Күндер бойынша реттелген элементтер: Сейсенбі, 29 Қазан 2019
Сейсенбі, 29 Қазан 2019 17:40

Қалжыңда кек жоқ

«Әзіл түбі – зіл» деген қазақ сөз шырағын әдемі әзілмен астарлаған. Өйткені, қалжыңда кек жоқ, күлкіде шек жоқ. Есік қаласы Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде өткен Есік қаласы әкімінің кубогы бәске түскен жайдарман ойындарында да айтулы әзілдер орын алды. «Есік – тарих мекені» деп айдар таққан күлкі бәсекесіне аудан бойынша жеті құрама бақ сынасты. Абылайхан атындағы орта мектеп, Рахат №1, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі (ЕГЭК), Есік медициналық колледжі, Жетісу заң колледжі, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп және Қаракемер кәсіптік колледжінен командалар қатысты.

Бір ғана айналымда өздерін барынша көрсетуге тырысқан командалар үздік деген әзілдерін көпшілік назарына ұсынды. Әйткенмен, әттегені сол, көп қалжыңдары көпшіліктің көңілін көтере алмады. Бұл турасында әділ-қазылар алқасы да байқау соңында ашық ой білдірді.

Нәтижесінде, үшінші орынды ЕГЭК құрамасы еншілесе, екіншілікке, Қаракемер кәсіптік колледжі жайғасты. Биыл алғашқы жыл шығып, тақырыпты ашуда тәтті әзілдерімен талайды тәнті қылған Абылайхан атындағы орта мектеп құрамасы бірінші орынды қанжығалады.

Шара соңында қайырымдылыққа жаны құмар жандар да аудан әкімінің орынбасары А.Бидаевтың Алғыс хатына ие болды.

Айта кетерлігі, ақылы негізге ұйымдастырылған Жайдарман ойындарынан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалды.

Ойын соңында жеңімпаздар естелік суретке түсіп тарқасты.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Published in Жастар
Сейсенбі, 29 Қазан 2019 16:02

Қыз қуу

Ай нұрлы ару қара көзі мөлдіреп

Ал, жігітім, ұғысар сәт келді деп,

Ақ боз атын ағындата жөнелді,

Ақ үкісі ерке желмен желбіреп.

 

Уа, сәт тағдыр жүректерді жалғасын,

Деді жігіт ұзамады алға тым.

Таяқ жесем өз обалым өзіме,

Дегендей-ақ тоса берді арқасын.

 

Қос жүректі неге жөнсіз қинайды,

Махаббатын үнсіз неге сыйлайды.

Деп қыз енді қамшыменен құлаштап,

Соқса дағы көңіл шіркін қимайды.

 

Сүйген жүрек әлде лүпіл қақты ма,

Әлде қыздың қамшысы шын батты ма,

Қайран жігіт тістенеді жал құшып,

Әлде намыс бетке бояу жақты ма.

 

Жас жігітті ат жалына бұқтырып,

Махаббатты қамшыменен ұқтырып,

Жалт бұрылды ақбоз атпен қара көз,

Жанарына мөлдіреген шық тұнып.

 

Сол қамшыдан тапты жігіт шаттығын,

Қызға ұсынды махаббаттың шоқ гүлін.

Менен жеген қамшы үшін дегендей,

Сүюге қыз тоса берді ақ жүзін.

 

Маман Ементаев

Published in Саясат
Сейсенбі, 29 Қазан 2019 09:32

Алматы облысы озық өңір атанды

24 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен  «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты тұңғыш республикалық форумы болып өтті.

Республикалық формуға Алматы облысынан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев, басқарма қызметшілері және облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары  мен әдіскерлері қатысты. Форум барысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жаһандану үдерісіндегі қазақ тілінің болашағы мен даму бағыттары, латын графикасына көшіру барысы талқыланды. Өңірлердегі тілдік ахуалға мониторинг жасалып, әр өңірдегі өзекті мәселелердің шешу жолдары сарапталды.

Форум аясындағы интерактивті көрмеде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев өңірімізде жүзеге асып жатқан   жобалар мен өнімдерді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға көрсетіп, таныстырды.

Республикалық Тіл форумында «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов: «Біріншіден, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырзаның қолдауымен өңірде биыл 10 орталық ашылды. Сөйтіп, қазір Алматы облысында 20 тіл оқыту орталығы жұмыс жасауда. Екіншіден, тіл басқармасы жұмыс істеп жатыр. Үшіншіден, қаншама өнім көрсетіліп жатыр. Яғни, біздің бүгінгі форумның мақсатының өзі – осындай үлгіл іөңірлерді, озық өңірлерді басқа қозғалмай жатқан немесе қарқыны баяу болып жатқан облыстарға насиxаттап, көрсету болып отыр», - деді.

Published in Ресми
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет