Дүйсенбі, 14 Қазан 2019 16:34

Ұлттық рух – ұлы құндылық

Ұлттық рух – ұлы құндылық фото с интернета

Адам онтологиясы мен гносеологиясында рухтың орны өте жоғары. Ал сол рухты қалай түсінуге болады? Рух термин ретінде кең мағынасында сана, психикалық іс-әрекеттің жоғарғы формасы ретінде көрінсе, тар мағынасында ойлау ұғымымен пара-пар түсінік. Иә, рух таза сана мен ұшқыр ойдың жемісі. Рухты көзбен көріп, қолмен ұстамасақ та, онсыз өмір сүру мүмкін емес екенін жақсы білеміз. Адам үшін ауа мен тамақ қаншалықты қажет болса, рух та соншалық маңызға ие. Мынау ғаламның дамуы мен гүлденуі, көркеюі мен толысуы, ең бастысы аман сақталып, бүгінге жетуі осы рух күшінің арқасында екеніне ешкім дау айта қоймас. Өйткені, адам баласының зор рухани күші болмағанда бүгінгі жетістіктерінің бірі де болмайтынын сенімді түрде кесіп айтуға болады.

Адамның жаратылысы жан мен тән және рух бірлігінен тұратынын жақсы білеміз. Деседе алғашқы екеуінің хайуанның бойында да болатынын ескеріңіз. Егер адамда рух пен сана болмағанда онда жер бетіндегі көп жануардың бірінен не айырмашылық? Адам рухының арқасында жан-жағын тануды, ойлануды, салыстыруды үйренеді. Соның әсерімен өзі өмір сүріп жатқан ортаны өз қалауынша өзгерте алатын күшке ие болады. Абай атамыз жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген», – деп адам рухының қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек.

Ғылымдардың ғылымы, даналықтың дариясы философия ілімін жаратқан ғұламалардың да рухқа ерекше назар аударғанын байқаймыз. Бұл жағынан Шығыс философтары көп еңбектенген әрі зор жетістіктерге жеткен. Батыс философтары нақты ғылымдар арқылы техникалық прогресс аясында табиғатты бағындыруды көздесе, Шығыс философтары табиғатпен үндесе отырып адамның ішкі рухани күшін дамытудың методикасын ұсынады. Сол себепті Шығыс халықтары материалдық мәдениеттен гөрі рухани мәдениетін байытуды құп көреді. Оның бәрі Шығыс халықтарының әдебиеті мен өнерінде кең көлемде көрініс тапқан. Ал біз Шығыс философиясының ықпалында көшпенділер өміріне сәйкестендіре отырып, өз рухани мәдениетімізді жасағанымыз тарихтан мәлім.

Сонау сақ пен ғұн, түркілік кезеңнен бас-тап, бергі ұлт болып ұйысқан дәуірімізге дейін таным-түсінігімізде ең алдымен рухани байлықтың еселене түскенін құп көретін халық болдық. Соның арқасында әлемді жаратқан бір жаратушыға сеніп, азғындық пен масқаралықтың, тексіздік пен пенделіктің шырмауына шатылып, тұзағына түспедік. Адамның қажымас қайраты мен нұрлы ақылы, таза санасы мен мейірімділікке толы сүйіспеншілігі, тастанда қатты беріктігі мен әлемді тануға деген қанағатсыз құмарлығы бәрі-бәрін рухын дамытудың жолдары деп білдік. Жоғары рухымыздың арқасында әлсізге қорған болып, күштіге бас имедік. Гректердің «300 спартандықтарын» он орайтын Орбұлақ шайқасы да осы өр рухымыздың көрінісі болатын. Одан бөлек жеті атаға толмай қыз алыспайтын тектілігіміз, жетімі мен жесірін қаңғытпайтын дарқандығымыз, керек кезінде астындағы атынан түсіп, өзгеге беретін жомарттығымыз, атасының құны болса да аталы сөзге тоқтайтын даналығымыз, ажал сағаты соқса да салтынан аттамайтын адалдығымыз да рухани байлықты ардақ тұтқандығымыздың дәлелі емес пе?!

Біз рухымызды асқақтату үшін ең алдымен Жаратушыға жақын болдық. Ежелден бір құдайға ғана сыйынатын тәңіршілдік дінімізді ислам дінімен синтездей отырып, өзімізге рухани иммунитет қалыптастырдық. Бабамыздан қалған даналыққа толы дәстүрлеріміз бен игі салттарымызды сақтап қалсақ та, ислам шеңберінен шықпадық. Соның арқасында бар әлемнің бас ауыруына айналған адасқан ағымдар мен секталардың жеміне айналмай, ұлттық тұтастығымызды қауіптен сақтадық. Діннің пайда болған Арабия өлкесі мен оқылған Мысыр, түсіндірілген Бұхар аумақтары діни радаикализмге ұрынып, надандықтың қараңғылығына батқанда, қазақ даласы ханафи мазһабы мен матруди ақидасынан басқа жолды білмей, діни алауыздыққа жол бермеді. Қазақ даласын ойрандауға келген талай мысық тілеулі миссионерлердің тауы шағылып, дегеніне жете алмады. Өйткені, рухтың бекемдігі мен қазақ арасындағы дін ғұламаларының қырағылығы бұған жол бере қойған жоқ. Осылайша рухани байлығымыздың арқасында сенім тұрғысынан біртұтас елге айналдық.

Біз рухымызды түлету үшін әділдікті жақтадық. Қазіргі әлемдік саясатта ауыз жаппай мақтайтын демократияны саясат пен қоғамда мінсіз іске асырдық. Дегенмен демократияны желеу ететін азғындық пен өзімбілермендікке жол бермедік. Ханға қасқая қарап, бидің бетіне айтатын ашық қоғам құрдық. Месопотамия мен Египет, Қытай мен Үндістан, Рим мен Ежелгі Грекиядағыдай немесе орта ғасырлардағы өзге мемлекеттер секілді билікті жеке адамның қолына шоғырландырып, жүйені диктатура мен тоталитаризмге айналдырмадық. Соның әсерінде көшпенділерде кездесетін өжеттілік пен туралық басқа елдерде сирек ұшырасатын еді. Олар үшін Жиембеттің Есім ханға, Бұхардың Абылай ханға айтатын сөздері тым түсініксіз болатын. Көшпенділер, яғни қазақ халқы үшін жағымпаздық пен жарамсақтану ең лас әрекет болып саналатын. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген мақалынан-ақ аталарымыздың намысын таптатқаннан гөрі өлімді абзал санайтынын көреміз. Бұл әділетті әрі демократиялы қоғамда ғана көрініс табатын ұлы құндылықтар.

Біз рухымызды байыту арқылы адамды бағалауды үйрендік. Яғни, адамды лауазымы мен байлығына, атағы мен мәртебесіне қарай емес, оның адамдық болмысына қарап бағаладық. Үйге қонақ келсе оның кім екенін білмесек те құрмет көрсетіп, барымызды алдына тостық. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген ұстаныммен адам баласына тең қарауды дәріптедік. Абай атамыздың «Адамды сүй, Алланың хикіметін сез» деуінен-ақ біраз жайды аңғаруға болатындай. Біз адам баласының ең алдымен адамгершілігін, білімділігін, даналығын құрметтейтін халықпыз. Деседе осы аталғандардың қазіргі қоғамда көрініс таппай жататыны қалай деген сұрақтың туындайтыны заңдылық.

Бұл сұраққа жауап беру үшін тағы да тарихқа жүгінуге тура келеді. Қазақтың рухының әлсіреп, танымының өзгеруіне, жігерінің мұқалып, салт-дәстүрінің күйреуіне ең бірінші отарлық жүйенің әсері мол. Өйткені, кез-келген отарлаушы ел өз боданының рухын төмендетіп, жігерін жасытуға барын салатыны анық. Бұл процестің біздің басымыздан да өткенін тарихымыздың әр тарауынан танып білесіз. Сонау патшалық Ресейден басталған отарлау саясатын кейінгі КСРО-да өте ұқыптылықпен іске асырды. Қазақтың сорпа бетіне шығар жақсыларының көзін жойып, қара қазақты қолдан жасалған ашаршылықпен жоқ етті. Одан кейін де қорқыныш пен үмітсіздіктің шырмауында ұстап, елдің рухын көтерер игі істерге жол бермеді. Бірақ тарихтың доңғалағы өзгеше айналып, қазаққа бостандықтың дәмін татудың сәті түсті. Алайда бодандықтың «сыйы» ретінде қазақ рухында үлкен жара болып қара қуыс қалып қойды. Тәуелсіздік алғаннан кейінде бос тұрған қара қуысқа небір азғындыққа бастайтын парықсыздық пен арсыздықтың дәні себілді.

Ең алдымен, жетпіс жылдық құдайсыз қоғамнан кейін дүр сілкінген Жаратушыға деген сенім мен ізденісіміз әлемді былықтыруды көздеген діни секталар мен ағымдардың лабораториясына айналды. Осылайша біріміз уаххабист, біріміз дағуатшы, біріміз баптист, біріміз иегова куәгерлері, біріміз кришна болып жақ-жаққа бөліндік. Екіншіден батыстың бұқаралық мәдениетінің ықпалымен демократияны сылтауратқан небір айтуға ауыз бармайтын теріс қылықтарға жол бердік. Даңғазалық пен мақтаншақтыққа, жағымпаздық пен жарамсақтануға үйір болдық. Үшіншіден, адамды рухани байлығымен емес, материалдық байлығымен бағаладық. Алдыға адамгершілікті емес, ақшаны оздырдық. Осылайша рухымызға түскен жарақат күннен күнге сыздап, іріңге айналғанын байқамай да қалдық. Осындай жағдайлардан соң бұрынғы өр рухымызды қалпына келтіріп, жаңа заманға сай рухани жаңғыруымыз тиіс болатын. Осы себептен өз жарасын жалап жазатын бөрілердей бізде жарақатымыздан айығудың амалын жасауға кірістік. Жарақатымыздың дәрісі ретінде мемлекеттік идеологиямызды сәулелендіріп, тапталған рухымызды көкке көтеретін әрі мемлекеттің одан арғы саясатын белгілейтін құжат қабылдауға тура келді. Ол құжат Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еді.

Иә, еліміздің гүлденіп, көркеюі мен дамуында, өзге елдермен терезесі тең болып, тарихқа тыңнан түрен салуында ең бірінші елдің рухы ескерілуі тиіс. Сондықтан бұл бастаманың көтерілуі дер шағында саяси көрегенділікпен қабылданған шешім болатын. Мұнда қамтылған бәсекелестік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен даму, сананың ашықтығы секілді факторлар бүгінгі заман талаптарына сай ұлттық мемлекет құрудың алғышарттары болмақ. Болашақта да тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін ең алдымен ұлттық рухымызды көтеруіміз керек. Сонда ғана іргесі шайқалмайтын мықты мемлекет боларымыз анық.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Оқылды 1885 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ұлттық рух – ұлы құндылық Ұлттық рух – ұлы құндылық »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет