Сейсенбі, 21 Сәуір 2020 15:03

Еңбекпен елге танылған тұлға

Қытайдың əйгілі данасы Конфуцийдің өте ақылды бір шəкірті бар екен. Ол ақылды əрі алғыр болғаны сонша, оған данышпан деген оқымыстылар мен ғұламалардың өзі қайран қалатын болса керек. Бірақ, осынша ақыл мен білімі бола тұра əлі күнге Конфуцийға шəкірт болып жүргеніне басқалар таң қалысып жүреді. «Əрине, Конфуций қытайдың ең дана да данышпан тұлғасы екені рас, деседе шəкірті одан қалыса қоймайды. Ақылы мен амалы бір басына жеткілікті бола тұра жай шəкірт ретінде дəріс алып жүргені несі екен?», – деп баршасы бас қатырады. Күндердің күнінде бір адам Конфуцийге шəкіртінің де өзі секілді ақылды да дана екенін, ол жағынан ұстазынан қалыспайтынын айта келіп, сонша ақылды бола тұрып сізден не үйреніп жүргеніне таң қаламыз дейді. Сонда Конфуций дана: «Ол ақылды болғанымен өте жалқау. Ал жалқаулықтың ақыл мен білімді қор қылатынын түсінбейді. Сондықтан ол осы шындыққа көзі жеткенше менің шəкіртім болып қала береді», – деген екен.

Иə, бұл оқиғадан қоғам мен адам өміріндегі еңбектің рөлі орасан екенін түсінеміз. «Адамады адам еткен – еңбек» деген Маркстың да атақты сөзі бар. Бұл сөздің астарында үлкен шындық жатқаны анық. Адамның тарихтағы талай таң қаларлық жаңалықтары мен өнертабыстарының ар жағында үлкен даналық пен орасан еңбек жатқан болатын. Егер адам баласы еңбек ете білмегенде осындай дамыған қоғамға қол жеткізуі де неғайбыл. Сондықтан еңбектің орнын алмастыра алатын құндылық жоқ. Өзіміз өмір сүріп жатқан мемлекеттің экономикалық, əлеуметтік, саяси дамуы да қарапайым еңбек адамдарының арқасы екені талассыз. Өйткені осы бір қарапайым адамдардың тынымсыз еңбегінің нəтижесінде ел экономикасы мен қазынасына қаншама байлық құйылып жатқан жақсы білеміз. Ал ол байлықтың халықтың игілігіне жарап жатқаны тағы шындық. Бұл жағынан мемлекет ең алдымен қарапайым еңбек адамдарына қарыздар. Осындай қарапайым да тынымсыз еңбегімен ел жадында сақталып, халықтың құрметіне бөленген адамның бірі – Алтынбике Бертаева.

А.Бертаева 1920 жылдың 27 қаңтарында Алматы облысы, Шелек ауданы, Өрнекті колхозында дүние есігін ашқан. Əкесі Бертай мен анасы Əнəпия да қарапайым еңбек адамдары болған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, дүниені дүр сілкіндірген қаралы күндер А.Бертаеваны да айналып өткен жоқ. Осы соғыста күйеуі Мұхамеджан Брест қамалын қорғау кезінде ерлікпен қаза болады. Сонымен бірге сұм соғыс екі ағасы Изман мен Дүйсенбайды да ажал құрығына іліндіреді. Осындай қатал сындар мен қайғылы күндерден Алтынбике анамыздың сағы сынып, рухы түскен емес. Керісінше бар ауыртпалықты қайыспай көтеріп, еңбекке ерте араласты. 1939 жылдан 1963 жылға дейін «Калинин» колхозында колхозшы, ал 1963 жылдан зейнетке шыққанша совхоз болы қайта құрылған «Қаратұрық» совхозында темекі өсіруші, звено жетекшісі болып қызымет етті. Осылайша өмірінің 45 жылы еңбекке арнап елдің алғысы мен құрметіне бөленді. Тек халықтың құрметіне бөленіп қана қоймай, мемлекеттің де марапаттауларынан құр қалған жоқ. 1963 жылы есімі Республикалық Құрмет «Алтын кітабына» жазылса, 1966 жылдың 30 сəуірінде КСРО жоғарғы Кеңесі Президимуының Жарлығы бойынша А.Бертаеваға Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді. Мұндай атақ ол кезде де екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін мəртебе болатын. Ең қызығы бұл жоғары атақты алғанда апамыз не бары 46 жаста ғана еді. Сонымен бірге, Кеңес Одағының жоғары марапаты саналатын «Ленин» ордені мен «Орақ пен Балға» алтын жұлдызын да иеленді.

Ал 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің VІ шақырылымының жəне 1967 жылы VІІ шақырылымының депутаты болып екі мəрте сайланды. Жоғарғы Кеңестің заң жобалау комиссиясының да мүшесі болған.

Ерінбей еңбек етуді өзінің өмірлік миссиясы санаған əрі сол еңбегінің арқасында барлық құрмет пен даңққа, абырой мен бақытқа кенелген апамыздың өткізген өмірі кімді де болсын бей-жай қалдырмасы анық. Қаншама атақ пен абыройы болса да тасымаған, тек еңбекпен көзін ашып, ғұмырын еңбекпен байланыстырған, алайда осы бір қарапайым ғана қоңыр тіршілігін дүниенің барша сəнсалтанатынан артық қойған апамыздың өнегесі баршамыз үшін үлгі болғандай. Осындай ақ адал еңбегімен елінің есінде қалған аяулы апамыз 2008 жылы 15 қыркүйекте тоқсанға қараған шағында бақиға аттанды. Десе де артында жақсы атақ пен асқақ абыройы, үлгі мен өнегесі, жас ұрпақты адалдыққа бастайтын мəнге толы өмір белестері қалды.

КСРО ыдырап, қазақ елі тəуелсіздік алғаннан кейінде апамыздың атқарған қызметтері атаусыз қалып көрген жоқ. Елімізге сіңірген ерен еңбегі мен халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаудың нəтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылдың 28 желтоқсанындағы №883 қаулысы негізінде Достық ауылындағы Қаратұрық орта мектебіне А.Бертаеваның құрметті есімі берілді.

Бұл мектеп жалпы 300 орынға арналған үлкен білім ордаларының бірі. Десе де бүгінде 611 оқушы білім алуда. Білім сапасы жағынан 57 пайыздық көрсеткішке жетіп, аудан бойынша алдыңғы орындардан көрініп келеді. Осындай үлкен жетістікке жетіп, білім додасында алға озуы үшін 69 мұғалім аянбай қызмет етіп жатқан жайы бар. Мектептегі оқушылардың білімділігі мен ұстаздарының біліктілігін А.Бертаеваға арналған шарада байқап қайтты. Олай деуіміздің себебі көрсеткен өнерлері мен дайындығынан барлығы менмұндалап тұрды. Əсіресе А.Бертаеваның өмір жолы негізінде дайындаған көрністерін ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Алтынбике апамыздың еңбекке араласуы, тұрғындарды ұйымдастыруы, іске асырған шаруалары жəне соның арқасында жеткен табыстары мен көрген құрметтері турасында көрсетілген сəттерінде апамызбен бірге еңбек етіп, көзін көрген аталарымыз бен апаларымыздың өткен күндері естеріне түсіп, барынша тебіренгені байқалды. Əрине, өзге емес А.Бертаева секілді қарапайым еңбек адамының өмірін өнеге етуі жас шəкірттер үшін өте қажетті құндылық. Бүгінгі жеңіл ақша табудың жолына түсіп, айдаладағы сағым қуған кейбіреулердің апамыздың өнегелі өмірінен үлгі алса қандай тамаша болар еді дейсің кейде.

Иə, еңбектің бейнетке толы екені рас. Бірақ сол бейнеттің зейнетінің рахаты мен лəззаты қандай болатынын айтуға тіл жетпейтіні тағы шындық. Қиындықтан мойымай, бейнеттен қажымай, тек болашағынан үміт күтетін, еңбекті ерлік деп бағалайтын ұрпақ тəрбиелеуге А.Бертаева секілді адамдары үлгі ете білсек қана жұлдызымыз оңынан тумақ. Бұл туралы С.Көбеевтың: «...Еңбек тəрбиесіне баса назар аудару керек. Еңбекке тəрбиелемей тұрып, балаға дұрыс тəрбие бердім, – деп айту екіталай», – деген əдемі сөзі бар. Сондықтан А.Бертаеваның үлгісі жадымыздан ешқашан өшпек емес.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

 

Оқылды 3638 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет