Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 20 Мамыр 2019
Дүйсенбі, 20 Мамыр 2019 11:38

Атымды қазақ қойған соң...

Қазақ тілінің бір игерілмей де жүйеленбей келе жатқан саласы – кісі аттары, әкесінің аты мен шыққан тегі. Әсіресе, адамның қазақтың тегін жазуға келгенде әрізді жолмен жүріп, ат иесін, есім егесін әлекке салып қоямыз. «Тірі» мысалдар қажет болса, өтпелі кезеңде болған күлетін емес, күйінетін іске куә болып, араласуға осы істің шешімін табуға қол ұшын беруге тура келгенін жиырма жыл бұрын жазсам да қайта жазуға тура келіп тұрғанының себебі – сол жағдай тағы қайталанғандықтан. Сөз ретімен айтсам, алыс ауылдан келген ақ сақалды адамның алдыма келіп айтқан «Тегім - пәмелиям бұрмаланып тұр, түзетуге көмектес» деген арызы еді. Ол ақсақалдың тегі Сыдықбеков, әлде Сыдықбаев болар. Атын жазып, ол кісі тірі болса тағы да намысына тиіп қорламайын. Кеңес кезінде орыс шенеунік, әлде орыс тілді өзіміздің қазақ бауырымыз фамилиядағы «ы» әрпін «и» деп жазып берген. Бүгінгінің қызметкері «и» әрпін қазақшалағанда «і» болады деп өзінше топшылап кіші дәреттен бөлінетін сұйықтыққа айналдырып жіберген. Япырмау деймін-ау орыс алфавитінде бар «ы» әрпін аяды ма деймін сол алғашқы бүлдіргіш Кеңестік кеңсе қызметкері. Жуырда теледидардан Сидикова деген әйелдің фамилиясын көзім шалды. Енді бұл азаматшаның тегін қазақшалағанда «и»-дің орнына «ы» әрпін қойса екен деп тілейік.

Менің жақын туысқаным, замандасым Бекболаттың метрика - туу туралы куәлігіндегі тегі Ботақанов еді. 16 жасқа толып, төлқұжат алуға барған ауыл баласы Бекболатқа «Что такое «ботақан»? Нет у казахов такого слова!» деп фамилиясын Потока деп жазып беріпті ЗАГС (сол кездегі АХАЖ) қызметкері. Осы тегімен өмірден өтті Бекболат бауырым.

Көкшетаудағы туған жиен немереме әкесінің атын Русланқызы деп жазуға қарсылық көрсетіп, Руслановна деп орысшалапты ол қаладағы лауазымды қызметкер. Тағы да таңғалуға тура келді - түркі тектес әзірбайжандар Мирзаоғлы, тағы басқа «оғлылар» болып жазылып жатқанда, біздің қазақтың ұл-қызы «ұлы», «қызы» деген әкесінің атын айғақтайтын қосымшаға зар болғаны ма деп күйінесің.

Заңға бағынған халықпыз – біз қазақтар. Аты-жөнімізді, шыққан тегіміз бен әкеміздің атын,  ер адам немесе әйел жынысты екенімізді анықтайтын «ұлы», «қызы» деген сөздерді тайға таңба басқандай етіп жазып, сол шала сауаттылардың көз алдына іліп қою, тіпті сол құжаттандыру бағытындағы қызметкерлерді оқытып, емтиханнан - сынақтан өткізіп барып қызметке қабылдау да қолымыздан келмегені ме?

Мәселенің үлкені цифрландыру дәуіріндегі электрондық үкіметтің базасындағы (ақпараттық қор) тұрғындарымыздың аты-жөні орысша ыңғайдағы әріптермен жазбасаң, ешбір ақпарат, ешбір анықтама ала алмайсың. Салық, айыппұл тағы басқа төлемдер төлей алмайсың. Өзгенің басын ауырпай-ақ өз аты-жөнімнен мысал келтіре кетейін. Төлқұжаттағы атымды орысшалап 16 жасқа толғанда берілген кеңестік паспорт - төлқұжатта Хайрулла деп» Қ» - ның орнына «Х»  әрпін қойып, «о»-ның орнына «у» қойып берген күйімен орысшалап келе жатқан күйіміз бар. Күн сайын ондаған ақпарат қағазбен де, электронды поштамен де келіп жатады. Бәрі де орысша транскрипциямен қол қойып, тегі жазылған авторлардың аты-жөні. Қағазбаев болса, Кагазбаев деп төлқұжаттағы нұсқасымен береміз. Өйткені егер редакцияға түскен хат сыни мазмұнда болса мысалы, сол күйінде береміз. Егер тексеру-тергеу деген мәселе қозғалса, төлқұжаттағы әріптен бір әріп өзгеше болса заң бойынша автор ма, басқа ма терістеме беруді талап етуге құқылы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, аты-жөнімізді, ата-тегімізді жазуды бір ізге түсіріп заңдастыруды қолға алмасақ тұрғындарымызды алуан түрлі әлекке салып қоярымыз анық.

Хайрулла (куәлікте осылай жазылған)

Ахметжанов (қазақша да,

орысша да осылай бірдей жазылады – бұған да тәуба).

Published in Мақалалар

Билікті би де, құл да айтады, бірақ бидің аузы дуалы». Осы сөздерді Марат Бәйділдаұлы Тоқашбаевтың атына тікелей арнауға болады. Көсемсөз шебері, білім саласына еңбегі сіңген ұстаз, жазушы-журналист Марат Тоқашбаевтың өмір жолы, кәсіби мамандығы мен жеткен жетістіктері туралы ресми анықтамада бүгінгі күннің өте жедел де өте кең тараған он мыңдаған оқырмандары бар әлеуметтік желілердегі еңбегі, ондағы ойып тұрып алған орны үстіртін ғана аталған екен. Өйткені өзін блогер атаған әлеуметтік желілер авторларының ақпарат аумағындағы орны анықталып та үлгермесе де қоғамдағы маңызы дәстүрлі ақпарат құралдарынан да биіктей түсуде. Осы тұрғыдан алғанда Марат Бәйділдаұлы – блогердің парақшасы әлеуметтік желілерді пайдаланушы көзі қарақты оқырманға өте белгілі десек қателеспейміз. Саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салалардағы болып жатқан оқиға – өзгерістерге Марат Тоқашбаев бірден өз көзқарасын, өз пікірін білдіріп, жедел жазып отырады. Бұл ретте жоғарыда келтірілген тәмсілді сәл ғана өзгертіп «Билікті би де құл да айтады, бірақ құлдың аузының дуасы жоқ» дер едім. Өйткені, сол жаңалықтарға селт етіп, пікірлері, ұсыныстары бар жүздеген, кейде мыңдап саналатын жазбалар – посттар даңғырлаған бос шелектей жүрекке де миға да әсері болмай жатады. Осы ретте, кәнігі блогер дейікші, Марат Бәйділдаұлының жедел ақпаратын іздейтініміз шындық. Тіпті, орыс үлгісіндегі «ов»-пен аяқталатын тегін де өз оқырмандарының өтінішімен өзгертіп, Бәйділдаұлы  деп қол қоятын болды желідегі постарына.

Шынымды айтсам, журналист-жазушы Марат Тоқашбаевты бұдан бұрындары «Елімнің ерен жандары», «Қаңлы Қараш би», тағы басқа кітаптары мен «Президент және халық» газеті арқылы ғана танушы едім. Кейінірек Марат Бәйділдаұлының жан-жақтылығын, тереңдігін әлеуметтік желілердегі жоғары деңгейдегі қысқа да нұсқа тұжырымдары арқылы, өткір пікірлері мен өтімді ұсыныстары арқылы таныдым.

Бүгінгі күні өмірдің сан-салалы, соқтықпалы-соқпақты  жолдарымен желе-жортып жетпіс деген жотаға шығып алған Марат Тоқашбаев

көсемсөзші-публицистің, Марат Бәйділдаұлы білікті блогердің, кезінде бірнеше ақпарат құрал-дарын құрған, ұстаздықпен де айналысып  профессор, академик дәрежелеріне жеткен Марат Байділдаұлы Тоқашбаевтың өмір жолын, еңбек жолын айғақтайтын ресми ақпаратқа жол берейін.

Тоқашбаев Марат Бәйділдәұлы 1949 жылы 18 мамырда Алматы облысының Шелек өңірінде туып өскен. Мамандығы – журналист. 1975 жылы Қазақ мем-лекеттік университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық баспасөз қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтын бітірген.

Тоқашбаев М.Б. қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерінің бірі. Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қайраткері. Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі. Сондай-ақ, Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Д.Қонаев атындағы университеттің профессоры, Алматы облысы мен Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы. Қазақстан академиктері белгілеген «¥лт патриоты» атағының иегері. 2016 жылы Фейсбук әлеуметтік желісінде «Жылдың үздік журналисі» атанған. 2017 жылы «Қамшы» сайтының интернеттік пікіртерімі нәтижесінде есімі «Алашорданың 100 ізбасары» тізбесіне енгізілген.

Тоқашбаев   М.Б. сондай-ақ    Қазақ   Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының президенті. Қазақстан Жазушылар ода-ғының басқарма мүшесі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақылдастар алқасының мүшесі, Қазақстан кажылары қауымдастығының басқарма мүшесі. Қазақстан журналистер академиясының «Алтын    Жұлдыз» сыйлығының лауреаты. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты. «Астана» медалінің, Астананың 10 жылдығы медалінің иегері. Елбасының үш рет Алғыс хатына ие болған. Биыл 2019 жылы қаламгердің журналистік-публицистік қызметіне 50 жыл толмақ.

Тоқашбаев М.Б. 1956 жылы Шелек ауданындағы Малыбай орта мектебінің бірінші класына оқуға барды. 1966 жылы Шелек селосындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, осы ауданның «Горный овцевод» кеңшарында шопанның көмекшісі болып істеді. 1967-1969 жылдары Асы-Саға сегізжылдық мектебінде мұғалім, Қаратұрық сегізжылдық мектеп-интернатында тәрбиеші, мұғалімдік қызметтер атқарды.

1969 жылдан 1982 жылға дейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары болды. 1982-1989 жылдары республикалық «Білім және еңбек» журналында бөлім меңгерушісі, 1990-1994 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарды.

1994 жылы ҚР Әділет министрлігінің шақыруымен «Заң газетін» құрып, 1997 жылға дейін оның алғашқы бас редакторы болды. 1997 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынуымен «Қазақстан-1» ұлттық телеарнасының «Ақшам» ақпарат бағдарламасының бас редакторы болып тағайындалды. Сол тұста Қазақстан елордасын Ақмолаға көшіруге байланысты науқанды ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етуге атсалысты. 1999 жылдан «Қазақстан-1» телеарнасының Бас директоры болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына, Ирландияға, Ұлыбританияға, Түркияға сапарларынан репортаждар берді.

Осы жылдарда өзі басқаратын «Қазақстан» телеарнасынан «Сәлем, XXI ғасыр!», «Жиырмасыншы ғасырдың 20 сәті», «Жұмадағы жүздесу», «Истоки», «Адам және заң», «Таңшолпан», «Қадыр түні» сияқты жұртқа танымал телевизиялық жобаларды жүзеге асырды. Қазақстан кіндігінің Сарыарқа төсіне ауысуына байланысты оқиғалардың ортасында болды, ¥лттық телеарна жаңалықтарының Ақмоладан шығуына атсалысты.

1999 жылы Қазақ журналистерінен тұңғыш рет қажылық кезінде Арафат тауы-нан репортаж жүргізді.

2002 жылдан халықаралық «Қазақ-стан-ЗАМАН» газетін басқарды. Сол басы-лымның жанынан шығарылған балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының алғашқы бас редакторы қызметін қоса атқарды.

2005 жылдан «Президент және Халық» газетінің бас редакторы әрі басылымның құрылтайшысы болып табылатын «Астана Медиа Пресс» компаниясының бас директоры. «Астана Медиа Пресс» баспасы мен «Астана Медиа Пресс» ақпарат агенттігінің, «Қазақстан патриоты» журналының жұмыстарына жетекшілік етеді. 2007 жылдан бері Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының президенті. 2016 жылдан бері Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңестің Төрағасы.

Марат Тоқашбаев өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Қазақстан Жазушылар одағының жанынан құрылған Мектеп кеңесінің төрағасы Шона Смаханұлының орынбасары ретінде республика бойынша қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу ісімен айналысты. Тек бір Алматының өзінен 23 қазақ мектебін ашуға атсалысты.

Марат Тоқашбаев көрнекті тіл жанашыры. Кезінде «Қазақ тілі» қоғамын құрушылардың бірі болды. «Заң газетін» басқарған жылдарда көптеген құқықтық терминдерді аударуға және қалыптастыруға белсене атсалысқан. Қазақстан Конституциясының баламалы нұсқаларын қазақ тіліне аударды. Қазір ел ішіне кең тараған «Ақорда», «Елтаңба», «Әнұран», «Елорда» сөздерінің авторы.Әлемнің елуге жуық елдерінде түрлі іссапарларда болған.

2015 жылы қараша айында Парижде ЮНЕСКО мінберінен «Қазақ жазуы - қазақ мәдениетінің айнасы» деген тақырыпта, 2018 жылы желтоқсан айында АҚШ-тың Нью-Иорк қаласында «Жаһандану дәуіріндегі мәдениет пен әдебиеттің рөлі» халықаралық форумында «Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ықпалдасудағы рөлі» деген тақырыпта баяндамалар жасады.

Марат Тоқашбаев он төрт кітаптың авторы. Оның қаламынан туған дүниелер Қазақстан тәуелсіздігі мен еліміздің қоғамдық саяси өмірі, демократиялық жаңарулар, ұлттық әдет-ғұрыптар мен отбасылық құндылықтарды насихаттау тақырыптарына арналған. «Жаңбырлы түн», «Қос көлеңке» сияқты көркем әңгімелер жинағы, «Адамгершіліктің қара-пайым қағидалары», «Ерлі-зайыптылық ережесі», «Кәсіпкерлік құпиялары», «Ба-қыттың кілті» (жұбайы Раушан Каршаловамен бірге) сияқты танымдық кітаптары, «Дәуір дүрсілі», «Жеңіс қайғысы», «Тәуелсіздік - тынысым» «Елімнің ерен жандары», «Қаңлы Қараш би», «Жан-Дауыс» сияқты қоғамдық-саяси, публицистикалык кітаптары жарық көрген. Мыңнан астам мақалалардың авторы. Жұбайы Раушан Каршалова да қаламгер – «Қазақстан патриоты» журналының бас редакторы екенін айта кету абзал.

«Атың барда желіп жүріп жер таны» деген қол жайып бата бергендей мәні бар сөздермен аяқтағым келеді Марат Бәйділдаұлына арналған ғұмырнамалық мақаланы. Атың астыңдағы кроссовер автокөлігің ғана емес, аэропорттағы ұшақтар мен вокзалдағы жүрдек пойыздар болса, «ат» сөзінің екінші мағынасы есімің барда «еңку-еңку жер шалып» еліңді таны, елдерді таны, Марат бауырым! Өзімізге, елге, қоғамымызға таныта бер сол сапарлардан алған әсерлеріңді, терең де ұлағатты, үлгі аларлық сараптамаларыңды. Өмір деген сапарың ұзақ та, оң болсын!

  

Хайролла АХМЕТЖАНОВ,

«Еңбекшіқазақ» апталығының,

mezet.kz желілік басылымының

бас редакторы,

ҚР Құрметті журналисі,

Қазақстан журналистикасының қайраткері,

Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

 

Published in Мақалалар

Күнтiзбе

« Мамыр 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет