Сейсенбі, 24 Наурыз 2020 12:34

Адам мен Жер ана үндестігі

Наурыз – адам мен Жер ананың табиғи үндесуінің айғағы. Табиғат тынысы кеңейіп, ырысы артса, адамның да жаңаруға құлшынысы еселейтін ай. Бұл ретте жүздеген жылдар бойы қазақ халқымен бірге жасасып, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының ажырамас бөлігіне айналған Наурыз мерекесінің орны әрине ерекше. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып жақсылыққа жорыған. Бала кезден құлаққа сіңіп қалған күн мен түн теңелетін сәт деуінің сыры неде? Шығыс халықтарының жыл басы саналған наурыз мейрамы қарсаңында табиғат анада қандай өзгерістер болады? «Әз» деген тіркес мағынасы нені білдіреді? Бұл сұрақтың жауабын бірге іздеп көрейік.

Күн мен түннің теңелуін күн орталығы өз қозғалысында жер экваторын кесіп өтетін астрономиялық құбылыс деп жатады. Жалпылама алғанда әлемдік уақыт бойынша, солтүстік жарты шарда көктемгі күн мен түннің теңелуі 20 наурыз күніне сәйкес келеді екен. Бұл уақытта Күн оңтүстік жарты шардан солтүстік жарты шарға ауысады. Сол секілді күн мен түн күзде де теңеледі деген ақпарат бар. Ол қыркүйек айының 22 немесе 23 жұлдызына сәйкес. Оңтүстік жарты шарда, керісінше, наурыздағы күн мен түннің теңелуі күзгі, ал күн мен түннің қыркүйекте теңелуі көктемгі болып саналады

Қалай дегенмен осы айда табиғаттағы барлық тіршілік иелеріне жан біте бас-тайды. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келеді. Сол себептен де болар табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурызды шығыс халықтары бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде атап өтеді. Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Осы күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.

Бұл айда ауа райы да құбылмалы. Ал ертеде көшпелі жұртшылық наурыздың келгенін табиғаттағы өзгерістерге қарап білген. Біріншіден, наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқайды. Екінші, Арыстан мен Өгіз шоқжұлдыздары ғарыш алаңында шайқасқа түседі. Бұл туралы «Атасы мен анасы, Үш жүз алпыс бес баласы, Он екі ауыл шамасы, Отыз ор дуадақ, Бес балақ сан, Елу екі қарақшы» деген қазақтың жұмбағы да бар. Үшіншіден, есепшілер Әз Наурыздың келгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқаған. Наурыздың 14-де сарышұнақ інінен шығады. Наурызда күн суық болатын болса ін аузынан ұзамайды, ал күн жылы болатын болса ұзағырақтау жерге шығады. Төртінші, күн мен түн теңелгенде тасбақа інінен аузына шөп тістеп шығады. Шөптің аты «мәриям шөп» деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген сенім бар. Бесінші, күн мен түн теңелгенде, балық аунап түседі. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін осы құбылыстан байқайды.

Астрономиялық есеп бойынша наурыз айының 21-інен 22 жұлдызына қараған түні аспан денелері өзінің алғашқы айналу нүктесіне қайта айналып келеді екен. Сонда күн мен түн, ыстық пен суық, қараңғы мен жарықтың теңелетін жаратылыстың керемет сәтінде Наурыз кіреді. Неге «Әз наурыз»? Күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде әуеде ғажайып бір діріл мен гуіл естіледі, сол үнді «әз» дейді. Әз өткенде бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесінде, жалпы тіршілік әлемінің бойына қан жүгіріп, қайта түлеп жаңарады. Әздің жүргенін байқау қиын, қазір көкті де, жерді де үздіксіз гүрілдеп жататын техникалық дыбыстар басып кеткен. Ұсқынсыз нәрселерді отқа жағып, айналаны түгел адыраспанмен аластап, тазартады. «Ұлыс күн таза үйге кіреді, сонда құт-береке қоса енеді» деген сенім бар. Қайырымды істер жасалады. Наурыз қазіргі біздің сағат уақытымен межелегенде түнгі сағат үшке келеді екен. Наурызда күннің алғашқы сәулесіне маңдай тосып, шұғыласына бөленсе, адамның бойына нұрлы күш-қуат тарайды.

Қалай дегенмен, бұл уақыт табиғат пен адам бірлігінің мәңгілік мейрамын, олардың ажырамас табиғи байланысын білдіреді.

 

Қайнар Жұмағожа

Read 166 times

Күнтiзбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет