Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Сәрсенбі, 23 Қазан 2019 11:44

Мұқағали – Тұманбайдың ағасы

Әрине, Мұқағали даңқы бәрімізге ортақ. Солай десек те, ол Тұманбай Молдағалиевтың ағасы. Екеуінің сыйластығына сызат түскен емес.

Мұқағали дүниеден озғанда жүрегі жылаған інілерінің ең басында Тұманбай тұрды. «Сенің жұлдызың – ең шұғылалы жұлдыз, ең шуақты жұлдыз!» деп ағынан жарылды. Ақын ағасының әдебиеттегі орнын асқақтата бағалады.

1981 жылы Мұқағали  Мақа-таевқа арналған тұңғыш мерейтой өтті. Сол үлкен шарада Тұманбай баяндама жасады. Сағынышы мен ілтипатын ел-жұртқа паш етті. Бейнелі сөздері баршаны тебірендірді. Осы сүйіспеншілігі ешқашан өзгерген жоқ.

Жұрт бүгін де кеткенмен болып ақын,

Кім бар еді ол күнде оны ұғатын.

Сенің жырың жаралған махаббаттан,

Бір-ақ рет өмірде жолығатын, – деп жырлады Тұманбай Мұқағали ағасы туралы.

Егер, әдебиетіміздің осынау екі алыбы қазір тірі болса, маңдайлары жарқырап ортамызда отырар еді! Әзілге дес бермейтін Дәркембай Шоқпарұлы бауырларымен қалжыңдасар еді. Содан кейін үшеуі бірігіп Есіктегі елмен кездесіп, әрі қарай Шелек өңіріне өтер еді...

Алтын Адам егерде қазақ болса,

Білген екен өзінің қымбат-тығын! – деген Мұқағалидың зор дауысы Түрген мен Асыны, Бақай тауы мен Асысағаны жаңғыртар еді...

Амал не, тоқсан жылға жақындаса да ақиық ақын арамызда жоқ. Есесіне Мұқағали мұрасын ұлықтап жүрген ақын атындағы басылым бар. Оны ұлы қаламгердің өзіндей көресіз бе, көзіндей көресіз бе, бәрі ниет-пейілдеріңізге байланысты. Журналды үйлеріңізге кіргізіп, төрге шығарсаңыз – ірі екендеріңізді көрсеткендеріңіз.

Ұлы ақын өзінің бір сөзінде «Мені мың қазақ оқыса, арманым жоқ» деген екен. Арманы асыра орындалды. Біз де ақын сөзін қайталағандай болып «Мұқағали» журналын оқитын мың қазақ Еңбекшіқазақ ауданынан табылады» десек, сенімге селкеу түспейтін шығар?!

Журналдың жылдық баға-сы соншалықты қымбат емес. Анықтап айтсам журналдың индексі – 75312, бір жылға – қала үшін 4243,80 теңге, ауыл үшін  4269,60 теңге.

 

Батық Мәжитұлы,

«Мұқағали» журналының бас редакторы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының

лауреаты.

Published in Мақалалар

Өмір қызылды-жасылды       бояуларымен әркімді-ақ елік-тірері сөзсіз. Көзді байлап, желіктіреді. Көңілге түрлі ой іліктіреді. Ақыры бармақ шайнап өкіндіреді...

Әсел (кейіпкер аты ойдан шығарылған) қала маңындағы ауылдың қарапайым отбасынан шыққан ортаншы қызы. Мектепте оқып жүргеннен-ақ түрлі ортада өзін көрсете білген еңбекқор әрі талапты болатын жастайынан. Мінезі жайдары, ашық-жарқын. Содан болар, айналасына  көп адам үйірсек еді. Өзі де соған әбден үйренген, ортасының «жұлдызы» болып жарқырамаса, көңілі көншімейтін. Тең құрбысының алды болуға ұмтылып, жаралы жанын солай жұбатуға тырысатын. Себебі, үйіндегі келеңсіз жағдайлар, ата-анасының ұрыс-керісі, қаражаттың жетіспеушілігі бауырларымен қоса мұны да әбден жалықтырған. Үйінің табалдырығынан аттаған бойда қара түнекке енгендей сезімде болушы еді. Анасы ауруханада еден жуушы, әкесі қара жұмысшы. Тапқан табыстары үш баланың қажетіне жетпей де қалатын. Ақша табудың сергелдеңіне түскен әке мен ана балаларының тәрбиесі тұрмақ, тіпті, кейде қайда жүргендерін де елемейтін. Әсел тезірек бойжетіп, мектепті бітіріп, үйден жыраққа кетуді армандайтынды шығарды.

Уақыт деген зымыран ғой. Мектеп бітіруші аттестатын ала салысымен Әсел бірден қалаға аттанады. Орта білімі жақсы болғаннан кейін үміт арқалап жоғарғы оқу орнына құжат тапсырады. Тізімнің соңынан өз атын көргендегі қуанышында шек болмады. Пәтерде тұратын жағдайы жоқтығын біледі, қайтсе де жатақхана алуға тырысқан Әсел, оған да қол жеткізеді. Осымен шаруа бітті, енді өмірім керемет болады деп елестеткен жас қыз алдында не күтіп тұрғанынан хабарсыз болатын...

Ананың ақылы, өсиет-өнегесі жетіспеген бойжеткен үлкен өмірдің қиындығы мен ауыртпалығын елестете де алмайтын. Үйіне қоңырау шалып, оқуға түскенін хабарлағаны болмаса, аса сөйлескісі де келмеді. Отбасында қалыптасатын имандылық, бір-біріне деген жанашырлық, бауырмалдық, мейірімділік жетіспейтін еді бойжеткен бойында. Ана тәрбиесінің жоқтығы, әке сөзінің қадірсіздігі оны бүгінде жақындарынан мүлдем бөтен адам қылған. Сабағына үлгерімі бастапқыда жақсы еді, жанына жиылған құрбыларына еріп, оқуға селқостық танытатынды шығарды кейіннен. Үстіне киген киімі көңіліне жақпай, ақша табам деп түнгі жұмыс та тауып алды. Жұмысын істеп, оқуын оқып жүре берер ме еді, сөз салғыш жігіттер де пайда болып, басын айналдырды. Жастық желең, өз өміріне деген салғырттық сан соқтырарын оған ешкім айтпаған, ол ештеңе білмейді. Ақыры, әр жігіттің бір қолжаулығына айналғанын сезбей де қалды. Есін жиғанда, құрсағындағы тіршілік иесіне де 4-5 ай болып қалған еді. Жанында жүрген құрбысымақтары мен жігітсымақтарынан біреуі де қалмағанын байқады. Істеп жүрген жұмысынан да шығарған. Сабақты көп босатқаны үшін оқудан да шеттетіп тастауы мүмкін...

«Қыздың жолы жіңішке, тәрбиесі нәзік» екенін көп айтқанымызбен, іс жүзінде әрекетсіз қалып жатамыз. Мұның ақыры бармақ шайнауға жеткізіп жатыр. Білеміз, бірақ, істемейміз. Анасынан мейірім, әкесінен қамқорлық, үйінен жылулық көрмеген қызды кінәлаймыз, ата-ананы ақтаймыз. Шетсіз-шексіз әлемде жалғыз қалғандай сезінген қыз бала, әлбетте, сырттан, көшеден іздейді мейірімді. «Қызына мейірім етпегенге Алла мейірімін төкпейді» деген емес пе!? Мейірімсіз ата-ананың өмірі шыры кіріп, жағдайы оңалмайды. Артынан барып, «осы қыздан бір жақсылық көрмедім, күндіз-түні жұмыс істеп, асырап-бақтым, маған қайтарғаны мынау. Бір жаны ашымайды, көмектеспейді» деп жылап-еңірейміз. Біреуден іздейміз кінәні, өзіміз барлық күнәдән пәкпіз. «Кім құртты бұл қызды, беттен алып, төске шабады» деп туған қызды жамандап, өзіміздің болмысымыздың қандай екенін көрсетіп отырғанымызды байқамаймыз. «Жасында иманды болған қыз, өскенде өнегелі анаға айналады». Тағы да осы тұста, имандылықты қайдан, кімнен үйренеді қыз бала?! Анасы қызын қасына алып, ас үйде тағам дайын-дай жүріп, өмірдің ағы мен қарасын, жақсы мен жаманды салыстыра отырып қызғалдағымен ашық әңгіме құрмаса, оның әрбір сұрағына тыңғылықты жауап бермесе желкілдеп өсіп келе жатқан қыздың бойында отбасылық құндылық қайдан қалыптассын?! Байқасаңыз, «кішкентай ғой әлі» деп жүрген 5-6 жасар қыздың өзі өмір мен өлім жайлы, отбасы туралы, жігіт пен қыз жайында, баланың өмірге келуі турасында сұрақтар қойғанда,     жауап беру үшін біраз тосыласың. «Баланың санасына қалай дұрыс жеткізсем екен» деп ойланасың. Осы тұста, «қой, онысы несі, сен кішкентай емессің бе. Ондай сұрақтарды қоймайды!» дейтін аналар да бар. Міне, ана мен қыз арасындағы көзге көрінбес қамалды өзіміз қалай тұрғызып қойғанымызды елемей қаламыз. Бұдан кейін, қыз бала анасынан сұрай алмайтынын сезеді, сырласу тұрмақ, жағдайын айтуды қояды. Тәрбиенің басы тоқырады дегенің, алдағы қамалдардың бұрынғыдан да биік әрі қалың болатынын білдірмей ме?! Қыз бала үшін анадан артық дос бар ма? Анасы мен қызы дос болмаса, қателіктер көп. Егер екеуі сырлас болмаса кемшіліктер екі еселенеді. Қыздарымыз өмірде опық жемесін десек, кішкентайынан жүрегіміз бен көңілімізді бір арнаға тоғыстырайық. Сонда ғана ешқандай жоқшылық та, тоқшылық та қызы мен анасының арасына жік салмас. Тәрбиесіз қыз болмас.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет