Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 13:44

Жолдасымыз сабыр, серігіміз сенім болсын!

Болатжан НҰРБЕКОВ, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер:

Адам өмірінде жоспарламаған, ойламаған жайттар көп туылып тұрады. Оны қысқаша тағдыр дейміз. Ал тағдырдың алдында пенденің бәрі дәрменсіз. Мұндағы дәрменсіздік әлсіздіктен немесе рухани жұтаңдықтан болмайтыны анық. Мықты адамдар өз тағдырына өзгерту енгізген. Дегенмен оған ешкім қожа бола алған жоқ. Мұны кейінгі кездегі басымызға түскен жағдайлардан кейін жақсы түсіндік. Коронавирус шыққанннан бері барлық әлем сергелдеңге түсіп, қолынан келгенше оған қарсыласып жатыр. Дегенмен ол да оңайлыққа берілер емес. Бұл індет бүкіл әлемді шарпып, оның ұшқыны біздің елге де келіп жетті. Бес мың жылдық тарихымыз бар деп мақтанатын Қытайда, тарихы одан да әрі жатқан Иран да, «Мәңгілік империя» атанған Римның мұрагері әрі «Үлкен жетіліктің» бірі Италия мен Еуропаның алпауыт елдері де коронавирустың алдында күшінен айырылып, жапа шегуде. Бұл індеттің алдында адамның байлығы, мәнсабы, танымалдылығы бәрі бекер екенін көрдік. Сондықтан бұл тығырықтан шығатын тек екі ғана жол бар. оның бірі – айнымас сенім болса, екіншісі – сарқылмас сабыр. Осы індеттің алдын алу үшін үйден шықпай, тек сабыр сақтауымыз керек. Дана халқымыз «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан сабырсызданып ұятымызға дақ түсіріп, өмірімізге қауіп төндірмей, сабырымыздың арқасында мұратымызға жеткеніміз абзал болмақ.

 

Ардақ ҚЫРЫҚБАЙ, Шелек №1 орта мектебінің директоры:

Адамның өмірі тек қуаныш пен шаттықтан құралмаған. Арасында түрлі сынақтар мен қиншылықтардан да өтуі керек. Өмір сонысымен қызық. Біз де бұл індетті сынақ ретінде қабылдауымыз шарт. Тарихқа көз салсақ небір кереметтерді адамдар қиын сынаққа түсіп, тығырыққа тірелгенде іске асырған. Мәселен, кезінде Еуропада жаппай оба таралып, елдің бәрі біз секілді үйден шықпай жатқан кез болған. Сол кезде әйгілі ғалым И.Ньютонға да үйде тыныш отыруына тура келген. Ал бізге физикадан белгілі заңдарын осы кезде ашқан. Дәл осындай жағдайлармен көп уақытын үйде өткізген А.С.Пушкин өзінің атақты «Евгений Онегин» шығармасын жазған. Әрине, бұл карантин жақсы нәрсе дегенім емес. Бұл қадамға мемлекет амалсыздан барып отыр. Барлығы халықтың қамы екені айтпаса да түсінікті. Тек осы бос уақытымыза сабыр сақтап, өзімізді жетілдіруге тырысуымыз керек. Бүгінде мектептерде сабақ жүргізілмейді. Бірақ білім беру процесі тоқтап қалған жоқ. Қазір білім ордалары қашықтықтан оқытуға көшті. Олардың ішінде да біз де бармыз. Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімі қызметкерлері де бізге өте үлкен қамқорлық көрсетіп жатыр. Әр мектепке, әсіресе, аз қамтылған отбасыларға барынша қолдау көрсетіп, көмектерін аяған жоқ.

Коронавирус бүкіл әлемге әсер етіп жатыр. Әсіресе, экономикаға тигізген зардабы орасан. Дегенмен мұның бәрі уақытша құбылыс екені анық. Бойымызда сенім мен сабыр болса бұл қиын сынақтан да аман өтеріміз хақ. «Сабыр түбі – сары алтын» деп атаралырымыз да бекер айтпаған.  Ғұлама ақынымыз Шәкерім Құдайбердіұлы:

«Сабыр деген әр іске шыдамдылық,

Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талай жан ызданады,

Осыдан көп шығады адамшылық», – дегеніндей жолдасымыз сабыр, серігіміз сенім болғай!

 

Гүлнар ҚҰРАМЕТОВА, Шелек аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Маман ретінде айтарым коронавирус өте қауіпті дерт. Соңғы жағ-дайлардан кейін мұны барлығымыз жақсы түсіндік. Ғалымдар оған жаңа коронавирус деген анықтама беріп отыр. Бұл – латынның crowns (тәж) немесе halos (шеңбер) деген сөздерінен пайда болған атау. Өйткені, коронавирус микроскоппен қарағанда, осы екеуінің қосындысын еске түсіреді. Бұл вирустар тобына адамға зиянын тигізетін бірнеше түр кіреді. Олардың бірі тұмауға шалдықтырса, өзгелері жарқанаттар мен түйелерден және жануарлардан кездесіп, бүгінде ғылымда SARS (Ауыр әрі өткір респираторлық синдром) және MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы) деген акрониммен белгілі болып отыр.

Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмаурату, бас ауруы, жөтел және дененің қалшылдауы. Сонымен қатар, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шалдығуы мүмкін.

Ғалымдардың сөзінше, жаңа вирус науқас адаммен жақын қарым-қатынас жасап, онымен тығыз байланыста болған сайын жұғу көрсеткіші де жоғарылай бермек.Қазір жұмбақ вирусты анықтап, оның емін табу жолында сынақтар жүргізіліп жатыр.

Сондықтан мейілінше үйден шықпай, адамдар көп жиналған жерге бармай, карантинның талаптарын қатаң сақтаған дұрыс. Сонда ғана бұл індетті жеңу барынша жеңілдей түседі әрі бізге түсетін салмақ та азаяды. Бүгінде аталған індетке қарсы басты препарат сіздердің сабырларыңыз бен сенімдеріңіз.

 

Есенғали ЕСЕНХАНОВ, Шелек ауылдық округінің әкімі:

Сабыр сақтау – саналы адамның парызы. Бүгінгі әлемді шарпыған алапат індет іргемізде тұрғанда бұл сөздің маңыздылығын ескермеске болмай-ды. Карантин қа-мау үшін емес, қорғау үшін жасалады. Сондықтан карантин талаптарын орындағанда ғана өзіңді аман сақтайсың. Сосын жақындарыңды, отбасыңды, туыстарыңды, ауылыңды, еліңді, мемлекетіңді қауіпте қалдырмайсың. Бұл – үлкен жауапкершілік. Ал жауапкершілікті ұмытып, сабыр сақтамасақ өзге түгіл өзіңді де ажал апанына жақындата түсесің. Бүгінде мемлекет індетті жеңудің барлық шараларын жасауда. Ол үшін қолдан келген нәрсенің ешқайсынан аянып қалмайды. Карантинге байланысты табысынан айрылғандарға тиісті жәрдемақы беру де көзделген. «Көп түкірсе көл» Біз де бұл індетті көп болып жеңеміз.

 

 

Елшат ТОҚТАРБЕКҰЛЫ, Шелек ауылының тұрғыны:

Ардақты пайғамбарымыздың: «Егер сіз қандай да бір жерде оба пайда болғанын естісеңіз, ол жерге бармаңыз және егер оба сіз тұрған жерге жетсе, онда ол жерден кетіп қалмаңыз», – деген хадисі бар. Демек карантинды ғылым да, дін де қолдайды деген сөз. Бүгінде коронавирусқа байланысты барлығымыз отбасымызбен үйде жатырмыз. Әрине, үйде қозғалмай жату өте қиын. Адам болған соң ары-бері жүргің келетіні де рас. Бірақ сабыр сақтауға міндеттіміз әрі көп болып бұл індетті жеңетінімізге сенеміз. «У ішсең руыңмен» дейтін қазақпыз ғой. Сондықтан «Көппен көрген ұлы той» деп барынша байсалды болуға тырысудамыз. Әрине, қиыншылық тек қазақтың басына ғана келген жоқ. Барша әлемнің аяғынан шалуда. Бұйыртса бұл қиыншылық та артта қалып, тарихқа айналары хақ. Бастысы мемлекетіміз мәңгі, халқымыз аман болсын!

Оқылды 1989 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет