Жұма, 29 Қараша 2019 12:15

Елдік мұрат жолындағы Ердің еңбегі

Қысқа мерзімде қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына енді. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада тың асуларды бағындырдық. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартты. Семей сынақ полигонын жабуы бүкіл дүниежүзінің назарын өзіне еріксіз аударды. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекет тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді.  Бастысы, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды. Сәл тарихқа сапарлайық...

Тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен көтеріп, аз уақытта әлемге танытқан Көшбасшымыздың бұл ерлігіне өзге түгіл өзіміз де таңдана қараймыз. Тарихтың қилы бір кезеңдерінде елге Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшының табылуын  халқымыздың бағы деп те түсінеміз. 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты,  ел тәуелсіздігін аманат  етті. Жауапкершілік жүгін арқалатты, Халық өздері таңдаған Елбасының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Зор сенімге елдің ұлы да селкеу түсірмеді.

Бәрі де есімізде. Сол жылдың, яғни 1991-дің  10 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлының Президент қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ата-дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ел ағалары Дмитрий Снегин, Құдыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов Сарай төрінде бүкіл халық қолдаған Елбасыға ерекше сән-салтанатта шапан жапты. Президенттік айырым белгілерін тапсырды. Жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов бата берсе, көрнекті жазушы, публицист, Жоғарғы Кеңес депутаты Әбіш Кекілбаев ақжарма тілегін арнады.

Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

– Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабамның әруағына сүйенемін, – деп тебірене ағынан жарылды.

Тарихтың сол бір бұлтарысты кезеңінде қазақстандықтар өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білді. Өздері сенім артқан дана ұлдары дара жолға бастады. Халқы қостады. Бүгінде сол тарихи шешімге шүкіршілік айтады. Себебі, өркениетке сап түзеді қазақ дейтін байтағы.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданды. Екі күнге талқылауға созылған бұл Заңның төңірегінде де  дау-дамай болмай қалған жоқ. Қазақ елінің өз бетімен тәуелсіз мемлекет бола алатындығына күмән келтірушілер де табылды. Көреалмастан сындырғысы келді сағыңды. Іріткішілдер бостан боп жүрген халық шаңырақ көтере алмайды деп те қағынды. Қайтерсіз...

Сол сәттен еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алды.

Елбасы өзіне сенім артқан халқына қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде берсе, орындады. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзімшілдігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұңғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын саясаткер және дара тұлға екендігін танытты. Арада бір ақиқатты айтайық, Н.Назарбаевтың Ұлт Көшбасшысы екендігін  Парламент қабылдаған Конституциялық Заңнан бұрын-ақ халықтың өзі мойындап та қойған болатын.

Елбасының «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасының алғы сөзінде Англияның 1979-1990 жылдары үкіметін басқарған және  кезінде «Темір Леди» атанған Маргарет Тэтчер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның Көшбасшылық рөл атқарғандығын мойындады. Соған оң баға беріп:

– Мемлекеттердің іргесін салған негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көшбасшылар өздеріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді даңғаза сынды да туындатуы мүмкін. Мәселенің мұндай мәнісі олардың мемлекеттің аса маңызды сәттерінде оның басшылығында тұруымен, осылайша оларға дейін болғандарға немесе олардан кейін келетіндерге қарағанда әлдеқайда танымал тұлға болуымен байланысты.

Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге  қол жеткізді, – деп жазған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өз кезінде: – Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді, – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін мемлекет саясатының басты қағидаты ретінде белгіледі. Ұзақ жылдар бойы өз жерінде қағажу көрген қазақ ұлтының  дамуы мен орыс және басқа да этностық топтардың құқықтарын сақтау саясаты ұлтаралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін орнықтырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүргізе білді. Тіпті, қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Елбасының мұндай ұстанымы  мен әрекетіне қарсы шыққандар да табылды. Әркім өзінше тон пішті. Салғырт, атүсті ойлап, саясатты сынады. Бірақ, Елбасы өзіне сенім артқан халқына сенді. Істеп жатқан ісінің бас сарапшысы деп тек халқын ғана таныды.

Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің көреген Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, өзіндік дара жолы жатыр.

Батыстық саясаткерлер мен қайраткерлер де Қазақстанның бүгінгі табыс-тарын оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж.Айткен мырза «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» деген еңбегінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықпен таныстырудың, оның жетістіктерін жеткізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын осы бағытта жазады.

Елбасы биыл тағы да өзінің көрегендігін танытты. Конституция шеңберінде өз өкілеттігін тоқтатып, келесі буынға ел алдында табыс етті. Телеарналар арқылы ресми өкілеттігін тоқтату туралы шешімін айтқанда тебіренбеген жан қалмады. Сол сәтте ҚР Тұңғыш Президенті Елбасының еңбегін ел бағалады. Әлем елдерінде орын алып жатқан таққа талас бізді де сілкінтер ме деген күдік қарашаны алаңдатты. Әйткенмен, Елбасының көрегендігі нәтижесінде, саяси науқан заң шеңберінде салмақты өтті.

 

 

Түйін. Түмен ойдың да түйіні бар. Қазақ елін Ұлы дала төсінде түлеткен, көгорай белдей көктетіп, ен даласын гүл еткен Елбасы жайлы, оның тәуелсіздік жолындағы толағай еңбектері жайлы том-том кітап жазуға, түнді түнге жалғап айтуға болады. Дегенмен, аз сөз алтын. Әрі елін сүйген Елбасының ерен еңбегін жылдар жылжыған сайын ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр. Ұғынған жанға Тәуелсіздіктен ұлы ұғым бар ма? Ал сол ұлы ұғымды ту етіп, ұлтты ұлы мұратқа ұйыстырған Ұлдың еңбегін бағалай білу – әрбіріміздің міндетіміз.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 24 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет