Бейсенбі, 30 Қараша 2017 15:32

Айтарымыз ақиқат

Тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен көтеріп, аз уақытта әлемге танытқан Көшбасшымыз-дың бұл ерлігіне өзге түгіл өзіміз де таңдана қараймыз. Тарихтың қилы бір кезеңдерінде елге Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшының табылуын халқымыздың бағы деп те түсінеміз. 1991 жылы 1 желтоқ-санда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат етті. Жауапкершілік жүгін арқалатты, Халық өздері таңдаған Елбасының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Зор сенімге елдің ұлы да селкеу түсірмеді.

Бәрі де есімізде. Сол жылдың, яғни 1991-дің 10 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлының Президент қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағ-дайында өтті. Президент ата-дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ел ағалары Дмитрий Снегин, Құддыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов Сарай төрінде бүкіл халық қолдаған Елбасыға ерекше сән-салтанатта шапан жапты.Президенттік айырым белгілерін тапсырды. Жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов бата берсе, көрнекті жазушы, публицист, Жоғарғы Кеңес депутаты Әбіш Кекілбаев ақжарма тілегін арнады.

Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесі-нен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көр-ген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабамның әруағына сүйенемін, – деп тебірене ағынан жарылды.

Тарихтың сол бір бұлтарысты кезеңінде қазақстандықтар өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білді. Өздері сенім артқан дана ұлдары дара жолға бастады. Халқы қостады. Бүгінде сол тарихи шешімге шүкіршілік айтады. Себебі, өркениетке сап түзеді қазақ дейтін байтағы.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақ-стан Республикасының мемле-кеттік тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданды. Екі күнге талқы-лауға созылған бұл Заңның төңірегінде де дау-дамай болмай қалған жоқ. Қазақ елінің өз бетімен тәуелсіз мемлекет бола алатындығына күмән келтірушілер де табылды. Көреалмастан сындырғысы келді сағыңды. Іріткішілдер бос-тан боп жүрген халық шаңырақ көтере алмайды деп те қағынды. Қайтерсіз...

Сол сәттен еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алды.

Елбасы өзіне сенім артқан халқына қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде берсе, орындады. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзімшілдігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұңғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын саясаткер және дара тұлға екендігін танытты. Арада бір ақиқатты айтайық, Н.Назарбаевтың Ұлт Көшбасшысы екендігін Парламент қабылдаған Конституция-лық Заңнан бұрын-ақ халықтың өзі мойындап та қойған болатын.

Елбасының «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасының алғы сөзінде Англияның 1979-1990 жылдары үкіметін басқарған және кезінде «Темір Леди» атанған Маргарет Тэтчер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақ-станның Көшбасшылық рөл атқарғандығын мойындады. Соған оң баға беріп:

Мемлекеттердің іргесін салған негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көш-басшылар өздеріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді даңғаза сынды да туындатуы мүмкін. Мәселенің мұндай мәнісі олардың мемлекеттің аса маңызды сәттерінде оның басшылығында тұруымен, осылайша оларға дейін бол-ғандарға немесе олардан кейін келетіндерге қарағанда әлдеқай-да танымал тұлға болуымен байланысты.

Президент Н.Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге қол жеткізді,– деп жазған еді.

Көшбасшымыз ә дегеннен халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің ше-шуін асығыстыққа салмады. Арандататын пікірлердің ығы мен ырқына жығылмады, әліптің соңын баға сабырмен, уақыттың талабына, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен әлем назарын аударды. Елбасы өзінің қол жеткізсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсаттарын әрдайым есінен шығармаумен бірге, оған жету үшін жалаң ұран көтеріп, жақсы атақ алуға қызықпады. Қандай мәселеде болсын қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді ғана түгел пайдаланды. Эволюциялық жолмен ілгері жылжи бергенді дұрыс санады. Дамудың қазақстандық жолын іздестірді, өзіндік бағытты тандады. Сол қазақстандық даму жолынан өзге даму жолдарының ешқайсысын да, тіпті бірде-бірін жоққа шығарған емес, керісінше өзге даму жолдарының қажеттісін алып, оны ұтымды пайдалана білді.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі кеңестік жүйенің жаппай ыдырауы мен идеологиялық бос кеңістік жағдайында Қазақстан да қауіпті бір жартастың жиегіне жақындап қалған еді. Бір сөзбен айтқанда кеңес үкіметі орнықтырған тұтас қоғам бөлініп-жарылудың аз-ақ алдында тұрды. Солшылдар, оңшылдар, неше түрлі ұлтшылдар – бәр-бәрі елдің қоғамдық және экономикалық құрылымының қандай болуы керектігі туралы айтысты, өз дәлелдерін жеткізуге тырысты. Бәрі де әлеуметтік, ұлттық, экономикалық әділеттіліктің қалпына келуін талап етті. Әрі өз айтқандарын ғана дұрыс санайтын. Тіпті олардың уәждері мен талап-тілектері де кәдімгідей иланымды естілетін. Дегенмен бәрі қосыла келгенде әбден шатысқан және кереғар түйінге айналатын, ол түйін барған сайын тарыла келіп, жас тәуелсіз мемлекетті тұншықтыру қаупін тудыратын. Қысқаша айтқанда бұл кезде саясат экономиканың алдына шығып кеткен еді.Осындай жағдайда Елбасы бәріне де сабырлықпен қарап әрбірінің сөзін де, бөзін де тауып қоғамның жалпы ыдырауының, саяси көзқарастардың бөлшектеніп кетуінің алдын ала білді. Елбасы сенімді экономикалық негіз болмайынша кез-келген үндеу – шақырулардың елдің тығырыққа тірелуіне ғана алып келетінін басқалардан тереңірек түсінді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жылдардағы ұстанған саясаты мен тиімді реформалары ғана елімізді болжап білуге болмайтын құрдымнан құтқарды.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуел-сіздіктің бетбұрысты кезең-дерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қайыспай қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өзі кезінде: – Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді, – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді.

Елбасы тәуелсіздіктің алғаш-қы кезеңінен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін мемлекет саясатының басты қағидаты ретінде белгіледі. Ұзақ жылдар бойы өз жерінде қағажу көрген қазақ ұлтының дамуы мен орыс және басқа да этностық топтардың құқықтарын сақтау саясаты ұлтаралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін орнықтырды.

Қазақстан Республи-касының Тұңғыш Прези-денті тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүргізе білді. Тіпті, қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Елбасының мұндай ұстанымы мен әрекетіне қарсы шыққандар да табылды. Әркім өзінше тон пішті. Салғырт, атүсті ойлап, саясатты сынады. Бірақ, Елбасы өзіне сенім артқан халқына сенді. Істеп жатқан ісінің бас сарапшысы деп тек халқын ғана таныды.

Сынға назар аудармаңдар! Егер біз табысқа жетер болсақ, халық бізге баға береді, сол кезде барлық сын бос сөз болып қалады да, біз үстем болып шығамыз. Табысқа сеніп жұмыс істейік, табыс сонда келеді, – деген Елбасының сөзі сол кезде серіктестерін жігерлендірді, қанаттандырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модерни-зациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н. Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған-ды. Қазақстан Президентінің бұл шешімі мейлінше күтпеген жәйт болды. Ел өтпелі кезеңнің ауыр жағдайларын бастан өткеріп жатты. Экономикалық дағдарыс та жан-жақтан қыспаққа алды. Дәл сол бір қиын-қыстау кездері астананы көшіру жөніндегі Елбасының бұл бастамасын батылдық пен батырлық демеске және де амалың жоқ. Тіпті, дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезе¬ңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбе¬гейлі батыл қадамға барған да емес.

Елбасының әлемдік деңгей-дегі қабілет-қарымына, саяси іс-қимылына, тиянақты шешіміне, құрдымға кете бастаған экономиканы алға жылжыту жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қарай ойластырылған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар өзінің тұңғыш Президентіне, тізгін ұстаған Көшбасшымызға әрқашан қолдау білдіріп келеді.

Айдын теңізге шыққан алып кеменің басқару тетігін өз қолына ұстаған Елбасы Н.Назарбаевтың санқилы мемлекеттік қызметі мен стратегиялық шешімдерін, салиқалы саясатын тәуелсіз еліміздің шежіресі деп атасақ та болады.

Қазір тәуелсіз қазақ елінің жаңа тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің көреген Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назар-баевтың 1991 жылы бүкіл халық-тық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасу-ға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, өзіндік дара жолы жатыр.

Батыстық саясаткерлер мен қайраткерлер де Қазақстанның бүгінгі табыстарын оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж.Айткен мырза «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» деген еңбегінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықпен таныстырудың, оның жетістіктерін жеткізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын осы бағытта жазады.

2017 жыл – Тәуелсіздік тарихының жиырма алты жылдығы. Бұл жыл аз ғана мерзімде қол жеткізілген табыстар мен жетістіктерді, ғасырлар тоғысында, мыңжылдықтар межесінде Еуразия құрлығының ортасында орын тепкен әлемнің мықты елдерімен бәсекелесе алатын деңгейге жеткен Қазақстан атты мемлекетті әлемге тағы да бір танытқан жыл болды. Әлем алдында халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізіп, саяси сахнадағы беделімізді арттыра түстік.

1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика ала-ңында өткен митингіде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: –Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін,–деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шындыққа айналғанын көріп отырмыз.

Түмен ойдың да түйіні бар.Қазақ елін Ұлы дала төсінде түлеткен, көгорай белдей көк-тетіп, ен даласын гүл еткен Елбасы жайлы, оның тәуелсіздік жолындағы толағай еңбектері жайлы том-том кітап жазуға, түнді түнге жалғап айтуға болады. Дегенмен, аз сөз алтын. Әрі елін сүйген Елбасының ерен еңбегін жылдар жылжыған сайын ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр. Ұғынған жанға Тәуелсіздіктен ұлы ұғым бар ма? Ал сол ұлы ұғымды ту етіп, ұлтты ұлы мұратқа ұйыстырған Ұлдың еңбегін бағалай білу – әрбіріміздің міндетіміз.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Оқылды 1336 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет