Дүйсенбі, 02 Қыркүйек 2019 16:21

Жолдауға қолдау. «Аталыдан би қойсаң, адаспас жол мен жобадан»

Дәл осылай айтқан екен кезінде Бұқар жырау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың санаулы сағаттарда жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын тыңдап осы ұлағатты ой санамда сайрай жөнелді. Рас, бабалар жолы – бірлікте, тынымсыз еңбек – тірлікте. Себебі, көпшілікте теңдессіз күш пен билік бар. Осыны ұғынған Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деп айрықша атады. Сөйтіп, қарашаның көңілінде тұрған күпті мәселелерді су бетіне шығарды. Атап айтсам, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық, заңның солқылдақ тұстары, ауылдардың тұралаған жағдайы, жөнді-жөнсіз жұмсалып жатқан мемлекет қаржылары, әлеуметтің әлеуеттік жағдайының әлі де ақсауы... Бәрі де қазіргі қоғамның күйіп тұрған түйткілдері.

Рас, білім бәсекесі заманында бұл саланың үздіксіз дамуы – мемлекеттік бағдарламаның бастысы. Осы орайда қала мен ауыл мектептерінің алшақтығын «білікті педагог кадрлардың тапшылығынан» көрді Президент. Осы мақсатқа «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде келесі жылдан бастап қаржыландыру көзін 20 млрд теңгеге жеткізуде тапсырды. Сол секілді мұғалімдердің еңбекақысын келесі жылдан 25 пайызға өсіруді міндеттеді. Бұл білікті жас мамандарды ауылдарға тартудың айқын көрінісі деп білеміз. Екінші, заңның солқылдақ тұстары шегенделді. Бұл ретте Президент: «Біз тез арада сексуалды зорлық-зомбылық, педофилия, наркобизнес, адам саудасы, отбасылық зорлық-зомбылық, әсіресе, балаларға қарсы күш қолдануды аса ауыр қылмыс дәрежесінде қарауымыз тиіс» деді. Әрі жуырда ғана броконьерлер қолынан қаза тапқан жануарларды қорғау инспекторларының қайғылы оқиғасы талай мәселенің тігісін шығарғанын ашып айтып, екі ай ішінде бұл тұрғыда заңды күшейтуді міндеттеді. Сол секілді сатып алу-сату заңын күшейтуді де тапсырды Қ.Тоқаев.

Ауыл жағдайын жақсарту мақсатында Елбасы айтқан  «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жүзеге асыруды да күн тәртібіне көтерді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылға 90 млрд теңге бағытталатын болады. Қомақты қаржыға ауылдардың инфрақұрылымдық жағдайы жақсарады.

Биылғы Жолдаудың ерекшілігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау. Бұл ретте Президент: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде өзгерген жоқ. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде» деп ашып айтты әрі келесі жылдан аталмыш сала мамандарының жалақысын өсіруді тапсырды.

Мемлекеттік тіл мәселесі алты алаштың қабырғасын қақыратып отырғаны баршаға аян. Бұл ретте Президент те үнсіз қалмады, Елбасы жолын жалғады, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді» деп халыққа Жолдау жолдады. Сол секілді үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру мақсатында Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді міндет етті. Мұның бәрі халық пен билік арасын байланыстырудың қам-қарекеті.

Өз заманында Дулат Бабатайұлы айтқан екен:

«...Би мен бектің сәні жоқ,

Елін қорғай алмаса,

Тура жолса салмаса,

Ыстығына күймесе,

Суығына тоңбаса» – деп. Халық арасына еніп, түйткілдерін көріп, орындалуын талап ететіндей тапсырмасын беріп үлгерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы қараша халық көңілінен шықты деп айтуға болады. Бастысы, әңгімемнің әліппесінде айтқандай, татулық пен тұрақтылық – біздің күш-қуатымыз. Бұл ретте Президент: «Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді» деді. Иә, ендеше, осы айқын бағытымыздан таймайық, Алаш Елі! Бастысы, Әлихан Бөкейхан айтқандай«Би түзу, билік әділ болсын».

Қайнар ЖҰМАҒОЖА,

«Еңбекшіқазақ» газеті редакторының орынбасары,

«Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының төрағасы,

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаты.

Read 99 times

Күнтiзбе

« Қазан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет