Жұма, 21 Ақпан 2020 14:19

Жақсылық жасау садақамен шектелмейді

Жақсылық жасауға жаны құмар жандардың басын қосып, жетім мен жесірге жәрдемдесіп жүрген еріктілер жайында жазуды жалғастырамыз. Қайырымдылықпен айналысуды өзіне парыз санайтын әр жанды бейбіт күннің батыры десек, артық болмас. Бүгінгі кейіпкеріміз – Данияр Нүсіпжанұлы – «Жақсылықта жарысайық» еріктілер тобының жетекшісі.

– Еріктілер тобын құру идеясы қайдан келді?

– Рамазан айында баршамыз қандай да бір игі іс бастамаққа ниеттенеміз ғой. Осындай оймен былтыр қасиетті айда тобымыз құрылды. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – аудандағы жақсылыққа жаны құштар азаматтардың басын қосып, әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж отбасыларға қолымыздан келгенінше көмектесу. Бұл жөнінде достарыма айтып, әлеуметтік желіге жазып едік, аз уақытта бірталай адам жиналды. Топ құрылған соң ауыл-ауылдағы мешіттерге барып, көмекке мұқтаж жандардың тізімін жасадық. Жағдайы төмен отбасыларын аралап, қандай көмек керектігін анықтадық. Осылайша, тобымыздың алғаш атқарған ісі – Алмалы ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Құрбанай апайға көмектесу болды. Алдымен ол кісінің үйіне барып, жағдайын көріп-білдік. Бір күнімізді арнап, қыздар үйін ақтап, ұлдар шөбін шауып, ауланы тазалап көмектестік. Азық-түлік, киім-кешек, балаларға ойыншық, төсек, тб алдық. Және мұның барлығын сурет-видеоға түсіріп, инстаграм желісіндегі аккаунтымызға жүктеп қойдық. Осыдан бастап біздің қатарымызға қосылушылар саны да артты.

– Топтарыңызда қанша адам бар қазір? Тек жастар ма?

– Жоқ, тек жастар емес. Тобымызда бүгінде 130-дан астам адам болса, олардың ең кішкентайы 7 сыныпта оқиды. Сондай-ақ 50-ден асқан үлкен апайларымыз да бар. Өздері де көпбалалы аналар. Бір апайымыздың 9 баласы бар. Үнемі іс-шараларға қатысып, жәрмеңкелерге тоқашын, тәттісін пісіріп бізді қолдап отырады.

– Ол кісілер қатарларыңызға қосылуға өздері ынта білдірді ме?

– Иә. Негізі, басында біз ол кісілерге көмектескен едік. Кейін өздері ынта білдіріп, тобымызға қосылды.

– Жақсылық жасауға асық адамдар көп пе?

– Иә, көп. Бірақ бір өкініштісі, адамдардың көпшілігі жақсылық жасау – ақша беру деп ойлайды. «Мен біреуге садақа бердім, демек мен жақсылық жасадым» деген қате пікірде. Меніңше, әр адам садақаны біреу үшін емес, өзі үшін береді. Ал жақсылық жасау үшін адам көмекке мұқтаж жанның жағдайынан хабардар болуы керек. Оның жағдайын жүрегімен сезіне білгенде шынымен аяушылық танытып, барынша көмектеседі. Шын жүрекпен жасалған бір игі іс және оның нәтижесін көру кез келген адамды тағы-тағы жүздеген жақсылықтың себепшісі болуға итермелеп тұрады. Сондықтан да көмекке зәру бір жанға қол ұшын созып, қуаныш сыйлағанын, оның жүзінің жадырағанын көру өте маңызды. Сіз көп ақша бермей-ақ, айталық, жерге жығылып қалған адамды жай ғана қолтығынан демеп, тұрғызып жіберсеңіз, ол кісі сізге алғысын айтып, әдемі жымияды ғой. Ол кісі де риза, қуаныш сыйлағаныңызға өзіңіз де ризасыз. Мысалы, жаңа айтқан Құрбанай апай үнемі үйіне қонаққа шақырып, балалары да хабарласып, халімізді біліп, алғысын жаудырып жатады. Біз мұнымен жігерленіп, тағы бір игі істің себепшісі болуға асығамыз.

– Құрбанай апай демекші, сіздер ол кісінің баспаналы болуына себепші болдыңыздар ғой?

– Иә, айта кету керек, ол үйді тек біз алған жоқпыз. Құрбанай апай жайлы түсірілген видеоны қайырымдылықпен айналысып жүрген Эльмира Ешниязова деген кісіге жіберіп, мән-жайды түсіндірдік. Ол кісі видеоны өз аккаунтына жүктеп, 13 күнде бес миллион теңге жиналды. Сол ақшаға Қаскелеңнен жаңа салынған бес бөлмелі үй алдық. Газ, суы бар. Балалары мектепке орналасып, Құрбанай апай да сол жақтан жақсы жұмыс тапты.

– Қаржыны қалай жинайсыздар?

– Біз ақшаны нақты бір іс-шара кезінде ғана жинаймыз. Мысалы, «осындай адамға осындай көмек керек екен» деп түсірілген фото-видео есептерімен қоса өз тобымызға хабарлаймыз. Әдетте, азық-түлікке қаржыны топ мүшелері өзіміз шығарамыз. Бірі 100 теңге, енді бірі 1000 теңге салады дегендей. Ал ауқымды шара болып, ақша жетпей жатса, оны инстаграмдағы аккаунтымызда жариялаймыз. Оның сыртында қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастырамыз. Мысалы, көпшілігіңіз таныс боларсыздар, «Астарлы ақиқат» бағдарламасына шыққан алты жетім бала бүгінде біздің қамқорлығымызда. Қазір олар жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Ай сайын пәтердің ақшасы 30 мың теңгені біз төлейміз. Және үйге ақша жинадық. Сол кезде жан-жақта көптеген жәрмеңкелер өткіздік. Бізге қолдау көрсетуге ел-жұртты шақырып, эстафета жолдадық. Осылайша, 6,5 миллион теңге жиналды. Оған Алматы қаласының маңындағы Бесағаш ауылынан бес бөлмелі жер үй алынды. Бірақ әлі көшпедік. Өйткені ол жерде газ тартылмаған екен. Қазір газ тартып, үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алла қаласа, жақын күндері көшіп барамыз.

– Өте жақсы жаңалық. Өйткені ауданымыздағы көпшілік бұл балалардың тағдырымен таныс. Эфирден кейін жағдайына алаңдаған адамдар да аз болмады.

– Эфирден кейін тобымыздың мүшелері күнде сол балалардың жанында болды. Қыздар тамақтарын жасап, ойындарын ойнап, әңгімелерін айтып. Пәтерді өз үйім жақтан тапқанбыз. Күнделікті жұмыстан кейін өзім де барып, 1-2 сағат жандарында отырып кетемін.

– Біз сөзбен айтқанда, балаларды күзеттіңіздер ме?

– Солай деуге де болар. Басында өзіміз де қорықтық, балалардың өміріне алаңдадық. Өйткені бүкіл елден ақша жиналып жатқан банк картасы сол қыздардың қолында болды. Кейін оны алып, аудандық әкімдікке апарып қойдық. Қауіпсіздік үшін. Бір жағынан, топ мүшелері өздері де ол балаларды бетпе-бет көріп, жақын танысқылары келді. Сондықтан да кезектесіп барып тұрдық.

– Әкімдік демекші, сіздерге жергілікті әкімдік тарапынан қандай да бір көмек бола ма?

–  Әрине, болады. Көп іс-шараға қолдау көрсетеді. Өзіңіз де білесіз, жай жәрмеңке өткізу үшін де рұқсат керек. Осы тұста оқу орындарынан рұқсат алып береді.

– Сонда тек рұқсат алып берумен шектеле ме?

– Жоқ, олай емес. Бүкіл іс-шараларды әкімдікпен бірлесе ұйымдастырамыз. Біздің тобымыздың 30-40 %-ы әкімдік қызметкерлері шығар. Мысалы, бір азамат алыс ауылдан хабарласып, көмек сұрайды. Жұмыста болып, өзім бара алмасам, жергілікті әкімдікте жұмыс істейтін  жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушыларға өтініш айтамын. Олар көмекке мұқтаж жан туралы маған қажетті ақпарат тауып бере алады. Мұның өзі – көмек.

– Қайырымдылық жәрмеңкелерін халық қалай қабылдайды? Атсалыса ма, әлде мойын бұрмай өте шығатындар көп пе?

– Жәрмеңкелерді көбіне колледждер мен жоғары оқу орындарының алдында өткіземіз. Мұғалімдер алдын ала студенттерге айтып, түсіндіріп қояды. Сондықтан жәрмеңкедегі заттарды сатып алғанда оларда «Мен бұл ақшаны мұқтаж жанға көмекке жұмсадым» деген ой болады. Ал мектепте өткізуге рұқсат ала алмадық. Кейбір ата-аналар қарсылық танытты. Жалпы алғанда, адамдар түсіністікпен қарайды.

– Жәрмеңке бар, басқасы бар – мұның барлығы уақытты талап етеді. Ал топтағылар біріңіз – оқушы, студент, біріңіз – қызметтесіздер. Уақытты қайдан табасыздар?

– «Амалдар ниетке байланысты» дейді ғой. Ниет болса, уақыт та, басқасы да табылады.

– Ниетіміз түзу болсын! Рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Оқылды 3278 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…
Сәу 11, 2024

Аманаттықтар көмек қолын созуда

Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр. Игі бастамаға…
Сәу 04, 2024

Ұлт саулығына төнген қатер

Денсаулық – бірінші байлық. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, деннің сау болуына…
Сәу 04, 2024

Әлеуетті мекеннің өрісі кең

Ауданымыз жер көлемі мен ел көлемі бойынша алдыңғы қатарда екені белгілі. Соған сай…
Сәу 04, 2024

Сатираның сардары

«Адамгершілігі жоқ қоғамның сатиригі хайуандар туралы мысал жазады. Уот тәк!» – деп…
Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет