Дүйсенбі, 13 Қаңтар 2020 09:13

Рухани жаңғыру тарихты танудан басталады

Отан... Бұл сөздің ішінде қаншама сезім, қаншама адалдық, қаншама махаббат жатыр десеңші! Сол Отанға деген сезімдер мен махаббат, адалдық пен сенім  кейде әрбіріміздің жүрегімізді нұрға бөлеп, жанымызды жадырата түсетіндей көрінеді. Ал оның бәрі жалғыз Отанымыз Қазақстан Респуликасына деген асқақ сүйіспеншіліктен туындайтыны түсінікті. Өйткені ол бүгінде өз тәуелсіздігін алған дербес ел. Ал ол тәуелсіздік еліне жанашыр тұлғалардың әрі өз Отанының шын патриоттарының жасаған еңбектерінің жемісі екені хақ. Бірақ біздің еліміз қашанда осындай тәуелсіз әрі бейбіт болған емес. Әрине, өткен замандарда дәуірлеген империялар құрып, әлем тарихының көшбасшысы болғанымыз белгілі. Десе де, кез келген үстемдіктің мәңгі жалғаспайтыны тағы бар. Бізде бұрынғы қуатымыздан айырылып, өзге елдің үстемдігін мойындауымызға тура келді. Бірақ оның құны да соншалықты ауыр болды. Патшалық Ресей кезеңінде қаншама ұлтазаттық көтерілістеріміз қанға бөксе, бергі Қызыл империя тұсында алапат аштыққа да ұрындық, екіншідүниежүзілік соғыста да қырылдық. Есесіне, талай боздақтарымыз бен көшбасшыларымызды бодауына бердік. Одан бергі тарихымыз да ащы жас пен қызыл қан арқылы жазылыпты. Соның ішіндегі екі алапаттың қасіретті тарихымыз үшін орны бөлек. Біріншісінде қазақтың талай баласының алыстағы Ауғанда сүйегі қалса, кешегі Желтоқсанда жігіттеріміздің алды атылып, арты қуғын мен соққының зардабын тартып, қыздарымыз шашынан сүйреліп қорланғанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Ұмытылуы да мүмкін емес. Өйткені ол халқымыздың басынан өткен нәубет. Ал кешегі тарих бүгінгіге сабақ болары ақиқат. Сондықтан өткен тарихымыздың қаралы беттерін бүгінгі ұрпаққа жеткізе білуіміз шарт. Осы бір ұлы міндетті арқалап, жас ұрпақ алдындағы миссиясын атқару мақсатында Шелек ауылындағы №1 мектепте үлкен іс-шара болып өткен болатын.

Қанмен жазылған қос тарих

Ауған соғысы – КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген “халықтық-демократиялық үкіметті” қолдап, көршілес елдің социализм бағытымен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен оның ішкі істеріне араласты. Бұл “қырғи қабақ соғыс” кезеңі өткеннен кейінгі уақытта да КСРО-ның өзге елдерді өз ықпалына қарату саясатының айқын көрінісі еді. Осылайша 1979 жылдың 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізген болатын. Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, 761 адам қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Аман оралғандардың ішінде мүгедектер де бар. Аталған соғыс туралы Н.Ә.Назарбаевтың: «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындалды, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма? Бұл ұтылыс жоғарғы әскери команданың белгілі бір бөлігін мықтап ойлантты», – деген ойлы сөзі бар. Иә, Ауған соғысы аяқталып тарихтың қойнауына кетті. Бірақ балаларынан айырылып қан жылаған ананың зарлы дауысы мен соғысқа қатысып тірі қалған әрбір сарбаздың санасында «Ауған синдромы» деген қара дақ қалды. Әділетсіз соғысқа еріксіз қатысып қаза болғандардың рухы ұрпақтарының тәуелсіз елде өмір сүретініне риза болып жатқандай сезіледі.

Ауған соғысы КСРО-ның пиғылының қандай екенін көрсетсе, оның нағыз бет-бейнесін паш еткен Желтоқсан көтерілісі екені анық. Қазақ жастарының рухы мен қайсарлығын танытып, бар ғаламды батырлығына тәнті еткен, мызғымастай көрінген Қызыл империяның іргесін шайқалтқан бұл оқиғаны тебіренбей еске алу мүмкін емес. «Ұлтшыл» деп күстәланса да, «нашақор», «маскүнем» деп ғайбаттаса да, таяқпен ұрып, шашынан сүйресе де, итжеккенге айдап, оққа байласа да олардың өр рухын жасыту КСРО-ның да қолынан келмеді. Нәтижесінде, еліміз егемендік алып, жаңа ғасырдың есігін тәуелсіз мемлекет ретінде аттады.

Иә, екеуі де қасірет пен қайғыға толы тарих. Бірақ рух пен ерліктің, батырлық пен қайсарлықтың дастаны іспетті. Бүгінгі жастар үшін де үлгі мен өнеге болатын отансүйгіштік пен адалдықтың көрінісі. Сондықтан олардың ерлігі жүрегіміздің төрінен орын алап, санамыздың түпкірінде сақталатыны анық.

 

Ерлік пен тәрбиені егіз еткен шара

«Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы» деген атаумен өткен шараға Ауған жерінде оқтың астында, оттың үстінде жүрген ардагерлер мен Желтоқсанның ызғарынан ықпай, мұзды жарып шыққан гүлдей асқақтық танытқан азаматтар қатысты. Қонақтардың қатарында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан А.Байтуриев, А.Рузиев, Г.Әбженбаева, К.Абдикасова секілді аға-әпкелеріміз бен Ауған соғысының ардагері А.Исламов бар.

Ең алдымен сөз алған мектеп директоры А.М.Қырықбай келген қонақтарға алғысын айтып, жылы лебізін білдірді. «Ауған соғысы мен Желтоқсан көтерілісі еліміздің тарихындағы елеулі оқиғалар. Соғыс та, көтеріліс те қантөгіссіз, бейбіт түрде өтпейтіні айдан анық. Ал соны біле тұрып тәуекел ету ердің ғана қолынан келетін іс. Кез-келген көтеріліс болсын, соғыс болсын тек қасірет әкелетіні шындық. Ал оның белортасында жүріп қатысу, куәгері болу айтқанға ғана жеңіл. Кеудеңді оққа тосып, жаныңды бәске тігуге бару үшін Отанға деген шексіз сүйіспеншілігің мен халқыңа деген құрметің керек. Сондықтан сіздердің істеген істеріңіз бен орындаған миссияларыңыз біздің шәкірттер үшін өнеге. Сіздердей батыр аға-әпкелерінің сөзін тыңдап, көзін көру шәкірттер үшін де, біз үшін де мәртебе. Сіздерден тәлім алып, сіздерге ұқсауға тырысқан балалардан болашақта елім деген ер шығатыны ақиқат», – деп қонақтардың ерлігін жоғары бағалады.

А.М.Қырықбайдың басқаруындағы бұл мектептің іргетасы жақында қаланса да, барша республикаға танымал білім ордасына айналып үлгерді. Мұғалімдерінің біліктілігі мен оқушыларының білімі арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырған мектептің өнерлі шәкірттері де талай асуды бағындырып, өзгелерге таңдай қақтыруда. Әсіресе пән олимпиядалары мен өнер мүшәйраларында жеткен жетістіктері аз емес. Спорт саласындағы жүлделері де бір төбе. Арнайы құрылған жүз домбырадан тұратын домбырашылар тобы бар. Бұл да дәстүрлі өнерге деген құрметтен туындаса керек.

Шара барысында аталған өнерлі оқушылардың орындауында әуезді ән мен күмбірлеген күй орындалып тыңдаушылардың айызын қандырды. Мың бұралған бишілердің де өнері қонақтардың көңілінен шығып жатты. Сонымен бірге, оқушылардың Желтоқсан көтерілісінің батыры Қ.Рысқұлбековтың өмірінен алынған көрністері де олардың өткен тарихты қалай түйсініп, қандай үлгі алғанын көрсеткендей. Бүгінгі шағын көрініс ертеңгі үлкен идеологияның басқышы болатыны сөзсіз. Сондықтан біз де оған бей-жай қарай алмадық.

Оқушылардың қонақтарға қойған сұрақтары да біраз жайды аңғартқандай. «Адамның білімділігін  берген жауабынан емес, қойған сұрағына танисың» демекші олардың қойған сұрақтарынан тарихқа деген құрметі мен терең білімдерін байқадық. Тиісінше қойған сұрақтарына қонақтар тұшымды жауап беріп шараның маңызы мен мәнін асыра түсті. Әйтеуір өткен шара оқушылардың жүрегінде аз да болса Отанға деген сүйіспеншіліктің отын жаққаны ақиқат. Ерлік пен тәрбиені егіз өрген бұл шараның басты мақсаты да осы болғаны ақиқат.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Read 34 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет