қарастырса,

Ұлт құндылығы мәресінде тұрар қайнап.

Қабырғалы ел болуды танытқан,

Абай арқылы болмысымызға қаныққан.

Қанаттанып қара сөзі, өлеңін,

Ақыл-ойын, жүрегі бар жан ұққан.

Абайды оқы, жетем десең мұратқа,

Өз ісіңе жауап та бер тұрақта.

Бес асыл іс жүзеге сен асырып,

Бес дұшпаннан аулақ жүргін, жырақта.

Деп білеміз, Абай қазақтың бойтұмары.

Жүрегіңе сақтай біл,түпкірі боп тұрағы.

Өзгені қор санама, өзіңді мақтан қылып,

Деп тілеген өзіңді зор санамай бол қырағы.

Өз ұлтын төрлетуді мақсат еткен,

Ұлы Абайды алты алашқа мақтан етем.

Ұлт киесі, бойынан табылады бар қасиет,

Ұрпағымыз Абайды, десе екен, жаттап өсем.

 

Емелхан ҚАЙЫПОВА,

 Батыр Ана

 

*****

Ұлылығын мойындатқан әлемге

 

Абай десе Абайсың,

Абайладың жан-жақты.

Риза еттің, жарайсың,

Қалың елің қазақты.

М.Әуезов.

 

Ой-қиялға сыймайтұғын дара шың,

Кемеңгерім – ғұламасың, данасың.

Ақыл түйген, жырды сүйген ұрпақтың,

Болашаққа көшін бастап барасың.

Әрбір сөзің жіпке тізген маржандай,

Оқу қиын тебіренбей таңданбай.

Жырларыңыз кәусар бұлақ суындай,

Оқығанның жан сусыны қанғандай.

Адалдықтың ала жібін үзбеген,

Әр сөзіңнен ақыл табар іздеген.

Жер әлемге таныттыңыз қазақты,

Ал қазақтың бағы жанды сізбенен.

Ой толғаған ұрпақ үшін, елі үші,

Оқи берсін кеңиді ойың өрісің.

Жомарт тәңәр елден артық жаратқан,

Даналықтың таусылмайтын кенісің.

Имандық берген тағлым-тәлімді,

Көктен түскен дейді Құран –Кәрімді.

Араб тілін бәрі бірдей ұғынбас,

Ал қазақтың алды сізден бәрі үлгі.

Ұлыларсыз тіршілікте  барма мән,

Қырын олар ой көгінде самғаған.

«Абай жолын» жазу үшін толғанып,

Ұлы Мұқаң  жарты өмірін арнаған.

Сөз жақұтын тере білген саралай,

Қараңғыға түрен салған  данам-ай.

Берген тәңір байлық, билік, ақылды,

Қайғы-мұңды берген бірге аямай.

Өз қайғыңды қара нардай көтердің,

Ал парызың елге деген өтелді.

Тәуелсіз ел, тәрбиелі ұрпағың,

Есіміңді асқақтатты, көтерді.

Ұлы баба дана десе, данасың,

Айтқан сөзің бәрі өнеге, бәрі асыл.

Ұрпағың мен мәңгі бірге жасайсың,

Қазағыңа Абай болып қаласың.

Алты Алашы ауызына қараған,

Дейді халқы: «Дана туар данадан».

Қасиетті ұл сыйлаған қазаққа,

Айналайын ақ ниетті анадан.

Атты баба армандаған азат таң,

Құтылды елің қасіреттен, азаптан.

Ұлылығын мойындатқан әлемге,

Айналайын сізді берген қазақтан.

 

Айтан АБИЛЖАНОВ,

Н.Островский орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Бәйдібек би ауылы

Read 164 times

Күнтiзбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет