Бейсенбі, 13 Ақпан 2020 10:47

Табанды еңбек өтеуі – толағай табыс

2019 жыл... 12 ай... 365 күн... Тағатсыз сағат тілімен таласқан ауданымыздағы табанды тірліктер енді тарих қойнына тартты. Әлбетте, оны қайтару мүмкін емес. Тек есте қаларлық ілкімді істерді ой таразысына салып, екшеп-текшегеніміз болмаса. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби айтқандай: «Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахат табу, соның рахатын көру – біздің мақсат». Ал рахатын көретіндей, елге пайда беретіндей қандай қам-қарекет болды? Бұл сұраққа өзінің қорытынды есебінде Бинәлі Ысқақ толыққанды жауап берді. Оған аудан тұрғындарымен қоса Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев та қатысты. Аудитория арасынан аудандық мәслихат хатсышы Бекет Ахметов, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары да табылды.

«Әкім бол – халқыңа жақын бол!». Ғасырлар мұғдарынан өткен бұл өрелі ойды бүгін жаңаша өрбіттік. Ел Президенті Қ.Тоқаев та «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болуымызды күн тәртібіне көтерді. Айтылуы әрқилы болғанымен, тамыры синоним! Демек, өңіріміздегі жақындықты жат емес, тұрғындарымыз сезінуі тиіс. Осы мақсатта биылғы аудан әкімі Б.Ысқақтың халық алдындағы есебі де тыңнан түрен салды: әр ауылға барды, тұрғындарын қабыл алды, өзекті мәселелермен толтырып қайтты қорды. Ендігі шешім – осы жыл шеңберінде. Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің акт залында өткен қорытынды есепте аудан басшысы атқарылған жұмыстарды таразылады.

– 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімінің өндірісі 120 миллиард теңгені құрады (өсім 17 млрд. тенге) Былтыр 103 миллиардтеңге болған. Мұндай жетістікке біз жаңа технологияларды ендіру, ғылыми ізденіс күшімен жеттік. Ең бастысы, бұл мемлекет тарапынан агроөндіріске жасалған қамқорлық жемісі. 2019 жылдың өзінде 3 млрд 109 млн теңге ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге субсидия берілді. Сол секілді 1660 тонна жеңілдетілген сұйық отын, 130 тонна минералды тыңайтқыштар таратылды. «Бастау бизнес» жобасы арқылы 87 кәсіп ашуға ниетті азаматтарға 317 млн теңгеге жеңілдетілген несие де берілді.

«Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары да жүйелі орындалды. Нәтижесінде 3000 басқа арналған 5 ірі мал бордақылау алаңдары ашылды.

2019 жылы ауданымызда 2 сүт-тауарлы фермасы («Марал» шаруа қожалығы – 50 басқа, «СпатайГрупп» ауыл шаруашылық кооперативі – 80 бас) ашылып, іске қосылды. Одан басқа, Саймасай ауылдық округінде «Айдарбаев» шаруа қожалығы – құны 1,2 миллиард теңге, 250 бас сауынды сиыр мен 300 бас танаға арналған сүт-тауарлы фермасын іске қосты, – деді.

Кеңестің «көзін» көрген суармалы су жүйелерін жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. Бұл мақсатқа қазір республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, бау-бақша көлемі де ұлғайған. Айталық, былтырдың өзінде 728 гектарға алмабақ отырғызылған. Оның 206 гектары интенсивті бақтар. Биылдың өзінде мұндай бақтардың көлемі 800 гектарға ұлғайтылады деген жоспар бар. Бұл турасында кеңінен әңгімелеген Бинәлі Әбдіқапасұлы:

– Бақшаларды дамытумен қатар жеміс сақтайтын заманауи қоймалар да іске қосылуда. Мысалы, 2019 жылы «Алма матер филдс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тауқаратұрық және Кызылшарық ауылдарында әрқайсысының сыйымдылығы 3600 тонна ірі жеміс сақтайтын 2 қойманы іске қосты.

Жеміс-жидек сақтайтын осы қоймалардың барлығы қосымша шырын, пюре және басқа алма, жеміс өндіру қондырғыларымен жабдықталған. 

Ауданымызда осы жылы құрылысы басталатын мынадай ірі жобалар бар:

– Қорам ауылындағы сыйымдылығы 7,9 мың тонна «Феникс групп» трансұлттық компаниясының қоймасы;

– Қазақстан мен Орта Азияда теңдесі жоқ Ақши ауылдық округінде қуаттылғы 7 мың тонна «Frosco» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұздату технологиясын қолданатын жеміс-көкөніс қоймасы;

– Тескенсу ауылындағы 5 мың тонналық «Арнау агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасы, – деді.

Өнеркәсіп өрісі де кеңейіп келеді. Айталық, жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 40 млрд 536 млн теңгені құрады. 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 миллиард 222 мллн теңгеге  артық.

– Өткен жылы келесі ірі өнеркәсіп жобаларды іске асыру басталды, атап айтқанда:

– Қырбалтабай ауылдық округінде инвестициялық сомасы 1 миллиард 487 миллион теңгені құрайтын, 78 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін, қуаттылығы 50 мың тоннаға дейін сояны өңдейтін «Жетысу Соя» ЖШС-нің зауытының құрылысы аяқталуыда.

– Саймасай ауылдық округінде жалпы инвестициялық соммасы 200 миллион теңгені құрайтын «ASSORTI Rancho» ЖШС-гі жылына 1000 тонна бөдене етін өңдеу цехін іске қосып, 22 жаңа жұмыс орнын құрды.

– Байтерек ауылдық округінда«Алматы жол құрылысы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қиыршық тас зауыты іске қосылды. Қуаттылығы – жылына 87 мың тонна қиыршық тас, 20 мың тонна асфальт-бетон қоспаларын өндіру, жоба құны 53,5 миллион теңге, 10 жұмыс орны ашылды.

Бұдан басқа, 2019 жылы біздің аудан үшін ең ірі жобаны іске асыру басталды, ол – вольфрам кенін өндіруге арналған «Жетісу вольфрамы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бұғыты тау-кен байыту комбинатының құрылысы.

Қуаттылығы – жылына 3,3 миллион тонна вольфрам кені, жоба құны – 95 миллиард теңге, 500 жаңа жұмыс орны ашылатын болады, – деген аудан басшысы жасыл энергия көздерін пайдалану да ауданымызда қарқын алғанын айтты. Рас, бүгінде Түрген өзенінде бір, Есік өзенінде 3 ГЭС жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың еншісінде қуаттылығы 4,5 МВт болатын тағы бір гидроэлектр станса іске қосылды. Шелек өзенінде қуаттылығы 40 МВт болатын іргелі стансаның құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны 1,2 млрд теңгені құрайды. Бұл турасында аудан басшысы: – Желдің қуаттылығын пайдалану жұмыстары да қарқын алды. Масақ округінде қуаттылығы 4,5 МВт болатын алғашқы жел электр станасы жұмысын жүргізуде. «Нұрлы ВЭС» ЖШС ықпалымен тағы да қуаттылығы 5МВт болатын станса құрылысы аяқталмақ. Аталған округте «Самрұқ Грин Энерджи» ЖШС тағы да 5 МВт-тық жел электр стансасын іске қосты. Бұдан бөлек «Энергия Семиречья» ЖШС 60 МВт-тық, «Жерұйық Компани» ЖШС 50 МВт-тық жел электр стансасының құрылысын жүргізуде. Бұларға тартылған инвестиция көлемі 49,5 млрд теңге, – дейді.

Сол секілді Көкпек жазығында қуаттылығы 200 МВт болатын күн электр стансасының құрылысы да басталмақ. «КЗА Констракшн» ЖШС бұған 80 млрд теңге инвестиция құймақ.

Биылға өндірілген энергия көздерін реттейтін 700 МВт-тық қосалқы станса құрылысы жүргізілмек. Бұл станса Сөгеті округі аумағына салынбақ. 

Шағын және орта бизнес субъектісінің де саны артуда. Деректерге сүйенсек, 2018 жылдан 528 бірлікке өсіп, бүгінде олардың саны 19138-ге жеткен. Ауқымды істердің нәтижесінде ауданға тартылған инвестиция көлемі артып,  былтыр 38 млрд 356 млн теңгеге жеткен.

Салық түсімдері де 18 млрд 104 млн теңгені құрады. Өсім 103,3 пайыз.

Биылға тағы бір айшықтап айтатын жаңалық «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылыстарының жүргізілуі:

– Ауданда 7-20-25 бағдарламасы    бойынша екі құрылыс мекемесі («Альтаир» ӨК, «СилкСтройИнвест» ЖШС) Есік қаласында көп пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысын бастайтын болады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 60 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйді реконструкциялауға 701 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. 304 миллион теңгеге 30 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Жеке тұрғын құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алу кезегінде 20 600 адам тұр. Бұл мәселені шешу үшін 6 ауылда инфрақұрылымдардың құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындаудамыз. Атап айтар болсақ, Шелек ауылында 238 га, Ақши ауылында 90 га, Алға ауылында 30 га, Қайназар ауылында 24 га, Қазақстан ауылында 22 га, Қазатком ауылында 18 га Барлығы 422 га, немесе 5 000 жер телімі, – деді Б.Ысқақ.

Талай жыл қабырғаға батқан ауыз су мәселесі де биыл шешілмек.

– Осы жылы көптен күткен құны 4,5 миллиард теңгеге Есік топтық су құбырының екінші кезегінің құрылысы басталмақ. Бұл өз кезегінде Есік қаласы мен оған жақын орналасқан 8 елді мекен мен 18 саяжай серіктестігінің (аталған жобамен қамтылған жалпы халық саны 100 мыңнан астам адамды құрайды) ауыз су мәселесін шешпек. Сол секілді аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту жұмыстары да ретімен шешімін табады. Осы жылы Ават, Кайназар, Азат, Бәйтерек, Жаңашар ауылдарына көгілдір отын тартылмақ. Қазір газды әр аулаға қосу тұрғындар қалтасын қағып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында инвес-торлармен келіссөздер жүргізілуде, – деді.

Ауданымыздағы әлеуметтік осал топтарға да қолдау жүйеленген. Былтырдың өзінде атаулы әлеуметтік көмекті ауданымызда 7811 отбасы алған. Демеушілер көмегімен аз қамтылған отбасыларға 200 тонна көмір, 39 млн теңгеге азық-түліктер таратылған. Көпбалалы 10 отбасына үйдің, 2 отбасына пәтердің кілті табысталған. – Биыл әрқайсысы 60 пәтерлік үш көпқабатты үйдің құрылысы басталмақ. Екеуі Есікте, біреуі Шелекте. Бұл пәтерлер де көпбалалы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы бойынша 3342 адам жұмыспен қамтылды, 731 адам қоғамдық жұмыстарға орналастырылды, 773 азамат кәсіптік оқытуға жіберілді, 223 азаматқа жеке бизнесті ашу үшін жалпы соммасы 869 миллион теңгеге несие берілді, – деді аудан басшысы.

Өз баяндамасында үш ауысымды мектептер мәселесі күн тәртібінде тұрғандығын жеткізді. Бүгінде Рахат №1, В.Терешкова атындағы, Х.Абдуллин атындағы, Ж.Қайыпов атындағы білім ордалары үш ауысымда. Бұдан өзге алдағы екі-үш жылда Түргендегі, Бәйтеректегі және Достық ауылындағы мектептер де үш ауысымға көшпек. Осындай түйткілдердің түйінін тарқату мақсатында Есіктің төменгі бөлігіне 1000 орындық мектеп, жоғарыда аталған білім ордаларына әрқайсына 300 орындық жапсаржайлар салу жоспарда. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. – Түйткілді мәселені шешу үшін біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында аталған елді мекендерде 600 орындық үш жеке мектеп салу туралы келісімге қол жеткіздік. Есік қаласында осындай бір мектеп ашылды. Ол – «Мейрімді періште». Бүгінде білім ошағына 250 бала қабылданды, балаларды қабылдау жалғасуда. 500 орындық тағы бір жекеменшік мектеп Бәйтерек ауылында салынды. Өз жұмысын жаңа оқу жылында бастайтын болады. Көктемде 800 орындық тағы бір жекеменшік мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен педагогтарға комфорттық жағдай туғызу үшін ескі мектептер мен типтік емес ғимараттардың орнына жаңа 17 мектеп салу (Төле би, Алмалы, Қазатком, Екпінді, Ақтоған, Қайнар, Базаркелді, Қайрат, Сарыбұлақ, Өрнек, Дихан, Баяндай, Таутүрген, Шалқар, Лавар, Қойшыбек, Азат ауылдары) және 18 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр.

Осы жылы 502 миллион теңгеге Шелек ауылындағы Х.Бижанов атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Ағымдағы жылы Шелек ауылындағы Абай атындағы және Ащысай ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлінді, – дейді аудан басшысы.

Денсаулық сақтау саласы да күн тәртібінде. Бұл ретте әңгімелеген Бинәлі Әбдіқапасұлы: – Ауданның денсаулық сақтау саласы да оң көрсеткіштерді көрсетуде. 2019 жылы 1 582 000 медициналық қызмет көрсетілді, 2018 жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп.

Медициналық қызметтің сапасы жақсарды, жаңа стандарттар ойдағыдай енгізілді. Осының бәрі жүрек қан тамырлар, қатерлі ісік, туберкулез және басқа ауруларынан өлімді азайтуға септігін тигізді. Ана өліміне жол берілген жоқ.

Шелек ауылындағы аудандық аурухананы күрделі жөндеуге 484 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары аяқталуда, сондай-ақ 2020 жылы жаңа медициналық жабдықтар мен құрал-саймандарды сатып алуға 107 миллион теңге бөлінді. Қосымша ауқымды абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлуге сұраныс берілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Корам мен Көктөбе ауылдарында әрқайсысының құны 329 миллион теңге болатын 50 орынға арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияларды салуды  жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін дәрігерлік амбулатория Қызылшарық ауылында да салынбақ, – деді.

Баяндамасының қорытындысында былтырғы тұрғындар тарапынан түскен 15 ұсыныстың бәрі де орындалғанын жеткізді.

Мінберге көтерілген Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашев,  облыс аумағында атқарылған табысты жұмыстарды айтып, аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың есебіне қанағаттанатындығын жеткізді. Кездесу соңында Ләззат Тұрлашев және Бинәлі Ысқақ қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар тілегін тыңдады. Жиынға қатысушылар аудан әкімінің бір жылдық жұмысына оң бағасын берді.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Read 175 times

Күнтiзбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет