Қазіргі уақытта жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту – өте өзекті тақырыптардың бірі. Қандай жағдайларда нысаналы мақсатты өзгерту қажет? Егер сіз өз жер учаскеңізді басқа мақсатта пайдалансаңыз, бұл жағдайда оның нысаналы мақсатын өзгертуге тура келеді.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын қалай өзгертуге болады? Алдымен, қолданыстағы заңнаманы білу керек. Кейін қиын жағдайға тап болғаннан гөрі, барлық құжаттарды талапқа сай заңдастырған дұрыс. Мысалы, егер сізде жер учаскесінің нысаналы мақсатыжеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін болса, бірақ іс жүзінде сіз оны жатақхана немесе техникалық қызмет көрсету станциясы үшін және т.с.с. мақсатта қолдансаңыз, онда сіз ерте ме, кеш пе кемінде айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Ал заң шеңберінде мәселе жер учаскесін тартып алуға дейін баруы мүмкін.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін өтінішті дұрыс жіберуіңіз керек. Өтініште жер учаскесінің кадастрлық нөмірі, сіз сұраған жер учаскесінің нысаналы мақсаты, жер учаскесінің көлемі және жер учаскесіне мемлекеттік акттің деректері көрсетіледі.
Назар аударыңыз, егер сіз маңызды бір нәрсені көрсетуді ұмытып кетсеңіз, сіз үшін әкімдікте мұны ешкім жасамайды. Бұл жағдайда өтінім қараусыз қалдырылады немесе біріншісіне баламалы теріс қорытынды шығарылады. Демек, сіз бекер уақыт жоғалтасыз
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мемлекеттің міндеті емес, құқығы екенін білгеніңіз жөн. Әкімдік пен аумақтық органдар сіздің жер учаскеңіздің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігін бас жоспарда ескерілген немесе ескерілмегендігіне байланысты қарастырады. Егер мұндай мүмкіндік қарастырылмаған болса, не істесеңіз де, яки шағым жазсаңыз да, бәрі бекер. Елді мекеннің бас жоспары – бұл өте маңызды құжат, бүкіл аймақ соған сәйкес дамиды. Егер бас жоспарға егжей-тегжейлі жоспарлау мен әзірлеу жобасына байланысты сіз сұраған жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салынса, онда бұған ҚНжЕ, санитарлық нормалар тыйым салған деген сөз. Яғни сіз сұратып отырған нысаналы мақсат сәулеттік, экологиялық, өрт қауіпсіздігі және санитарлық талаптарды бұзу қаупін тудыруы мүмкін.
Егер, бас жоспарда сіздің учаскеңіздің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі ескерілген болса, сондай-ақ еш құқық бұзушылық болмайтын жағдайда, толық әрі дұрыс өтініш жолдасаңыз, сұранысыңызға оң шешім шығарылады.
Бұл қызметке заңды және жеке тұлға тапсырыс бере алады. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны электронды, ақысыз беріледі. Қызмет көрсету мерзімі – 13 жұмыс күні.
Өтініш беру үшін келесі құжаттар қажет. Заңды тұлғалар үшін:
- Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған, электрондық құжат нысанындағы өтiнiш (электронды түрде жасалады).
- Көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, деректердің және мәліметтердің Кодекстің 9-бабының 5-тармағында және 97-бабының 3-2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі (міндетті түрде)
Жеке тұлғалар үшін:
- Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған, электрондық құжат нысанындағы өтiнiш (электронды түрде жасалады) (міндетті түрде)(Мәліметтер нысаны)
- Көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, деректердің және мәліметтердің Кодекстің 9-бабының 5-тармағында және 97-бабының 3-2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі (міндетті түрде).
Қызмет алушының қашықтықтан қол жеткізу режимінде электрондық порталдағы «жеке кабинет», сондай-ақ бірыңғай байланыс орталығы арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Порталда мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары көрсетілген.
Ернар БАЙТАНОВ,
Ақши ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы