Жұма, 31 Шілде 2020 10:47

Құрбан айт – ұлық мереке

 

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.

Құран кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибрахим мен Исмаилдың дәуіріне дейін келіп жетті.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауапты істері арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау дегенге саяды.

Құрбандықтың мәнін ұғу үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жоқтан бар еткен Құдіретті ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Оларға қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті құранда: «Мен жындар мен адамдарды тек қана құлшылық жасасын деп жараттым» деген аят келтірілген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған иенің әмірлеріне бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу – тек мал бауыздау емес. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі.

Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқаларда жұмысым жоқ деген түсінік оған жат. Өйткені, «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес» деген. Пайғамбарымыздың хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

 

Құрбандық шалудың үкімі

Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге ғана уәжіп. Осы турасында Алла тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп құрбан шалу бұйрық райда келген. Пайғамбарымыз «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деп бұйырған. Әрине, мұндай қатаң ескерту де құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп. Бірінші, Мұсылман болу, екінші, ақылды және балиғат жасына толуы, үшінші, құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және төртіншісі, негізгі қажеттіліктен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки, соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанымен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат етіледі.

 

Құрбандыққа шалынатын мал және оның ерекшеліктері

Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынандай болуы қажет.

Алғашқысы, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкруһ болып табылады. Өйткені мұнда отқа табынушыларға еліктеудің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.

Екіншіден, құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

Үшінші, құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы тиіс.

Төртінші, құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнінде Алла пенделердің құлшылығына да құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниеті негізге алынады.

 

Құрбандық шалудың жөн-жобасы, уақыты

Мұсылман – Аллаға толықтай мойынұсын-ған адам. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Сондықтан Алла мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды. Пайғамбарымыз «Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын» деп бұйырған. Құрбандық шалған кезде төмендегі жайттарға да назар аударған жөн: бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Екінші, Құрбан шалатын жерге малды ұрмай соқпай апару. Үшінші, Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу. Төртінші, оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу Әкбар» деп бауыздау. Бесінші, малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпырмау. Алтыншы, малдың қаны толық ағып біткенше күту. Жетінші, Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу.

Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

 

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалынған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларға беруге болады.

 

Бірігіп құрбан шалу

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

Сұлтанбек КАРИБАЕВ,

 Қызылжар ауылдық

«Қалыбек батыр» мешітінің имамы

Read 63 times

Күнтiзбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет