Жұма, 14 Ақпан 2020 14:38

Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі тірегі

Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, жол ашуда. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев «Еліміздің экономикалық саясатының бірден-бір басымды бағыты – кәсіпкерлік» – деген болатын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та өз Жолдауында маңызды саланың басымдықтарын айтып өтті: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады» – деп бизнесті қолдауға Ұлттық қордан 100 млрд теңге бөлінетіндігін айтты. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жетекші рөл атқарады. Азаматтарды кәсіпкерлікке оқыту, бизнес-жоспар құрып, несие алу секілді жұмыстардың барлығы осы мекеме арқылы жүзеге асырылуда бүгінде. Өңіріміздегі маңызды саланың даму қарқыны қай деңгейде? Осы сауалға жауап алу мақсатында аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бақытгүл Дүйсебековамен тілдескен болатынбыз.

– Бақытгүл Дүйсебекқызы, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге немесе осы бағытқа бет бұрған азаматтарға мемлекет қаншалықты қол ұшын беруде?

– Өзіңіз білесіз, кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Оны қолдап, дамыту үшін мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама қабылданып, бүгінде өз жемісін беруде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы былтырғы Жолдауында шағын және орта бизнеске ерекше тоқталды. Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компания-ларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Бұл заң 1 қаңтардан бастап жүзеге асуда. Оған қоса, түрлі мекемелер тарапынан бизнес нысандарына жиі жасалатын тексерістерді азайтып, осы саланың дамуына кедергі келтіретін кез-келген әрекетті мемлекетке қарсы жасалған қылмыс болып есептелетіндігін айтты. Қазіргі таңда кәсіпкерлер палатасы да аудан аумағындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде.

Нақтырақ айтқанда, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Еңбекшіқазақ ауданының кәсіпкерлер палатасы филиалының менеджер-кеңесшілерімен  шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мәселелері бойынша 975 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 40 кәсіпкерге сервистік қолдау жасалды. Қарапайым заттар экономикасы бойынша ауданда 7 жоба ұсынылып, «Нұрлы құс» ЖШС (55 млн 400 мың теңге), «Gassoil сity Esik» ЖШС (40 млн тенге) және «Губрева Нина Толегеновна» ЖК-нің (50 млн теңге) жобалары мақұлданды.

– «Бастау бизнес» жобасы аясында қанша адам кәсібін ашты?

«Бастау бизнес» жобасы өткен жылдың 14 наурызында іске қосылды. Бірінші жарты жылдықта 421 адамды қамту жоспарланған болатын, 476 азамат оқытылып, жоспар 113 пайызға орындалды. 172 қатысушы «Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қорынан» несие алды. Жалпы өткен жылы 160 азаматқа «Игілік», «Кәсіпкер», «Егінжай», «Сыбаға» бағдарламалары аясында 576 млн 445 мың теңге несие берілді.

– Мемлекеттен қайтарымсыз грант алған азаматтар болды ма?

62 жас кәсіпкеріміз 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Бұл біздің ауданымыз үшін аз.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге көлемінде берілетін грантқа 16 тыңдаушы қатысып, 5 азамат өздерінің жобаларын қорғады. Атап айтсақ, ІІ топтағы мүгедек Сымбат Меделхан тігін цехын ашты. Ағаш өңдеумен және қолөнермен айналысатын Абзал Әкімбек кәсіби мамандарға арналған музыкалық аспаптар өндіру цехының жұмысын бастады. Асель Таванова заманауи үлгідегі «Аstydia» сұлулық салонының жобасын қорғап, грант ұтып алды. Ал Берикали  Таванов наубайхананың жұмысын жүргізуде.

– Осы қаржылардың мақсатты жұмсалуы бақыланады ма?

Әрине, судың да сұрауы бар. Азаматтар алған қаржыларын қорғаған жобасы бойынша жұмсауы тиіс. Алайда, кейбір адамдар қаражаттарды басқа мақсаттарға жұмсап жатады. 2018-2019 жылдары берілген мемлекеттік гранттарды мақсатты пайдалану бойынша жасалған мониторингінің нәтижесінде 52 гранттың 6-ы өз мақсатында пайдаланбағаны анықталып, тиісті құжаттар жасалынды.

– «Бизнес-кеңесші» жобасына тоқталып өтсеңіз.

– Аталған жоба бойынша 25 адам оқып, сертификат алды, сонымен қатар онлайн режимде тапсырғандар саны 71.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 6 съездіне біздің ауданнан «Жас кәсіпкер» жобасынан жабдықтар шығару цехының (столярный цех) басшысы Асем Тынайбекова мен «Керім-ай» студиясының басшысы Айгерим Сундетбаева делегат болып қатысты.

Ағымдағы жылы филиал қызметкерлері арнайы бекітілген кестеге сәйкес ауылдық округтерде тұрғындармен 29 кездесу өткізіп, тиісті кеңестер берілді.

Айына 2 рет мемлекеттік органдардың (жұмыспен қамту бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі, жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі) қатысуымен азаматтарды қабылдау жүргізілді.

Аграрлық оқыту орталығы арқылы ауданда 13 семинарға 52 азамат қатысып, сертификаттарын алды.

– Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмыстары жүргізіледі ме?

– Негізінен, кәсіпкерлеріміздің құқығы заңмен қорғалады және ол Мемлекет басшысының тікелей назарында. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту филиал қызметінің негізгі бағыты болып табылады. Мәселен, осы бағытта былтыр бізге 4 өтініш түсті. Бірі субсидияға қол жеткізе алмай жүрсе, енді бірі жер алу және әкімшілік айыппұл төлеу мәселесі бойынша жүгінді. Оған қоса, «Бахтияр» базарында орын алған өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер шығынды өндіру бойынша өтініш жазды.

– Адами капиталды дамыту да сіздердің басты бағыттарыңыз емес пе?

– Оныңыз рас, өткен жылдың күзінде ауданда тұңғыш рет ауданның іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын. Құрылғаннан бастап аталған кеңес белсенді жұмыс атқарып аудан көлемінде 5 дөңгелек үстел өткізді. Кеңес өз жұмысын үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар және ауданның жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе атқарып, ынтымақтастықта жүзеге асырып келеді.

Ұйым бірқатар әртүрлі әлеуметтік маңызы бар ic-шаралар өткізді, алдағы уақытта да өз жұмысын күшейтіп, шағын және орта бизнесті дамытуға қомақты үлес қосады деп үміттенеміз.

Ағымдағы жылы шілде айында Түрген шатқалында «Стэтсон Ранчо» демалыс кешенінде республикалық ауылдық аймақтарда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту атты семинар жиыны өткізілді. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен кәсібін дөңгелетіп отырған әйел азаматтар қатысып, тәжірибе алмасты, ой бөлісті.

– Биылғы жылғы жоспарларыңыз-бен бөлісе кетсеңіз.

– Негізгі жоспарымыз сізге мәлім, кәсіпкерлерде қолдау оларға барынша көмек қолын созу. Десек те, қазіргі уақытта «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында 40 адам оқытылып жатыр. Бізге берілген жоспар 25 адамды қамту болатын, ниет білдірушілер санының көптігіне байланысты облысқа сұраныс жіберіліп, тағы 15 адамға көбейттік. Сонымен қатар, «Бастау-бизнес», «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша оқуға қатысуға 560 азамат кезекте тұр. Бірақ, әлі басталмады.

Кәсіп ашқанына 3 жылдан асып, бизнесі дамып жатқан азаматтарға үлкен мүмкіндік беретін «Бизнес-өсім» жобасы жақын арада іске қосылады. Бұл бағыт бойынша 25 адамды оқытып, үздік шыққандарын шетелге тәжірибе алмасуға жібереміз. Сол жақта оқытылып, шетелдік грант ұтып алуға болады.

Жас кәсіпкерлер мен озық идеясы бар адамдарға биыл үлкен мүмкіндіктер берілуде. «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлерікті қолдау» бағдарламасы аясында 2 млн мен 5 млн теңге аралығында қайтарымсыз гранттар беріледі.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

Сұқбаттасқан

Сардарбек НҰРАДИН

Read 160 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет