Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 30 Қазан 2019

 

Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) мақсат-міндеті – жағдайы төмен отбасыларды қамқорлыққа алу, мемлекет жылулығын сездіру еді. Әйткенмен, қоржынындағы қаражаты мен қорасындағы малын жасырып-жауып, тегін ақшаны алуға әрекет қылғандар да жетерлік болды. Оны қоғам арасындағы түрлі алып-қашпа әңгімелер айғақтап отыр. Ендеше сандарды сөйлетейік, небәрі бір ай ішінде ауданның өзінде 985 отбасы әлеуметтік көмектен қағылды. Аудан әкімінің орынбасары Дәулет Нұрғисановтың төрағалығымен әлеуметтік көмек алып жатқан жанұяларды тексеру барысында аталған отбасылардың материалдық жағдайы көңіл толарлық екені анықталған. Салдарынан енді олар мемлекетке алған қаражаттарын қайтаруы тиіс. Осынау сан-қилы кедергілер орын алғаннан кейін енді жаңа жылдан бас тап АӘК шарттары өзгереді. Нендей өзгеріс? Осы және өзге сұрақтар бойын-ша комиссия мүшесі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдыгүл Оспанәліқызы Айсинамен сұхбаттастық.

– Құрметті Қалдыгүл Оспан-әліқызы, қыркүйек айынан бері 985 отбасының мемлекет көмегінен қағылған себебі неде?

– Сұрағыңыз өте орынды. Күніне кемінде 50-60 адам бізге осы сұрақпен хабарласады және келіп-кетіп жатады. Ол жанұялардың АӘК-гі ҚР 2001 жылғы 17 шілдедегі №246 заңының 7 бабына сәйкес тоқтатылды. Онда «Алушы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақытылы хабарламаған кезде көмектің мөлшері көрсетілген мән-жайлар туындаған сәттен бастап қайта есептеледі, бірақ ол тағайындалған күннен ерте есептелмейді, ал өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындауға әкеп соқтырған жалған мәліметтер бергені анықталған жағдайда адамға (отбасына) атаулы әлеуметтік көмекті ол тағайындалған кезеңге төлеу тоқтатылады. Артық төленген сомалар өз еркімен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға жатады» делінген. Біз рейд барысында жоғарыда аталған жалған мәліметтерді байқадық. Мәселен, мүлкін (үй-жайын, кәсібін) жасырғандар және сол мекен-жайда тұрмайтындығы анықталды. Қазір аудан бойынша 7882 отбасы АӘК алады. Айта кетерлігі, бұл рейд жұмыстары әлі де жалғасады.

– Ендігі жылы өзгеріс қандай болмақ?

– 2018 жылы АӘК жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға осы мұқтаждық шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айырмасы ретінде отбасының әр мүшесіне төленді.

2019 жылы – мұқтаждық шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-на дейін көтерілді. Осыған орай, АӘК алуға 20 789 теңгеден төмен жан басына шаққандағы табысы бар отбасылар құқылы. Әйткенмен, АӘК балалы отбасыларға төленетін жалғыз көмек емес. Балалы отбасыларға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың әртүрлі түрлерін төлеу үшін 2019 жылға республикалық бюджеттен 4985,4 млн. теңге қарастырылды.

– Қандай әлеуметтік төлемдер төленеді? Нақтылап берсеңіз?

– Мәселен, төрт баладан жоғары көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Айталық, төрт балаға 42,500 теңге, 5 балаға 53125 теңге, 6 балаға 63,750 теңге, ал 7 баладан жоғары 73375 теңге. Мұның бәрі көпбалалы отбасыларға мемлекеттік қолдау. Бұдан өзге бір жасқа дейінгі сәбилерге төленетін көмектер бәрі де сол қалпы.

– Кедейлік шегінде тұрған отбасылар АӘК және жоғарыда атаған мемлекеттік жәрдемақыны алуға құқылы ма?

– Әрине, тиесілі құжаттарын тапсырған жағдайда құқылы. Сондай-ақ, АӘК алатын отбасы балаларына мектепке дейінгі бүлдіршін болса (1-6 жас) балалар тағамы, гигиеналық заттар мемлекет тарапынан беріледі. Ал мектеп қабырғасындағы аз қамтылған отбасыларға мектеп формасы, кітаптары, ыстық тамақ және жолақысы мемлекет тарапынан төленеді.

– Әлеуметтік көмек алу үшін қойылатын талаптардан өзгеріс бар ма?

– Ең басты шарттардың бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Мемлекеттің басты мақсаты – шынайы мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету. Ол үшін тек АӘК беріп қана қоймайды, аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталатын «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының потенциалын максималды қолданамыз.

Біз оларға бос жұмыс орындарға, мемлекетпен субсидияланатын жұмыс орындарға жұмысқа орналасуды, өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен микро кредит және қайтарымсыз гранттар алуды ұсынамыз.

Бұл тұрғыда, көп балалы отбасыларды шағын және кіші, соның ішінде үйде бизнеске тарту құралдарын ендіру бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енді. Нақтыласам, микрокредит мерзімі 7 жылға дейін ұлғайды, тұрып жатқан жеріне қарамастан (қала / ауыл) берілетін микрокредит соммасы бойынша шектеулер алынып тасталды.

Бұның барлығы отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда АӘК тек оған ғана емес, бүкіл отбасыға тоқтатылады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Published in Ресми
Сәрсенбі, 30 Қазан 2019 11:56

ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ ҚИЛЫ ТАРИХЫ

Еуразия континентін дүр сілкіндіріп, адамзат тарихының өзгеше өрбуіне ерекше әсер еткен көшпенділер даңқы ежелгі дәуірлер қойнауынан жаңғырып жеткендей. Әсіресе сахараны шаңдата жүйткіген тұлпарларының тұяқ дүбірі құлағыңнан кетпейді. Иә, сәйгүліктер сол даңқты бабаларымыздың айырылмас серігі болатын. Жылқы малы мінсе көлігі, жесе тамағы, ішсе сусыны, кисе киімі ретінде халық тіршілігі мен ел экономикасының да негізі еді. Көшпенділерді жылқысыз елестету садақты жебесіз атқанмен бірдей екені түсінікті. Жылқы тек төрт түліктің бірі ретінде ғана емес, көшпенділер тіршілігінің тірегіне айналған соң, оның салт-дәстүрі мен өмірлік философиясынан көрініс таппауы мүмкін емес. Бүгінде ғылым мен техниканың дәуірі жүріп, жылқының маңызы бұрынғыдай болмаса да, жылқы десе ішкен асымызды жерге қойып, елегізе елітіп отыратынымыз соның айғағы болса керек.

Біз, әдетте, өзімізді «жылқы мінездес халықпыз» деп мақтанатынымыз бар. Бала кезімізде де аналарымыз «құлыншағым» деп еркелетсе, құлдыраңдай шауып, мәз болатын кезіміз есіңізде болар. Арғы аталарымыз да ат жалын тартып азамат болғаннан бастап, ана дүниеге аттанғанша аттан түскен жоқ. Сонау Эллададан бастап, қиырдағы Египетке дейін кентаврлар туралы аңыз қалдырды. Достарына құшағын айқара ашып, қастарымен ат құйрығын кесісті. Ал қателессе, ат-шапан айыбын төледі, еліне қауіп төнгенде, «аттандап» жауға шапты. Осылайша, жылқы тек көлік ретінде ғана емес, философиясы мен мәдениетінен, тілі мен қисса-дастандарынан орын теуіп, халқымыздың бөлінбес рухани дүниесіне айналды. Әйтеуір, аталарымыз жылқы малына атүсті қараған жоқ. «Тегіміз түркі, көлігіміз жылқы» деп оны басқа түліктен артық санады. Кешегі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да жылқы малын қазақтың брендіне айналдыруды сөз еткен болатын. Иә, өте құптарлық іс. Кешегі бабаларымызға төл тарихымызды бірге жасасып, даңқымызды әлемге жайған жылқы түлігінің еңбегі мен атқарған рөлін жоққа шығара алмасымыз айдан анық. Керісінше, оларға қарыздар екенімізді мойындауымыз керек.

 

Жылқы қашан пайда болған?

 

Ғалымдардың сөзіне сенсек, жылқының пайда болу тарихы осыдан 65 миллион жыл бұрын басталған екен. Ол кезде қазіргі кездегідей биік те сымбатты болмаса керек. Яғни, арқасы бүкір, құйрығы ұзын, көлемі қанден ит сияқты бір түрлі жануар болған деседі. Ол жануарды ғылымда «эохипус» немесе «хирокетрия» деп те атайды. Бұл хайуанның алдыңғы қолында төрт сау­сағы, артқы тұяқтарында үш саусағы болып, бұталар мен жас ағаштардың жапырақтарымен қоректеніпті.

 

Ал 25 миллион жыл бұрын климаттың өзгеріп, ағашты ормандар мен бұталы алқаптар, ұзын шөпті шалғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер бетінің кебе бастағаны мәлім. Осы құбылыстан кейін таутасты далалардың пайда болуына орай, эволюция заңдылығына сәйкес жылқының арғы тегі де өзгеріпті-мыс. Осылайша, тұрқы пониге, бас сүйегі мен тісі қазіргі жылқыға ұқсас басқа тіршілік иесіне айналыпты. Бұрынғы жұмсақ айыр тұяқтары қатты тұяққа өзгеріп, енді секіріп, жылдам жүруіне жағдай туыпты. Арада 13 миллион жыл өткеннен соң (12 миллион жыл бұрын) дене тұрқы киіктей, үш айыр тұяқты, жылдам шауып жүретін гиппарион деген жаңа жануарға айналса керек. Уақыт өткен сайын жылқы тұрпаты да сатылап өзгеріп, бүгінгі түріне еніпті. Рас-өтірігін кім білсін, қазіргі ғылым осылай деп болжам айтады. Деседе, жылқының жаңа тарихы оны адамдардың қолға үйретілуінен кейін басталды.

 

Жылқыны ботайлықтар қолға үйреткен

 

Бертінге дейін тарихшылар жылқы алғаш рет Еуропа жерінде қолға үйретілген деп санап келген. Тек Ботай мәдениеті ашылғаннан кейін жылқының алғаш рет Солтүстік Қазақстанның аумағында қолға үйретілгені ғылыми түрде дәлелденді. Ботайлықтар тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, қымыз ашытуды да тұңғыш ойлап тапқан. Олардың қымыз ашыта білгендігінің дәлелі табылған қыш ыдыстың қабырғасындағы май қышқылдарының дағымен байланысты.

Ал ыдыс қабырғасындағы дақтар бие сүтінің ізі екені анықталған. Американ археологы Дэвид Энтони2007 жылы жарық көрген «Жылқы, дөңгелек және тілдер» атты кітабында бұл аймақтағы жылқының қолға үйретілу мезгілі шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жыл деп жазады. Яғни, жылқының қолға үйретілгеніне шамамен кем дегенде 4500 жыл болды деген сөз. Ботай мәдениетін зерттеушілер тұрақтың 6 мың жыл бұрын құрылғанын айтады. Мыңжылдықтармен есептесек, екі болжам бір-біріне өте жақын. Жылқының қолға үйретілуі – адамзаттың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, сонымен қоса әлем тарихындағы мәдени революция болғаны анық. Бұл туралы әлемге танымал ғалым Сандра Олсен: «Менің ойымша, жылқының қолға үйретілуі – адамзат тарихындағы ең шешуші оқиға болған. Александр Македонский мен Шыңғыс ханды қоса алғанда, барлық ұлы империялардың негізін қа­лаушылар жылқысыз ештеңе істей алмас еді», – деп, адам баласы үшін жылқының маңызы қандай болғанын айшықтай түседі. Жылқытанушы қазақ ғалымдары болса, жылқы түлігі ақпарат алмасуды тездетіп, өркениеттің пайда болуына әрі ғаламдық тарихтың бір-бірімен байланыс орнатуына айрықша ықпал еткен деп тұжырымдайды. Қазақ даласындағы жылқының тарихы арий кезеңінде жаңа бір сатыға көтерілді.

 

 

 

Кентаврлар… олар кімдер?

 

Арийлер жылқыны ерекше қастерлеп, шексіз құрмет көрсеткен. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болған деп санайды. Олар: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түркіменстанның ақалтеке жылқысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар жоғары бағаланған. Әлемде алғаш болып екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Оның ескерткіштерін қазақ даласындағы жартасқа салынған суреттерден көруге болады.

Келесі сақтар кезеңінде де жылқының рөлі арта түспесе кеміген жоқ. Дала төсінде үйір-үйір жылқы өргізіп, соның арқасында атағынан ат үркіп, қаһарынан дұшпанының тізесі дірілдейтін атты кавалерия құра білді. Бала-шағасынан бастап, тіптен әйелдерге дейін ат құлағында ойнауды игерді. Сонымен бірге, Геродот жазбаларында сақтардың аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізіп, жүгендері мен шылбырларына дейін алтынмен әшекейлегені айтылады. Яғни, жылқыны адамнан кем көрмей, өздерін қаншалық сәндесе, аттарын да соншалық дәрежеде әсемдеп отырғанын байқаймыз. «Алтын адам» – соның бір ғана мысалы. Тіптен, сақтардың патшалары мен қолбасшылары өздерінің бас киімдерімен бірге мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі таққаны туралы деректер бар. Мұндай мүйізге ұқсайтын белгілерді «жыға» деп атаған. Өзіңіз кинодан жиі көретін мүйізді жылқылардың қайдан шыққанын енді түсінген боларсыз. Мүйізді тұлпарлар өзіміздің Елтаңбамызда да бейнеленген.

Ал ғұн кезеңінде осы жылқының арқасында бір шеті Қытайдың Сары өзенінен сонау Балқан тау­ларына дейінгі ұланғайыр аумақты иемденіп, ұлы империя құруларына мүмкіндіктері болды. «Мәңгілік империя» саналған Римнің өзі ғұндардың алдында қауқарлы болмай шықты. Еділ бастаған ғұн жауынгерлерінен тас-талқаны шығып жеңіліп, ақыр соңында тарих саханасынан келмеске кетті. Ең қызығы, тарихшылардың айтуынша, римдіктердің жеңілуіне ғұндардың технологиясының мықтылығы әсер еткен. Мұндағы мықты технология ғұндардың атты жауынгерлерінің ержүректігі мен әскери қару-жарағында емес, ат әбзелдерінде екен. Нақтырақ айтқанда, олардың ерлерінде үзеңгісі болған. Үзеңгісі жоқ Рим атты әскерлері жай соққының өзінен атынан аунап түсіп, сайыс үстінде дәрменсіздік көрсеткен. Ал ғұндар болса үзеңгінің арқасында атта орнықты отырумен қатар, найзамен түйреп, шоқпар үйіргенде де ептілік танытқан.

Осылайша, осы бір елеусіздеу үзеңгінің өзі адамзат тарихының өзгеше өрбуіне мұрындық болыпты. Ата-бабаларымыз тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, ат әбзелдерін уақыт өткен сайын түрлендіріп, дамытып отырған. Қазіргі сәнге айналған ұзын қоныш, жұмсақ табанды етіктер мен шалбарларды да осы атқа мінуге қолайлы болу үшін бабаларымыздың ойлап тапқаны әмбеге аян. Бұл ұлы бабаларымыздың жылқының арқасында жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана. Тарихи мәліметтер бойынша, алғаш атқа мінген бабаларымызды көрген гректер «Адам басты жылқылардан» қатты қорқып, неше түрлі аңыз-миф шығарыпты. «Кентавр» сөзі содан пайда болған. Қазіргі күні батыстың фильмдерінде кентаврлар жайында сюжет көп кездеседі. Батыр бабаларымыздың даңқты тарихы адамзат көкірегінде әлі де сайрап жатыр…

 

Жабы мен қазанат

 

Халқымыз үшін кейінгі түркілер дәуірінен бастап, ұлт болып қалыптасқанымызға дейін де жылқының рөлі еш кеміген емес. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, Ер Тарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубасы, Ақан серінің Құлагері секілді, тұлпарлардың даңқы бізге аңыз болып жетті.

Деседе, қазақ халқында жылқы тұқымының екі түрлі бағыты қалыптасқан. Біріншісі, еті мен сүт үшін және күш көлігі ретінде өсірілетін жылқылар. Мұндай тұқым түрі жабы деп аталған. Қазақтың жабы жылқысы жайылымда жақсы әрі тез семіреді. Еті көп те дәмді, сүті мол да нәрлі болып келеді. Ыстық пен суыққа төзімді, ортаға бейімделгіш, жұмысқа көнбіс әрі тез арымайтын жабылар шаруашылық үшін таптырмайтын жылқы болып саналады. Дегенмен мұны жорық аты ретінде мінбеген. «Қанша жүйрік болса да, жауға мінбе жабыны» деп оны сәйгүліктерден төмен санаған. Ал екіншісі, бетегелі бел мен найза ұстаған ерге ғана бітетін аузымен құс тістеген сәйгүліктер тұқымы. Мұны қазақта қазанат деп атайды. Жоғарыда аталған Байшұбар мен Тайбурыл, Қарақасқа мен Тарлан, Қубасат пен Құлагер – осы қазанаттардың жарқын үлгісі. Мұндай сәйгүліктер соғыста әскердің күші болса, бейбітшілікте бүкіл рудың атын шығарған бәйгелерге шапқан. Мұндай тұлпарлардың құны ердің құнынан кем түспеген.

 

Көкмойнақтың үйірі қайда кетті?

 

Қазақ жерінде өсірілген жылқылар басқа халықтар арасында да өте танымал болды. ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары Австрия подполковнигі А.Дандевиль Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия армиясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алғаны туралы деректер кездеседі. Тіптен І және ІІ дүниежүзілік соғыс майдандарына да көптеген қазақ жылқылары жіберілген. Бірақ қазақты отарлауды көздегендер оларды қалайда аттан түсіруге барын салды. Ол үшін қазақтардың жылқысын азайтып, қазанаттардың тұқымын жоюға тырысты. Мәселен, 1880 жылдары Австрия-Венгрияда 3,5 миллион, Германияда 3,3 миллион, Францияда 3 миллион жылқы болса, 1879 жылы алынған санақ бойынша Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 миллион жылқы болғаны көр­сетілген. Ал ХХ ғасырдың басындағы нәубеттерден кейін бүкіл Қазақстанда 8 миллиондай ғана жылқы қалғандығы айтылады. Ұлттық байлығымыз саналған осыншама жылқы Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан да азая түскен. 2018 жылғы санаққа сенсек, еліміздегі жалпы жылқы саны бар-жоғы 2,5 миллионның шамасында екен. Қазақтың басына келген нәубет жылқыларын да айналып өтпепті. Осылайша, кезіндегі басқан жерін ошақтай оятын асылтұқымды тұлпарлардың да қатары сиреп, ыңғай мәстектер мен қойға жетпес қойторылардың күні туыпты. Енді өз қазынамыздан айырылған соң шекара асып, өзге елден тұлпар іздейтін күйге түсіппіз. Тыңдаған болсаңыз, Елдос Еміл орындайтын «Көк мойнақтың үйірі» атты біздің қасіретті тарихымызды жылқы малымен байланыстырған таңғажайып жыр бар. Осы жырда қазақ даласындағы асылтұқымды жылқылардың қалай қырылғаны баяндалады.

Бүгінде әлемдік аренада бәсі жоғары жылқы тұқымы көптеп кездеседі. Олардың қатарында – ақалтеке тұқымы, жәуміт тұқымы, қарабайыр тұқымы, араб тұқымы, «таза қанды» ағылшын тұқымы, дон тұқымы, буденный тұқымы, Украинаның ұлттық тұқымы секілді асылтұқымды жылқылар бар. Дегенмен біздің де жергілікті жылқы тұқымдарын асылдандырудың арқасында жеткен жетістіктеріміз аз емес.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Болатхан Махатов: «Біз Кеңес кезінде ет пен сүт беретін бағыттағы жылқыларды өсірдік те, спорттық бағытқа көңіл аудармадық. Бізге бұл саланы жақындатқан да жоқ. Батыс Қазақстанда ең алғаш рет сүтті бағыттағы күшім жылқысы өсірілген болатын. Одан кейін жабының бірнеше түрін біріктіріп мұғалжар жылқысы шығарылды. Бұдан бөлек өзінің өсіп отырған ортасына жақсы бейімделген адай жылқысы қалыптасып келеді. Мұның ерекшелігі мініске төзімді әрі жүйрік жылқы. Алыс қашықтыққа шапқанда оған тең келетін бірдебір жылқы жоқ. 150 шақырым ол үшін түк емес. Қазақ жылқылары біздің алтынмен бағаланатын ұлттық брендіміз болып отыр. Еуропаның асылтұқымды жылқыларының қаны бұрынғы жабайы тегінен өте алшақ кетіп қалған. Ал жабайы тегіне ең жақын тұрған біздің қазақтың жылқылары» – дегенді айтады. Ғалымның сөзіне сенсек, өзге елдер жылқыларын барынша асылдандырып, басқадан артық етеміз деп тыртық еткенге ұқсайды. Яғни, бұрынғы түп тегінен алыстап, жылқыға тән жақсы қасиеттерінен айырыла бастаған. Ендеше, алдағы уақытта қазақ жылқылары бұрынғы атақ-даңқын қайтарып алуына мүмкіндік мол деген сөз.

Қорыта келгенде, жылқы мен қазақтың тағдыры бір арнадан қатар аққан қос өзен секілді. Мейлі, техника мен компьютерге байланған бүгінгі заманда өмір сүрсек те, жылқыдан тағдырымыз бөлінбек емес. Қиқу көрсе делебесі қозатын тұлпарлардай біздің де жылқы көргенде арқамыз ұстайтыны анық. Елбасы айтқандай, жылқы Ұлы дала елінің бір қыры болып қала бермек.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Published in Саясат

«Үдере көшкен – уығын сындырады, жұмыла жұмыс істеген – жұмысын тындырады» демекші, отыз жылға жуық уақыт бұрын бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі кезеңде еліміз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығының және бір шаңырақтың астына жұмылдырған баянды бірлігіміздің арқасында егемендігімізді нығайтып, жүз жылда жүзеге асатын істерді атқарып, әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарына қосылды.

Дегенмен, мемлекет қол жеткізген жетістіктермен шектелмеуі, ол әрқашан дамудың жаңа  мүмкіндіктерін  іздеуде болуы тиіс. Себебі, ХХІ ғасыр – адамзат қауымы үшін жаңарулар заманы. Сондықтан, бұл ұлы өзгерістер үдерісі мемлекетіміздің де даму жолын анықтауда.

Халық нақылында айтылғандай: «Мақсат – жетістіктің желкені». Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді. Сондықтанда, бүгінгі күні жаңа тарихындағы маңызды белеске қадам басқан еліміз өзінің дамуының жаңа кезеңінде егемендік алған уақыт аралығында қалыптастырған саяси тұрақтылық, қуатты экономика мен сапалы әлеуметтік жетілдірулерді одан әрі жалғастыра беретіндігі сөзсіз.

Осының бәрі осыдан бірнеше апта бұрын жарияланған (2019 жылдың 2 қыркүйегінде) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарат Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалдындағы бағдарламасына негізделген «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауында баяндалған болатын.

Ол өз сөзінде: «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз» – деген болатын.

Өздеріңізге белгілі, әрбір жыл сайынғы Жолдауы – бұл біздің еліміз үшін маңызды оқиғалардың бірі, өйткені онда Мемлекет басшысы біздің қоғам дамуының негізгі бағыттарын дәстүрлі түрде белгілейді.

Ал, биылғы жолдаудың басты ерекшелігі – оның мазмұнында қамтылған тың идеялар мен ұсыныстардың басын біріктіретін,бір мақсат пен бір мүддеге тоғыстыратын билік сабақтастығы ерекше сезіледі және онда соңғы он – он бес жылда алғаш рет саяси реформа мәселесі жан-жақты әрі жүйелі түрде сөз болды.

Жолдау парламентарийлер, атқарушы билік органдары, жалпы қоғам үшін еліміздің алдағы кезеңге арналған даму мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын бағдар болады. Қазақстан Президенті қазақ қоғамының кемелденгенін, елдің жетістіктері мен табыс-тарын есепке ала отырып, экономикалық реформаларды жалғастыруды көздейді. «Елді қоғамдық-саяси тұрғыда жаңғыртпай тұрып, табыс-ты экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін емес» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Мақсат – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» дейтін формулаға негізделген саяси жүйе құру. Бұл ретте, оның сөзінен азаматтық қоғамды дамытуға барынша басымдық бергелі отырғанын, азаматтық қоғамды елдегі мәселелерді шешуге барынша жұмылдырғысы келетінін көреміз.

Сондай-ақ, құжатта осыдан 3-4 жыл бұрын Елбасымыз жариялаған түбегейлі реформалар белсенді түрде жалғастырылып, одан әрі жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге күш салынады делінген. Олардың қатарында «Ұлт жоспары.Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы», «Мәңгілік ел», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасын арттыру», сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сияқты маңызды стратегиялық құжаттар бар.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында «Сабақтастық – еліміздің жаңа даму кезеңінде  Елбасының қолға алған бағытын әрі қарай тиімді жалғастыру. Ең алдымен бұл – Тәуелсіздік, Егемендік және ұлттық қауіпсіздікті нығайту. Бұл – тұрақтылық,азаматтық татулық пен келісім. Бұл – серпінді экономика мен мықты әлеуметтік саясат. Менің мақсатым – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыру» – деп, нақты атап өткен болатын.

Жалпы саяси маңызды құжатта Мемлекет басшысы ортақ міндеттерімізді іске асыруға қатысты бес негізгі бағытты үйлестіре отырып, елді дамыту жөніндегі негізгі мақсаттарды нақты айқындады. Олар:

Бірінші заман талабына сай тиімді мемлекет құру мақсатында саяси жаңғыру үдерісін азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асыру.

Сондай-ақ, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қолға алынды. Бұл мақсатқа жетуге  мемлекеттік органдардың жеке адамдармен  жұмыс істеу тәсілдері  мен қоғаммен кері байланысқа қатысты көзқарастарын өзгертудің өзі аздық етеді. Ол үшін жеке адам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасына қатысты санамызда орнығып қалған стереотиптерді жоюымыз керек. Осы мақсатта белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейді.

Жалпы Жолдаудың бірінші бағытында атап көрсетілген қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеу, халықпен тиімді кері байланыс орнату, қоғамдық келісімді нығайту  бойынша бірқатар бағытты жұмыстардың жүргізілгендігін атап өтуге болады.

Аталған бағытта аудан аумағында азаматтық қоғам институттарымен өзара байланысты нығайту мақсатында арнайы аудан әкімдігінің жанындағы кеңес, сондай-ақ 8 этно-мәдени орталықтар, «Нұр отан» және «Ауыл» партияларының аудандық филиалдары ардагерлер мен әйелдер кеңестері қызмет істеуде.

Ұлтаралық қатынаспен қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті  қамтамасыз ету мақсатында «Достық үйі –Қоғамдық келісім  орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында Есік қаласы мен 25 ауылдық округтерде қоғамдық келісім кеңестері құрлып, аудан аумағындағы қызмет атқаратын қоғамдық келісім кеңестері этномәдени бірлестіктермен бірлесе қоғамдық келісімді нығайту үшін жұмыс атқаруда.

Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданында 49 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оларды қолдау және тығыз байланыста жұмыс істеу үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында жыл сайын қаржы бөлініп, арнайы лоттар ұйымдастырылуда.

Екінші басымдылық азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін  қамтамасыз ету мақсатында сот және құқық қорғау жүйесінде күрделі реформаларды іске асыруқолға  алынбақ. Сонымен қатар, бүгінгі күнге, қоғамның үлкен дерті болып отырған сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу жос-парлануда.

Үшінші, қарқынды дамыған және инклюзивті экономиканы құру үшін барынша еліміздің мүмкіншілігін  пайдалана отырып, Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруда болмақ.

Бұл дегеніңіз, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру. Яғни, «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналады.

Біздің ауданымыздың негізгі көрсеткіші  ауылшаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан осы саладағы жаңа технологияларды енгізе отырып, жас білікті мамандарды және инвестиция тарту мәселесіне көңіл бөлу қажет.

Сондай-ақ, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Қазіргі таңда шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріндемаңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады.

Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.

Бұл бағытта үкімет микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуде. Бұл, азаматтарға кәсібін кеңінен дамытуға берілген үлкен мүмкіндік.

Мемлекет басшысы атап өткендей әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін қалыптастыру үшін еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы қажет – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада баса назар аударылатын бағыттар:

Білім беру сапасын жақсарту. Осы бағытта жоғары оқу орындарымен қатар, орта арнаулы білім беретін кәсіби білім мекемелеріне де бақылауды күшейту қажеттігі сөзсіз. Себебі, бүгінгі таңда саны бар сапасы жоқ осындай білім ордалары тым көбейіп барады.

Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сала бойынша медициналық ұйымдардың желісін дамыту жоспары бойынша 15 минуттық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жоспарда үш – Бәйтерек, Ават, Жаңашар ауылдарының арасындағы 3 000 тұрғынды тіркей отырып қамтитын   саяжай алабы;

- Есік қаласының төменгі бөлігіндегі 10 000 тұрғынды тіркей отырып қамтитын   саяжай алабы;

- 11 550 тұрғынды тіркеумен қамтитын Есік қаласының шағын ықшам аудандарындағы дәрігерлік амбулатория қосылмақшы.

Осылайша, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Алматы облысының инфрақұрылымын дамытудың өңірлік  перспективалы жоспарына 2025 жылға дейін 55 ғимараттың құрылысын салу енгізілді.

Бұдан бөлек отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, осы уақытқа дейін назардан тыс қалыпкелген мәдениет саласының қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік  көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, еліміздің зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша да бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктелді. Жолдауда көрсетілген соңғы басымдық бұл қуатты өңірлерді құруға бағытталған.

Бұл бағытта жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігінің арттыру мақсатында жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс, сондықтан тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау сөз болды. Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнес-тен түсетін қосымша салық  түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетін болады. Бұдан бөлек, басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясатын, инфрақұрылымды дамыту бағыттар көрсетілген.

Қорыта келгенде, Президент жолдауында көптеген тақырыптар қамтылды, бірақ жолдаудың негізгі өзегі – қоғаммен, халықпен диалог. Жолдаудың құрылымы да өзгеше шықты, Жолдау әдеттегідей жахандық проблемалар, экономикалық жаңа бастамалар емес, саяси реформалар мен саяси бәсекелестікті дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдардан басталды.

Расында да «Үдеудің сыры – бірлікте, Жүдеудің сыры – алауыздықта.» – деген, даңқты ата-бабаларымыз бізге сүйікті Отанын, әдемі сұлулықтың берекелі жерін, өзіндік мәдениеті мен қайталанбас ұлттық дәстүрлерді мұраға қалдырды. Осы құнды мұра иелері ретінде біз болашақ ұрпақтың игілігі үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылуға тиіспіз.

Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – қоғамдағы     саяси тұрақтылықты, келісімді, бірлікті және бейбітшілікті сақтау қажеттілігі болып табылады деп айтқым келеді. Тек тұрақты елге ғана инвестиция тартуға болады, тек бейбітшілік пен келісім орнаған ел ғана тиімді дами алады!

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» немесе төрдегі иіледі. Сондықтан, ұлтты ынтымаққа ұйыстыратын, бір шаңырақтың астында бейбіт өмірін жалғастыруға мол мүмкіндік беретін Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы алдымызға қойған тарихи міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға аудандық маслихат депутаттары барынша атсалысатынын жеткізе отырып, баршаңызды белсенді болуға шақырамыз!

Published in Саясат
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет