Бейсенбі, 05 Қараша 2020 15:58

Алуа ЕЛЕУСІЗОВА, аудандық статистика басқармасының басшысы: Ел дамуы сандарға тәуелді

 

– Алуа Серікқызы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын!  Биылғы статистика күні дөңгелек датамен айшықталып отыр. Әңгімемізді кәсіби мерекенің тарихын зерделеуден бастасақ...

– Иә, биыл біздің айтулы мерекеміздің тойланғанына ғасыр толып отыр. 1920 жылы 26 тамыз күні Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасы-ның құрылуына байланысты Қазақ АКСР-ның Үкіметі өзінің 1920 жылғы 8 қарашасындағы Қаулысымен «Қазақ АКСР-ы мемлекеттік статистикасы туралы Ережені» бекітті және сол күні Қазақ АКСР-ның статистика басқармасы құрылды.  Қазақстанның орталықтандырылған бірыңғай  статистика органының құрылған күні 1920 жылдың 8 қарашасы болып қабылданды. Биыл Қазақстан Республикасы мемлекеттік статистикасының 100 жылдығы аталып өтілмек.

Жалпы, қай саланы алып зерделесек те, нақты бір санға сүйенбей, еш қорытынды шығара алмайтынымыз белгілі. «Статис-тикалық мәліметке жүгінсек» деген тіркес те – соған дәлел. Статистика – бұқаралық әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен үдерістердің сандық және сапалық көрсеткіштерін зерделейтін ғылым, қоғам өмірінің сандық заңдылықтарын сипаттайтын, статистикалық ақпаратты жинап, өңдеуді, талдау мен жариялауды қамтитын практикалық қызмет саласы.

–  Статистиканың маңыздылығын сөз етіп отырсыз. Жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті барынша талап ететін өзекті салаға қашаннан бері тер  төгіп келесіз?

– Мен аудандық статистика басқармасында 2003 жылдан қызмет атқарамын. 2015 жылдың маусым айында басшылық қызметке тағайындалдым. Содан бері ауданымыздың тыныс-тіршілігінен хабар берер әрбір нақты санды есептеп, бір ұжымды жұдырықтай жұмылдырып, ұйымшылдықпен жұмыс істеп келе жатырмыз.

– Өзіңіз айтып отырған ауданымыздың тыныс-тіршілігінен хабар беретін әрбір нақты санды мәліметтер қалай жинақталады және оған кімдер жауап береді?

– Ауданымызда «Қазақстан Республикасының Статистика туралы» заңына сәйкес экономиканың барлық саласы бойынша айлық, тоқсандық, жылдық есептер жинақталып, өңделіп және жарияланып отырады. Орта есеппен 3000-нан аса айлық, 550 тоқсандық және 5610 жылдық есептер жинақталады. Сонымен қатар халықаралық бақылау әдістерімен, ішінара тексеру жолымен халықтың тұрмыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы мен жұмыссыздық деңгейі, шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлік, дәнді дақылдардың түсімділігі мен өнімділігі т.б. жөнінде сауалнамалар жүргізіледі. Статистикалық есептерді сапалы әрі мерзімінде тапсыруға заңды тұлғалар заң жүзінде жауапты. Бүгінгі күні статистикалық есептерді тапсыру оңтайландырылып, «Онлайн жүйесінде» есеп тапсыру оң шешімін тапқан, яғни кеңседен шықпай-ақ есептерді тапсыруға болады. Ауылдық округтерде статистикалық мәліметтер электронды «Үй шаруашылығының есеп кітабы» және «Шаруа фермер қожалықтарының есеп кітабы» негізінде жинақталады. Мұндағы мәліметтердің нақтылығына ауылдық округ әкімдері тікелей жауапты.

– Бес жылдан бері ауданымыздағы статистика басқармасының  тізгінін ұстап келесіз. Санды мәліметтерді саралайтын ұжымның бүгінгі жағдайына тоқталып өтсеңіз...

– Бүгінде аудандық статистика басқармасында штаттық кестеге сәйкес 10 маман қызмет етуде. Оның 2-уі Шелек өңірінде, 8-і Есік өңірінде қызмет атқарады. Мамандардың орташа еңбек өтілі – 15 жыл. Бүгінгі күні қызмет етіп отырған мамандардың  қалтықсыз еңбегінің нәтижесінде ауданның тыныс-тіршілігіндегі нақты көрсеткіштердің саны айқындалып отырады. Осы салада тер төгіп келе жатқан мамандардың ішінде Шелек өңірі бойынша барлық есептерді жинап, өңдеп отырған Рахманова Айша Хамитқызы 34 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ал Мухаметова Елена Викторовна 20 жыл, Теміржанова Жанел Тұрғынбайқызы мен Омаров Талғат Сатыбалдыұлының статистика басқармасындағы еңбек өтілдері 16 жылдан асқан. Ал  Стамбекова Асем Нұржігітқызы мен Карчалова Жанна Омаржанқызы 9 жылдай және Шарипов Нұрсұлтан Болатұлы, Қожахметова Жанерке Жанатқызы мен Рахымбаев Диас Манарбекұлы жас мамандар,  олардың  еңбек өтілдері 4-6 жылдың төңірегінде. Жұмыстың қыр-сырына әбден қанық болған іскер  де білікті мамандар осы басқармада түрлі сандардың сырын жинап, жалықпастан жұмыс істеуде. «Жалығатын уақыт жоқ!», – дейді олар. Себебі, жұмысымыз өте қызықты. Әрбір қызметкерге жүктелген міндеттер бар. Сол міндеттерін әркім бұлжытпай орындайды. Қызметкерлеріміздің бәрі мықты кадрлар, кез келгені бірін-бірі алмастырып, жұмысты атқарып кете алады. Жұмыс осындай тәртіппен қойылған. Иә, шағын ғана ұжымда аудан дамуының сандық сырлары жатыр. Экономикамыздың  тыныс-тіршілігі түрлі сандармен көз алдымыздан өтуде, бірнеше миллиондардан басталған сандардың бүгінгі күні миллиардқа жеткендігі көрсеткіштеріміздің жақсы екендігін аңғартқандай.            

Осындай айтулы мерекеге орай аудандық  статистика басқармасында  еңбек еткен ардагерлерді де атап өтпеске болмайды. Ұзақ уақыт қызмет атқарып, осы жұмыс орнынан зейнеткерлікке шыққан Сағындықова Зияш Сағындыққызы, Тлепов Бахыт Аяғанұлы, Дәукенова Гулзира, Горб  Александр Дмитриевич пен Чижимбетова Нұрғиса Смаилқызы секілді ардақты ардагерлерлерімізді осы мерекемен құтықтаймыз!

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тұтас ел тарихи жаңғыру мен жаңарудың алдында тұрғандығын айтты. Бұл жаңару ел өміріндегі өзекті тетіктердің бірі саналатын статистика саласын соқпай өтпейтіні шындық. Сіздің ойыңызша, бұл саланы қандай өзгерістер күтіп тұр?

– Әрине, қазіргі уақытта бұл сала да күрделі өзгерістер мен жаңашылдыққа толы. Бүгінде жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар статистикалық есептерді онлайн режимде тапсырады. Ауылдық округ әкімдерінің әр шаруашылық бойынша есептер мен мәліметтерді арнайы электронды құралда өңделулері мен сақталулары, әр саладағы сауалнамалардың планшеттер арқылы жүргізілуі, респонденттердің статистикалық есептердің мерзімдері мен тізімін арнайы «Респонденттерге» атты мобильді қосымшасы арқылы бақылай алатындығы т.б. секілді жаңашылдықтар жұмыс істеу барысын оңтайландырып, уақытты үнемдеу жағынан әсер етуде.

Заңнамалық тұрғыдан қарайтын болсақ, жеке және шағын кәсіпорындарының өз бизнестерін жүргізуге кедергі келтірмеу мақсатында «Қазақстан Республикасының Статистикасы туралы» заңына  2018 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Нақтырақ айтсақ, анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсыну және бастапқы статистикалық деректерді белгілеген мерзімде ұсынбау «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің баптары бойынша бірден айыппұл салынатын. Аталған өзгертулерге сәйкес, қазіргі уақытта бірінші бұзушылық анықталған жағдайда қорытынды рәсімделеді, ол қорытынды заң бұзушылық анықталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде респондентке жөнелтіледі. Сәйкесінше, қолына тиген күннен кейін екі жұмыс күні ішінде кемшілікті жоюы тиіс. Белгіленген мерзімде бұзушылықты жоймау уәкілетті органға әкімшілік іс жүргізуді қозғау құқығын береді. Сол сәтте ғана барып, бұзушылық жойылмаған жағдайда, айыппұл салынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты  Жолдауы барлығымызға мәлім. Елімізде бүкіл әлемге қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі күнге дейін жалғасуда. Осы пандемия мен дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, жедел шешімдер қабылдау мақсатында тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдаған болатын. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті осы Агенттік құрамына енді. Қазіргі уақытта комитет Ұлттық статистика бюросы және оның аумақтық бөлімшелері болып қайта құрылуда.

– Сөз соңында әріптестеріңізге қандай тілек айтқыңыз келеді?

– Осы атаулы күнге орай ұжым қызметкерлерінің дендеріне саулық, еңбектеріне табыс, отбасыларына береке-бірлік, амандық пен бақыт тілей отырып, кәсіби мерекелерімен құттықтаймын.

– Әңгімеңізге рақмет! Жауапты жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан

Ерзат АСЫЛ

Оқылды 2709 рет

Медиа

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет