Дүйсенбі, 22 Маусым 2020 09:13

Қазақ даласынан шыққан ДАРЫНДЫ ПЕРЗЕНТ

Медицинаның өркендеуіне зор үлес қосып, бұл ғылымда төңкеріс жасаған ұлы дәрігер, сонымен қатар философия, астрономия, математика секілді іргелі ғылымдарға да қалам тартып, өз қолтаңбасын қалдырған әйгілі ғалым - Әбу Әли Хусейн ибн Абдулла ибн Әли ибн Сина туралы мынадай бір оқиға бар. Бірде теологиямен айналысуды ойлаған ғалым Аристотельдің «Метафизика» еңбегін оқып шықпақшы болады.

Бірақ бір рет оқығаннан түк те түсінбейді. Сосын тағы қайталап оқиды. Сондада ештеңе ұғынып жарытпайды. Осылайша қайталап қырық рет оқып шығады. Кітаптың әрбір сөзі миында жатталып қалғанымен сол күйі оның ішкі өзегі мен ойы түсініксіз күйінде қалады. Сондықтан ғалым аталған кітапты тым түсініксіз жазылған еңбек екен деп бағалап, қайта оқуға құлқы болмайды.

Бірде базардан келе жатқанында бір адамның мұқабалы кітапты мақтап тұрғанын көреді. Ғалымды көрген әлгі саудагер кітапты сатып алуын өтінеді. Деседе, ғалым бұл кітапты сатып алғысы келмей, кетіп қалуға тырысады. Бірақ саудагер кітаптың иесі қаражатқа өте мұқтаж екенін, үш дирхемге бағалайтынын айтып оның жолын бөгей береді. Осылайша әлгі кітапты сатып алған ибн Сина үйіне келген соң ғылымқұмарлығына салып оқи бастайды. Оқыған сайын ғажайып бір күй кешкенін байқайды. Өйткені ол ғалымның қырық рет оқыса да дым түсінбеген «Метафизика» кітабының мақсаты жайында жазылған шығармасы екен. Оқи-оқи санасында жатталып қалған «Метафизиканың» құпиясы енді ашылып, оның терең мазмұны мен мәнін жете түсінеді. Осылайша ғалымға теология ғылымының қақпасы айқара ашылады. Бұған қатты тебіренген ғұлама қуанғаны соншалықты ертеңінде қаладағы барлық кедей-кепшікке садақа таратыпты. Ал сол еңбектің авторы біздің жерлесіміз, ұлы ғалым, өз дәуірінің теңдессіз оқымыстысы, дана философ, майталман математик, атақты астраном, дарынды музыкант, айтулы дәрігер, талантты ақын, яғни бір өзі барлық ғылым мен өнердің төресі болған Әбу Насыр әл-Фараби еді.

Әл-Фарабидың ғылыми еңбектерін өз кезінде Шығыс пен Батыстың талай-талай әйгілі ғұламалары жоғары бағалап, оны өздеріне ұстаз тұтқан. Солардың ішінен бірнешеуінің пікірлерін келтіре кеткенді жөн көрдік. Аталған ғалымдардың бірі Ибн Халликонның: «Әбу Насыр әл-Фараби логика, музыка және басқа да ғылым салаларына қатысты  шығармалардың авторы болған. Ол мұсылмандардың ең ірі философы саналады, ғылымда ешкім бұл кісінің дәрежесіне дейін көтерілген емес. Әбу Әли ибн Сина да оның кітаптарынан  көп нәрсе үйренген. Әбу Әли ибн Синаның сөзіне қарағанда, ол Фараби шығармаларын оқып ләззат алған екен», – деген әдемі естелігі бар.

Ал Захируддин әл-Байхакий болса: «Бұл кісі «Муаллим ас-Саний» – «Екінші ұстаз» деген лақап ат алған. Ислам ғалымдары арасында одан бұрын мұншалықты алғыр адам болмаған еді. Әбу Насырдың көп трактаттары бар. Мен Рай шаһары бастығының кітапханасынан бұл кісінің шығармаларын көрдім. Тіпті, ондай кітаптар жайында ешқашан естімеген де екенмін», – деп ғұлама туралы таңғалыспен баяндайды.

Ибн Әби Усайбианың да ғалым туралы: «Ол риезиет (математика, геометрия) ғылымдарына жетік, білгір, ірі ғұлама, мал-дүниемен ісі жоқ, қарапайым адам еді. Ол тағамға шыдамды, қанағаты мол жан болатын. Ол өзінің мінез-құлқы жағынан ежелгі дәуір философтарына ұқсайтын. Әбу Насыр тәуіпшіліктен де едәуір хабардар еді. Тәуіпшіліктің теориялық жағын жақсы білетін. Бірақ тәуіптік тәжірибені іс жүзінде қолдану және оның ұсақ-түйек емін жасау ісін айтарлықтай терең меңгермеген болатын», – деген шынайы пікірін айтады.

Сонымен бірге, Жамолуддин ибн әл-Кифтий: «Ол логикаға қатысты кітаптарды зерттеу және оларға түсініктеме беруде көп іс тындырды. Логиканың қиын тұстарын айқындай түсті, көпшілікке түсініксіз болған жасырын сырларын ашты әрі бұл ғылымнан пайдалану әдістерін жеңілдетті. Ол өз шығармаларында логикадан пайдалану үшін түсінікті сөз тіркестерін, астарлы меңзеу сөздер қолданып отырды. Тіпті, ол логиканы түсіндіру, үйрету және талдау жасаудағы әл-Киндий, тағы басқалар жіберген олқылықтарды да атап көрсетті.  Әбу Насырдың бұдан басқа «Ихсо ал-улум ва аттарьиф» – «Ғылымды меңгеру және оның мақсатын түсіндіру» туралы жазылған құнды кітабы бар. Мұндай шығарма жазуда осы кезге дейін Әбу Насырдай ешкім озып кеткен емес. Тіпті бұл секілді ой-пікірлерді  оған дейін әлі ешкім айта алмаған, ол кісі шыққан биікке ешкім көтеріле алмаған еді», –  деп, ұлы ғұламаның ғылымдағы орнының қандай екенін анықтап береді. Яғни, ол тек түркі мен ислам әлемі ғана емес барша адамзат ғылымының дамуындағы шоқтығы биік тұлға. Әрине, оның мұндай жетістік пен атаққа ие болып, ғылымның шыңына шығуына тек таланты мен дарыны ғана көмектесті дей алмаймыз. Оның тамаша дарыны мен қатар күллі адамзатқа үлгі боларлық асқақ арманы мен адалдығы жебеу болды.

Оның адалдығын, тазалығын, ғылымға деген құштарлығын қалдырған еңбектері мен сөздерінен анық аңғаруға болады. Ғұламаның айтқан мынадай бір сөзі бар. «Кімде-кім хикмат (философия, даналық) білімін оқып үйренуге кіріспек болса, ол ең алдымен ниеті дұрыс, әдепті, қайырымды, жас адам болуы керек. Ондай кісі адамдарға мейірімді, таза, адал болуы, күнә, қиянат, зұлымдық пен аярлық тәрізді азғын қылықтардан таза болуы тиіс. Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Хикмат білімін оқып үйренуге кіріспек болған адам білімді де, ғалымдарды да құрмет тұтуы шарт. Ондай кісі ең бастысы ғылым адамдарын қадірлейтін болуы керек. Білімді кәсіп, өнер етіп алмауы керек, әрі оны мал-дүние табу құралы етіп жібермеуі керек. Кімде-кім мұны керісінше істейтін болса, онда ол көзбояушы саналады. Жалған ақша таза ақша есептелмейтіні сияқты, жалған сөз ешқашан мәнді сөз болмайды. Егер мінез-құлқы біз айтқандай емес, теріс мінезді кісі болса, ол ешқашанда ғалымдар қатарына қосылмайды. Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарай бағалайды ғой. Сол секілді адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Кімде-кім өзін өз дәрежесінен жоғары көтермек болса, ондай адамның өсу жолына тосқауыл қойылады». Әрине, ғалымның әр сөзінен адалдық пен тазалықтың исі аңқып тұрғандай. Осы адалдығының арқасында ғана ол басқа ғалымдарға арман болған белестерді бағындырып, мәнді өмірімен өзгелерді тәнті еткен жоқ па?! Бүгінгі ғылымның емес, байлықтың жолын қуған ғалымсымақтарға әл-Фараби бабамыздың рухы көктен мүсіркей қарап тұрған жоқ па екен деген ой келеді кейде.

Данышпанның мінездегі адалдығымен қоса ғылымға деген адалдығы да өте керемет еді. Соның арқасында  талмай ізденетін, тоқтамай еңбектенетін. Алдыңғы ұстаздарын да шексіз құрметтей білетін. Мәселен, ғалымдардың айтуынша, Аристотельдің «Жан туралы» кітабының Әбу Насыр оқып шыққан нұсқасы табылған. Міне, сол кітапқа Фараби өз қолымен, «мен осы кітапты жүз рет оқыдым» деп жазып қойыпты. Бұл ғалым жайында пікір айтқандардың сөзіне қарағанда, Әбу Насыр, сол философ Аристотельдің «Физика» деген шығармасын қырық рет оқыдым, бірақ оны тағы қайталап оқуым керек деген екен.  Тағы бір жолы Әбу Насыр әл-Фарабиден:

– Философия саласында кім мықты, сіз бе, әлде Аристотель ме? – деп сұрапты.

Сонда әл-Фараби:

– Егер мен сол кісінің өзінен білім алу бақытына ие болғанымда, онда мен оның ең мықты шәкірттерінің бірі болар едім, – деп жауап беріпті дейді. Білімге құштар жандар Әбу Насырға тыным бермей, бірі келіп, бірі кетіп жатады екен. Ең өкініштісі, ол жазған шығармалар бөлек-бөлек шашылып жататын болса керек. Еңбектерін ол үлкен дәптерге емес, жеке парақ қағаздарға жазып тастай берген. Сол үшін көпшілік шығармаларының жеке тараулары мен бөлімдері ғана сақталып, бүгінге жеткен. Деседе, сол теңізден бөлінген тамшыдай ғана болып жеткен еңбектерінің өзімен-ақ барша ғаламды таң қалдырып, мойындата білді.

Ұлы бабамыздың тағы бір асыл қасиеті қанағатшылдығы мен қарапайымдылығы еді. Әл-Фараби Дамаскіге алғаш барған кезінде бір бауға қарауыл әрі бағбан ретінде жұмыс істеген. Сол бау ішінде отырып ұдайы хикмат-философия ғылымымен айналысатын болса керек. Ұшан-теңіз білімі мен жер жарған атағы болса да ол жарлы кісі ретінде өмір сүрген. Тіптен,түні бойы ұйықтамай, шығарма жазумен айналысады екен. Өйткені сол баудағы қарауылдығы үшін берілетін шамды пайдаланатын. Ел билеушісі әмір Сайф ад-Даула Фарабимен әңгімелесуді ұнататын болған. Сондықтан сарайына келген сайын сый-сияпат жасап отыратын. Алайда соған қарамастан Фараби күніне төрт дирхам күміс ақшадан басқа ешқандай сый-сияпаттан пайдаланбайды екен. Әбу Насыр осындай өте қанағатшыл адам болғаны үшін әмірші Сайф ад-Дауланың да ерекше құрметіне бөленген. Сол төрт дирхамның өзін тіршілігіне аса зәру болған нәрселерге ғана жұмсапты. Ол «тұрмыс-тіршілігім не болады» деп қайғырмайды екен. Тіпті баспана етерлік үй-жайды да, өзіне келетін бірен-саран пайданы да ойламай өтіпті. Әбу Насыр алғашқы кезде қазы болып істеген дейді. Ғылым дүниесіне тереңірек бойлаған соң бұл жұмысты тастап, бар жан-тәнімен білімін асыра түсуге кірісіп кетіпті. Ол бойын дүниенің рахаты мен нәпсісінің жетегіне қарай итеретін әрі бар уақытын дау-дамай мен тартыс арасында өткізетін қазылық шеннен гөрі өмірін ғылымға арнауға мүмкіндік беретін қарапайым қарауылдық қызметті артық көріпті.

Музыка саласында да ол білімді болыпты. Бұл салада да оның зерттеулері шарықтау шегіне жетіп, барынша кемелденгені сондай, ғалымдар мен өнерпаздар музыка өнерінде одан озып кету мүмкін емес деген байлам жасаған. Деректерге қарағанда ол ғажайып бір музыка аспабын жасапты, міне, сол аспаптан адамның жан жүрегін елжіретіп жіберетін сиқырлы бір ғажап әуен естілетін болса керек. Бұл туралы да бізге жеткен аңыздар көп. Соның бірінде: мереке күндері жиналған халықтың алдына шыққан бір адам өзінің жасаған аспабымен бір ғаламат күй шалады. Мұны естігендер сол жерде маужырап ұйықтап кетсе керек. Ал келесі күйді орындағанда барлығының ішек-сілесі қатып, мәз-мейрам болады. Енді тағы бір күй шертілгенде тыңдаушылардың барлығы жылай бас-тайды. Осылайша бір күйімен ұйықтатып, бір күйімен күлдіріп, бір күйімен жылатқан өнерпаз аяқасты жоқ болып кетеді. Бірақ орнына бұл күйлерді шерткен Әбу Насыр әл-Фараби деп жазып кеткен екен дейді. Айтылған аңыз шындық па, әлде өтірік пе ол жағы беймәлім. Десе де, аңыздың түбінде ақиқат жататыны тағы бар.

Биыл ғұламаның туғанына 1150 жыл толыпты. Қазақ даласынан шығып, әлемді мойындатқан, өкініштісі, жат жерден топырақ бұйырған ұлы бабамыздың рухы туған жерінен бөлінбек емес.

Кешір мені, туған жер, сені артқа  тастадым.

Кешір мені, туған ел, жолды алысқа бастадым.

Кешір мені, ұлыс-ұрпағым, бақ, байлық, даңқ таппадым.

Кешір мені, ар-ұжданым, білім болды баққаным, – деп алыста жүрсе де атамекенін аңсап өткен дара ғалымның сағынышы желмен бірге туған жерін шарлап жүргенінен шек келтіре алмаймыз. Ел Президенті Қ.Тоқаев осы айтулы мерекені мемлекет көлемінде ауқымды түрде атап өтуге тапсырма бергені есімізде. Бұл да қазақ даласының дарынды перзентіне деген махаббаты мен сағынышының куәсі болса керек.

 

Н.ТІЛЕУҚАБЫЛ

Read 122 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет