Күндер бойынша реттелген элементтер: Жұма, 13 Қыркүйек 2019
Жұма, 13 Қыркүйек 2019 14:38

Қазақ журналистері ауданда

Көзмоншақ көлі, тұп-тұнық Түргендей белі, қонақжай елі, шыбық ексең тал өскен жері бар Еңбекшіқазақ ауданы туризмді дамытудың қайнары-ақ. Әйткенмен, сан соғудың қажеті жоқ, уақыт ырғағымен бұл сала да дамуға бет алған. Дәлел десеңіз айтайық, осы жылдың тоғыз айының өзінде    75 729 турист ауданға ат басын бұрған. Сәйкесінше, 106,3 млн теңгеге ақылы қызмет көрсетілген. Бұл туралы блог-турда белгілі болды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, ардагер журналист Мұрат Нақатаев және бірнеше БАҚ өкілдері болды. Мақсат айқын: ауданымыздың киелі жерлерін көпшілікке насихаттау, туризмді дамытуға ықпал ету.

Алдымен журналистер Республикалық «Алтын адам» археологиялық мұражайын аралады. Оларды арнайы аудан делегаттары күтіп алып, қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан өңірге апарды. Онда музей директоры Тасқын Тойбаев қазба жұмыстарының жай-жапсарын әңгімелеп берді.

 

Кейіннен бір топ тілшілер қауымы Есік көліне жол тарты. Кеңес үкіметі тұсында туристердің ерекше ықыласына бөленген көзмоншағымызға 1963 жылғы қайғылы оқиғадан кейін келушілер саябырлаған. Ауданның тізгінін Алханбек Мәлкеев ұстаған тұста көлге дейін жол салынып, теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте тұрған Іле Алатауының көзмоншағына жан бітті. Көл тарихын жан-жақты Хайролла Ахметжанов және Мұрат Нақатаев әңгімелеп берді тілшілер қауымына.

Қазір көлдің жан жағында арнайы автотұрақ, жалға берілетін шатырлар келушілерге жұмыс істеуде. Тұмса табиғатты көремін десеңіз, Есік көлі есігін айқара ашып тұр.

Түс ауа журналистер Түргендегі кіші сарқырамаға бет алды. Аюсай деп аталған сарқырама 50 метр биіктіктен құлай аққан. Тас жолдан 1300 метр тау жағалай жүріп жеткен журналистер мұндағы сұлулыққа тамсанбай қоймады. Құлай аққан судың гүрілі құлақ тұндырады. Арыны қатты су екпіні түскен жеріндегі тастарды ойып, мүжіп, кішігірім көлдің пайда болуына жағдай жасаған. Күннің ыстықтығына қарамастан ондағы су мұздай. Осынау табиғат тылсымдарына қаныққан тілшілер қауымы естелік суретке тоқтаусыз түсіп жатты...

Бүгінде ауданда туризмді дамыту бойынша кешенді жоспарлар жүзеге асуда. Ол турасында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали әңгімелейді: – Ауданда табиғи қорықтар мен мұражайлар және археологиялық ескерткіштерді аралатудан бөлек туристерді қызықтыратын ауданда басқа да нысандар қызмет көрсетеді. Ауданда барлығы 12 туристік бағыт бойынша туристер қабылдануда. Ауданда туристерді орнықтыруға арналған нысандар жеткіліксіз болғандықтан, олардың санын көбейту мақсатында инвесторларды тартуда бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсам, «Ескене» ЖШС «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық тас жолының бойында ауданға келген туристерді және жол жүрушілерді қабылдауға арналған заманауи, стандартқа сай жол бойындағы қызмет көрсету кешенін салу жобасы облыстық комиссиядан инвестициялық жоба ретінде оң шешім алып, бүгінгі таңда сұралған жерінің құжаттары рәсімделуде. Жоба құны 600 млн теңгені құрайды, – дейді.

– Бүгінгі блог-турдың маңызы зор. Бұлай дейтініміз, ішкі туризмді дамыту – аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың күн тәртібінде тұрған мәселе. Екіншіден, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы шеңберінде іргелі өңіріміздегі киелі жерлерді насихаттау – журналистер құзырындағы іс. Осы ретте аудан әкімдігі қолдау білдіріп, «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қоры ұйытқы болып отырған кездесудің жемісін көреміз деген ниеттеміз. Әрине, бүгінгі аралаған жерлеріңіз біздің ауданның киелі де көркем нысандарының оннан бір бөлігі десек артық айтқандық емес. Ауданымыздағы 79 елді мекеннің әрбірінің киесі бар, мақтанып, марқайып көрсететін құндылықтары да жетерлік. Алдағы уақытта әрбірін жеке-жеке көрсетеміз, елге танытамыз. Бұл аудан әкімінің тікелей қамқорлығында тұрған жайт, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов журналистерге берген сұхбатында.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Published in Мақалалар
Жұма, 13 Қыркүйек 2019 11:51

«Тілдер мерекесі» өтуде

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен алаш арысы, ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың туған күніне сәйкес келетін «Тілдер мерекесі» өз деңгейінде аталып өтті.

Райымбек батыр атындағы орта мектепте мектеп кітапханашысы Л.Еділбаева мен мен бастауыш сынып мұғалімі Г.Абдрахманованың ұйымдастыруымен «Үш тұғырлы тіл – жарқын болашақтың кепілі» атты бастауыш сынып оқушылары арасында үш тілде тақырыптық мәнерлеп оқу мен білім сайысы өткізілді. Бастауыш сынып оқушылары белсене қатысып, жан-жақты білімдерін паш етті.

 

Бастауыш сынып бірлестігі.

Published in Мақалалар

Жастарды тәрбиелеу мектеп пен мекемелердің ғана емес, ата-ананың да міндеті. Баланың бос уақыты көп болған сайын жаман нәрселерге ұрынады. Қадағалаусыздық, түнгі уақытта беймезгіл жүру еліктегіш балаларды қылмысқа итермелейді.

Осыған орай, жуырда Түрген ауылдық округінде түнгі рейд өткізілді. Ондағы басты мақсат – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және ескерту, спирттік ішімдіктерді пайдаланатын кә-мелетке толмағандарды, сонымен қатар, оларға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сату арқылы қоғамға қарсы іс-әрекеттерге итермелейтін ере-сектерді, түнгі мезгілде ойын-сауық мекемелерінде, тұрғын жайдан тыс жерлерде ата-аналарының қарауынсыз жүрген кәме-летке толмағандарды анық-тап, ойын-сауық мекеме иелеріне және ата-аналарына әкімшілік шаралар қолдану.

Түнгі рейдке аталмыш округтердің жастар ісі жөніндегі нұсқаушылары және Еңбекшіқазақ ауданы ішкі істер басқар-масының жергілікті полиция қызметінің ювиналдық полиция тобының учаскелік полиция инспекторлары қатысты.

Рейд барысында Түрген ауылдық округінің кафелері мен ойынханалары т.б. жастар жиі жиналатын орындар тексерілді. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбузушылық заңы-ның 132.1 және 442.2 бабы бойынша ешқандай құқықбұзушылық фактілері тіркелген жоқ.

 

Түрген ауылдық округі әкімі аппараты.

Published in Мақалалар
Жұма, 13 Қыркүйек 2019 11:37

Бала мәселесі - қоғам мәселесі

Жақында №1 Рахат орта мектебінде ҚР Президенті әкімшілігінің жанынан құрылған балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес мүшелерінің қатысуымен жиын өтті. Шараға қатысқан «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі Мансия Исказина, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақзира Нұрдуллаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық денсаулық орталығының маманы Шыңғыс Байкубеков, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев тақырып аясында қордаланған мәселелерді көтерді.

Осы уақытқа дейін жұмыс тобының 7 өңірді аралағандығын айтқан Мансия Исказина Алматы облысы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы суицидтен бірінші орында екендігін жеткізді:

Бүгінде Алматы облысы өз-өзіне қол салатын жасөспі-рімдерден көш бастап тұр. Ағымдағы жылдың 8 айында 18 оқиға тіркелген. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Олардың суицидке баруының негізгі себебі,  ата-ана мен бала арасын-дағы кикілжің және жауапсыз махаббат. Оған қоса, қыз балалардың ерте бала көтеруі де жиі кездеседі. Бұрындары 16 жастағы қыздар екіқабат болса жағамызды ұстаушы едік. Қазіргі таңда 13 жастағы балалар жыныстық қатынаспен айналысып, бала көтеріп жүр. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандардың және оларға жасалатын қылмыс көрсеткішінің артып келеді – деген Мансия Аяпбергенқызы мәселенің алдын алу жолдарын айтты. Сөзіне сүйенсек, бүгінде құзырлы органдар бірлеспей, жеке жұмыс жүргізеді. Бұдан нәтиже шамалы. Балалардың құқықтарын қорғап, олармен жақын қарым-қатынаста болу үшін мекемелер бірігіп жоспарлы жұмыс жүргізуі тиіс.

Аудандық аурухананың мәліметінше, 2018 жылы кәмелеттік жасқа толмаған 48 қыз жүкті болған. Ал ағымдағы жылдың 8 айында 36 жасөспірімнің жүктілігі анықталған. Ең жасы 15-16 жас-та. Десек те, басым көпшілігі некеде тұрғандар. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, ауданымызда тұратын кейбір ұлт өкілдері қыздарын 9 сыныпты бітіргеннен кейін тұрмысқа береді. Нәтижесінде, ерте ана атанып жатыр.

Жиын барысында тікелей жасөспірімдердің ісімен айналысатын ювеналды полицияның да жұмысы талқыланды. Бүгінде ауданымызда мектеп инспекторлары тапшы. 84 мектепке – 20 инспектор. Демек, әр инспекторға 4 мектептен келеді. Оның ішінде мың, екі мың бала оқитын мектептер бар. Шара барысында ювеналдық полиция қызметкерлерінің санын арттыру мақсатында сұраныс берілетіндігі айтылды.

Сонымен қатар, Мансия Аяпбергенқызы тікелей отбасы және балалармен айналысатын құзырлы органдардың жоқтығын алға тартты. Аудандағы 90 мыңға жуық балалардың жұмысымен әкімдікте бір адам ғана айналысады. Осыған орай, өңірлерде отбасы, бала және жастар мәселесі жөнінде басқарма құру туралы ұсыныстар да айтылды. Кеңес мүшелері аталған ұсынысты республикалық деңгейде көтеріп, тіпті, министрлік құрылуы мүмкін екендігін жасырмады. Себебі, отбасы мен бала төңірегінде қордаланған мәселелер шаш-етектен.

Көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамту мәселесі де сырт қалмады. Ауданда 161 көпбалалы ана пәтер кезегінде тұр. Айбек Бидаевтың   айтуынша, олардың жеке тізімі жасалған. Бүгінде Есік пен Шелек өңірлерінде көпқабатты үйлер салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген.

 

С.НҰРАДИН.

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет