Бейсенбі, 13 Ақпан 2020 11:29

Біз – Жеңістің мұрагеріміз!

Біз – Жеңістің мұрагеріміз! mezet.kz

Дәл осы тақырыпта республика бойынша ұйымдастырылып жатқан тағзым эстафетасын осы аптаның басында ауданымыз салтанатты түрде қабылдады. Оған Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұқаметқали Сатов, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, орынбасарлары, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аты аңызға айналған Кеңес одағының батыры И.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұзапар Шәріпов пен Солтанбай Жарықбасов, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Эстафетаның атрибуты ретінде 1941 жылы Алматыда құрылған 8 гвардиялық атқашытар дивизиясы жауын-герлік туының көшірмесі алынған. Кейін оған осы дивизияны құрған Кеңес одағының батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың аты берілген. Айта кетейік, Ұлы Отан соғысы жылдарында текі екі дивизия командирінің атымен аталған екен. Бірі Чапаев дивизиясы болса, екінші Панфиловшылар дивизиясы. Қалғандары нөмірмен немесе құрылған қала атымен аталған.

Ертеңгісін Есік қаласының орталығындағы Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткішке аудан  басшылары мен қоғам өкілдері гүл шоқтарын қойып, елі үшін қан майданда қарша бораған оққа кеудесін тосқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым жасады.

Бағдарламаның екінші бөлімі Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің алаңында жалғасты. Аудандағы барлық күштік құрылымдар сап түзеген жиында сөз кезегін алған генерал-майор  Мұқаметқали Сатов тағзым эстафетасының мәні мен маңызын түсіндіріп өтті:

– Эстафетаның басты мақсаты – аға ұрпақтың ерлігін ұмытпай, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алып, рухына тағзым ету. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы аталады. Қазақстан халқы үшін бұл ұлы мереке. Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлы Жеңіс сарбаздарының қаһармандығы, майдан даласында көрсеткен ерлігі мәңгіліке қалады» – деген болатын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы – жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтап қалды» – деді. Біз бүгін Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың тапсырмасымен «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты тағзым эстафетасы аясында сіздердің аудандарыңызға ат басын бұрдық. Майданға осы ауданнан 6 мыңға жуық адам аттанған. Оның жартысынан көбі оралмады. Майданда көрсеткен ерен ерлігі үшін 15 еңбекшіқазақтық Кеңес одағының батыры атағын алған. Осы батырлардың ерлігі – мәңгілік ел есінде – дей келе әлемге әйгілі 28 панфиловшының бірі Мұсабек Сеңгірбаевтың шөбересі, подполковник Тимур Мұсабеков бүгін ұлттық ұлан сапында абыроймен қызмет атқарып жүргендігін айтып өтті.

– Сұрапыл соғыс жылдары ұзағанымен әлі де сол уақыттың суық ызғары сезіліп тұрады. Қасіретке толы 1418 күн мен түн бойы ел тағдыры, жер тағдыры таразы басына сын сағатта ауданымыздан 5881 азаматымыз Отан қорғауға аттанды. Тылда еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың төккен тері мен соғыста жан қиған ержүрек әкелеріміздің арқасында кең байтақ бейбіт елдің төрінде Жеңіс туы желбіреп, тыныштық орнағанына 75 жыл толды – деген Бинәлі Әбдіқапасұлы ауданнан шыққан 15 батырдың есімін атап, ерліктеріне тағзым жасады. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері Солтанбай Жарықбасов:

Ұрпақтарым, аман бол,

Білім, еңбек қуалап,

Әділетті адам бол,

Мен тілейін дара жол – деп өлең шумақтарымен өсиет айтып, ақ батасын берді. Генерал батырдың немересі Алуа Байқадамова атасымен бір сапта шайқасқан батырлардың есімдері ешқашан ұмытылмай, ұрпақ жадында сақталатындығын жеткізді.

6654 әскери бөлімге тағзым эстафетасының туы табысталып, күштік құрылымдар, әскери бөлім, алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары мен жас сарбаздар салтанатты шеру жасады. Соңы мәдениет үйіндегі концерттік бағдарламаға ұласты. Салтанатты шараның шымылдығы Ұлттық ұлан сарбаздарынан құрылған хордың «Ел қорғаны» әнімен түрілді. Ерқуат Оңашхан қаракемерлік қос батыр Рақымжан Тоқатаев пен Қашаған Жаманқараевқа арналған «Қос батыр» әнін орындады. Соғыс жылдарынан сахналандырылған қойылым көрсетіліп, аудан өнерпаздары соғыс жылдарының әндерін орындады.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Read 54 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет