Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:05

Менің қалам

Бұлт көшеді таулардың басын ала,

Күн жауады-жайнайды жасыл қала.

Мен осында тұрамын, иә, достым,

Жасыл қала – біздерге асыл қала.

 

Біліп қойғын, бұл қала – Есік деген,

Тербелгендей боламын бесікте мен.

Білім алып Сәтбаев мектебінде,

Еш алаңсыз есейіп өсіп келем.

 

Салтанатты, сәулетті менің қалам,

Бір өзіңе сыйғандай бүкіл ғалам.

Бұл мен үшін бақыттың мекені ғой,

Тек осында еркіндеп тыныс алам.

 

Аспанында жұлдызы жарқыраған,

Қойнауынан табылған Алтын адам.

Сыр шертеді тарихтан тауы да оның,

Сыр шертеді өзені сарқыраған.

 

Алтын киім киінген батыр бабам,

Сен туралы ұстаз да айтты маған.

Ел басына күн туған сол заманның,

Шежіресі көп шығар айтылмаған.

 

Асыл тастан шығады, ақыл жастан,

Мен тарихты сүйемін әуел бастан.

Арманым көп алысқа жетелейтін,

Жазармын деп ойлаймын әлі дастан.

 

Аймара Құдайберген,

Қ.Сәтбаев орта мектебінің 11 сынып оқушысы

 

 

 

 

 

 

 

Read 81 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет