Жұма, 15 Мамыр 2020 11:21

«Жарымжан» жарнамадан қашан құтыламыз?

 

Тіл – халықтың жаны, оның өткені мен болашағы. Сондықтан оны құрметтеп, қастерлеу – баршамыздың азаматтық борышымыз. Белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов: «Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді» – деген екен. Расында, ана тілінде сөйлеп, өмір сүрген халықтың болашағына ешқашан қатер төнбейді.

Қазақ тілі – 17 миллионға жуық сөйлеушісі бар, түркі тілдерінің ішіндегі сөздік қоры бай тілдердің қатарына жатады. Бір ғана мысал, ана тіліміздегі «айналайын» сөзі басқа тілге аударылмайды, тек қазаққа ғана тән. Олжас Сүлейменовтің:

«Айналайын – чудесное слово,

Жаль, что русский его не поймет.

Объяснить я готов ему снова,

Только бедно звучит перевод» – деген өлең жолдарынан «айналайынды» әлемдегі ешқандай сөзбен алмастыруға келмейтіндігін аңғарамыз. Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов: «Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде, «Айналайын» деген сөзді сақтармыз» – деп, өз бағасын берген. Сонымен, бұл сөздің шығу төркінін біреу білсе, біреу білмес. Ертеректе дертке шалдыққан жастарды аман алып қалу үшін қарт кісілер өздерін құрбан етеді екен. Ауырған адамды үйдің ортасына жатқызып, қарт адам үш рет айналып, есікке жақындап, «айналайын» деп дауыстаған. Осыдан кейін, жас науқас жазылып, ауруы қарияға қонатын көрінеді. Қазақ халқы содан бері өзінің жақсы көретін адамына «сенің жолыңда құрбан болайын» деген мағынада «айналайын» деп еміренген.

Хош, айтпағымыз бұл емес. Тіліміздің сөздік қоры бай әрі көркем екендігіне ешкімнің күмәні жоқ шығар. Алайда, бүгінгі ұрпақ бабалар аманат еткен қасиетті тіліміздің қадіріне жете алмай жүр. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің тұсында ана тіліміздің ұмытпай, өз өмірін бәйгеге тіксе де, тілді насихаттап бізге жеткізген ақын-жазушылар, Алаш көсемдері «Халық жауы» атанды. Ал Тәуелсіздік туының астындағы бүгінгі ұрпақ ұлт пен тіл жолында құрбан болған сол арыстардың аманатына қиянат жасағандай боп көрінеді. Қазіргі қазақстандықтардың ана тілімізді менсінбейтіндігі соншалықты, тіпті, Мемлекет басшысы қазақ тілінде сөйлеу туралы тапсырма беріп, елімізде қазақтарға арнап қазақ тілін оқыту орталықтарын ашатын күйге жеттік. Көшедегі қазақ тілінде жазылған «жарымжан» жарнамаларды түзей алмай, тілге келгенде заңның солқылдақ тұсын аңғардық. Яғни, өз кәсібінің жарнама тақтайшасына мемлекеттік тілде қате жазған азаматты жазалайтын заң жоқ. Жергілікті билік өкілдері тек ескертумен шектеледі.

Алысқа бармай-ақ, аудан орталығындағы жарнамаларға көз сүзсеңіз, мемлекеттік тілде жіберілген қанашама қателерді байқайсыз. Олармен күрес қаншама жылдан бері жалғасып келеді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бірнеше жарнамадағы қателер түзетілген.

– Тіл мәселесінің келесі бір тармағы сыртқы мәдениеттіліктің бір көрінісі болған сыртқы жарнама болып отыр. 2019 жылғы өткізілген «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы аясында Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі сыртқы көрнекі ақпарат құралдары бойынша жоспарға сәйкес жыл бойына жұмыс атқарды. Сондай-ақ, қалалық және ауылдық округтерде орналасқан мемлекеттік мекемелер мен сауда орталықтарын аралау жұмыстарына мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ономастика саласына жауапты маманы мен «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі бірлескен рейд жүргізді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде Есік қаласы, Бәйтерек, Ават, Балтабай, Бәйдібек би ауылдық округтері бойынша 160 нысанға зерделеу жүргізіліп, әртүрлі деңгейді 51 қате анықталды. Грамматикалық, стилистикалық, эстетикаға сай емес және бір тілде жазылған қателер – дейді аталған бөлімнің маманы Ақмарал Қанапина.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де көңіл қуантады. Есік қаласының орталық көшесінде орналасқан сауда орталығының «Мясоет» атауы алынып тасталды. Бұл туралы газетімізде мақала жарияланған болатын. Нысан иесіне заң талаптары негізінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олқылықтың орны толтырылды. Бұдан бөлек, Есік қаласы бойынша көлік жөндеу, дүкен атауларында жалпы саны 12 қате, Бәйтерек, Балтабай және Бәйдібек би ауылдық округі бойынша жарнама тақтайшаларында жіберілген 19 қате түзетілген.

Тілдік сауаттылықты сақтау мақсатында түсіндіру жұмысынан бөлек, жеке кәсіп иелеріне мәтіннің сауатты жазылуы бойынша арнайы парақшалар да таратылған. Кәсіпкерлер жарнама мәтінін сауатты жазу мақсатында мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне келіп немесе «WhatsApp» желісі арқылы кеңес алып отырады.

Ақмарал Қанапинаның сөзіне сүйенсек, биыл 2019 жылмен салыстырғанда, сыртқы жарнама сауаттылығы біршама оңалған. Себебі, әрбір жеке сауда нысандарының иелеріне үздіксіз түсіндірілуде. Айтуынша заң талаптарына сәйкес қайта безендіруге ешкім қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Тек, қате жіберген нүктелердің күрделілігіне байланысты, ауыстыру уақытын ұзартуға ұсыныс білдіруде. Жыл аяғына дейін сыртқы жарнама қателерін 90 пайызға түзету үшін жаппай жұмыс жүргізілуде.

Тіл демекші, аудандағы көше аттарын қазақшаландыру да қарқынды жүзеге асуда соңғы жылдары. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауданымызда 1273 көше бар, оның ішінде кеңестік дәуірдегі атаумен қалған көшелер саны 377 болған. Олар Есік қаласы, Шелек, Бәйдібек би, Бәйтерек, Рахат, Бөлек, Балтабай, Көктөбе, Жаңашар, Түрген, Ташкенсаз, Ават, Саймасай, Қаратұрық, Асы, Қорам, Бартоғай, Қаракемер және Қазақстан ауылдарында орналасқан болатын. 2018-2019 жылдары облыстық ономастикалық комиссиясында жалпы саны 336 ұсыныс қаралды. 310 көшенің атауын ауыстыру жөніндегі сұраныс оң қорытынды алды. Аталған көшелерге Қазақстан Республикасы Үкіметі ұсынған Қазақстан Республикасына танымал Ұлы 150 «Тарихи тұлғалардың» есімдерімен, «Тарихи жер-су аттарымен» және «Дәстүрлі атаулармен», сонымен қатар, жергілікті аймақтың тарихи ерекшеліктеріне қарай отырып, жер-су атаулары және дәстүрлі атаулар берілді.

– Әрине, бір жарым жыл ішінде 310 көшені тіркеуден өткізіп, халық игілігіне пайдалануға берілгендігінің өзі ауқымды жұмыстың атқарылғандығы деп есептеуге болады. Алайда, аудан бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген әлі де 131 көше бар. Бұл тізімнің ішінде облыстық ономастикалық комиссиясынан кері қайтарылған, әлі де ұсыныс берілмеген және қалып қойған көшелер бар. Биылғы жылда 131 көшенің 6-ы аудан әкімінің атына ұсынысқа енгізілсе, 24 көше атауы аудандық мәслихаттың қарауына жіберіліп, оң шешімін тапты. Алдағы уақытта мораторий аяқталғаннан кейін облыстық ономастикалық комиссияның қарауына жолдайтын боламыз – дейді Ақмарал Абдоллақызы.

Қазақ тіліндегі жарнамада, сауда орындары мен дүкен атауларындағы кеткен қателерді түзеу үшін әкімдік қызметкерлерінің ғана жұмысы емес. Жарнама иесі мемлекеттік тілді білмейтін өзге ұлт өкілі болуы мүмкін. Оларға түсіндіріп, қол ұшын беру сіз бен біздің міндетіміз, құрметті оқырман. Мәжілісмен Бекболат Тілеухан айтпақшы, қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Сондықтан, тілді білу, тіл тазалығын қадағалап, оны құрметтеу қазақтың ғана емес, әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.

Сардарбек НҰРАДИН

 

 

 

 

 

 

Read 65 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет