Жұма, 01 Қараша 2019 16:29

Бағдарлама мерзімі ұзартылмақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР  Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде өзінің сайлауалды платформасын жүзеге асыру жоспары жасалатынын, бұл орайда негізгі он бағытқа басымдық берілетінін атап өтті. Оның жетінші бағытында өңірлерді дамытудың жаңа бағдары айқындалған. Ол турасында Президент: «Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған  нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады», – деді. Бүгінде республикалық маңызы бар үш қала мен он төрт облыс бар. Осы он жеті әкімшілік құрылымның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарса, Қазақстанның әл-ауқаты зор деуге болады. Республикалық маңызы бар қалалардың даму мүмкіндігі өңірлерге қарағанда, молырақ. Ал он төрт облысты дамыту үшін өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы жасалған. Облыстар бір-бірімен климаты, экономикасы, әлеуметтік жағдайы, инфрақұрылымы, салалық дамуы жағынан ерекшеленеді. Сол себепті, Өңірлерді дамыту бағдарламасы негізінде әр облыс өзінің аумақтық даму бағдарламаларын (2016-2020 жылдарға арналған) жасаған. Аумақтық бағдарламалар да көзделген индикаторлардың орындалуы түптеп келгенде, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» орындалуына ықпал етеді. Бұл бағдарлама ауданымызда қалай жүзеге асуда? Сұрақ орынды.    Алдияр, жауабын іздеп көрейік...

Іргелі ауданымыздағы бүгінгі күнгі басты мәселелер – инфрақұрылымдық жүйелердің жаңғыруы. Ол әлбетте, бір жылда шешіле салады деу әбестік. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспар құрылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде ауданымызда. Сол секілді «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде биылға 219,4 млн теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 61,4 млн теңгесіне 6 елді мекенге атап өтсек,  Ават, Бижанов, Достық, Қаратұрық, Қ.Ұлтарақов және Шелек ауылдарының жолдарын ағымды жөндеуден өткен. 55,2 млн теңгеге Асы, Алға, Өрікті, Көктөбе, Рахат ауылдарының су құбырларын ағымды жөндеуден өтуде. Ал Амангелді, Бөлек, Жаңашар, Қазақстан, Ақтоған, Балтабай және Түргенде спорт алаңдары мен стадиондар абаттандырылуда. Оған 69,7 млн теңге қарастырылған. Сол секілді аталмыш бағдарлама аясында 13 млн теңгеге Тес-кенсу ауылдық округінде каналдар тазартылуда. Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 161,3 млн теңгесі игерілген. «Жыл соңына дейін ойға алған жұмыстар толық аяқталады» дейді аудан басшысы Бинәлі Ысқақ.

Былтырғы жылы осы бағдарлама аясында 25 ауылдық елді мекендегі жолдарды ағымды жөндеуге 220 млн теңге бөлініп, өңірлердің тынысын ашуға жұмсалған еді. Бұл бір ғана ауданда атқарылып жатқан игілікті іс.

Енді Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасы әзірленеді. Ол бағдарламада өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және басқарылатын урбанизация арқылы халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту көзделмек. Қазіргі уақытта экономикалық белсенділік, таланттар, инновациялар, бизнес, жұмыс орындары шоғырланған ірі қалаларға адамдардың келу үдерісі байқалады. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі жаңа Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жедел урбанизация (2030 жылға қарай 70%), сондай-ақ Қазақстан қалаларының өздерін ірілендіру бойынша шаралар кешенін қабылдау қажет деп санайды. Сондықтан жаңа бағдарламада 34 қаланы және 439 ауылды елді мекенді қамтитын функционалдық қалалық аудандардың дамуын одан ары қолдауға басымдық бермек. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу кезінде Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі қолданыстағы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын газ, жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй қорын жаңғырту, сондай-ақ сәулет және қалақұрылысы қызметінің бірқатар мәселелері «Нұрлы жер» бағдарламасына ықпалдастырылады.

Урбанизация мәселелерінен басқа жаңа бағдарламаға шамамен болашағы бар 1,5 мың   ауылды елдімекенді жаңғырту «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асады. Бұл мақсатта 2019-2021 жылдарға 90 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылығы, әлеуметтік сала объектілерін, болашағы бар ауылдардың көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуіне бағытталады. Шағын қалаларды дамыту жобаларына биыл 10 млрд теңге бөлінді. Ол қаржы шағын қалаларда (16 қала), сондай-ақ функционалдық қала-лық аудандардан тыс ірі моноқалаларда (халқы 50 мың адамнан астам 9 қала) және шекара маңындағы шағын қалаларда (8 қала) инженерлік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Жалпы, өңірлік деңгейде халық тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті әлеуметтік және инфрақұрылым нысандарының тізбесін қамтитын қалалық және ауылдық жерлер үшін Өңірлік стандарттар жүйесі енгізіледі. Мұның барлығы Өңірлерді дамытудың 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ескеріліп отыр. Ең маңыздысы, халық ықыласына бөленіп келе жатқан бағдарлама жүйелі жалғасқандығы. Себебі, ауылды аймақтардың дамуы ел өркендеуінің айғағы.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 602 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет