Жұма, 27 Қыркүйек 2019 14:01

Агрокешендерді көрді,оң бағасын берді

Агрокешендерді көрді,оң бағасын берді mezet.kz

Ырысын ынтымақтан, берекесін бірліктен, несібесін берекелі тірліктен тапқан ауданымызға Қазақстан Республикасының Премьер Министрі Асқар Мамин ат басын бұрды. «Сәт сайын өзгерген заман көшінен қалмай, шаруашылығы үздіксіз дамуға бет бұрған, заманауи технологияларды жетік игерген аудан екен». Қазақстан округіндегі «Амал Био» және Жаңашардағы «Адал» компаниясына келіп, тіршілігімен танысқан Премьер Министр дәл осылай баға берді. Тарқатайық...

Ресми сапар барысында Асқар Ұзақбайұлы облыс басшысы Амандық Баталовпен, аудан әкімі Бинәлі Ысқақпен бірге ауданымыздағы екі нысанға арнайы барды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы-мен танысу мақсатын межелеген Премьер Министр алдымен «Амал био» агроөндірістік кешенін аралап көрді.  2012 жылы ашылған кешеннің қау-қары қазір сең бұзардай. 150 гектар аумаққа алманың 14 түрін еуропадан жеткізіп, еккен. 500 мың ағаш айналасы екі-үш жылда жайқалып өскен, әлбетте, 124 жерлестеріміз адал терін төккен. Нәтижесінде, әр гектарынан 60-70 центнер өнім алып отыр. Ауқымды іс қаржысыз біте ме. 1,1 млрд теңге инвестиция салынып, қосымша маусымдық мезгілде тағы да 100 адамды жұмыспен қамтуда.  Компания басшысы Асқар Сабировтың ендігі межесі – 2020 жылға дейін кешен көлемін 300 гектарға жеткізу. Мақтанарлығы сол, мұнда толық тамшылатып суару әдісі  пайдаланылады әрі интенсивті бақтар. Мұның артықшылығы турасында өндіріс менеджері Темірлан Рүстембеков: – Интенсивті бақ өсіру өте тиімді. Біріншіден, отырғызылған көшеттер қысқа мерзім ішінде өнім бере алады. Екіншіден, жер көлемі жағынан үнем көп болады. Ал үшіншіден күтіп-баптау, жинау жұмыстарында арнайы техникалар пайдаланылады. Ал мұнда жұмыс істейтін азаматтардың орташа жалақысы 80 мың теңге. Бәрі дерлік осы аудан азаматтары, – дейді.

Заманауи жиын-терін

Сондай-ақ, қалдықсыз технологияны толық игерген агрокешен. Себебі, бұтағынан түскен алманың өзін табиғи таза сусын етіп шығаруға қауқарлы. Оған арнайы техникалары да түгел. Әрі пісіп жетілген жемісті сақтауға арналған  сыйымдылығы 6000 тонна қойма да салынған.

Бүгінде агроөнеркәсіп бойын-ша көш ілгері жүрген ауданымызда алма бақтың көлемі 6400 гектарға жеткен. Оның 1,5 мың гектары дәл осындай интенсивті бақтар.

Алма бақтан соң Премьер-Министр жүгерінің 17 түрін өсіретін агроөндірістік кешеннің алқабын аралап көрді. Дала диқандарының сөзінше, жыл сайын құнарлы жерден сапалы әрі тұрақты өнім алып отыр. «Адал» компаниясының бас директоры Серік Смаилов Үкімет басшысына  бұл турасында кеңінен әңгімелеп берді. Бұдан әрі қарай Асқар Мамин «Адалдың» сүт-тауарлы фермасында болды. Оған тартылған қаражаттың құны – 1,2 млрд теңге зауытта тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін 2 цех бар. Мұнда қазір  262 адам еңбек етіп жатыр. Ауданымызға қарасты «Адалдың» өнімдері бүгінде республика көлемінде емес, экспортқа шығып үлгерген. Ол турасында Серік Смаилов былай дейді:

Кәсіпорын пастерленген, ультрапастерленген сүт өнім-дерінің 63 түрін шығарады. Міне, қыркүйекте біз Өзбек-станның Нүкіс қаласына 100 тонна өнімді экспорттадық. 100 тонна майды Ресейдің нарығына жөнелттік. Ал өсімдік шаруашылығына келсек, жүгері өсіреміз. Былтыр 9, биыл 10 мың тонна өнім алдық. Оның 7800 тоннасын Өзбекстан мен Тәжікстанға жібереміз. Енді Ауғанстан мен Иран қызығушылық танытып отыр, – дейді.

С.Смаилов "Адал" өнімдерін таныстыруда

Цифрландырудың тетігін тапқан өндіріс қазір бір ғана орталықтан бақыланады. Мамандары да жаңа технологияның қыр-сырын үйренуде.

Не керек, ізденісті үдетіп, жаңалыққа жаны құштар аудан еңбеккерлерінің тіршілігін Үкімет Басшысы көзімен көрді, талабына оң бағасын берді.  Сөйтіп, зор серпіліспен ресми сапарын Іле ауданында жалғады.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 49 times

Күнтiзбе

« Қазан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет