Сәрсенбі, 06 Мамыр 2020 10:49

Менің атам - мандангер

Бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысының жеңісіне 75 жыл толып отыр. Осы Ұлы Жеңістің арқасында біз тәуелсіз мемлекетте, ашық аспан астында, бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Әрине, бұл жеңіс бізге оңай жолмен келген жоқ. Бұның бәрі біздің сол майданда Отан үшін жанын қиған, ауыр жарақат алған батыр бабаларымыздың ерлігі. Олардың ішінде менің үлкен атам да бар. Атам Жүзбайұлы Нүрекен 1921 жылы 7 ақпанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туылған. 1941  жылы жоғарғы оқу орнының  ІІІ курсында оқып жүрген кезде фашистік Германия тұтқиыл шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Сол сәтте Отанын, елін қорғау үшін көптеген ер жігіттер әскерге шақыртылады. Шақыртылғандардың ішінде менің де атам Ленинград қаласындағы майданға аттанады.  

Атам және жауынгерлер Ленинградттағы трактор зауытын қорғайды. Ал немістер зауытқа ұшақпен жарылғыштар тастайды. Ал менің атамның сол қолына, кеудесіне оқ, желкесіне снарядтың жарықшағы тиеді. Жарылғыш заттың және оқтың салдарынан атам ес-түссіз қалады. Содан соң атам госпитальде алты айда емделіп шығады. Бұл сәтте майдан жалғасып жатқан. Атам қайта соғыс алаңына аттанады. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы КСРО жеңісімен аяқталады. Атам елге аман-есен оралады. Отбасын құрып, балалы-шағалы болады. 1989 жылы 68 жасында өмірден өтеді.

Мен үлкен атаммен мақтанамын. Сол мақтаныш сезімі маған кеудеме жыр жолдарын құяды.   

Оттан да ыстық Отанға,

Қызметі адал қашанда,

Елім деген ерен ер,

Болды менің атам да.

Жау жүректі жауынгер

Сұрапыл соғыс алаңда,

Менің атам майдангер

Ерлігі мәңгі санамда! – деп өмірден өзі өтіп кетсе де, артында қалған  ұрпақтары, біздер,  атамның ерлігін ұмытпай, мәңгі есте сақтаймыз. 

Олардың  ерлігі бүгінгі күні әрбір ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, руқын асқақтататыны сөзсіз.

Жеңіс күні жақындаған сайын атам тірі болса, Ұлы Жеңістің  75 жылдығын  қарсы алып, қуаныштан көзіне жас алар ма еді  деп ойлаймын.

Шіркін! Атам тірі болғанда ғой, қолынан ұстап, жетектеп, мерекелік салтанатты шерулерге барар ма едік деген ыстық сезім жүрегімді мазалайды.

 

Мерей ТАДЖИҒАЛИЕВА,

В.Терешкова атындағы

 орта мектебінің 5-сынып оқушысы

 

***

Ардагер әкем – мақтанышым!

Жеңістің оңайлықпен келмегенін біліп өстік. Төрт жылға созылған соғыста миллиондаған боздақтар майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Біреулердің бауыры, әкесі, атасы қан майданнан оралмай, бала жетім, ана жесір қалып, әр жанұяның көрген қиыншылықтары аз емес еді.

Тескенсу ауылының өзінен қаншама азамат соғысқа аттанып оралмады, қаншама шаңыраққа қара қағаз келді. Соғыстан аман-есен оралған аталарымыз бен әкелеріміз еңбекке араласты.

Мен де соғысты көзімен көріп, майдан алаңында болған соғыс ардагерінің қызымын.

Әкеміз Алишеров Сейсембек 1921 жылы Тескенсу ауылында дүниеге келген. 1942 жылы соғысқа аттанған. Әкемнің өз аузынан естігендерін қысқаша баяндайын. «Уфа қаласындағы алты айлық курста оқыдым. Соғыста 3-корпус, 15-атты әскер полкында болдым. Смоленск түбінде кескілескен ұрыс, Курск шайқасы есімнен кетпейді. Біздің дивизия Украина, Белоруссия, Молдавия, Балтық жағалауы елдерін гитлершілерден азат етті.

1943 жылы Бас қолбасшыдан мақтау қағазын алдым. Львов қаласы азат етілгеннен кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталдым.

1944 жылы Одер өзенінің бойында 7 күн жаумен қиян-кескі ұрыс болды. Жауға ешқандай беріспедік. Қоршауды бұзып шықтық. Қатты қырғын болды, өлген адамда есеп жоқ. Немістер басып алған Румыния, Болгария, Венгрия, Полшаға көмекке келдік.

ІІ дәрежелі «Отан соғысы ордені», «Кенисберг» медалі т.б. бірнеше орден, медальдарым бар». Жеңісті Берлинде қарсы алып, елге 1946 жылы 15 маусымда оралғанын еске түсіретін еді.

Әкемнің арманы – соғыс аяқталып, елге аман жеткен жағдайда аянбай еңбектеніп, ауылыма қызмет етемін деген ойы жүзеге асты. Туған ауылына келісімен жұмысқа кірісті. Қоғамдық мал шаруашылығын дамытуға, егін, темекі, су шаруашылығында бригадир, ферма меңгерушісі, мұрап, председательдің орынбасары сияқты әртүрлі жұмыстарды атқарды. Қай жұмыста да өз міндетін абыроймен істеуші еді. Еңбегі маңдай терімен келді. Көп жұмыс істеп, аз демалғанын білемін. Қартайып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, совхозда арендатор болып еңбек еткені көз көргендердің есінде. Қарт майдангер әкем мына жарқын заманға тек тыныштық тілейтін еді.

Әкем 75 жасқа келгенде ғана жұмысты тоқтатты.            Совхоз әкімшілігі ат мінгізіп, шапан жауып 75 жылдығын атап өттік. Осыған дейін әкем ат үстінен түспеді. Өз ісін шексіз сүйді. Артынан ілескен ізбасарлары қазір сексеннің сеңгірінде. Кезінде Жеңіс мейрамының қарсаңында мектепке шақыратын, ардагерлерді ауданға жинайтын. Мейрам күні ауылдағы ескерткішке кеуделері орден, медальдарға толы болып келуші еді, бірте-бірте қатарлары сирей бастады. «Елу жылда -ел жаңа» демекші, соғыс ардагерлері бүгінде ауылымызда жоқ.

Соғыс отының өшкеніне 75 жыл өтсе де, ата-әкелеріміздің қаһармандық ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген сүйіспеншілік пен құрмет бүгінгі және келер ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталады.

 

Салтанат Алишерова,

Тескенсу ауылының тұрғыны

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Read 102 times

Күнтiзбе

« Шiлде 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет