Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 24 Қазан 2019
Бейсенбі, 24 Қазан 2019 12:16

Ол қызға үйленбе

Базарда отырған бір дәруішке тостақ толы алтын ұсынған ауқатты жас жігіт:

— Маған ақылыңды айтшы, бір қыз ұнаушы еді. Қатты ұнатамын өзін. Алайда не істерімді білмей, екі ойлы болып жүрмін. Оған үйленейін бе, жоқ па? – депті. Сонда дәруіш бірден:

— Жоқ, үйленбе! – дейді.

— Неге? – деген жас жігіттің сұрағына:

— Егер сенің шынымен үйленгің келсе, бұл жайында ешкімнен сұрамас та едің, – деген екен дәруіш.

Әрқашан жүректеріңіздің қалауына құлақ түріңіздер!

Аударған: Құралай Мұратқызы

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 24 Қазан 2019 12:13

Әйелдердің қалауы туралы тәмсіл

Бір қалада ерекше дүкен ашылыпты. Оның ерекшелігі – мұнда әйелдер өздеріне күйеу таңдап, сатып ала алады екен. Дүкенге кіретін есіктің маңдайшасында төмендегідей 4 ереже жазылыпты.
 
1. Дүкенге тек бір-ақ рет кіре аласыз.
2. Дүкеннің 6 қабаты бар. Қабат жоғарылаған сайын ондағы жігіттердің «сапасы» да арта береді.
3. Сіз кез келген қабатта өзіңізге ұнаған еркекті ала аласыз немесе жоғарғы қабатқа өте аласыз.
4. Төменгі қабатқа қайта оралуға тыйым салынады.

Бір әйел осы дүкенге келіп, өзіне күйеу іздемек болады. Бірінші қабаттың есігіндегі «Қызметі бар еркектер» деген жазуды көрген әйел бірден екінші қабатқа көтеріледі. Ондағы есікте «Қызметі, сүйкімді балалары бар еркектер» деп жазылып тұрады. Ал әйел үшінші қабатқа қарай бет алады. Мұнда есіктің сыртындағы «Қызметі, сүйкімді балалары бар, сымбатты еркектер» деген сөйлемді оқыған әйелдің көзі жайнап, «Керемет!» – деп төртінші қабатқа көтеріліпті. Ол жақта «Қызметі, сүйкімді балалары бар, асқан сымбатты, әрі үйдің тіршілігіне көмектесетін еркектер» деп жазылып тұрады. «Мүмкін емес!» – деп өз көзіне өзі сенбей, тағы жоғарғы қабатқа қарай асығады. Ондағы «Қызметі, сүйкімді балалары бар, асқан сымбатты әрі үйдің тіршілігіне көмектесетін романтик еркектер» деген жазуды көргенде әйелдің сол қабаттағы бөлмеге кіріп, екінші жартысын кездестіргісі келеді. Дегенмен, ол ойын сол жерде қалдырып, алтыншы қабатқа қалай көтерілгенін өзі де аңғармай қалады. Ал алтыншы қабаттағы есіктің сыртында «Сіз – бұл қабатқа көтерілген №31456012 жансыз. Мұнда еркек жоқ. Бұл қабат – әйелдердің сұранысын ешқашан қанағаттандыру мүмкін емес екенінің бір айғағы. Біздің дүкенімізге келгеніңізге алғысымызды білдіреміз!» деген жазу болыпты. Қызық болғанда, бұл дүкенге кірген әйелдердің барлығы дерлік тек алтыншы қабатқа кіріп, басқа қабаттардың есігіндегі сөздерді ғана оқыған екен.

Ал жолдың осы дүкенге қарама-қарсы бетінде «Әйелдер дүкені» ашылыпты. Оның бірінші қабатында «Сұлу әйелдер», екіншісінде «Сұлу әрі ерімен ләззат алуды ұнататын әйелдер» деген жазулар болыпты. Ал басқа қабаттардың есіктерінде қандай жазулар болғаны қала тұрғындары үшін құпия болып қалыпты. Өйткені ешкім екінші қабаттан жоғары көтерілмеген екен...

Мұндағы қорытынды, әйел мен еркек – екі түрлі жаратылыс. Әрқайсысының психологиясы мен қажеттіліктері, ойы мен қалауы әртүрлі. Отбасын құрғанда осынау айырмашылықтар жайында ұмытпаған абзал.

Баяғыда 60 жыл бірге өмір сүрген қариялардан отбасы бақыты туралы сұрағанда олар:
  —  Біз жаңа дүниелерді жақсы көріп, аялай білетін, ал сынғандарын лақтырмай, ұқыппен жөндеп алатын кезде өмір сүрдік, – деген екен.

 

Бір-бірлеріңізді жақсы көріп, аялай біліңіздер! Жіберген қателіктеріңіздің орнын толтырып, өз бақтарыңызды өздеріңіз ұқыппен жөндеп алыңыздар!
 
 Аударған: Құралай Мұратқызы

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 24 Қазан 2019 12:10

Махаббат туралы тәмсіл

Баяғы өткен заманда жер бетінде бір арал болыпты. Онда адам бойындағы барлық қасиеттер мен сезімдер өмір сүрген екен. Күндердің бір күнінде олар аралдың суға кетіп бара жатқанын байқайды. Барлық қасиеттер өз кемелеріне отырып, басқа жақтарға жүзіп кетіпті. Аралда тек Махаббат қалған екен. Ол бір өзгерістің болуын соңына дейін күтіпті. Бірақ күтетін де түк қалмаған кезде Махаббаттың да аралдан кеткісі келіпті. Осылайша ол Сараңдықты шақырып, кемесіне отырғызуды өтінеді. Сонда Сараңдық:

— Менің кемемде көптеген асыл заттар мен алтын бар. Ал саған мұнда орын жоқ, – депті.

 Жанынан жүзіп бара жатқан Қайғыны көріп, Махаббат одан да ала кетуін өтініпті. Ал ол:

— Махаббат, кешір! Көңіл күйім болмай тұр. Оңашада қалуым керек! – дейді.

Сонда Махаббат Тәкапарлықтың кемесін көріп, одан да көмек сұрайды. Бірақ Тәкапарлық Махаббаттың оның кемесіндегі үйлесімділікті бұзатынын айтып, көмектесуден бас тартыпты. Осы уақытта жандарынан Қуаныштың кемесі жүзіп бара жатады. Махаббат көмек сұрап айғайлағанымен, шат-шадыман болып бара жатқан Қуаныш оны естімепті. Махаббаттың еңсесі түсіп, бәрінен көңілі қалады. Сол кезде алыстан «Махаббат, жүр, сені кемеме мен отырғызамын!» деген дауысты естиді. Бұрылып қараса, бір қария тұр екен. Ол Махаббатты жағаға апарып, өзі қайта жүзіп кетіпті. Ал Махаббат оның есімін сұрауды ұмытып кеткен екен. Сол уақытта:

— Мені құтқарған кім?– деп Білімнен жаңағы қарияның кім екенін сұрайды. Ал ол:

— Ол – Уақыт, – дейді.

— Уақыт? – деп қайталап сұраған Махаббат: – Ал ол мені неге құтқарды? – дейді таңдана.

 Алыста жүзіп бара жатқан Уақытқа бір, жанында тұрған Махаббатқа бір қараған Білім:

 — Өйткені өмірде Махаббаттың қаншалықты маңызды екенін Уақыт қана жақсы біледі, – деп жауап беріпті.

Аударған: Құралай Мұратқызы 

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет