Бейсенбі, 09 Тамыз 2018 12:33

Әліпби: әріп әлегі

Осыдан бес мың жыл бұрын адам баласы  жазу үлгісін тауып, ойы мен пікірін хатқа түсіру жүйесін жасаған  болатын. Сол кезден бастап әріп пен жазу адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ертедегі жазуларды бабалардың қолтаңбасы десек, бүгінгі күні олар құнды мұра ретінде мұражайларда сақтаулы. Қазақ ұлты да сан ғасырлар бойы бірнеше үлгіні қолданып келгені аян.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап қазақ лингвистері мен зиялы қауымының арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы сан түрлі пікірталастар    туындай бастады. Халықаралық деңгейде ойлайтын ойшылдарымыз бен ұлт жанашырлары латынға көшуді дәріптесе, кейбір зиялы қауым тарихтың бұл үрдісіне қарсылық білдірді. Алайда, анығы біреу: қазақ тілі міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Ал, бұған дейін «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деген болатын.

Қазіргі уақытта латын қарпін қолдану, ең алдымен заман талабы болып отыр. Сондықтан заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз керек. Латын әліпбиі бізге таңсық емес, себебі, ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал, латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Мысалы, «Үштұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру бағытында ағылшын тіліне көптеп назар аударылуда. Бұл идеяның үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз.

Негізі, латын жазуы қазаққа бейтаныс емес. Саяси маңыздылығы жағынан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның сая-си маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса жаратылыс ғылымдары жағында да қолданыста дәлдігі мен ептілігін дүние жүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді және бұл әліпби ақпараттық-технологиялар саласын дамытуға септігін тигізері сөзсіз. Қазір әлемде осы алфавитті қолданушылар өте көп. Біз көптілділік аясында жаппай дайындық жасап жатқан ағылшын тілі де осы алфавитті қолданады. Бүкіл ғаламторда осы әріп. Тіпті, жастарымыз да осы әріпті жазуға әуес. Оның үстіне, бұл біз үшін мүлдем жат нәрсе емес. Кезінде бұл қолданыста болған.

Латын әліпбиін қолдану озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді, шет елде жүрген қандастарымыз осы жазу арқылы қазақ жерінде болып жатқан барлық жаңалықтан хабардар болады деген ойлар да айтылып жүр.

Қазір қоғам да, адамдар да соған санасын үйрету керек. Бірақ, алып-қашпа әңгіме, дүрбелең туғызудың керегі жоқ. Ең бастысы, бұл – ел болашағы үшін жасалып жатқан нәрсе. Басқасын айтпағанда, түркі халықтарына ортақ әріп. Сонымен қатар, әріп қолданысы қазақ тілінің фонетикасына үйлесімдірек. Біз әлемдік ғылым мен технологияны, экономиканы игеру үшін ағылшын тілін үйреніп жатырмыз. Латын әліппесі сол тілді игеруге негіз, тиімді алғышарт болары сөзсіз. Халықаралық терминологияны алыңыз, медицина, басқа ғылымдар көбі латынша жазылады.

Бізден бір ой:

Қазір әліпбиді өзгерту керек немесе қажеті жоқ деген пікірталастан аттап кеттік. Оның қоғамдағы маңыздылығы да жоғалды. Себебі, Елбасы 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығы арқылы нүктесін қойды. Ендігі мәселе әріптердің таңбалануын тұрақтау. Осы ретте Елбасы: «Әліпби деген қатып-семіп қалған дүние емес, ол жол-жөнекей жөнделе, толықтырыла түседі. Сондықтан бұл мәселенің көпшіліктің талқысына түсуі заңды» деуі де қуантарлық жайт. Айтса айтқандай, еліміздің бұдан бұрын да үш рет әліпбиге ие болу барысындағы іс-тәжірибесінің бары баршаға аян. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газетінің 18 шілдедегі санында филология ғылымдарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақтың «Әліпби – жазуымыздың іргетасы» тақырыбында танымдық материалы жарияланды. Онда автор әріптердің таңбалануындағы орын алып отырған өзгерістерге өзіндік ойын білдіреді. Екі-үш мәрте қайтара оқып, өз тарапымыздан қолдау білдіргенді жөн санадық. Ендеше, профессордың сөзін келтірейік:

«...Бүгінгі таңда тарихи мәні зор бұл игі істің баянды негізі жасалып, жұртшылық қолына тиіп отыр. Ең негізгісі Республика Президентінің Жарлығы – басты заң. Ал талқылау барысында айтылып жатқан ұтқыр ұсыныстар мен талап-тілектер Үкімет комиссиясы тарапынан жан-жақты қарастырылып, әділ де шынайы шешімін табары сөзсіз. Жарлықта латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жалпы саны 32 болса, оның ішінде әңгімеге ерекше тиек болған ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і, һ сияқты төл әріптеріміз бен и, й, х, һ, ч,ш, ь, ю, я әріптері туралы пікірлер бар. Олардың баспасөз беттерінде жарияланғаны баршаға мәлім. Жаңа нұсқаның 11-бабы бойынша айтылған «Орыс тілінің дауысты «и» дыбысы мен қазақ тілінің дауыссыз «й» дыбысын бір таңбамен беруге болмайды. Сондықтан осы бапты алып тастау керек» деген ұсынысты байқадық. Дауыс-ты және дауыссыз дыбысты бір таңбамен беруге болмайтынын ғылыми тұрғыдан дәлелді деп қарар болсақ, 11-бапты алып тастаудың ешбір қисыны жоқ. Бұл жердегі негізгі мәселе латынша әріп беру ғой. Қазіргі әліпбиіміз бен жазуымызда екі и (яғни [й] және [и] болса, бұл екеуі латын әліпбиінде бір ғана жалаң «ı» әрпімен таңбаланып отыр. Оның бас әріппен жазылу нұсқасы нүктесіз «І» болса, кіші әріппен жазылу нұсқасы да нүктесіз «ı». Егер «и» әрпін жеке, «й» әрпін жеке таңбалағандай болсақ, екеуін де «і» әрпімен береміз ғой. Шынтуайтқа келгенде, тілімізде «й» дыбысынан басталатын шет тілдерден енген – Йемен, йог, йод, йодты, йот, йота деген алты ғана сөз болса, оның есесіне байырғы сөздеріміздің бас, орта, соңғы буындарында келіп, анық айтылатын жүздеген сөз бар. Мәселен, ай, жай, қой, сай, май, жайма, бейбіт, бейне, дайын, қайың, жайлау, қайыр, айдай, айқай, бабай, бақай, атай, апай, т.т. Ал «и» әрпімен басталып айтылатын және сөздердің бас, орта, соңғы буындарында келетін сөздер қаншама, тіптен 5-6 мыңға жуық. Олай болса, 11-бап сол қалпында, өзгеріссіз қалу керек. Құрамдарында ь,ч,щ, э, ю, я дыбыстары келетін терминдер мен жалпы есімдерді латын әрпімен таңбалауда көптеген қиындықтар туғызар жайттар аз емес. Бұл ретте қазақ тіліндегі латын әліпбиін қолдану барысында сингармонизм заңына сүйену арқылы жіңішкелік белгінің «ь» қажет еместігі туралы пікір орынды болғанымен, басқа да уәждер мен себеп-салдардың тиянақты қарастырылуы тиіс. Бұл ретте тіл маманы А.Әмірбекованың ой-пікірлері мен ұсыныстарының тиімді екені байқалады («Ана тілі». 5-11 шілде 2018 ж.). Қазіргі қолданыстағы Гг, Ғғ дыбыстары латын әліпбиіндегі Gg, Ǵǵ әріптерімен таңбаланып отыр. Оларды «Egemen Qazaqstan» газетіндегідей GG, ǴǴ дыбыстарымен таңбаласақ, жазу барысында да, қолдану кезінде де әрі жеңіл, әрі ыңғайлы болар еді. Әліпбидің жаңа редакциясының 17-бабында «ң» дыбысы Ńń әрпімен таңбаланған. Тілімізде «ң» әрпімен, яғни латынша беріліп отырған ń әрпімен басталатын сөз жоқ. Олай болса, ол ешқашан бас әріппен жазылмайды. Сондықтан оның баптағы Ń бас әріппен көрсетілуін алып тастау орынды болмақ. Қазіргі жазуымыздағы «Ұ» әрпін латын әліпбиінде «Uu» әрпімен беріп қолданысқа енгізу, жазу, қолдану да көптеген қиындықтар туғызады. 1950 жылдардың басына дейін ол ȳ таңбасымен берілген болатын. Ȳлы деген сөз сол кезде газетте улы тұлғасында жазылып кетіп, төбесіндегі дәйекше (-) түсіп қалған. Содан кейін оның орнына белдемше сызығы бар ұ әрпі қабылданылған. Сондықтан [ұ] әрпін ý, ал у әрпін латынша u әрпімен таңбаласақ айтуға да, жазуға да ыңғайлы әрі жеңіл болары сөзсіз. Ал ү әрпі ú әрпі арқылы таңбалануын сақтай береді. Жаңа редакцияда орыс тіліне тән [ч] дыбысы латын әліпбиінде «сһ» диграфымен таңбаланған. Оны бір ғана «с» дыбысымен, таңбамен беру қолайлы болатыны туралы пікірлерді біз де қолдаймыз. Қолданыстағы [ш] дыбысы латын әліпбиінде «sh» диграфы арқылы таңбаланған. Бұл тектес әріп ағылшын тілінде де бар. Алайда тілімізге жат бұл дыбыстың көптеген қиындыққа соқтыратын жақтары бар екен. Ол жайлы жазушы Т.Жексенбаев көптеген мысалдар келтіре отырып, орынды уәждер айтты. Мәселен, шашу шаш, дәрісхана, асхана, жегішшіл, көнгішшіл, бергішшіл сияқты сөздер латын әліпбиімен жазылғанда «shashý shash, dàrishana, ashana, jegishshil, kóngishshil, bergishshil» сияқты тұлғаларда келіп, қиындыққа соқтырады екен. Сондықтан [ш] дыбысын «sh» диграфымен емес, төбесіне ноқат-акутка қойған «Śś» әрпімен таңбалаған дұрыс болар еді» дейді» («Қ.Ә.» 9.03.2018). Бұл пікірді дұрыс та орынды айтылған уәж деп санаймыз. Қазіргі қазақ әліпбиінде бар, латын әліпбиінде таңбалануға тиісті болса да ескерусіз, сырт, тіптен ұмыт қалған [щ] дыбысы болып отыр. Бұл дыбыстың қатысуы арқылы жасалған байырғы сөздеріміз бен шет тілден енген сөздер бары көпке мәлім. Тіліміздегі ащы, тұщы сияқты сөздер мен сөз тіркестері, туынды сөздер, атаулар, тұрақты сөз тіркестері, кейбір терминдер аз емес. Мәселен, ащы, ащыла, ащылы, ащыот, ащытамыр, ащы-тұщы, тұщы, тұщыла, тұщылық, тұщытқыш, ащы айқай, ащы дауыс, ащы дәм, ащы тер, ащы тіл, тұзы ащы, т.т. сөздер мен сөз тіркестері көп-ақ. Осы «щ» дыбысын латын әліпбиінде Ș дыбысымен (құйрықты Ș) таңбалаудың жөні бар. Сонда ащы (așy), ащыла (așyla), ащытамыр (așytamyr), ащы тер (așy ter), тұщы (tușy), тұщылық (tușylyq), тұщытқыш (tușytqyś) болып айтылып та жазылар еді. Бұл «щ» дыбысын латын әліпбиіндегі «sh» дыбысымен таңбаласа да болар деген пікір бар. Әрбір дыбыстың өзіндік мәнге ие екенін ескерер болсақ, ashshy, tushshy деп берер болсақ, есікті ашшы, көзіңді ашшы дегенмен тең болады да нақты, анық дыбыстық мағына көрінбей қалады. Сондықтан қосарлы «щ»-ны білдіру үшін Ș таңбасымен беру өте қолайлы болары сөзсіз. Сонда așy, tușy болып, бұрынғы ащы, тұщы сөздерінің дыбыстық мәнін айқын білдіреді...».

 

Иә, өз заманында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыс-тарына мол жетсе, арналған дыбысқа дәл келсе, оқуға-жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманымыздағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы» деген еді (А.Б. Қаз. тіл. біл. мәсел. 2013, Б. 552). Ендеше, нақты шешім қабылдауда ұлы ғалымның бұл аталы ой-пікірі санамыздан сырғып кетпесе екен.

 

Баспаға әзірлеген

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Оқылды 1722 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Демеушілерге құрмет көрсетілді Әліпби: әріп әлегі »

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет