Жұма, 22 Қараша 2019 09:12

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақыт ЖЕКСЕМБИЕВ: «Ұйымның өкілеттілігін арттыру керек»

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақыт ЖЕКСЕМБИЕВ: «Ұйымның өкілеттілігін  арттыру керек» mezet.kz

Демократия – халық билігі. Осы қағиданы ұстанған дамыған мемлекеттер жергілікті халықты билік ісіне араластырып, олардың пікірлерімен әрдайым санасып отырады. Дамуға бағыт алған елімізде де демократияның өрісі кеңейіп, халық – биліктің қайнарына айналуда. Олай дейтініміз, Елбасы Н.Назарбаев халық алдында есеп беретін билік жүйесін құрып, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізді. Ауылдық жерлерде жергілікті қауымдастық проблемаларды шешу жолдарын қарастырса, аудандық деңгейде қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Жақында аталған кеңестің төрағасы Жексембиев Бақыт Есенханұлымен тілдесіп, консультативті орган-ның жұмыс барысымен танысқан болатынбыз.

– Бақыт Есенханұлы, қоғамдық кеңестің негізгі қызметі мен маңызына тоқталып өтсеңіз.

– Қоғамдық кеңес – жергілікті өзін-өзі басқарудың тетігі, консультативті ұйым болып саналады. Біздің негізгі қызметіміз – азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білу және талқылап, ұсыныс енгізу болып табылады.

Қарапайым сөзбен жеткізсек, ауданымызда болып жатқан кез-келген өзекті мәселелер бізге түссе, оны қоғамдық кеңес мүшелері өзара талқыға салып, шешу жолдары мен ұсыныстарын енгізіп, хаттама толтырып, құжат жүзінде мәслихатқа жолдайды. Жалпы бұл жүйе дамыған мемлекеттердің басым көпшілігінде жүзеге асырылуда. Біз де соған қарай қадам басып келеміз. Елбасының бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғап, өзінің Жолдауында билік пен қоғам диалогын арттыруды тапсырған еді. «Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам диалогын дамыту мәселесі қатты толғандырады. Мұндай диалог пікір алуандығын мойындау негізінде құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз. Сондықтан мен Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске, жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы осы жылдың тамызында өткізіледі. Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті. Оның басты миссиясы осыған саяды. Тек осылай ғана ұлт бірлігі мен елдегі тұрақтылықты нығайтуға болады. Сондықтан менің сайлауалды тұғырнамамды жүзеге асырудың тақырыптық жоспары жасалады. Халықтың озық идеялары, ұсыныстары осы құжатта көрініс табады» – деген Президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, елімізде болып жатқан күрмеуі қиын мәселелердің шешімін халықтың пікірін ескере отырып шешуді қолға алды. Қоғамдық кеңес те сол секілді, бірақ аудандық деңгейдегі проблемалардың түйінін тарқатуға жұмыс жасайды.

– Өзіңіз айтқандай, ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне барлық қоғам өкілдері кіргізілген. Ал қоғамдық кеңестің құрамы қандай? Қарапайым азаматтардың кеңес құрамына енуге мүмкіндігі бар ма?

– Әрине, ауданымыздың мәселелеріне бей-жай қарай алмайтын, экономикалық-әлеуметтік дамуға өз үлесін қосқысы келетін азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы кеңеске мүше бола алады. Негізінен, заң бойынша құрамның үштен бірін мемлекеттік органдардың қызметкерлері құрауы тиіс. Қалғаны коммерциялық ұйымдар мен өзін-өзі ұсынушылар. Бүгінде аудандық қоғамдық кеңесте 19 мүше бар.

Жалпы кеңестің құрамы мен ережелері үш жыл сайын мәслихат арқылы бекітіліп отырады. Биылғы жылдың басында қазіргі жаңа құрам бекітіліп, ережеміз айқындалған болатын.

– Аталмыш кеңестің қордаланып қалған қоғамдық мәселелерді шешуде рөлі қандай?

– Шыны керек, кеңестің проблемаларды шешуде рөлі орасан зор деп айтуға келмейді. Қоғамдық кеңестер туралы Заңның Қоғамдық кеңестің құқықтық мәртебесі туралы 1-бабының 9 тармағында «Тиісті өңірдегі, саладағы, қызмет аясындағы әлеуметтік-экономикалық даму және істердің жай-күйі үшін жауапкершілік Қоғамдық кеңеске жүктелмейді және мемлекеттік органдарда болады» – делінген. Демек, біз ешқандай органға белгілі бір олқылықтың орнын толтыруды міндеттеп, соның жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізе алмаймыз. Ондай өкілеттілігіміз жоқ. Біз тек консультативтік, яғни, кеңес беруші ұйымбыз. Алайда, бұл – мемлекеттік мекемелер бізбен санаспайды, ұсынысқа құлақ аспайды деген сөз емес. Жоғарыда аталған заңда «Қоғамдық кеңестің ұсынымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады» – деген тармақ бар. Яғни, кеңестің ұсынымдарымен мемлекеттік органдар санасуға міндетті.

– Демек, қоғамдық кеңестің қолындағы билік әлсіз ғой. Сіздің ойыңызша, кеңеске қандай да бір басқару тетігін беру – мәселелердің оң шешімін табуда септігін тигізер ме еді?

– Оныңыз рас, кеңес шығарған ұсыныстардың ешқандай заңды күші жоқ. Және де өз тарапымыздан ешқандай қоғамдық мәселені көтеруге мүмкіндік берілмеген. Бұл олқылықтың орнын толтыру аудан немесе облыс көлемінде жүзеге аспайтындығы анық. Қоғамдық кеңестің қоғамдағы рөлін күшейтіп, беделін арттыру үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Мемлекеттік органдарға талап қоя алатындай және соның орындалуын қадағалайтын құқық беру керек, меніңше.

– Кеңестің қоғамдық бақылау жүйесі бар емес пе?

– Біздегі қоғамдық бақылау мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің тиімділігін, ашықтығын және айқындығын арттыруға, халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тартуға негізделген. Заңда көрсетілгендей, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тетіктерінде мемлекеттік комиссиялардың құрамына қоғамдық кеңестердің мүшелерін қосу туралы айтылған. Бұл өз кезегінде, кеңес мүшелері маңызды шешімдер қабылдауға өз септігін тигізеді. Айталық, аудандық жер комиссиясының құрамы жыл сайын бекітілуі тиіс. Оның құрамында қоғамдық кеңестің бір мүшесі болуы керек. Ағымдағы жылдың 3 қазанында өткен қоғамдық кеңестің отырысында кеңес мүшесі, ауданның дамуына өзінің ерең еңбегімен үлес қосып келе жатқан, көп жылдар бойы ұстаздық еткен Гүлнәр Жошыбаева ұсынылып, ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

– Отырыстардың бірінде мүмкіндгі шектеулі жандардың қоғамдық орындарда кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасау мәселесі көтерілген болатын. Сол жиында біраз кемшіліктер айтылды. Қазіргі таңда олқылықтардың орны толды ма?

– Иә, бұл мәселе мамыр айында өткен отырыста талқыланған болатын. Жиында аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы Раушан Ордабаева мүгедек жандарға қаншалықты қолайлы жағдай жасалып жатқандығын жеткізген еді. Ол өз сөзінде көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған Брайль шрифтімен жазылған мемлекеттік органның атауы мен жұмыс кестесі бар маңдайшалар тек Қаракемер ауылдық округі әкімі аппартында болса, ғимарат ішінде нашар көретін азаматтарға арналған тактильді рельефтік жолақ тек Бәйтерек ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында бар екендігін айтқан болатын. Ғимарат ленталары 4 аудандық бөлімдерде және 6 ауылдық округте ғана бар. Ал Ават, Балтабай, Бөлек, Бәйдібек би, Көктөбе, Қорам, Рахат ауылдық округ әкімі аппараттарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалынбаған еді. Біз осы мәселелер бойынша, тиісті мекемелерге ұсыныс енгізіп, хаттама толтырдық. Жоғарыда айтқанымдай, кеңес ұсыныстардың орындалғандығына мониторинг жасау-ға құқығы жоқ. Алайда, жоғарыда аталған мекемелер олқылықтың орнын толтырғандығын көріп жүрміз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен

Сардарбек НҰРАДИН.

Read 26 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет