Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 09:39

Ата дәстүріңді ұмытпа

Әр халықтың тек өзіне тән салт-дәстүрлері мен жоралғылары болады. Оның көбі кезінде бір жақсы бастамадан не тіршілікке қажеттіліктен туындаса, бүгінде көбісінің шығу себебі ұмытылып, тіптен, қолданыстан да шығып қалған. Заман жаңарған  сайын салт-дәстүрлердің де ескіруі заңдылық. Десе де, кейбір ұмытыла бастаған дәстүрлерімізді қайта жағыртсақ, одан ұтпасақ, ұтыла қоймаймыз. Қазіргі кезеңде салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында әлі де кеңінен пайдаланылып жүр. Мәселен, айдар тағу, қонақ кәде, асар т.б. жоралғылар бізге таныс. Ал кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе, жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.

Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы мал атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып, құдайы тамақ берген. Ақсарбасқа шалынатын мал ретінде қойдың бозқасқасын, жылқының көкқасқасын, сиырдың қызыл қасқасын құрбандық ретінде атаған. Басты шарты адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, сол малын міндетті түрде союы тиіс.

Асату. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанда, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін болған. Әрине, мұндағы басты мақсат – етке тою емес, керісінше құрметті адамның қолынан дәм тату. Бір жағынан қадірлі мейманға деген құрметтің белгісі іспеттес.

Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанда мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды.

Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тисті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі. Мұндайда аталарымыз «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дейтін. Басты мақсат ауылдың амандығын, елдің тыныштығын, халықтың берекесін сақтау.

Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.

Қымызмұрындық. Бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып, сүті ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар «қымызмұрындыққа» шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі.

Әмеңгерлік. Дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі. Күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағидаға айналып, әдеттік заң нормасы ретінде қалыптасқан. Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. Тіпті  ұлы  Абайдың  әкесі  Құнанбай да  Ұлжанға  әменгерлікпен  үйленсе, Абайдың өзі інісі Оспан қайтыс болғанда келіні Еркежанмен некелескен. Осы  салттың  арқасында  көзі ашық  қазақ  жетімін  жылатпаған.

Қап қағар. Қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Ол ет қапта болады. Сол кезде ет асылып, аздап адам шақырылады. Бұл дәстүр «ет қайтар» деген ұғымды білдіреді, ал қаптың ең соңғысын асып, бөліп жейді.

 

Нұрсерік Тілеуқабыл

Read 28 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет