Сәрсенбі, 11 Наурыз 2020 09:57

Әйел – әлем

Әйел жайлы аңыз көп қасиетті,

Ғасырлардан аңыздар асып өтті.

Шексіз түйсік, махаббат, сұлулықты,

Әйелдерге тәңірім нәсіп етті.

Қаламасын биікке шыққанды кім?

Тәуелді сол әйелге күш, тағдырың.

Әйел – үміт үзілмес, дегенменен,

Афродитадай жеңе алмас құштарлығын.

Бар әлемді келеді өрге сүйреп,

Әйел – қайсар өшпейтін кеудесінде от.

Әйел – қамқор жебейтін отбасыны,

Қасиетті Ұмайдың бейнесі боп.

Әйел – пәктік шығарған адал атын,

Әйел – тірек демейтін азаматын.

Әйел – өмір дәні ғой тіршіліктің,

Барша адамзат Хауадан таралатын.

Үйлесімі секілді заңдылықтың,

Әйелсіз ер болады мәңгі міскін.

Әйел – батыр Тұмардай топтан озған,

Әйел – тағдыр символы мәңгіліктің.

Талас-тартыс, береке, басқаның да,

Біле білсең әйел тұр бастауында.

Әйел – жұлдыз жол сілтер болашаққа,

Жарқыраған Шолпан боп аспаныңда.

Бағыты көп өмірдің тарауында,

Әйел болар жол сілтер жалауың да.

Еркек үшін өкшесі Ахилестің,

Ұжымақтың кілті де табанында.

Әйел жайлы аңыз көп, рас бәрі,

Таусылмайды, бітпейді – ұласпалы.

Әйел – бақыт, әйел – бақ, әйел – дәулет,

Кез келгенге жолықпас бірақ тағы.

 

  Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Read 128 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет