Жұма, 08 Қараша 2019 08:52

Күн тәртібінде: ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС

Күн тәртібінде: ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС mezet.kz

Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, Алматы облысының полиция департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Алмасбековтың қатысуымен ведомствоаралық шұғыл жиналыс отырысы өтті. Сонымен қатар, аудан прокуроры Азамат Күренкей жүргізіп отырған жиынға бөлім басшылары, Есік қаласы мен ауылдық округ әкімдері және ауылдық округтерінің мал дәрігерлері, жеке шаруашылық басшылары, аудан бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелері қатысты.  

Бүгінгі таңда мал ұрлығы өзекті мәселелердің бірі ретінде күн тәртібінен түспей тұр. Қаншама қарапайым адамдар мен мал шауашылығымен айналысатындардың несібесі ұрылардың қолында кетуде. Осы мәселені тоқтату мақсатында қолға алынып жатқан жаңа пилоттық жоба талқыланып, артықшылықтары түсіндірілді. Аудан әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлы мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында қолға алынып жатқан пилоттық жобаны қолдайтынын жеткізіп, бұл бір ғана аудандағы емес, барша Қазақстандағы өзекті мәселе болып өршіп тұрғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, аудан прокурорының орынбасары Расул Көпбаевтың қылмыспен күрес бойынша профилактикалық жұмыстары жайлы баяндамасы тыңдалды.

«Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасымен 2018 жылдың 12 айы және 2019 жылдың өткен мерзімінде ауданның ішкі істер және жергілікті атқарушы органдарымен қылмыспен күрес бойынша профилактикалық жұмыстарының заңдылығы, соның ішінде Қазақстан Респуб-ликасының «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының талаптарының орындалу жағдайына талдау және жергілікті полиция қызметіне тексеру жүргізілді. аудан бойынша өткен жылдың 8 айымен ағымдағы жылдың 8 айын салыстырғанда ауыр санаттағы қылмыстың саны 54,1 пайызға өскен (85-тен 131-дейін), оның ішінде қылмыс түрлеріне сараласақ: адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру фактісі 6,7 пайызға (15-тен 16), тонау 76,2 пайызға (21-ден 37-дейін) пәтер ұрлығы 5 пайызға (437-ден 459), есірткі заттары бойынша қылмыс 13,3 пайызға (15-тен 17-дейін), зорлау 6,3 пайызға (16-дан 17-ге), оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты 50 пайызға (2-ден 3-ке), сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 25 пайызға (4-тен 5-ке), оның ішінде кәмелет жасқа толмағандарға қатысты 100 пайызға (1-ден 2-ге), он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау 20 пайызға (5-тен 6-ға) өскен. Бұдан басқа, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс 159,6 пайызға (183-тен 475-ке), оның ішінде соттылығы жойылмағандармен 326,1 пайызға (23-тен 98-ге), кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыс 100 пайызға (3-тен 6-дейін), мас күйінде 32,5 пайызға (40-тан 53-дейін), адамдар тобы болып жасалған қылмыс 22,7 пайызға (22-ден 27-ге), кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар 14,3 пайызға (21-ден 24-ке), қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 19,9 пайызға (301-ден 361-ге) өскен.

Көрсетілген статистикалық мәліметтерге сәйкес ауыр қылмыстардың алдын алу  бойынша және бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстардың 2,5 есе өсуі жергілікті полиция қызметкерлерімен бұл бағытта ешқандай профилактикалық жұмыстар жүргізілмейтінін дәлелдейді», – деді. Сонымен қатар, баяндамашының айтуынша, аудандық полиция басқармасының көшіқон қызметі бөлімінің өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармауы салдарынан шетелдіктермен және оларға қатысты жасалған қылмыстарға жол берілгені анықталған. «Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 58-бабына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар көші-қон бақылауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдардың есебін жүргізу міндеттелген. Алайда, аталған бағыттағы жұмыстың нәтижесіздігі 2019 жылдың өткен мерзімінде шетелдік азаматтармен 25 қылмыс және 23 шетел азамтарына қарсы жасалған қылмыс дәлел (19- тәуелсіз мемлекеттер достастығы, 4 алыс шетел азаматтары). Қылмыс жасаған шетелдіктердің басым бөлігі, яғни 15-Өзбекістан Республикасының, 5-Қырғыз-стан Республикасының, 5-Ресей Федерациясының азаматтары. Олардың ішінде 2-і ауыр санаттағы (ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігі және 188-бабының 3-бөлігі), 23-і ауырлығы орташа санаттағы қылмыстар».

Сондай-ақ, әрбір құқық бұзушылық профилактикасы субъектісінің кемшілігіне тоқталып өтті баяндамашы. Аталған кемшіліктер қатаң сынға алынып, тиісті шаралар қолданылатыны жеткізілді жиын соңында.

А.НҰҒМАН.

Read 30 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет