Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 10 Қазан 2019

«Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі...». Шағырай шешеннің осынау өлең жолдарын басшылыққа алған ауданның имамдары жұмылып жұдырық болып, игілікті істің басын қайырды. Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының қайырымдылық бағыты бойын-ша, Алматы өңірінің өкілі Қуаныш Наржановтың бастамасымен, ауданның бас имамы Сапархан Төреқұловтың және аудандағы барша ауыл имамдарының қолдауымен Қаракемер ауылынан алты баланың жалғызбасты анасы Айжарқын Алданазароваға бес бөлмелі жаңа үй салынып берілді. Былтырғы жылғы Рамазан айында алғашқы кірпіші қаланған үйдің кілті жуырда тапсырылды.

Пайғамбарымыз: «Садақа беру ешқашан байлықты кемітпейді», – деп айтқан екен. Олай болса, «Жақсылықта жарысайық, ағайын!» деп ұрандаған имамдар мен мешіт жамағаттарының қайырымдылығы өздеріне екі еселеніп қайтпақ. «Осындай игі іске араласудың өзі – адам жанына тыныштық сыйлайтыны сөзсіз. Бұл жерде біздің имамдардың асып-тасып бара жатқан ештеңесі жоқ, әрине. Тек, халықты, жамағатты жақсылыққа шақыру. Қайырымдылық арқылы қатқан жүректерді жібіту. Осы көпбалалы ананың пәтерден пәтерге көшіп, баспанасыз, бүлдіршіндердің күйсіз жүргеніне көз жұма қарай алмадық. Бұлардың әрқайсысы Қазақстанның ертеңгі болашағы ғой. Жұма намаздарында жамағатқа үндеу тастап, әркімнің қолынан келгенінше көмек беруін де сұрадық. Солайша, көппен көрген ұлы той. Міне, бүгін барлық ішкі-сыртқы жұмыстарына дейін бітіріп, отын-суларын түгендеп, жаңа шаңырақтарына кіргізіп отырмыз балаларды анасымен», – дейді аудан имамы Сапархан Төреқұлов. Расында, табалдырықтан енгеннен кең әрі жарық, барлық жағдайы жасалған үйдің ерекше аурасын сезінеді екенсің. Көпшіліктің тілеуі мен көмегінің ұшқыны бұл үйге өзгеше жарық беріп тұрғаны сөзсіз. Айта кету керек, үйдің ішіндегі жылу жүйесін түгелдей дерлік       «Альтаир» өндірістік кооперативінің директоры Сейітхан Қырқынбаев өз мойнына алып, орнатып берген.

Алты баласы да Қаракемердегі Қ.Орымбетов атындағы орта мектепте білім алып жатқан кең құрсақты ананың қуанышында шек жоқ. «Балаларымның арманы орындалды. «Мама, шіркін, өз үйіміз болса ғой» дейтін еді. Оған мен түнімен көз жасымды сығымдағаннан басқа не істей аламын. Алладан сұраушы едім. Шүкір, бүгін, міне Алланың қалауымен, жақсы адамдардың көмегімен баспаналы болып отырмыз. Түсім сияқты. Қайырымды адамдарға мың рахмет», – дейді Айжарқын Алданазарова көңілі     босап.

Алмагүл НҰҒМАН.

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 10 Қазан 2019 15:17

Ұлағат иелеріне құрмет

«Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте» –деп алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы атап өткендей, қай заманда, қай қоғамда болмасын, баланы оқыту, оған тəрбие беру, мәденитетті қылып өсіру – ең ұлы мұрат, ұлағатты іс саналған. Осы ұлағатты іспен айналысуда ұстаздар қауымы аянбай тер төгуде. Еңбектері де елеусіз қалған емес. Ұлағат иелерінің төл мерекесі қарсаңында өткен аптада Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалқ университеттің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов және аталған оқу орнының оқытушылары, ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар қатысты.

Қонақтар алдымен №1 Шелек орта мектебінің оқушыларынан құралған «Атамұра» аспаптық оркестрінің өнерін тамашалады. Кейіннен, аудандағы білім ошақтарының жетістіктерінен сыр шертетін көрмені аралады. Мерекелік шараның шымылдығы аудан өнерпаздарының орындауындағы «Ұстазым» әнімен түрілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы педагогикалық қоғамдастыққа білім саласы қызметкерлерінің қазіргі қоғамдағы, жалпы ел дамуындағы рөлін ескеріп,  тынымсыз еңбек иелерінің алатын еңбекақысы да талапқа сай болу керектігін айтқан еді. Нәтижесінде ұстаздар жалақысы төрт жылда екі есеге көтерілетін болды. Салтанатты мерекенің ашылу салтанатында осыны айтқан Бинәлі Әбдіқапасұлы аудан аумағында да педагог мәртебесін арттыру мақсатында түрлі шаралар жасалып жатқандығын жеткізді.

– Осы орайда мұғалімдердің сапалы біліммен тәрбие беруіне қолайлы жағдай туғызу үшін жаңа үлгідегі мектеп, балабақша салуға, мектептерді жаңартуға,  күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге, білім мекемелерін заманауи құрылғылармен жабдықтау шараларына жергілікті бюджеттің жалпы шығыс бөлігінің 16 млрд теңгесі жұмсалды. Бұл қаржы былтырғы жылмен салыстырғанда 3 млрд теңгеге артып отыр. Ал соңғы үш жылда білім саласына бөлініп отырған қаржы 6 млрд теңгеге өсті. Өздеріңізге белгілі, соңғы 5 жылда 9 мектеп, 2 балабақша ғимараты  және 2 мектеп жанынан 300 орындық қосалқы ғимарат салынып, 12 ғимарат күрделі жаңарудан өтіп, оған 15 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биылғы жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепке 499 млн 185 мың теңге, Асысаға ауылындағы мектептің бос тұрған бөлігіне реконструкция жасап балабақша ашуға 168 млн 329 мың теңге ақша бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде – деген аудан басшысы басқа да тозығы жеткен оқу орындарының қашан жөндеуден өтетіндігін айтты. Сөзіне сүйенсек, 2020-2025 жылдары бейімделген ғимараттарда орналасқан 10 мектептің (Қайыпов, Шорманов, Екпінді, Төле би, Сарбұлақ, Ақтоған, Қайрат, Казатком, Өрнек, Базаргелді) орнына жаңа мектеп ғимаратын салып, білім мекемелерінің түйткілді мәселелері де шешімін табатын болады. Сондай-ақ халықтың оң демографиялық өсуіне байланысты туындаған үш ауысымдық мектептерді жою мақсатында Рахат ауылдық округ саяжай маңынан 900 орындық, Терешкова атындағы орта мектебінің жанынан 600 орындық мектеп салуға, Абдуллин атындағы және Қайыпов атындағы орта мектептерінің  жанына 300 орындық жапсаржай салу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Бинәлі Әбдіқапасұлы өз сөзінде «Дипломмен – ауылға!», «Нәтижелі еңбек» бағдарламалары жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізіп отырғандығын алға тартты. Оған қоса, бірнеше педогогикалық университеттермен меморандум жасалып, ұстаздарымыз біліктілігін арттыруда.

Білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, ұстаздарды мерекемен құттықтаған аудан басшысы білім беру саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар мұғалімдерді Алғыс хатпен марапаттап, гүл шоқтарын ұсынды.

Ұлттық университет рекорының атынан ұлағат иелеріне ақ тілегін жеткізген Мақтағали Әбдімажитұлы оқу орнының 90 жылдығына орай мерекелік медалімен білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова мен білім бөліміндегі әдіскерлік кабинетінің меңгерушісі Айжан Тортаеваны марапаттап, басқа да азаматтарға Алғыс хаттар табыстады. Мерекелік құттықтаулар легін ұлағатты ұстаз Кулбаран Адамова қорытындылады.

Салтанатты шараның екінші бөлімі аудан өнерпаздары мен ҚР эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты. Абай Бегей, Ақбота Керімбекова, Мирас пен Құралай, «Диета KZ» тобы әуелете ән шырқап, мың бұралған «Салтанат» би ансамблінің қыздары мереке иелерінің көңілін көтерді.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет