Дүйсенбі, 25 Мамыр 2020 10:42

Аудандық балалар мен жасөспірімдердің туристік және экскурсия орталығының директоры Мұрат АҚАЕВ: «Адамзаттың асыл қазынасы»

 

Табиғат – адамзаттың баға жетпес байлығы. Сылдырлап аққан мөлдір бұлақ, тасыған өзен, төбесі көк тіреген асқар таулар, оның баурайын мекен еткен аң-құстар. Барлығы бізге берген Тәңір сыйы. Оны күтіп-баптау, қорғап, қастерлеу – біздің міндетіміз. Осы байлықты бағалауға, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізуге, экологиялық білім мен тәрбие беру жолында еңбек етіп жүрген аудандық балалар мен жасөспірімдердің туристік және экскурсия орталығы балаларды табиғатты аялауға баулып, туған жердің табиғатын танытуда. Бұл туралы орталық директоры Мұрат Ақаев бізге берген сұхбатында айтып өткен болатын.

– Мұрат Тілепбердіұлы, өзіңіз басқарып отырған орталық экологиялық бағытта қандай жұмыстар жүргізеді?

– Орталық ұжымы ауданымыздың мектептерінде туристік-өлкетану және экологиялық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асырады. Орталық жұмысының басты мақсаты – балалар мен жас жеткіншектерді қоршаған табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу, экологиялық мәдениет дағдыларын қалыптастыру. Орталықта туризм, өлкетану, экологиялық бағыттар бойынша 11 түрлі үйірме сабақтары жүргізіледі. Оған 490 оқушы қамтылған. Соның бірі «Жас экологтар» үйірмесі. Құрамында 47 бала бар үйірменің жетекшісі А.Оразова. 

Біздің жобамыз балалар мен жасөспірімдерді табиғатты қорғау ісіне тарту жолын қарастырады. Жоба мақсаты – табиғат экожүйелерін сақтауға бағытталған қоғамдық маңызы бар істерге балалар мен жасөспірімдерді тарту, халыққа экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қатысушылар мен үйірме жетекшілері арасында экологиялық басылымдарға деген сұраныс артады, ол өз кезегінде экологиялық мәдениетті қалыптастырады. Үйірме барысында экологиялық ойындар мен викториналар, флэш-моб және басқа да шаралар ұйымдастырады. Аталған шаралардың барлығы балалар мен жасөспірімдердің назарын аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру мәселелеріне, тұрғылықты жері бойынша экологиялық қауіпсіздікті сақтауға аударады, қосымша білім беру үдерісіне ғылыми-зерттеу және практикалық жұмыстарды енгізу арқылы оқушылардың танымдық белсенділіктері артады.

– Аты айтып тұрғандай, «Табиғатпен біргеміз!» акциясы қоршаған ортаны аялап ұстауға үйрететін шара болар?

– Оныңыз рас, «Табиғатпен біргеміз» экологиялық соқпағы экскурсанттарды орталық аумағындағы табиғи, тарихи-мәдени нысандармен таныстырады, оқушыларға табиғи құбылыстар мен нысандар туралы білім беруге, экологиялық тәрбие мен табиғатты қорғау үшін алғышарттар жасауға мүмкіндік береді.

«Табиғатпен біргеміз!» экологиялық соқпағының оқу маршруты орталық аумағында өтеді. Маршруттың біраз бөлігінде антропогендік әрекеттің теріс көрінісі байқалады. Осының өзі табиғатқа ұқыпты қарау керектігін мысалдар келтіре отырып, оқушылармен экологиялық сабақ жүргізуге көмектеседі. Әр түрлі флора мен аз да болса кездесетін фауна әлемі мектеп бағдарламасындағы ботаника, зоология, жалпы биология және экологиядан тақырыптық экскурсиялар жүргізуге және көрнекі материал жинауға жәрдемдеседі.

Соқпақтың жалпы ұзындығы 800 метрді құрайды. Соқпақ арқылы ұйымдастырылатын экскурсияның жалпы ұзақтығы 25-30 минут. Мұндай экскурсиялар оқушылардың экологиялық жобалармен жұмыс жүргізуіне тиімді.

– Орталық аумағынан тыс жерлерге жорықтар ұйымдастырылады ма?

– Мұндай жорықтар бізде жиі болады. Негізінен оқушылармен жасалатын мұндай танымдық шаралар негізінен демалыс уақытына жүзеге асырылады. Жаз мезгілінде орталық жанынан «Алтын адам» туристік-экологиялық лагері ұйымдастырылады. Бағдарламаға сай экологиялық турнирлер, экологиялық-биологиялық мазмұндағы зияткерлік      ойындар өткізіледі. Есік көлі, Түрген шатқалына экскурсия ұйымдастыру барысында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің келісімімен экологиялық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, флораны, фаунаны, өлкенің табиғи ерекшеліктерін, су айдындарының экологиялық жағдайын, олардың жағалауларын, жағалау өсімдіктерін зерттеу бойынша Казачка шатқалына экологиялық жорық ұйымдастырылады.

– Өзіңіз атап өткен жерлердің барлығы мемлекеттің қорғауындағы «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне кіреді. Ал онда кіру ақылы. Оқушыларды жорыққа шығару үшін меморандум жасалған болар.

– Өкінішке қарай, осы күнге дейін ұлттық паркпен келісімге қол жеткізе алмай келеміз. Біздің негізгі бағытымыз – туризм мен экология болғандықтан, балалар мен жасөспрімдерді табиғатқа апарып, көрсетуіміз керек. Ал қорғалған аймаққа экологиялық бекеттен кіру үшін төленетін ақы бізде қарастырылмаған, ата-аналар қалтасынан шығарады. Орталығымызда «Жартасқа өрмелеу» бағыты бар. Ал оқушылармен практикалық сабақ өткізу үшін Түрген шатқалы мен Есік көліне баруымыз керек. Әр сабақ сайын жартасқа ақылы түрде өту ата-аналардың наразылығын тудырады. Мен бұл мәселені облыста да, жыл сайын өтетін білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде де көтердім. Алайда, нәтиже болмай тұр. Осы проблема оң шешімін тапса, оқушылар қоршаған ортаны тануда, туған өлкесін зерттеуде үлкен жетістіктерге жетер еді.

– Бұл туралы мектеп қабырғасында үйретеді емес пе? Өлкетану, экология тақырыбында қосымша сабақтар өткізіледі ғой.

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасында еліміздің әрбір азаматы өз туған жерінің тауы мен тасын, киелі жерлерін біліп, оны қастерлеу керектігін айтқан еді. Соңғы жылдары өлкетану бағытындағы жұмыстар Үкімет тарапынан, Білім және ғылым министрлігі тарапынан үлкен қолдау тауып, мектептерде үйірмелер жұмыс жасауда. Ауданымыздың табиғаты әсем, жан-жануарлар мен өсімдіктерге бай болғандықтан, оқу орындарындағы өлкетану мен туризмге арналған қосымша сабақтардың саны артса деген ұсыныс бар.

– Мектеп оқушыларымен тазалық акцияларын ұйымдастырасыздар ма?

– Әрине, қоршаған ортаны зерттеп, танып-біліп қана қоймай, жасаған жорықтарымыз барысында жүріп өткен жолымызды қоқыстан тазартып, балаларға табиғатты аялау керектігін бірінші кезекте айтып отырамыз. Оның сыртында, жоғарыда атағанымдай «Табиғатты қоқыстан тазартамыз!», «Таза жағалау» сынды тазалық жұмыстарын жүргіземіз.

Былтыр осы мақсатта Есік қаласы әкімдігімен екі жақты меморандум жасалып, орталықтағы Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлер мен ардагерлерге арналған саябақ маңы мен Есік өзенінің жағалауында «Таза жағалау» акциясын өткіздік. 100-ге жуық оқушы қатысқан шарада алдымен техникалық қауіпсіздік ережелерін таныстырдық. Балалар топқа бөлініп, жетекшілері тағайындалды. Әр топ өздеріне берілген аймақты күл-қоқыстан тазартты. Алдағы уақытта да осындай игі шаралар жалғасын таппақ.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

Әңгімелескен Сардарбек НҰРАДИН.

Read 113 times

Күнтiзбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет